Алаш үні

Төлегенді өлтірген Бекежан емес...

  • Ⓒвк

    Ⓒвк

Өткен тарихымызға көз салсақ, кей оқиғалардың тарихи шындықтан ауытқып, кейде тiптi басқаша жазылып кеткенiнiң куәсi болып жүрмiз. Ал қиянат кейбiреулердiң қателiгiнен немесе әдейi жасалса ше?


Осындай, әлi де ақтала алмай келе жатқан кейiпкердiң бiрi – белгiлi Бекежан.


Ол аз болғандай, кинодан көргенiмiздей, Қыз Жiбек Жайыққа ағып өлдi… Шындығында, Бекежан қарақшы емес, қазақтың қатардағы батырының бiрi, ол Жiбектiң жақын туысы екенiн көбiмiз бiлмеймiз.


Ал Қыз Жiбек Төлегеннiң iнiсi Сансызбайға тұрмысқа шыққанын, бүгiнде одан да, жақын туысы Бекежаннан да бiр қауым ұрпақтар бар екенiн, Төлегендi Қособада жасырынып жатып, атып өлтiрген Бекежан емес, Кескентерек деген қарақшы өткенiн бiлемiз бе?..


Сонау батыста тұратын Шектiнiң бiр руынан тараған Бекежан батырдың бүгiнгi ұрпақтары әлi күнге дейiн атасының қарақшы емес, батыр екенiн қалың елге дәлелдей алмай келедi… Қандай аянышты десеңiзшi… Сонымен, әлқисса, әңгiменi басынан бастайтын болсақ, ХVII-ХVIII ғасырларда қазақтың мемлекеттiгiн, тәуелсiздiгiн нығайтуға көптеген қайраткерлер өздерiнiң үлесiн қосты.


Сол заманда елiмiздiң шығысындағы жоңғарларға қарсы елiнiң тәуелсiздiгi үшiн күрескен қаншама есiл ерлердiң есiмдерi халқымыздың арасына кеңiнен таралды. Шынында да, елiмiздiң шығысында жоңғарға, Едiл жақтан қалмаққа (екеуiнiң түбi бiр халық) қарсы күресiп, елiн, жерiн қорғаған батырлардың беделi шырқау биiкке көтерiлдi. Солардың небiр тамаша ерлiктерiн асқақтатқан аңыздардың негiзiнде, ел арасында дастандар, толғаулар туды. Олардың бiразында Оңтүстiк өңiрiнiң жер-сулары аталады.


Елiмiздiң тарихында 1723 жылдың көктемiнде «Ақтабан-шұбырынды, Алқакөл-сұлама» деп аталып кеткен оқиғаның қарсаңы мен одан кейiнгi кездегi қазақ-қалмақ немесе қазақ-жоңғар қатынасының шиеленiскен кезiнен қалған аңыздар Қаратау өңiрiнде де кеңiнен сақталған. Соның бiрi – «Қыз Жiбек» дастанына байланысты.


Әрине, «Қыз Жiбек» дастанындағы Қорен қалмақтың мазары бүгiнгi Бәйдiбек ауданынан Созаққа өтетiн асу маңында екендiгi кейбiр деректерде айтылып жүр.


Ал Төлегендi Бекежан өлтiрмеген, ол пайғамбар жасына келiп 1731 жылы қалмақтың жебесiнен жараланып, кейiн соның зардабынан қайтыс болған. Жырды оқымақ түгiл, ондай жырдың бар екенiн бiлмейтiн, тек кинодан көрген кейбiр жастарымызға Қыз Жiбектiң суға кетiп өлмегенiн, оның сол кездегi әмеңгерлiк салты бойынша Төлегеннiң iнiсi Сансызбайға тұрмысқа шыққанын, оның Тасбалта атты баласы қалмақтармен шайқас кезiнде ерлiк танытқанын айтсаңыз, көптеген оқырмандардың бұған күмәндана қарауы былай тұрсын, сенбейтiнi белгiлi.


Бұл жөнiнде соңғы бес жыл iшiнде бiрнеше мақалаларда, кiтаптарда қозғап, дәлелдер айтып келемiн. Шынына келсек, «Бекежан» десе, бүгiнгi күнi әсiресе, жастарымыздың көз алдына Жiбекке аттанған Төлегеннiң дарияның жағасында жуынып тұрғанында ту сыртынан келiп, жебесiн қадап, өзiнiң мақсатына жеткенiне мейлiнше масаттанып, өлiм аузындағы қарсыласына мысқылдай қарап тұрған жауыз-қарақшының бейнесi келерi анық. Бұл ұрпақтың санасына лиро-эпостық «Қыз Жiбек» жыры нұсқасына сүйенiп түсiрiлген, бәрiмiздiң сүйiп көретiн «Қыз Жiбек» фильмiнiң әсерi арқылы қалыптасқаны белгiлi. Шешендi «сақау» деп, көсемдi «мақау» деп, батырды «сатқын» деп, ақылдыны «топас» етiп көрсеткеннен ауыр нәрсе бар ма!.. Рас, кезiнде кемеңгер жазушымыз М.Әуезов «Абай жолы» романында ақылды да парасатты Құнанбайдың бейнесiн Кеңестiк саясаттың ыңғайына қарай сомдады. Сол сияқты кезiнде бар өмiрiн қалмақтар сияқты ата жаумен шайқасқа арнаған Бекежан сынды батыр да бiзге әлi күнге дейiн Қособада жатып алған жай ғана бiр жауыз қарақшы болып көрiнедi.


Тарихи деректерге сүйенсек, барлығымыздың жағымсыз кейiпкер, қарақшы ретiнде танитын Бекежан Айбекұлы тек кездейсоқ аңыз емес, өмiрде болған адам. Ол 1667 жылы бүгiнгi Ақтөбе облысының аумағындағы Мұғалжар тауының бөктерiнде дүниеге келген. Әкесi Айбек кезiнде үздiксiз шапқыншылықтар жасап, тыныштық бермеген сыртқы жауға қайрат көрсеткен өз заманындағы белгiлi жанның бiрi. Ол жөнiнде батыс өңiрiндегi баспасөз беттерiнде азды-көптi айтылып жатады. Осы жерде оқырмандарға түсiнiктi болу үшiн айта кететiн бiр жай, Кiшi жүз қазақтарының шайқасып жүргендерi Едiл (Волга) бойындағы қалмақтар. Ал Қыз Жiбектiң ауылында ойран салып, оны алмақ болып жатқан Қорен қалмақ ол шығысымыздан, Жоңғариядан келген қалмақ. Қазақстанның бүкiл оңтүстiк өңiрiне билiк жүргiзген осы шығыстағылары. Тағы да анықтай түссек, Едiл бойындағы қалмақтар мен шығысымыздағы Жоңғариядағы қалмақтар түбi бiр халық. Ал екеуiнiң екi жақта бiр-бiрiнен екi мың шақырымдай жерде болуының себебi, ХVII ғасырдың 20-жылдары жоңғарлардың арасында келiспеушiлiктер туып, бiр бөлiгi батысқа көшiп, қазақтың Сарыарқасының солтүстiк өңiрiмен батысқа қарай жылжи отырып Жайықтан өтiп, Едiлдiң бойына барып орналасты.


Мiне, кiшi жүз жерiне, башқұрттарға, Кавказдың солтүстiгiндегi халықтарға үнемi шапқыншылықтар жасап, тыныштықтарын бұзып тұратыны осылар. «Қыз Жiбек» дастаны оқиғасы батыстағы Моншақты Аюке билiгi кезiнде болған. Яғни бұл кезде жоңғарлардың екiншi бөлiгi Едiл қалмақтарын Моншақты Аюке (1670-1724 жылдар) басқарып, оның билiгi iргелес жатқан қазақтарға да жүрдi. Аюке қазақтарға үнемi шапқыншылықтар жасап тұрды. Дәл осы кезде Сарыарқа даласының бiр шетiнде, батыстағы жайлауына барған Базарбайлар мен оңтүстiктен барған Сырлыбайлардың ауылдары бiр-бiрлерiн қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрi бойынша ерулiкке шақырып жатқан тұсында Төлеген мен Қыз Жiбектiң арасындағы ғашықтық оқиғалар басталды. Олай болса, «Қыз Жiбек» жыры тарихи оқиғаларға негiзделiп жасалынған. Егер жырдағы өзек болатын негiзгi оқиғалар қашан өткен десе, оған ХVII ғасырдың соңы немесе ХVIII ғасырдың басы деп жауап берер едiк. Олай дейтiнiмiз, оқиғалар тiзбегi бiздi сол кезге жетелеп әкелiп тұр. Ерекше айтып кететiнiмiз, Қыз Жiбектiң әкесi Сырлыбайдың қонысы оңтүстiкте, Сырдың орта ағысында болғаны. Өйткенi, батысты немесе Жайық бойын жоңғарлар басып алып, билiк жүргiзген емес. Жоңғарлардың билiгiнiң ордасы Ташкент қаласы болған Ұлы жүз қазақтары мен Қазақ хандығының астанасы Түркiстан өңiрiнде жүргенi тарихымыздан белгiлi. Едiл қалмақтары болса, шапқыншылықтар жасап тұрғанымен, жоңғарлар сияқты көп жерге билiк жүргiзе алмаған. Ал, Қорен қалмақтың шығысымыздан, Жоңғариядан келгендiгi жөнiнде әдеби шығармаларда да көп жазылып жүр. «Қыз Жiбек» лиро-эпостық жырының халық арасында алғашқы кезде ауызша тараған нұсқасында бастан-аяқ


Бекежан жауыз емес, Төлегеннiң жанашыр ағасы ретiнде сипатталған екен. Онда Бекежан қазақ халқының тәуелсiздiгi үшiн күресiп, өзiнiң елiн қорғап жүрген қаһарман ретiнде аталады. Ел аузында оның ерлiгiн дәрiптейтiн бiраз жырлар сақталған. Бекежанның алғашқы әйелi башқұрт мырзасы Құрамыстың қызы Салиқадан Қайрақ, Байрақ, Тайлақ деген үш ұл, Нұргүл есiмдi бiр қыз туылған. Балаларының үшеуi де кезiнде танымал батырлар. Тайлақ 1729 жылы Алматыдан Таразға апаратын үлкен жолдың шамамен жүз жетпiс шақырымындағы жерде қырық бiр күнге созылған, жоңғарларды аңыратқан, оларды Iле өзенiнiң бойындағы апанына дейiн тықсырған «Аңырақай шайқасы» деп аталған соғысқа Кiшi жүздiң жасағын басқарса, Байрақ пен Қайрақ мыңбасы екен. Ол жөнiнде батыс өңiрiнде деректер баршылық.


Кiшi жүздiң құрамына кiретiн Шектi руынан шыққан Бекежан батырдың ұлы Тайлақ батыр туралы Батыс Қазақстан облыстық энциклопедиясында да мәлiметтер бар. Онда Бекежанның ұлы Тайлақтың туған жылы мен қайтқан жылы көрсетiлмегенiмен, әрi батыр, әрi қолбасшы болғандығы айтылады. Ол жөнiнде Жамбыл Жабаевтың «Саурық батыр» жырында Тайлақ батырдың Шапырашты Саурықпен бiрге қалмақтарға қарсы шайқасқаны жөнiнде айтқаны бар. Сонымен бiрге, кей әдеби шығармаларда Шектiден шыққан Тайлаққа қатысты оқиғалар айтылады. Қазақтың қалмақтарға немесе жоңғарларға қарсы соғысқан осы бiр Бекежан атты батырының жырда жағымсыз кейiпкер ретiнде бейнелену себебi не десек, ол жырдағы бiр кейiпкердiң атының жай ғана алынып тастауына байланысты болған. Жоғарыда айтқанымыздай, «Қыз Жiбек» лиро-эпостық жырының халық арасында алғашқы ауызша тараған нұсқасында Кескентерек деген кейiпкер бастан-аяқ оқиға iшiнде жүрдi. Бiрақ ол ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында, жырдың баспадан шығар кезiнде қолдан өзгертiлiп кеттi. Неге өзгертiлген деген сұрақтың қойылары сөзсiз. Оған нақты жауап та дайын. Ол кезде қазақтар араб әрпiмен жазып, оқыды. Рас, қазақ жерiнде кiтаптар шығатын. Бiрақ олар орыс тiлiнде болатын. Қазақ тiлiндегi еңбектер араб әрпiмен қазiргi Татарстанның астанасы Қазан қаласында басылды.


Бүгiнгi «Орал өңiрi» газетiндегi Бауыржан Ғұбайдуллиннiң «Бекежанға бiржақты көзқарас қиянат емес пе?» деген мақаласында: «Сол кезде қазақ халық ауыз әдебиетi үлгiлерiн жинаған Жүсiпбек қожа Шайхысаламұлы Қазан қаласынан осы жырды кiтап етiп бастыру барысында жаңсақтық жiбергенiн» айтады. Расына келгенде, бұл жаңсақтық емес, әдейi өзгертiлген жай едi. Өйткенi, жырдағыдай емес, Төлегендi өлтiрген Кескентерек деген қарақшы болатын. Кiтапты шығарушылар Кескентеректiң орнына қазақтан шыққан белгiлi Бекежан батырды қоя салды.


Сәбит Жолдасов, тарих ғылымдарының докторы, профессор 


qamshy.kz




Көрілген: 1431    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сәрсенбі, 10.01.2018, 18:16

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    26 Шілде 2017
    Алашшыл азамат
    12 Шілде 2017
    Генерал жолы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31