Қатерлі зілзала қалдырған із

Қатерлі зілзала қалдырған із

2011 жылы 11 наурызда болған табиғат катаклизмі жапон­дықтар үшін Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі халық басына түскен ең орасан нәубет болды. Жапондық тарихшылар мұн­дай қуатты зілзала (магнитудасы 9.0 балл) мың жылда бір қай­таланатын құбылыс деп санайды. Сондықтан да таң шапағы елін­де өткен жылғы жер сілкінісін Ұлы шығыс зілзаласы деп атау үр­діске айналып кетті. Табиғаттың тосын мінезін заңдылық деп мақұлдайтындай...
Зілзала эпицентрі Токиодан 373 шақы­рым қашықтықта, солтүстік-шығыста, Ты­нық мұхитының 24 шақырым тереңдігін­де тіркелді. Бұл – әлем тарихындағы төртінші ең қуатты жер сілкінісі. Әупірімі – әлі күнге көз ал­ды­мызда. Теледидарға телмірген әлем жұрт­шылығы Жапонияның шығыс жа­ға­лауын әуелі зілзала сілкіп, ізінше биіктігі 10-12 метр­ге жеткен цунами соққанын, әрі қа­рай Фуку­сима префектурасындағы Атом электрстан­сысындағы төтенше жайт­ты қа­да­ғалады. Талай қасіретті көрген халықтың мұндай нәубетке ұшырайтындай жазығы жоқ еді...
Дайындыққа – 90 секунд...
Токиодағы кездесу кезінде Қалалық жер­дегі табиғат апаттарымен күрес жөнін­дегі ғылыми-зерттеу институтының төра­ғасы, профессор Коидэ Осаму «Сіздер жапон аралдарындағы жер сілкінісі деген­нің не екенін кеткенше әлі-ақ сезінесіздер» деп ескерткені бар еді. Біз, Орталық Азия мен Кав­каз елдерінен келген журналистер, бірі­міз мұны әзілмен қабылдап, екіншіміз іштегі үрейді бүгіп сыр бермедік. Жер сілкінісін таби­ғат құбылысы ретінде қай-қай­сы­мыз да өз жерімізде сезініп жүрміз. Ар­ме­ниялық әріп­тесімізбен әңгімеде 1988 жылы Спитак қаласын жермен-жексен еткен апатты есі­міз­ге алдық. Сол апатта армян халқына бүкіл Одақ болып көмектесіп, жәрдем жөнелттік. Мектебімізде «Армян халқына көмек» деген үндеумен жәрмеңке өткізіп, анамның пісірген тоқашын сатып, өзімнің де үлесімді қос­қанымды еске алдым.
Профессор ескерткен, біз күткен жайт екі күннен кейін Сендай қаласында, қонақ­үйде болды. Түн ортасында 29-қабаттағы бөл­менің алдымен терезесін сықырлатып, со­сын 35 қабатты ғимаратты толықтай сілкіп, бірнеше секунд тербелтті. Ал миллион­нан астам тұрғыны бар Тынық мұхиты жа­ға­лауындағы қала тіршілігі – сол қалпын­да. Бұл – жерасты дүмпуі жиі қайталанатын ай­мақтағы үйреншікті құбылыстың бірі ғана.
Өткен жылғы оқиғада Миаги префектурасында зілзала зардабын шеккен ең ірі мегаполис осы Сендай қаласы болатын. Күш­ті жерасты дүмпуі алдымен Хонсю ара­лының солтүстік-шығысында жағалау бо­йында шоғырланған елді мекендерді дүр сіл­кіндірді. Бір сағаттан кейін мұхиттан жой­қын цунами жетті. Жер мен судың соқ­қы­сы жағалау жұртын есеңгіретіп тастады.
Апат ауқымын аңғартқан алғашқы теле­визиялық кадрлар Сендайда түсірілген. «Бі­рінші, ең күшті жерасты дүмпуінен кейін элек­тр энергиясы жоғалды. Сондықтан да жа­ғалаудағы жұртқа цунами туралы ескерту мүмкін болмады», – дейді Жапо­ния­ның NHK қоғамдық телевизиясы халық­аралық жаңа­лықтар бөлімінің тілшісі Исикава Синсукэ.
