Ұрпағыңа өмірің өнеге

Ұрпағыңа өмірің өнеге

Уақыт шіркін желдей есіп, біздің, Нұрмағанбетовтер отбасының жетім көңіл күй кешіп жүргеніне де бес жыл өте шығыпты. Асқар тау әкеміз Талант Нұрмағанбетов аты жаман ауруға шалдығып, екі ай төсек тартып жатып, 2014 жылдың 2-ақпанында мәңгілік мекеніне аттанған болатын. Содан бері оның ұрпақтары — біздер, балалары, жесір қалған жары, анамыз — Бақыт, өзіңсіз өткен өмірге сене алмай, қиналып, іздеп жүрдік. Қатал, сұсты көрінетін сұлбасы көп адамның бетін қайтарса да, жүрегі жылы, қағытпа қалжың әңгімесі жан-жағын жаймашуаққа бөлеп отыратын әкемнің бейнесін ұмыту біздерге, әрине, қиын. Бәрі дәл кешегідей есте, көз алдымызда... Тек сол бір ақпанның аязды күні денемізді қалтыратып, жанымызды жабырқатып, жаралап кеткені болмаса... Содан бері соңында қалған біздер әкеге деген сағыныштың сарытабын татып келеміз.
Өткен жылы, яғни, 2018 жылдың 7-ші қыркүйегінде тірі болғанда 60 жасыңды тойлап, отбасың, бауырларың, туған-туыс, дос-жаран ортасында мерейлі жасыңды атап өтер едің. Амал қайсы, біздің көздеп, көксегеніміз емес, тағдырдың жазуына шара жоқ екен. Қатал тағдыр 55 жасыңда арамыздан алып тынды.
Өзіңнің өмірден өткен күннің қарсаңында қолыма қалам алып, артыңда қалған ұрпағыңның сағынышын жеткізгім келді. Өткен өмір жолыңа шолу жасап, бейнеңді көз алдымызда жаңғыртқым келді. Берген тәрбиең мен көрсеткен өнегеңді көңілде тоқып, көпшілікпен бөліскім келді, ӘКЕ!

