Алаш үні

Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбаһрам туралы бір үзік сыр

  • Ⓒqamshy.kz

    Ⓒqamshy.kz

 Халқымыздың аса ардақты перзенті, ақын және әдебиет зерттеушісі Сәкен Сейфуллиннің ғұмырнамасын аяулы жары Гүлбаһрам Батырбекқызынан бөле қарауға болмайды. Өмірінің соңына дейін ұлы тұлғаның асыл мұрасын кейінгі ұрпаққа аманаттау жолында аянбай еңбек еткен қазақтың қайсар қызы туралы айтылар сәлихалы әңгіме және сүбелі ізденістер әлі де жалғасары сөзсіз.


Сәкен Сейфуллин музейінің жиналыс залында мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің ардақты жары Гүлбаһрам Батырбекқызы туралы кеңінен сыр шертілген сәлихалы кездесу өтті. Қажырлы да қайратты абыз ақсақал Үзеке Жүкебаев өзінің өмір өткелдеріне кеңінен тоқталып, қазақтың қайсар қызы Гүлбаһрам туралы естен кетпес естеліктерімен бөлісті.


«Өткен күнде белгі бар»,- деп көне көздер тегін айтпаса керек. Тоқсанның сеңгірінен асқан дана қарт терең толғаныспен әңгімесін бастады: «Сәкен елдің аузында жүретін үлкен азамат болатын. Өзі ақын, өзі жазушы сегіз қырлы бір сырлы жан екенін талайлар тамсанып айтушы еді. Әрине, мен Сәкенді көрмедім. Бірақ, өмірдің бір жағдайларымен Гүлбаһрам апаймен кездесіп калдық. Отбасын құрып, отау иесі болған кезімде алғаш кездесудің сәті түсті. Себебі, менің әйелім мен Гүлбаһрам апай әрі таныс әрі жерлес болып шықты. Алғаш көрген кезім Сәкеннің әлі ақталмаған уақыты болса керек. Біз үйіне амандасқалы барған кезімізде төрдің төбесінде бір қараған адамды өзіне еріксіз баурайтын жанары отты адамның ілулі суреті бәрімізге ерекше әсер еткен еді.


– Бұл кісі кім ?- деп сұрағанымда:


- Кейін бәрін білетін боласың,- деп жауап берген еді апай. Ойлап қарасам сол Сәкеннің суреті екен. Сәкен ақталмаған сол ауыр жылдарда да көзінің қарашығындай қорғап сол суретті әспеттеп төрге іліп қойған екен. Керек десеңіз сол кездегі тергеушілер: «Сәкен күйеуім емес» - деген сипатта қолхат жаздыруға мәжбүрлеген көрінеді. Сондай сын сағатта бәріне де қайсарлықпен төзе біліп, нақты жауап беріп отырған»,- деп терең күрсінді ақсақал.


Бәріміз де үнсіз қалдық. Бұл күндері тарихқа айналған қуанышынан қасіреті басым сол жылдарды көз алдымызға әкелген абыз қарттың қоңыр үні үнсіздікті бұзды: «Гүлбаһрам апай ұзын бойлы, аққұбаша келген әдемі жан еді. Адамгершілігі мол, өте қайсар, әділ де сыншыл осындай әйел затын көрген жоқпын. Мен өзім талай рет куә болдым. Сол киелі шаңырақтан үнемі қонақ үзілмеуші еді. Сәкеннің шәкірті Әмен Қайдаров бар, тағы басқалар бар, сол үйде үнемі бас қосып тұратын. Бір күні «Сәкен ақталды» деген сүйінші хабарды естідік. Жүрегіміз жарыла жаздап қуандық. Екі өкпемізді алып ұшып Гүлбаһрам апайға жетіп барсақ, үйіне көп адамдар жиналған екен. Сәкеннің қолжазбалары мен әртүрлі материалдары, киген киімдері, өзінің тұтынған заттары үйдің ішінде жайнап тұр. Жиылған көпшіліктің барлығы таңырқай «Бұнша дүниені қалай сақтадыңыз?»- деп сұрағандарға Гүлбаһрам апай: «Бір күні Сәкен айтты. Елдің бәрін ұстап жатыр. Ертең бізді де ұстап қалуы мүмкін». Сол үшін де кейбір маңызды заттарды сенімді бір адамға тапсыру керек болған екен. Сол адам Алматы облысы, Жамбыл ауданында колхоз төрағасы болған, Сәкен ұсталып кеткен соң Гүлбаһрам апайға ерекше жәрдемі тиген Рахымқұл екенін көп өтпей білдім. Содан бастап осы әңгімені талай жерде айтып жүрдім»,- деп сөзін түйіндеді абыз қарт.


Көргені көп, көкірегі ояу ақсақалдың әңгімесіне ұйығанымыз сондай, тағы да айта түссе екен деген оймен үнсіз отырмыз. Бірінен кейін бірі сабақтасып жатқан әңгімені бұзғымыз келмеді. Аздаған үнсіздіктен соң жабырқаңқы күймен әңгімесін сабақтады: «Сол уақытта осындай естелік айтып отырам деп ешқашан ойламаған едім. Қазіргі күнде көп нәрсені ұмытқан секілдімін. Гүлбаһрам апай мына дүниемен қоштасқан сәтінде мен Москвада жүр едім. Қайғылы хабарды сол жерден естідім. Кейін үйдегі апаларың барлығымыз үшін маңызды бір нәрсені осы уақытқа дейін сақтап жүрді»,- деп мұңайған ақсақал сондағы газеттердің бірінде жарық көрген Гүлбаһрам Батырбекқызының өмірден өтуіне байланысты Жазушылар одағының дүйім жұртқа көңіл айтқан қаралы хабарламасының түпнұсқасын музей қорына тапсырды.


Ардақты ақынның аяулы жары туралы көңілді тебірентер сырларымен бөліскен абыз ақсақалға Сәкен Сейфуллин музейі атынан естелік ретінде кітаптар ұсынылды. Ғибратқа толы осындай әсерлі кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.


Алаш Тұрсынәлі

Сәкен Сейфуллин музейінің

Ғылыми-ағарту бөлімінің қызметкері


qamshy.kz




Көрілген: 1745    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 08.10.2018, 11:27

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31