Бірақ зілзала туралы шұғыл хабар заматында ұлттық телеарнадан таратылған. NHK мен Жапония метеостансысы шұғыл хабарлау жүйесін әлдеқашан енгізген. 11 нау­рыз оқиғасында, мұхиттағы жерасты дүмпуінің толқындары құрлыққа жеткенше елдің әр нүктесінде шоғырланған 1000 сейсмограф 90 секунд бұрын алдын орап, Токиодағы ме­те­остансыға P, яғни дабыл сиг­налын жеткіз­ген. Ал информацияны қабыл­даушы ор­талық жалпыұлттық теле­ар­наға қосылған жүйе арқылы автоматты түрде дабылды дереу таратқан. Телеэкранда өздігінен пайда болатын таблода зілзала тіркелген аумақ жә­не жерасты дүмпуінің магнитудасы туралы алдын ала дерек келтіріледі. Екінші S сиг­налы – зілзала тербе­лісі жеткен кезде та­ра­тылады. Әйтсе де ал­ғашқы дабыл ел аума­ғындағы пойыздарды тоқтатып, халық­тың ап­атқа даярлануына мүмкіндік берген.
Жапондық журналистер бұл жолы да же­дел қимылдаған. Алғашқы P сигналы түс­кен бойда әуеге нақ зардап шеккен ауда­н­дағы тілшілер бюросы көтерілген. «Ел­дің әр аумағында тілшілеріміз бар және олар тех­никамен жақсы жарақталған. Сендай әуе­жайында өз тікұшағымыз тұр. Сәтін са­лып, зілзаладан бірнеше күн бұрын ұш­қыш тік­ұшақты қауіпсіз, биік жерге қон­дырған екен. Әуежай мен ұшу алаңы зілзаладан қи­ра­ған сәтте Жаңалықтар қыз­метінің көлігі аман қалды. Соның арқа­сында апат болысы­мен, цунамидің алғаш­қы толқыны жеткенше, телеоператор мен тілші мінген әуе транс­порты аспанға көте­рілді», – дейді директор. 10 метрлік жой­қын толқынның өз жо­лындағы ғимараттар мен көліктердің ас­тан-кестеңін шығарып, бірнеше шақырым­ға тарағанын тікелей эф­ирде таратқан осы түсіру тобы болатын.
Апаттан кейін NHK эфирі зардап шеккен аудандардан шұғыл хабар таратуға арналды. Ізінше, наурыз апатымен ілескен тағы бір жұт – Фукусима префектура­сын­дағы Атом электрстансысындағы ахуалды бірнеше апта бойында назарда ұстады.

                    Зілзаладан кейінгі Сендай әуежайы

Ұшу алаңындағы толқындар
Жағалаудан үш шақырымдай қашық­тықта орналасқан Сендай әуежайында был­тырғы оқиғаның ізі де байқалмайды. Әуе­жай терминалын толтырған судың бі­ліктігі бағанда көк жолақпен нұсқалған – 10 метр. Өткен наурыздағы оқиға туралы еске түсі­ре­тін белгі – осы ғана. Халықаралық әуе­жай қыр­күйек айында ғана әуе қаты­насын то­лық­тай жандандырды. «Бізге келу қазір қа­уіп­сіз, туристерді қабылдауға да­йынбыз», – дейді «Сендай әуежайы» ком­па­ниясының тара­тушы директоры Охиру Тэруо. Ол бір жыл бұрынғы жағдаят туралы ыж­дағатпен баян­дап беруге дайын. Өйт­кені оқиғаның ор­та­сында өзі болған.
Цунами толқындары жазықта орна­лас­қан әуежайға тез-ақ жетіпті. Бірақ рейсті күт­кен жолаушылар мен әуежай қыз­мет­керлері – барлығы 1695 адам, жоғарғы қа­бат­қа шығып үлгерген. Байланысы үзіл­мей­тін тасымал орталығына цунами қаупі туралы ескерту дер кезінде жеткен.
Жапонияда да апат кезінде бас сау­ға­лайтын жер – мектептер мен стадиондар. Ең жақын орналасқан әуежай да эвакуация орталығына жатады. «Төңіректегі тұрғындар да біздің терминалға ағылды. Бәрі үшінші қа­батқа көтеріліп үлгерді. Адам шығыны бол­мады. Бірақ су тар­тыл­ғанша, екі күн бо­йында 3000-ға жуық адам аралда қалғандай күн кешті. Күн суық. Жылу мен жарық жүйесі істен шықты. Қолы­мызда бар-жоғы 200 көрпе болды. Эва­куацияланған адамдар, олардың арасында осы аудандағы Қарттар үйінің тұр­ғындары да бар, кезек-кезек жамылып шықты. Азықтан тек кондитерлік та­ғам­дар ғана. Әр адамға бір тәтті тоқаш пен 500 мл су тараттық. Әйтсе де халық арасында дүрбелең болған жоқ. Ақырын сабырмен күтті», – дейді директор.
Үшінші күні жағдай қалыпқа түсіп, теледидарды қосқанда, Сендай әуежайының қызметкерлері әуежай ауданы қандай жағ­дайға душар болғанын көріп, апат ауқымына сонда ғана көз жеткізген.
Солтүстік-шығыс өңірдегі ең үлкен әуе­жайды қалпына келтіруге 4 миллиард йен (4 млн 837 мың $) жұмсалған. Ұшу алаңын жөндеген, байланыс жабдықтарын жаңарт­қан және ғимаратты қайта қалпына келтіріп, сейсмикалық мығымдығын кү­шейт­кен. Қар­жыны үкімет пен префек­ту­раның жергілікті атқарушы органы үстеме өсімсіз несие тү­рін­де берген. «Өкінішке қа­рай, терминалды ал­дын ала сақтандырып үл­гермегендіктен, қо­сымша өтемақы алу мүмкін емес» дейді директор.

                     Су басқан аудан

Цунамиден кейін
Сендай орталығынан сәл алыстасаңыз, Тынық мұхиты тиіп тұр. Толқынды жағаға соққан мінезіне қарап, былтырғы ахуалды да еске түсірсек, тынық деуге келмейтіндей... Цунами шайғанына қарамастан, то­лық­тай қалпына келтірілген асфальт жолмен жағалаудағы аудандарды аралап келеміз. Алдымен көзге түскені тау-тау болып үйілген қо­қыстар болды. Бұл – тұрмыстық қал­дық емес. Су тартылғаннан кейін бір жер­ге жи­налған қирандылар. Қоқысты қай­та өңдеу технологиясын дамытқан жа­пон­дықтар үй­ін­ділер маңына кәсіпорын салып қойыпты. Темір-терсекті басқа жеңіл зат­тардан бөліп, қай­та өңдеуге жібереді. Ал тез жанатын бас­қа заттарды биоло­гия­лық тәсілмен утилизациялап жатыр. Қо­қыс­тан құрлық салатын тәжірибесі тағы бар.
Жол бойындағы иесіз үйлердің сау-там­тығы қалмаған. Бұл мекенге енді ешкім орал­майды. Өткен жылғы оқиғадан кейін Жапония үкіметі теңіз жағалауына жақын аудан­дарда жеке тұрғын үй құрылысын салу­ға тыйым салды.
«Бірақ қайтып келгісі келетін адамдар көп. Әсіресе үйренген жеріне қарттардың оралғысы бар» дейді біздің көлікті жүр­гі­зу­ші. Бұл ауданның ахуалын ол үкіметтік гид­тен кем білмейді. Апат қарсаңында ғана осы жерден қалаға көшіп кеткен.
Жүргізуші жол бастап, зардап шеккен аудан­дардың тұрғындары өмір сүріп жат­қан Уақытша паналау лагеріне келдік. Сендайда осындай бірнеше орталық бар. Біз соққан Асто Намагачи ауданындағы лагерьде 220 адам тұрады. Жалпы, ел бо­йынша былтырғы апат­тан кейін 200 мың адам далада қалды. Солардың жартысы уақытша баспаналарда күнелтуде.
Қалалық жердегі табиғат апаттарымен күрес жөніндегі ғылыми-зерттеу институты­ның төрағасы, профессор Коидэ Осаму бас­панасыз қалған әр адамға 30 шаршы метр­лік уақытша баспана берілгенін айт­қан. Әулеттегі адам басына сай шаршы метр­лер де қосылады. Үкіметтің жоспары бойынша, үй-күйсіз қалғандар бұл жерде екі жылдай тұрақтайды. Екі жылдың ішінде тұрғындарға өтемақы төлеу, жәрдемақы бөлу, қайырым­дылық жолмен түскен қар­жыны үлестіру жұ­мыстары атқарылуы тиіс. Сол қаржы жаңа үй көтеруге жеткілікті ме? Бұл сұрақтың жауабына сәл кейінірек тоқ­таламыз...
Асто Намагачи – тіршілігі қайнаған аудан. Соның ортасында вахталық жұмыс­шы­лардың тұрағына ұқсас үйшіктер тұр. Уақытша тұрып жатса да, тұрғындар өз кварталына ұқыпты қарайтын сынды. Кең­се ре­тінде пайдаланылатын кіреберістегі ғима­ратта уақытша көшіп келгендердің жал­пы тізімі, атқарылуы тиіс жұмыстардың кестесі ілінген. Қабырға толы балалардың қолымен салынған суреттер. Бұл жердегі балақайлар көбіне не салады? Әрине, әсем де еңселі үйдің суретін.
72 жастағы Такесаки Хидэяки есік алдында гүл суарып жүр. «Сіз бұл жерден көш­кіңіз келмейтін сияқты», – деймін. «Цунами шайып кеткен үйімнің алды бау-бақ­ша болатын», – дейді алыстан келген ше­телдік­терге ақтарылып, қуанышын жа­сыр­маған ақсақал. Айына 30 мың йен зей­нетақы алатын қарт уақытша орталықта эл­ектр қуаты мен мен судың құнын өзі төлейді.
«Менің алты бөлмелік, екі қабатты үйім болған. Алдымен зілзала қиратты, сосын су шайып кетті. Қайта өзім үйде болмай, аман қалдым», – дейді жалғызбасты қа­рия.
«Такесаки секілді қарттар аз емес. Тек Миа­ги емес, зілзала мен цунамиден зардап шек­кен басқа да префектураларда жа­ғалау­дағы аудандарда көбіне егде жас­тағы адамдар тұрған. Психологиялық дағ­да­рысқа со­лар ұшы­рап отыр», – дейді про­фессор Коидэ Осаму. «Жастар үкіметтің қай­та қалыпқа кел­тіру жоспарының орындалуын күтіп отыр­майды. Олар ірі орта­лық­тарға қазірдің өзін­де ағылып, көшіп жатыр. Ал қарттар өзде­рінің мүлкінен айырылып қана қоймай, ер­тең­ге деген сенімнен де күдер үзуге мәж­бүр. Өйт­кені Жапонияда үкімет немесе жер­гі­лік­ті билік азамат­қа тегін үй салып бермейді. Ма­те­ри­ал­дық көмек, әрине, көрсетіле­ді. Ал жеке үй салу үшін азамат несие алуы тиіс».
Біз тілдескен сарапшылардың айтуынша, Жапонияда жеке үй тұрғызу үшін ке­мінде 20-30 миллион йен қаржы керек. Қа­зір жергілікті билік зардап шеккен әр адам­ға екі жыл көлемінде ай сайын 100 000 йен көлемінде жәрдемақы төлеп отыр. Үкі­мет 1-2 млн йен көлемінде бір рет­тік өтем­ақы тө­лейді. Тұрғын­дардың шы­ғы­нын жа­батын та­ғы бір қаржы көзі – сақ­тандыру компания­лары. Олар апаттан ке­йін өз мін­деттерінен құ­тылған. Ендігі үміт – қа­йы­рымдылықтан түскен қаржыда.
Зардап шеккен жандар қолға тиер қара­жат бұрын өздері тұрғандай үй салуға жете­тініне күмәнданады. Жаңа архитек­туралық талаптар бойынша, үй-жайлар енді жаға­лаудан бірнеше шақырым қа­шық­та, теңіз деңгейінен әлдеқайда биік жер­де тұрғы­зылуы тиіс. «Бұл талапты бас­қа­лар тиімді пай­даланып жатыр», – дей­ді Миаги префек­ту­расындағы зардап шек­кен тағы бір қала Иси­номакидің Қайта қалыпқа келтіру де­пар­таментінің бөлім бастығы Томоя Оцука. «Жер телімдері жекеменшікке жатады. Қа­ла­лық әкімдік на­рық­қа әсер ете алмайды. Жа­ға­лаудағы жер­дің бағасы 20 пайызға тү­сіп кетсе, жо­ғар­ғы аудандарда, керісінше, 20 па­йызға қымбаттады». Соған қарамастан, Исиномаки билігі мүмкіндігі жоқ тұрғындар­ға арнап 3000 пә­терлі муниципалды баспана тұрғызбақ. Алайда бұл үйлер ақылы негізде беріледі. «Бізде тегін үй беру деген жоқ», – деп Томоя Оцука да атап өтті. Жергілікті билік зар­дап шеккен әр отбасыға 12 мың йен көле­мінде бір реттік жәрдемақы бермек.
163 мың тұрғыны бар Исиномакиде халық саны бір жыл бұрынғы зілзаладан кейін 10 мың адамға азайған. Жер сілкінісі мен цунами қаланың 30 пайызын шарпы­ған. 50 мың адам қауіпсіз жерге көшірілген. Қаладағы Балықшылар порты мен Өндіріс­тік порт әлі күнге тоқтап тұр.
Апат және партияның парызы
Жапония шығынға батса да, тығырық­тан шығары сөзсіз. Өткен жылғы апаттың зар­даптарын жоюда сабақ алып қана қой­май, тәжірибе де жинақтауда. Сыртқы істер ми­нистр­лігінің халықаралық істер жө­ніндегі баспасөз хатшысы Сато Масару: «Біз өз елі­міздің басына түскен қасіретті керісінше шанс­қа айналдырмақ ниеттеміз, – деді. Зілзала мен цунамиден қираған аудандарды қай­та тұрғызу, апаттың алдын алу және болжам жасау, сондай-ақ балама энергия көз­дерін дамыту салаларында жинақтап жатқан тәжірибемізді кейін бүкіл әлемге таратпақ ойымыз бар».
Сырттан бақылай отырып, күншығыс елі­нің «сауығу» кезеңін нәтижелі өткеріп жат­қанын аңғаруға болады. Ал егер осы қо­ғам­ның ішкі тіршілігіне үңілсек, жал­пы­ұлт­тық тра­гедиядан кейінгі биліктің іс-әре­кетіне бе­рілген баға әртүрлі екенін түсіне бастайсыз.
Профессор Коидэ Осамудың ойынша, қазір Жапония үкіметін басқарушы социал-либералдар қалыпқа келтіру жоспарын ла­йықты жүзеге асыра алмайды. «Өйткені олар­дың әкімшілік басқаруда тәжірибесі жоқ. Екіншіден, бастама көтеру және оны орындау қабілеті төмен», – дейді ғалым. (2009 жы­лы Социал-либералдық партия парла­мент­тің басым бөлігін иемденіп, елді 54 жыл басқарған Либералдық-демокра­тия­лық партияны ығыстырған). Ғалымның ойын­ша, Үкіметте ұзақ отырған либерал-де­мо­краттардың төтенше жағдайда жедел іс-қимылға көшу тәжірибесі мол болған. «Ал қазіргі үкіметтің наурыз оқиғасынан кейін қабылдаған жалғыз ғана шешімі – зар­дап шеккен аудандарды қалыпқа келтіру жөніндегі агенттік құру ғана. Оның өзінде, оның тиімділігіне сенбеймін. Өйткені аг­ент­тіктің дербес бюджеті жоқ», – деп тәп­тіштеп түсіндірді Осаму мырза.
«Сондықтан да қазіргі үкімет жалпы­ұлт­тық жоспарды жан-жақты пысықтап, жү­зеге асырады дегенге күмәнданамын. Бұл – ме­нің жеке бағам», – деген сарапшы жер­гілікті өзін-өзі басқару органдары да өз аймақтарын қайта қалпына келтіру жоспарын орталыққа ұсынуды кідіртіп жатқанын айтты. Наурыз зілзаласы, негізінен, Мияги, Иватэ және Фукусима префектураларына залал келтірді.
Исиномаки қаласы мэриясының өкілі То­моя Оцука болса: «Біз өзіміздің жоспары­мыз­ды даярлап қойдық. Бірақ Токиодан сұ­рай­тын қаржымыз өте қомақты», – дейді. Зар­дап шеккен аудандарды қайта қалыпқа кел­тіріп, инфрақұрылымдарды жаңартуға және зар­дап шеккен тұрғындарға муниципалды баспана мен әлеуметтік объектілер салу үшін Исиномаки билігі алдағы төрт жыл­ға 12 млрд долларға жуық қаржы сұ­ра­мақ. Апатқа дейін қаланың жылдық бюд­жеті шама­мен 750 миллион доллардан ас­паған.
Мемлекеттің өзі 2011 жылғы наурыз зіл­за­ласының шығындарын 2 трлн йенге баға­лап, зардаптарын жоюға және инфра­құ­ры­лымдар мен елді мекендерді қалыпқа келтіруге 20 триллион йен көлемінде қар­жы жұмсауға әзір. Айта кетерлік жайт – қысыл­таяң шақта Жа­пония өңірлерінің тағдырын шешу префектура билігіне жүктеледі. Жергі­лікті өзін-өзі басқару жүйесі орталықтың жа­уапкерші­лігін өңірлердің өзіне ойыстырған. Сон­дық­тан да демократиялық сайлау – жапон про­вин­циялары үшін өте маңызды саяси оқи­ға.
«Хибисин бун» тілшісі – оқиға орнында
Өткен жылы 11 наурызда қала мен ауыл жаңа­лықтарын жариялайтын күнде­лік­ті «Хи­бисин бун Исиномаки» газетінің тілшісі Ку­магай Тосиаки әдеттегідей қала­лық әкім­дікке кезекті деректер жинауға кел­ген. Басқа күндерден еш айырмашылығы жоқ жұма болатын. «Бір сәтте ғимарат шай­қала бастады. Тоқтайтын түрі жоқ. Жер­дің сілкінісі үш минуттай уақытқа созыл­ды. Кеңселер астан-кестен, жұрт үр­ей­леніп қауіпсіз жерге жү­гіруде. Тербеліс тоқтағаннан кейін жан-жа­ғы­мызға қарап, ес жинай бастадық. Бұл үй­реншікті жайт бол­ғанымен, мұншалықты қуатты әрі ұзақ дүм­пуді бұрын сезінбегенмін. Үрейді жур­на­листік қызығушылық же­ңіп, фотоаппара­тымды алып, жағалауға жол тарттым», – деп баяндады Кумагай.
Жағалауда қираған үйлер мен көпір­лерді суретке түсіріп, редакцияға беттеген сәтте оны цунами толқындары қуып жеткен. Алдымен су деңгейі көтерілген. Санау­лы се­кундтардан кейін жолдағының бәрін ысы­рып, үлкен толқын да соққан. Плас­ти­калық қо­раптарға жармасып жан сақтаған журналист цунами екпінімен құлдиға құ­лап, суға батқанын айтып берді. «Фото­кадр­лардың құрығанын түсіндім. Бірақ қо­рапқа жармасып жүзе бердім. Кезекті тол­қын жеткенше қалқып жүрген қайыққа қол созып, мініп үлгердім. Менің өмірімді сақ­таған – сол қа­йық», – дейді бастан кешкен оқиғасы катастрофа туралы фильмге тұ­рарлық тілші.
Ол сол қайықпен жүзіп, Исиномаки тұр­ғын­дарының қалай апатпен күрескенін, су­ға батқанын, қалай құтқарылғанын көр­ген. Суда қалқыған шатырда бір-біріне жар­масқан отбасын көріпті. Қайтқан су ша­тыр­ды теңізге қарай тартып бара жат­қаны – көз алдында. Кейін ол адамдардың не болғанын білмейді. Шатырда қалған от­басыны өз газеті арқылы әлі де іздеп жүр.
Кумагай Тосиакиді құтқарушылар тек ертеңіне аман алып шықты. «Бұл ең қор­қынышты түн болды. Көмек сұраған жан­дардың үні төңіректі күңірентіп жіберді» дейді. Ауруханада бір күн де болмаған жур­налист редакцияға асыққан. Цунами тол­қындары баспахананы істен шы­ға­рыпты.
«Әріптестермен ақылдаса келе, қа­бырға газетін шығару туралы шешім шы­ғар­дық. Үшінші күні қолмен жазылған алты газетті қаланың әр жеріне ілдік». Ал­ғашқы мақала «Қала оттары қайта жанды» деген тақырып­пен жарияланған. Қабырға газеттерін жергілікті және токиолық мұра­жай сұратқан. «Хи­бисин бун Исиномаки» біреуін редак­ция­да қалдырды. «Айтпақшы, фотосуреттер не болды, сақ­талды ма?» деп біз де журналистік қы­зығушылығымыздан танбаймыз. Кумагай суға батқан фотоаппаратын жөн­деуге бе­ріпті. Цифрлы аппаратта кадрлар сақталған екен. «Бірақ сәтсіз кадрлар бол­ғандықтан көр­сетуге қысыламын», – дейді өзінің қай­сарлығын да қалыпты қылық деп санайтын жапондық әріптес.
Көзден кетпес кадрлар
Иваки қалашығында жуырда жаңа көр­ме ашылды. Толықтай 11 наурыз зілза­ла­сының салдарына арналған. Шағын қа­ла­шықтағы бұл көрмеде адам қарасы көп. «Бұ­лар туристер ме?» – деген сұра­ғы­мыз­ға көрме жетекшісі: «Жоқ, осы төңі­ректің тұр­ғын­дары. Олар бұған дейін де ке­ліп ара­лаған. Бірақ қайта оралып, қай­та­лап көріп жүр», – деп жауап берді. Бір бұрышында – ша­ғын кинозал. Орын­дыққа жайғасқан кісі­лер тапжылмай, аяқ­талған фильмді басынан бастап, қайта кө­ріп жатқанын аңғардым. Фильм апат туралы. Құтқару операциялары, жақынынан айы­рылған жандардың қайғы­сы, алғашқы кө­мек жайында. Бір бұрышта күріш порциясы да тұр. Ан­нотацияда «Зілзала мен цунамиден құт­қа­рылған жандарға бір күннен кейін бе­рілген алғашқы азық дәл осындай бір уыс күріш болатын» деп жазыл­ған. Алғашқы азық туралы бір баланың ес­телігі баяндалады. Анасын эвакуация орта­лығынан іздеп таба алмаған Иваки кентінің кішкентай тұр­ғы­ны «құтқарушы берген кү­ріш­тің дәмі аузымнан кетпейді» депті.
Жапондықтар өз қайғысынан алған са­бақты ғылымға ұштастырады. Өткен жыл­ғы апат сейсмикалық қорғану жүйесін жетіл­діретіні сөзсіз. Фукусима атом стансысынан ке­йінгі апат энергияның балама көздерін да­мы­туға итермелеп отыр. Қазір­дің өзінде Жа­понияның өзінде және Үндіс­тан, Индонезия, Болгария елдерінде балама энергетика жобаларын жүзеге асыруда. «Біз өз тәжі­рибеміз­бен бөлісуге дайынбыз», – деді Сато Масару. Келген қонақ жапондықтардың техно­логия­лық жетістіктеріне ғана емес, мо­раль­дық бол­мысына да сүйсінеді. Табиғат апаты орасан зор зардап әкелгенімен, бі­реу­ді кінә­лап жатқан жұрт жоқ. Өйткені тіршіліктің тү­зе­ліп кетеріне сенімді. Тех­но­логиялық мүм­кін­дік­терге ғана емес, әлеу­меттік әділ­дікке де сенеді.

Қаперге
2011 жылдың 11 наурызында болған Ұлы шығыс зілзаласынан Жапонияда 15800-ден астам адам қаза тапты. 3200-ден астам адам із-түзсіз жоғалған. 6000-ға жуық адам жарақат алды.
Әлемнің 160 елі мен 40-тан астам Халықаралық ұйымы қайырымдылық мақсатта 17 млрд 500 мың йен (175 млн $) қаржы жолдады. Қазақстан Үкіметі Жапонияға 1 млн доллар көлемінде көмек көрсетті. Ал Қазақстан азаматтары атынан 315 473 доллар жөнелтілді.


Сәкен Әбдиев, журналист

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста