Алаш үні

«Тар заманда» Әлиханның рөлін сомдаған Медғат Өмірәлиев: Алаш тарихын оқысаң - көзіңе жас келеді

  • «Тар заманда» Әлиханның рөлін сомдаған Медғат Өмірәлиев: Алаш тарихын оқысаң - көзіңе жас келеді

    «Тар заманда» Әлиханның рөлін сомдаған Медғат Өмірәлиев: Алаш тарихын оқысаң - көзіңе жас келеді

«Әлиханның рөлін мен, ең алдымен, зор жауапкершілік деп қабылдадым» дейді Медғат Өмірәлиев. Расында да, Ұлт көсемінің ұлылығын экранның сыртындағы миллиондарға жеткізе білу - міндеттің оңайы емес. «Тар заман» телехикаясының басталуы жақындай түскен тұста басты рөлді сомдаған Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының актері Медғат Өмірәлиевті әңгімеге тарттық. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, 2016 жылғы «Жыл актері» атанған ол Әлихан Бөкейханның рөлін театр мен кинода қатар ойнапты.


- Медғат Қуандықұлы, Алматы облысының тумасы болғаныңызбен, Маңғыстау өңіріне жолыңыз қалай түсті?


- Мен 1981 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Жалаңаш ауылында дүниеге келгенмін. 1998 жылы мектепті тәмамдадым. Сол жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына түсіп, жарты жылдан кейін оқудан бір жағдайға байланысты шығып қалдым. 1999 жылы қайтадан келіп тапсырып, 2003 жылы академияның театр және кино актері факультетін бітірдім. 2003 жылға дейін Қазақстан бойынша театры жоқ бірден-бір облыс Маңғыстау болатын. Сол жылы наурыздың 21-де Елбасының тапсырмасымен Ақтау қаласында облыстық театр ашылды. Сол тұста жаңадан ашылған театрдың негізін қалауға атсалысқандардың бірі болып біз де бара қалдық. Содан бері осы Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының актері болып жұмыс істеп келемін.


- «Тар заман» телехикаясында Әлихан Бөкейханның рөлін ойнау туралы ұсынысты қалай қабылдадыңыз?


- Әлбетте, Әлиханның рөлі - мен үшін ең алдымен зор жауапкершілік болды. «Тар заман» телехикаясына дейін 2017 жылдың көктемінде Нартай Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» атты пьесасы ең алғаш біздің театрда сахналанды. Спектакльде Әлихан Бөкейханның рөлін ойнағанмын. Бұдан соң әлеуметтік желілерде «Н.Жантөрин атындағы облыстық театр «Әлиханның аманаты» спектаклін қойып жатыр» деген ақпарат тарады. Сол мәліметті осы «Тар заман» телехикаясын түсірген Мұрат Бидосов та байқап қалса керек. Одан бір жыл бұрын Абайдың қара сөздерінің желісі бойынша «Ақылдың кілті - 2» киноэпопеясында Мұрат Бидосовпен бірге жұмыс атқарған болатынбыз. Режиссер спектакліміз жайлы естіп, «Сен Әлиханды ойнадың ба?» деп сұрады. «Иә» дедім. «Ендеше, сен суреттеріңді түсіріп, маған жолда» деді. Жібердім. Астанада комиссияның алдында режиссерлер өздерінің бір таңдауын қорғайтын болуы керек. Мұрат Бидосов сол жерде менің суретімді ұсыныпты. Күндердің күнінде маған қоңырау шалып, «Әлихан Бөкейханды ойнайтын болдың» деді. Міне, осылайша, Әлихан Бөкейханның рөлін спектакльде сомдауымның арқасында кинода да басты рөл бұйырды. Сөйтіп жүргенде осы телехикаямен қатар, «Қазақфильм» киностудиясынан «Балуан Шолақ» фильмінен бір рөлге ұсыныс түсе қалды. Ол да бір бағым шығар. Ақыры, сол туындыда да Балуан Шолақтың досы Ақылбайды ойнап, екі жобаға қатысатын болдым. Осылайша, жаз бойы 3 жарым айдай кинода жүрдік.



- Әлбетте, кез келген актерға белгілі бір кейіпкерді ойнау - терең ізденіс пен білімді талап етеді. Алаш тарихын оқып отырып, көрерменге Әлихан Бөкейханның тұлғалық бейнесін көрсете білу үшін өзіңізді қалай дайындадыңыз?


- Әрине, Алаш қайраткерлерінің ерен еңбектері өлшеусіз. Өз өмірлерін қия отырып, халық үшін тайсалмағанын оқып отырсаң - көзіңе жас келеді. Ұлт алдында ол тұлғалардың еңбегі зор. Күресіп жүрген алмағайып кезеңде Әлихан өзін тұлғамын деп ойламаған шығар, бірақ қазіргі ұрпақ үшін Әлиханның шоқтығы биік. Қасындағы сенімді серіктері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, басқа да Алаш зиялалырының тағдыры қаншалықты ауыр десеңізші. Бірақ, өмірдегі қаншама сын-қатерге кезіксе де, кіл мықтылар қазақтың қамынан басқа ештеңені күйттемеді ғой. Қандай қысым, қаншама қиындық көргендерімен, ел үшін кейінгі ұрпаққа бостандық мұра болып қалсын деді. Ең бастысы, телехикаяда Алаш зиялыларын бастаған Әлиханның осы ұстанымын көрсетуге барынша тырыстым.


- Телехикаяның түсірілімі барысында қандай да бір кедергілер кездесті ме?


- Түсірілім 2 жарым айға жуық уақытқа созылды. Ара-арасында келіп-кетіп жүрген кездер болды. Техникалық жағынан ешқандай кедергі болған жоқ. Түсірілім жұмыстары жаздыгүні жүргізілді. Біз бастапқы жұмысты Қапал-Арасанда бастадық. Содан кейін Шуға келгенде біраз қиын болды. Өйткені, күннің 50 градусқа дейін ысып кетуіне байланысты үстіге киген киім бар, одан қалса, жан-жақтан жарық түседі. Жарықтың ыстығы бар. Күннің ыстығында миға дұрыс ауа келмесе, сөйлейтін сөзіңнен де шатасып кетуің мүмкін. Шілденің шіліңгір ыстығында ойды да, сөзді де миға қондыру оңай емес. Сол тұсынан қиналғаным болмаса, басқа жағынан бәрі де жақсы өтті десе де болады. Түсірілім барысында режиссерден бастап бәрі де актердың жағдайын жасауға тырысты.


- Фильмді тамашаладық. Астанадағы кинозалдың лық толғанын көрдік. Тіпті әлеуметтік желіні қарап отырсақ, «Қазақпын» деген кез кезген азамат фильмді көруді парыз деп білетін секілді. Туындыда байқағанымыздай, гриммдеушілер сізді Әлихан Бөкейханға барынша ұқсатқан екен. Ал шынайы өмірде Медғат пен Әлиханда қандай ортақ қасиет бар деп ойлайсыз?


- Біз де еліміздің бірден-бір патриотымыз. Өнер жолын таңдаған себебім де сол. Өнер арқылы халыққа жақын боласың ғой. Сол Әлихан Бөкейхандар айтып кеткен, жасап кеткен еңбектерін сахна арқылы қазір көрерменге жеткізуге тырысып жатырмыз. Бір сөзбен, ұқсастығымыз патриоттық деп ойлаймын.



Медғат Өмірәлиев «Әлиханның аманаты» спектаклінде Әлихан Бөкейханның рөлінде


- Өзіңіз сериалды бастан аяқ көріп шықтыңыз ба?


- Телехикаяны бастан аяқ көрмедім. Толық метражды етіп кинотеатрға шығарған нұсқасын көрдім. - Фильмді көріп отырып, «әттең-ай» деген тұсыңыз болды ма? - Ойбай, енді ондай көп (күлді). Кино мен театрдың айырмашылығы үлкен ғой. Театрда сахнада мысалы, бір күні шыққан өнеріңнің дұрыс болмағанын сезсең, келесіде міндетті түрде сол кемшілікті жоюға барыңды саласың. Ал кинода «камера - мотор - бастаймыз» деген кезден-ақ бірден айтар ойыңды, өнеріңді сол жерде танытып қалмасаң - бітті! Кадр сол күйінде қалады. Әрине, экраннан көріп отырған кезде «әттең-ай» дейтін тұстарың көзіңе ұрып тұрады. Адам баласының өз-өзіне келген кезде сыны болмаса, оның ішінде актер өзін-өзі сынамаса - оны актер ретінде өскенінің тоқтағаны деп ойлаймын. Өнер адамы өзін-өзі әрдайым сынап, шыңдап отыруы керек


. - «Тар заманда» ойнаған актерларды бұрыннан танитын боларсыз. Әлде сіздерді Алаш тақырыбы біріктірді ме?


- Иә. Олардың бәрі де Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген жігіттер. Біз 2003 жылы бітіріп кетсек те, кейінгі келген буындар, студент болсын, бәрі бірін-бірі біледі. Таниды. Өйткені, сол академияны бітіргеннен кейін театрға жұмысқа тұрады. Одан кейін бір-бірімен етене араласатын кез - Театр фестивалі. Сондай шақтарда жиі бас қосамыз, танысып білісіп жатамыз. «Сырттай танитын едім» деген актерлар келіп жатады. Көбі бұрыннан араласып келе жатқан жігіттер.



- Актер болғаннан кейін мүмкін бірыңғай киноға қатысты жобалар бойынша ұсыныстар көбеюі мүмкін. Театрдан киноға ауыссам деген ойлар бола ма?


- «Жоқ театрды мен тастамаймын» деп біржақты кетсем, ұяттау болатын шығар. Шынымды айтайын, мүмкін кейде, расында да, театрды тоқтата тұрып, актер болғаннан кейін кішкене кинода да көсіліп көрсем деген ойлар да келеді. Әлбетте, экранның өте үлкен үлесі бар. Сондықтан, творчестволық демалыс алып, кино жағына бет бұрса қалай болар еді, кинодан бір орнымды тауып, содан кейін театрға қайтып келсем бе деп те кейде ойлаймын.


- Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!



inform.kz




Көрілген: 4029    Пікірлер: 0

жексенбі, 04.03.2018, 13:05

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    26 Шілде 2017
    Алашшыл азамат
    12 Шілде 2017
    Генерал жолы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31