Қазалы ауданының ол кезде «Жданов» колхозы деп аталатын елді-мекенінде, мәртебелі ұстаздардың әулетінде, Жалпақбай мен Айнагүлдің отбасында 1958 жылдың 7-қыркүйегінде дүниеге келген әкем ұлдың үлкені болған. Өздері жеті ағайынды болса да, әкесі Жалпақбайдың атадан жалғыз екендігін алға тартып, «біз — жетімбіз» дейтін. Қыз жат жұрттық, өзінің әпке, қарындастары бақыттарын тауып, бөлек кеткеннен кейін інісі Маратты көзінен таса қалдырған емес. Ағалық қамқорлығын көрсетіп жүрді. Анам Бақыт осы отбасына келін болып түскенінде Марат ағамыз 9-сыныпта оқып жүрген екен. Сонда Айнагүл апамыз: «Енді Марат пен Эльмираға Талант екеуің бас-көз боласыңдар, үлкен деген аттарың бар» деп, тапсырған екен. Содан бастап Марат ағамыздың мектептегі жиналысына да анам Бақыт барып жүреді. Бұл аманатты әкем өмірден өткенінше адал атқарып өтті деп айта аламын. Өйткені, інісінің қандай да бір мәселесін, жүрмей тұрған ісін, көңілі түсіп тұрғанын көрсе, бітті, өзінің отбасын, жұмысын ұмытып кететін. Бұл, бір жағы, оның бауырмалдығын да білдіретін.
Мектепті орыс сыныбына барып бастап, өзімен қатарлас орыстілділердің арасында мінезі тік, тентектеу, бұзық болып өскенімен, орта мектепті жаман аяқтамапты. Қызыл белгіге бітірген Света әпкесінің жолын қуып, ұстаз ата-анасының абыройына дақ түсірмейді. Бірақ, мектеп жасындағы жас Таланттың бұзықтығымен байланысты неше түрлі оқиғалар әкем өмірден озған соң жазылған «Әке жолы» деп аталатын естелік кітапта баяндалады.
Арман қуып Алматыға келген соң Ауылшаруашылығы институтының механика факультетін бітіріп шығады. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін Қызылорданың жеті баласының ішінен «МИС»-ке жеңіп алған жолдамасы болыпты. «МИС» дегені «Машина сынау станциясы» ғылыми зерттеу шаруашылығы. Сол кезде тікелей Мәскеуге қарайтын бұл орталық Қызылордадан 20-25 шақырым жерде орналасқан екен. Бірақ, баласының өз ортасынан сытылып, сыртқа кететінін қаламаған әкесі түрлі себептер айтып, оны үйде, ауылда қалдырады. Сөзін жерде қалдырмаған баласының жұмысқа орналасуына әкесі белсене кірісіп кетеді. ПМК-86 мекемесіне механик қызметіне орналастырады.
Осылайша, әкем үлкен өмірге қадамын, алғашқы еңбек жолын механик болудан бастапты. Одан кейін ауданның әр саласындағы түрлі кәсіпорындарда: Қазалы техникалық жөндеу кәсіпорны, «Агросервис» өндірістік-техникалық кооперативі, Қазалы өндірістік-коммерциялық орталығы, «Қазалы жарығы» қауымдастығы және т.б. орындарда бірнеше жылдар жетекші қызметтерде болып, өзін шаруашылықтың қай бағытын да жете меңгерген басшы ретінде таныта біледі.
Әсіресе, «Қазалы жарығындағы» атқарған елеулі еңбегі бүгінде сол мекеннің халқы айта жүретін әңгімеге айналған. Әкем басшы болып келгенде сау-тамтығы қалмаған, алқам-салқамы шыққан мекемені қалыпқа келтіріп, жұмысын бір арнаға түсіргенде оның қолынан іс келетін, жоқтан бар жасай алатын, ұйымдастырушылық қабілеті тағы бір танылып еді. Бүгінде Қазалы жұрты бұл мекемені «Ақ үй» деп атайды екен.
Қолға алған ісінің бәрі дөңгелеп, оңай өріле берді деп тағы айта алмаймыз. Бірақ, ертеңі, болашағы бар екенін білсе, сол істі қолға алудан аянып қалған жоқ. Жолы болмаса да, бар күш-жігерін салып, соңына дейін барды. Соның бірі мына жайт еді: 1992 жылы ауданда бірінші хатшы қызметін абыроймен атқарған Елеу Көшербаев ағамыз зейнетке шығып, оның орнына осы елдің түлегі Жарылқасын Шәріпов келеді. Дәл осы жылы егемендіктің алғашқы премьер-министрі болып Арал ауданынан шыққан, республикалық деңгейде көптеген басшылық қызметтер атқарған Ұзақбай Қараманов тағайындалады. Бұл кісінің жолдасы Ұлдай апамыз Жалпақбай атамыздың бөлесі болып келеді. Сонымен не керек, Жарылқасын Шәріпов Ұзақбай Қарамановпен бұрыннан таныстығын пайдаланып, Қазалы ауданында үлкен өндіріс орнын ашуға, сөйтіп, қыз-келіншектерді жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында тігін фабрикасын жұмыс істетуге мемлекеттік деңгейде, Министрлер кабинетінің Қаулысын шығартады.
Ал, әкем ол кезде аудандық «Агропромтехника» бірлестігінде бас инженер болып қызмет атқарып жүрген жерінен Жарылқасын ағасы өзіне шақыртып алып, «Талант, мемлекеттің қаулысы шығып, ауданда Өскеменнің Үлбі комбинатының филиалын ашқалы жатырмыз. Соған бастық болып барасың ба? Әрине, толық жұмыс жасап кетпейінше біраз қиналып, тер төгуің керек болады» деген соң, әкем оған келісімін беріп, жаңа жұмысына білек сыбанып кірісіп кетеді.
Алғашқы жиырма шақты баланы Өскеменге оқуға аттандырып, әкемнің өзі Өскеменнің Үлбі зауытымен бірлескен кәсіпорын ашып, мекемеге қажетті құрал-жабдықтарын алдырып, жұмысты енді бастар шағында, кенеттен Ұзақбай Қараманов ағамыз басқа қызметке ауысып кетеді де, ашылуға тиісті зауыт та, тігін фабрикасы да жарты жолда қалып, жұмыс ары қарай жүрмей, тоқтап қалады. Бұл іске мықтап кірісіп, жан-тәнімен берілген әкем бұл зауыттың қалай да ашылуы керектігін дәлелдегісі келіп, біраз сабылады. Ең соңғы рет Алматыға барып, Власов деген «Минпром» министрінің қабылдауында болғанында ол кісі «Қазалы деген қай жерде, картадан көрсетші!» депті орнынан тұрмастан. Қабырғадағы картаға жақындап көрсеткен екен, «Ол жердегі қазақтардың қолынан не келеді деп ойлайсың?» деп, тағы сұрапты. Әкем ойланбастан, «Бәрі келеді!» деген екен, әлгі кісі басын шайқап, «Басқа шаруамен айналысыңыздар» депті. Сонымен салы суға кетіп, әкем елге қайтады. Кейін Жарылқасын Шәріпов ағасы аудандық ауылшаруашылық басқармасына қарайтын «Ауылшаруашылығын жабдықтау және өнімдерін өткізу» деген мекемені ашып, әкем соған басшылық етеді.
Өз еңбек жолында жақсы адамдардың мол шарапатына қарық болған әкем өзгелерге де, болашағынан үміт күттіретін жастарға да, егер қолынан іс келіп тұрса, демеу болуға ұмтылды. Және одан еш ұтылған жоқ. Білгенін үйретуге тырысты. Жастар да бар білгенін айтудан қашпайтын әкемнің жанынан жиі табылатын.
Жұмыс барысында талапшыл, қатал болды. Сол үшін де қасындағылар айтқанын түсінбеген жағдайда қайта сұраудан қорқатынына өзім талай куә болғаным бар. Бірақ, бұл уақытша, сол үстел басында қалып, жұмыстан тыс уақытта аңқылдаған ақкөңіл қалпына ене салатын.
Өзінің қолынан іс келетіндігін жеке шаруаларын жүргізіп, бизнеспен айналысқан кезінде де көрсетті. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы қиын-қыстау кезеңдерде коммунистік тәрбиенің әдетімен коммерцияны қабылдай алмаған кейбіреулер сияқты емес, бизнестің бүге-шігесін бірінші түсінгендердің, соған бет бұрған аудандағы санаулы адамдардың алғашқыларының бірі болды. Соның нәтижесінде Қазалыдағы «Ер-Нұр» сауда базарының құрылтайшысы болып, нарықтық кезеңге сай халықпен бірге іс атқарды.
Жаңа нәрседен, жаңалықтан қашпай, керісінше, оған құмартып тұратынын бірге оқыған студент достары да растайды. Қазалыдан Алматыға көшіп келген соң сол достарымен бірлесіп, жаңа техниканы шығаруды ойластырып, оның жобасын агрофинансқа беріп қойған-мен, бұл іс аяқсыз қалады. Әкем төсек тартып жатып қалып, істі соңына дейін апара алмады.
Бауырмалдығында шек жоқ еді. Әкесі Жалпақбайдың жетімдігі жанына батқан әкем алыс ағайын-туыстарды жанына жинап, үлкенге — іні, кішіге — аға, қатарластарына жанашыр бола білді. Қазалыда жүргенде де, одан кейін Алматыға көшкенде де осы қалпынан тайған жоқ. Бар туыс-бауыр, жақынның басын біріктіріп жүрді. Көпшілдігінің арқасында біздің үйден адам үзілмеді. Жиналған жұртқа дастарханнан дәм татқызып қана қоймай, баянын алып (жоғары оқу орнының оркестрінде өнер көрсеткені бар), түрлі әндерді орындап, ортасын көңілді кешке айналдыратын. Одан қалды қалжыңы үзілмей, қасындағыларын күлкіге қарық ететін.
Өзінің ұстаздар отбасында дүниеге келгені бар, бірге туғандарының бәрі білімге құмар, орта мектепті үздік бітіргендер екендерін ескерсек, бұл талпыныс олардың ұрпақтарын айналып өтпейтіні ақиқат. Сол секілді әкем де өз балаларының жоғары білім алуларына ерекше мән берді. Олардың әрқайсының мінез-құлқы мен талабына қарай жұмыс орындарына да ерекше ден қойды. Сондықтан да соңында қалған төрт баласы, екі ұл, екі қыз — жоғары білімді, ғылым жолынын өз мұраттарын тапқан білікті азаматтар.
Өмірден ерте өтетініңді білдің бе екен, қайда барсаң да, қайда жүрсең де жаныңнан мені бір елі тастамадың. Сондағы ойың: көре берсін, үлкен адамдармен араласып көрсін, қонақты күтіп алып, шығарып салуды үренсін дегенің еді. Өзің о дүниеге аттанғалы бұл көрсеткен өнегең үлкен сабақ болғаны рас. Үйдің үлкені болғандықтан, менен кейінгілердің маған қарап бой түзейтінін жақсы білгенсің ғой. Соңғы уақытта төсек тартып жатып көп істерге мені араластырып, анама менімен ақылдасуын тапсыратынсың. Өзің барда менің шаруаға араласқанымды көзіңмен көріп, жол көрсеткенің ғой бұл.
Өзіңсіз өткен бес жылда орның ойсырап, жоқтығың батты жанымызға. Бірақ, тірі адам тіршілігін жасайды деген. Менің үшінші балам — қызым дүниеге келді. Алтынға балап, «сол үшін Алматыға көшіп келгенмін» деп отыратын Меруертіңнің де қазір екі баласы бар. Балаларың сол өзің қалаған ғылым саласында жұмыстарын атқарып жүрген жайы бар.
Сен біздің қашанда тұмарымызсың, бағдарымызсың Әке! Сенің әр айтқан ақылың мен өсиетің біздің жадымызда, өзің көрсеткен жолдан таймауға тырысамыз. Ал, соңымыздан ерген ұрпаққа өмірің өнеге! Жаның пейіштің төрінде шалқысын дейміз!

 Нұрмағанбет Ермек Талантұлы

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста