Жұлдызды жаңалықтар

Ләззат Байырбекова: Тұрмысқа шыққан соң түрмедегідей өмір сүрдім (фото)

  • Ләззат Байырбекова: Тұрмысқа шыққан соң түрмедегідей өмір сүрдім (фото)

    Ләззат Байырбекова: Тұрмысқа шыққан соң түрмедегідей өмір сүрдім (фото)


Ләззат Байырбекованы біреулер домбырасын асып, қаракөз қазақ қыздарын ұзатып жүрген әнші ретінде білсе, енді біреулер елімізге белгілі әнші Жазира Байырбекованың әпкесі ретінде танып жатады. "Танымал болуды армандамаппын" деген әнші NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат беріп, еш жерде айтылмаған сырларымен бөлісті.


 

Ләззат Байырбекова: Тұрмысқа шыққан соң түрмедегідей өмір сүрдім (фото)

Ләззат Байырбекова. Фото: Instagram



— Ләззат ханым, сіздің есіміңіз аталған кезде міндетті түрде сіңліңіз Жазираның аты да қатар айтылып жүреді. Өнер әлеміне сіз Жазирадан кейін келдіңіз бе?


— Жазирамен бірге бала күннен бастап домбырамен дуэт айтатынбыз. Әкеміз бізді ертіп жүрді, қазіргі тілмен айтсақ біздің продюсеріміз болды. Сол кезден мен ұяң болдым, батылдығым жоқ еді. «Жүріңдер, кеттік!» десе Жазира домбырасын асынып бара беретін. Мен сонда қалай шаршамайды деп ойлайтынмын. Жазира аудандық концертте нөмір көбейіп кетіп, ән айта алмай қалған кезде жылағаны есімде. Әкем: «Не болды енді? Әкім қысқартсын депті концертті. Қайтайық» десе, жылап тұр. Сол кезде ол сахнаға, өнерге қатты ұмтылатын.


Мен бала күнімде әншілер жайлы жағымысз пікірлерді көп естіп алғанмын. Сондықтан мен әнші болғым келеді, бірақ бола алмайтын сияқтымын. Бұл қазақ қызына жат нәрсе деген оймен жүретінмін. 7-ші сыныптан 2-ші курсқа дейін ақындар айтысына шығатынмын. Елімізге белгілі ақындар Шорабек Айдаров, Мұхамеджан Тазабек, Бекарыс Шойбековтермен айтысатынмын. Бірақ бірінші курста көлік апатына түсіп, домбырам сынып, өзім балдақпен жүрдім. Сол оқиғадан кейін сахнаға шығып, айтысайын десем сөз шықпайды, домбырамды сабалап қалдым.  Содан маған көз тиген болар деп ойлап, ақындық өнерді қойып кеттім.


— Бүгінде өлең шығарасыз ба?


— Жоқ, қазір ондай қасиетім жоқ. Бірақ әннің сөзіне қатты мән беремін. Жуырда Жазира екеуміз түсіріп жатқан «Қазақтың Аруы» бейнебаянның сөзін де, әнін де өзім қабылдадым.


— Бүгінде Жазираның танымалдылығы сізден басым. Сондай сәттерде іштей қызғаныш сезімі бола ма?


Ләззат Байырбекова: Тұрмысқа шыққан соң түрмедегідей өмір сүрдім (фото)

Ләззат Байырбекова сіңілілерімен. Фото: Instagram



— Бір үйде жеті қызбыз ғой. Бала күнде еш нәрсе байқалмайды. Бәрі бір-біріне періште сияқты көрініп, дос болып ойнап жүреді. Бірақ өсе келе әрқайсысы әртүрлі шаңырақ құрып кетеді, сосын мінез-құлық ақырын шыға бастайды. Есейген кезде бауырларымнан кішкентай кезде көрмеген мінез-құлықты көріп қаламын, ол ағамнан байқалуы мүмкін, інім мен сіңілілерімнен. Кейбіреулері сол бала күнгідей өзгермейді. Көбісі Жазира екеумізді қатар көргенде: «Жазира өсіп кетті ғой, әпкесі қызғанбай ма екен...» деген сұрақты бұрыннан қойып келе жатыр. Бала күнімде өз басымнан танымалдылық өтіп кеткендей көрінеді.


Өйткені менің алғаш әнім  Қазақстанға Түркістаннан шыққан кассета арқылы тараған.  Есіңізде ме, "Сенің жүрегің, ах" деген ән бар ғой (күлді).  Мен Түркістан жақта үйренген әнімнің бәрін Жазираға алып келемін. Оңтүстікте қандай жаңа ән шығып жатады, соны Жанболат екеуіне ұсынатынмын. Олар соны орындап жатты. Журналистика сіңілім Назираны да өзім оқуға жетектеп алып барып, шығармашылық емтиханын тапсыртып, жанында жүрдім. Ары қарай жолы болып, елімізге танымал журналист атанды. Қарап тұрсам өзім солардың екеуінің ұстазы сияқтымын. Жазираны қазір тыңдаймын. Бұрын оны онша тыңдамайтынмын, қазір ол өнер ордасына кіріп кетті ғой. Сіңлім болып мынаны ки, мынаны былай істе дейді. Өнерге келгеннен кейін Жазираның да дұрыс жағы болады екен, тыңдай бастадым.


Мен екеуін де қызғанбаймын. Өйткені өзімді шәкірттерімнің жемісін көріп отырғандай сезінемін. Өзім Қазақ-Түрік Университетінің журналистика бөлімін бітіргенмін, магистратурасын да тәмамдағам. Кейіннен Тараз Университетінде журналистика бөлімін ашып, мұғаліп болдым. Ол кезде де Тараздың журналистикасын көтеруге атсалысып, түрлі жыр-шоулар ұйымдастырғанмын. Өзім сабақ берген шәкірттерімнің бірі- Асхат Садырбай.


— Жуырда Жазира екеуіңіздің жаңа әндеріңіздің бейнебаяны жарыққа шыққалы жатыр. Бір сұхбатыңызда халықтың сұрауынан бас тарта алмадық, көпшілік бізді бірге көргісі келеді депсіз. Сол жайлы тарқатып айтып берсеңіз?


Ләззат Байырбекова: Тұрмысқа шыққан соң түрмедегідей өмір сүрдім (фото)

Ләззат Байырбекова мен Жазира Байырбекова. Фото: Instagram



— Жалпы Жазира екеуміздің дуэт болып ән айтуымыз халықтың сұранысынан туды, халық екеумізді бірге көргісі келді. Мен Астанада 14 жылдай қыз ұзатып жүрдім, Жазира басқа жақта. Бір күні екеумізді бір тойға шақырды. Көпшілік даусымызды ұқсатып, салыстырып жатады. Тіпті кейбіреулер маған Жазираның даусымен шығып жүрсің деп те тиісті.


Одан кейін бір бағдарламаға шақырып, домбырамен айтыстырып тыңдады. Өз даусыммен шығып жүргенімен көздері жеткен соң, тиіспейтін болды. Бір қызығы Жазира қандай ән айтады, соның бәрін менен сұрайды. Сұраған жерге бармасаң, шақыруға зар боласың дегендей «жоқ» деп айту ыңғайсыз. Менің туған ағам Ербол Байырбеков – композитор, ол Жазираның талай қызды ұзатып жүрген «Ақ ботамның» әнін, ең алғаш Жанболат екеуі бейнебаян түсірген «Сүйгеніңді бағала» әнінің әуенін жазған. Тойларға барсаң ағамның әні, Жазираның репертуары «Ақботамды» сұрайды. Артынан желіде «басқа ән тауып алмайсың ба?», «ұялмайсың ба?» деген пікір жазады. Сонымен Жазира екеуміздің әніміз дүниеге келіп жатыр.


Басында тағы ағамыздың әнін айтамыз ба деп, ұялып өзгелерге ұсыныс тастағанбыз. Бірақ одан еш нәтиже болмаған соң, қайтадан Ерболатқа хабарластық. Ағам жіберген әнді естіп едім, жыладым. Жүрегіме қатты әсер етті, ол кезде әннің әлі сөзі жоқ еді.  Содан Жазираға хабарластым, не істейміз деп. Себебі бір миллионға көйлек тіккізіп қойғанбыз.


Қазір қыздарымыздың тәрбиесі нашарлап кетті ғой, сол қаракөздеріміздің рухын көтеретін, тәрбиелік мәні бар ән болса дедім. Сөзін Асқар Дүйсенбі деген ақын жазды.


— Байқап отырсам, ағаңыз сазгер, сіңліңіз журналист, Жазира мен өзіңіз әншісіз. Осынша таланттың бәрі кімнен берілген?


Ләззат Байырбекова: Тұрмысқа шыққан соң түрмедегідей өмір сүрдім (фото)

Ләззат Байырбекова. Фото: Instagram



Кенен Әзірбаев атамыз біздің нағашымыз болып келеді. Марқұм әкем сатиралық өлеңдер жазады. Журналистикаға әкеміз баулыды. Анам ҚызПУ-дың музыка факультетінде екінші курс оқып жүргенде, әкеміз алып қашып кеткен.


— Өзіңіз неше жасыңызда тұрмысқа шықтыңыз?


Ләззат Байырбекова: Тұрмысқа шыққан соң түрмедегідей өмір сүрдім (фото)

Ләззат Байырбекова. Фото: Instagram



— Мен Жазирадан кейін 21 жасымда тұрмысқа шықтым. Сондықтан менің тұңғышым Жазираның баласынан екі жас кіші. Шымкенттің Кентау қаласына  келін болдым. Бірақ Алматыда тұрдық. Барған жерім өте ауқатты болды. Маған үнемі байдың балалары ұсыныс айтатын. Біздің отбасымыз қарапайым ғой деп өзімді төмендететінмін, құда түскісі келетіндерден қашқақтайтынмын. Мүмкін тағдырымның осылай болатынын сезген шығармын.  Ол заман тәуелсіздіктен кейінгі қиын бір уақыт еді. Алматыда тұрдық, бірақ байдың үйінде жүріп тамақ жей алмайтынмын. Менің отбасым, бауырларым үйімде мұндай тамақ жей алмай отыр, мен қалай жеймін деп ас өтпейді тамағымнан. Үйді ойлай беремін (көзіне жас алып). Мені бес рет үйіме апарып тастап, бес рет алып келді.


— Төркініңізге олай апарып тастауға не себеп болды?


— Білмеймін, енемнің тактикасы сондай. Өзі түрмеде отырып шыққан әйел. Түрмеден шыққан соң, көтерілген ғой. Сонда мені төркініме апарып тастайды, алып келеді. Содан Алладан көмек сұрап, балаларыммен  Астанаға кетіп қалдым. Өмірімді басынан бастадым. Алматыда, Таразда, Шымкентте болсам тауып алатын. Ақшалары көп, артымнан адам жалдайды. Балаларымды тартып алатын.


Бала күнімде қатты танымал болдым. Кейбіреулер: "Сіңілісі күшті көтеріліп, әпкесін өнерге тартып жатыр" деп ойлайды. Мен күйеуіммен ажырасқан соң, тұңғышымды сот арқылы алып қойды. Қорғаушы жалдап, солармен алысып жүрдім. Сондай қиын кездерде өзімді қатты тастап жіберіп, ой, Алла-ай неге маған мұндай ене кездестірдің деп күрсінетінмін. Ол кісі бізді басында бір грамм ми жоқ, өздерінсіз өмір сүре алмай қалатындай етіп тәрбиелейтін. Жолдасым анасы мені апар десе апарып тастайтын. Менен кейінгі келіндері балама мұңын айтып жүр. Оны да екі айға апарып тастайды екен.


— Демек ұлдарыңыз әкелерімен араласып тұра ма?


Ләззат Байырбекова: Тұрмысқа шыққан соң түрмедегідей өмір сүрдім (фото)

Ләззат Байырбекова. Фото: Instagram



— Иә, араласып тұрады. Олардың бір-бірін көруіне бөгет жасап көрмеппін.  Әкелерін жамандаған да емеспін. Себебі біз онымен ұрсысқан жоқпыз. Ол үнсіз, мәдениетті түрде кетті. Ол үшін анасы шешті. Қазір балам есейді ғой, әкесіне сұрақтар қояды. Ол ұлының алдында өзінен-өзі сасқалақтап жатады. Балама кінәламай-ақ қой  әкеңді, тағдыр ғой ол деймін. Ұлым кейде маған: «Неге осы уақытқа дейін әкемді бір рет те жамандамадыңыз?» деп сұрайды. Өсе келе істі болып, отырып шыққан әйелдің мағанда түрменің тәртібін қолданғанын ұлым менен кейін түскен келін арқылы біліп қойды.


— Ол қандай тәртіп?


— Мысалы, тамақтың кішкене тұзы ащы болып қалса, ішпей қоятын. Мені "екі апта көзіме көрінбесін, кешірімді жазбаша жазып қойсын, тамаққа бізбен отырмасын" дейтін күндері де болды. Тамақ жасайтынмын да, үй қызметкері сияқты қашып кететінмін. 


Жазирадан кейін тұрмысқа мен шықтым. Жанболат үлкен тойды көргенде «Шымкенттің тойы осындай бола ма?!» деп таңғалған ғой. Біреудің жамандығын айтуға болмайды, күнәсі ауып кетеді дегенді естіп ешкімнің жамандығын еш жерде айтпай жүрген адам едім. Менің өмірім мүмкін біреуге үлгі болар деп, айтуға бел будым.  Тойдан кейін түрменің өмірі басталды ғой. "Ешкім кірмесін, ешкім үйге келмесін" деген. Сөйтсем енемнің үйде екі күйеуі бар екен.  Әлі есімде әкем менің туған күніме келіп, қолындағы гүлі мен сыйлығын есіктің сыртынан беріп кеткен. Сол бір оқиға жүрегімде қалып қойыпты. Бірі шал кісі, бірі өзінің күйеуі. Соны көріп қоймасын деген мақсат екен ғой. Соданда шығар тамақ батпағаны. Өйткені баланың бесігін тербетуге қайын атама барсам: «Берме оны, үсті таза емес, лас!» деп үлкеніне апаратын. Енем ол кісіден 17 жас кіші болыпты.


Екеуі бірге істі болған. Енем тірі, өз қайын атамда тірі, жаңағы енемнің екінші күйеуі қайтыс болып кеткен. Мен студент кезімде мақтанатынмын, менің мінезім жақсы, кез-келген адаммен тіл табысамын, қандай ене болса да шыдаймын дегем. Абайлап сөйлеу керек екен. Тағдыр маған ешкім шыдамайтын енені беріп қойған ғой. Кезінде: «Неге адамдар ажырасады, ажырасатын болса үйленеді» деп ойлайтынмын. Жарыма сүйіп қосылдым, соңында ажырасып кеттім. Бірақ тәрбие, жан тазалығы жоқ үйде болашақ балаларымды қалдырғым келмеді. Кейін ол "ана ата кім, мына ата кім?" деп сұрайды ғой. Енем үйден шығып кетсе, екі қайын атам бір-бірімен төбелесетін. Аяғым ауыр кезде олардың арасына түсіп, сондай күндер де өтті. Жалғызбасты анамын, оларды өзім әкелдім ғой өмірге.


Менен кейінгі қайнымның әйелін екі айға апарып таста десе, қайным бәріне билет әкеліп, алдына тастайды екен. Ана байқұс үш қызымен барып, енесіне жалынып, қайта келіп алады екен. Балам айтады: «Анаң сенің дер кезінде кетті ғой, әйтпесе осылай жүретін еді. Менің мына өмірім не болды?!» деп айтып жатыр дейді.


— Екі баланы жалғыз өзіңіз  асырау қиын болмады ма? 


Ләззат Байырбекова: Тұрмысқа шыққан соң түрмедегідей өмір сүрдім (фото)

Ләззат Байырбекова. Фото: Instagram



— Қиын болды әрине. Басында сіңлілерім тұрмысқа шықпаған еді, тек Жазира ғана тұрмыста. Бауырлар бір-бірімізге көмектестік. Мен мұғалім болғандықтан ұйымдастырушылығым күшті еді. Сіңілілері мен інімді қосып, аппаратура сатып алып, Астанада концерт қойдым. Ол кезде Астанада қазақ тілінде, домбырамен ән айтатындар жетіспейтін, оның үстіне жаңадан ашылған ауданда мәдениет үйі жоқ еді.


Сонымен бауырларыммен құрған тобымыздың концертін олар жалға алатын. Осылайша сол концерттен тапқан қаражатпен өмір сүріп жүрдік. Қосымша газет пен журналда журналист болып істедім. Астанадағы орыстанып кеткен қазақтардың біздің әнді зейінмен тыңдауы шабытымды ашатын.


Үлкен сахнаға шығуға мақсат қоймағанмын. Астанада күн суық, пәтер қымбат. Нәзира деген журналист сіңіліме жұмысынан берілген бір бөлмелі пәтерде бәріміз тұрдық. Астанаға барғаннан кейін бір жылдың ішінде үш сіңілім қатар-қатар тұрмысқа шығып кетті. Әкем жоқ, анамның бір шетіне шығуым керек. Соның бәрін ұйымдастырып, жүгіріп жүрдім.


— Бүгінде екінші рет тұрмысқа шығуға ұсыныс жасайтын ер азаматтар көп шығар. Екінші рет тұрмысқа шығу жоспарыңызда бар ма?


— Үлкен ұлым айтады: "Тұрмысқа шықпайсыз ба?" деп. Қорқып қалады екенсің. Оның үстіне үйленбеген жігіттер «тұрмысқа шық» деп айтады. Солардан кәдімгідей жүйкем шаршап кетеді. Менің қызым жоқ қой, сол себепті қызын асырап жүрген жалғызбасты ер адам болса бір жағынан сауап үшін, екінші жағынан қыз тәрбиелеп, өсірсем деп ойлаймын. Сол себепті сондай азамат жолықса деп кейде ойлап қоямын.


Әзірше өз адамым кездеспей жүр. Тұңғышым "қыз асырап алайық" деп айтатын. Бұйыртса бес жылда үйленеді ғой. Жалпы ең үлкен арманым – қыз асырап алу. Бір жетімді болсын тәрбиелеп, мейірімімді беріп, Алланың разылығын алсам деймін.


— Әңгімеңізді естіп отырсам тағдырлы әйел екенсіз. Осыншалық қиындықтың бәрін еңсеріп, алға жүруге қажыр -қайратты қайдан аласыз?


— Маған өмірде ең көп күш беретін – имандылық. Алладан сұраған тілегіңіз бірден қабыл болмауы мүмкін, бірақ түптің түбі орындалады екен. Иманға адам қиындық көргенде емес, жас күнінен бет бұрғаны дұрыс екен. Мен басында бірден бес уақыт намазды бастауға жүрексініп жүріп, қатты қиналған кезде бастап кеттім. Имандылық бойыма күш беріп, өмірімді өзгертті. Намазға отырғанда мүлдем басқаша күй кешесің. Өмірде дәл ондай рахат жоқ, ерекше бір ұмытылмайтын, осы намазым аяқталмаса екен дейтін сәттер арасында болып тұрады.


— Бүгінде өнер адамдары өздеріне ыңғайлы кәсіптерін қатар алып жүреді. Сіздің жеке кәсібіңіз бар ма?


Ләззат Байырбекова: Тұрмысқа шыққан соң түрмедегідей өмір сүрдім (фото)

Ләззат Байырбекова және "Дәстүр" тобы. Фото: Instagram



— Иә, Астанада «Дәстүр» деген шығармашылық тобым болды. Олар қазақтың салт-дәстүрі бойынша тұсаукесер, той, құдалық, қыз ұзатуда қызмет атқарады. Журналист болғанымның осы жерде пайдасы көп тиді, той сценарийлерін ерекше етіп жазамын. Қыздар кимешек киіп, арқан тартып, құдаларды қарсы алады. Астанада салт-дәстүрді дамытуға өз үлесімді қосып кеттім деп ойлаймын.


— Гонорарыңыз қанша?


Ләззат Байырбекова: Тұрмысқа шыққан соң түрмедегідей өмір сүрдім (фото)

Ләззат Байырбекова. Фото: Instagram



— Мен бір бағада қатып тұрмын. 200 мың теңге деймін. Біреулер: «Ләззат Байырбекова арзан шығады» деп күледі екен. Ал мен қарапайым халықтың: «200 мыңға келесіз бе, мә, қандай арзан!» деп қуанып, рахаттанғанын естіп, ризашылықтарын алып кетемін. Маған арзансыз деп айтқан кезде ұялып та қалдым, бірақ осы 200 мың теңгені табу кейбір отбасыларға қиын ғой.


— Үлкен сахнаға ара-тұра шығып тұрасыз. Отандық шоу-бизнеске көңіліңіз тола ма?


Шымкент жаққа барғанда арық-арық үш қыздан тұратын триоларды көргенде не болып кеткен деп ойлайсың. Сөйтсем олар әнші емес, биші қыздар екен. Бір әнді жазып алып, соны қайталап жүре береді. Негізі халық бір-бірінен айнымайтын косюм киген, бірдей боянған қыздардан шаршап кеткен сияқты. Мен қазіргі әншілердің бойынан ерекшелікті көре алмаймын, көп нәрсені баламнан сұраймын. Оның үстіне ұлымның мамандығы – режиссер.


— Сахнаға әнші ретінде түбегейлі бет бұру ойыңызда бар ма? 


— Халықаралық дәрежедегі конкурс, жарыстарға шықсам деп жүрмін. Өзге елдің әншілерінің арасында ән айтып көргім келіп жүр. Қазақ-Түрік Университетін бітіріп, Түркиядан тағылымдық тәжірбиеден өтіп келгенімде, бізді үйлендіріп жіберді ғой.  Негізі студент болып жүрген кезімде Түркия мен Қазақстан президентінің алдынан арнау айтып шығатынмын. Сол үшін жұлдыздық өмір мен үшін бұрын өтіп кеткен сияқты көрінетін. Оның үстіне қазір не көп, әнші көп. Көптің бірі болып жүргенше, халықтың алдына өзіндік бір ерекшелігіңмен шыққан дұрыс сияқты. Түркияның белгілі бір әртісі әлемдік телеарнада концерт бергелі жатыр екен. Ол кісі менің бейнебаянымды  көріп, шақырып жатыр. Бұйыртса енді Түркияға барамын.


— Қыз ұзатуға жиі шақырылатын әншінің бірісіз. Қарагөз сіңлілеріңізді ұзатқанда көзіңізге жас алып, толқыған сәттер болды ма?


Ләззат Байырбекова: Тұрмысқа шыққан соң түрмедегідей өмір сүрдім (фото)

Ләззат Байырбекова. Фото: Instagram



— Осы уақытқа дейін шамамен 300-ден аса қыз ұзаттым. Арасында тамағыма жас тығылып қалған екі-үш қыз болды. Олардың жүзінен мейірім төгіліп тұрады, туыстары да ол қызды қимай тұрады ғой. Бір байқағаным,  Шымкент жақ қыздарын ұзатқанда қатты жылайды.


Астананың көп қыздары өз тойларына өздері ақша төлеп, жүгіріп жүреді. Оларды көрген кезде аяйсың. Кейбірі көліктерін сатып, өздерінің ұзатуларын өздері атқарып жатады. Тіпті бір қыз ұзатуында үш көйлек ауыстырып, ұзатуға да, беташарға да мені шақырған. Сондағысы жігіт жақ менен кем болып қалмасын дегені.


— Бүгінде қит еткен қиындыққа жүгін жинап, төркініне тайып тұратын келіндерге қандай кеңес айтар едіңіз?


— Жалғыз жүру өте қиын. Жалғыз қалмауды Алладан тілеп келе жатырмын. Жалғыз жүріп ұрынып, мен сияқты қиналғанда намазға жығылмай қазірден осының бәрін түсініп, сабырлы бола білсе деймін. Сонда ғана қыз бала отбасын ұстап қала алады. Мен осылай қиналып жүрген кезде тараздық бір бай кәсіпкер маған тиісіп, сөз айтқандай болды. Бірақ мен оны ұнатпадым. Сосын ол мені мазақтап: "Сен әр қалада балаларыңды сүйретіп жүрсің. Мен Алматыда, анда-мұнда» бизнесімді ашып, шалқып жүрмін",- деп жаман айтты. Алланың шеберлігін қарасаңызшы, оның бойжетіп қалған қызы тұрмысқа шықты. Аяғы ауыр болып, кейіннен баласын түсіріп, жарынан ажырап кетті. Сонда ойладым мына кісі абайлап сөйлемеді ау, менің басымдағы жағдай қызына да келді ғой деп. Енемде солай, мен келгенде он пәтері болған шығар.


— Кезінде бауырларыңызға көп көмектескен сияқтысыз. Бүгінде бауырларыңыз сізге қолұшын жиі созып тұра ма?


Ләззат Байырбекова: Тұрмысқа шыққан соң түрмедегідей өмір сүрдім (фото)

Ләззат Байырбекова. Фото: Instagram



— Жазира Жанболат өздері қай кезде, кімге көмектесу керек екенін біліп тұрады. Соған таңғаламын. Сезіп қояды -ау деймін. Бір мүгедек болған жиенім бар, соған бизнес бастауы үшін бір миллион берді. Тағы бір сіңілімнің үйінің кредитін жауып, көмектесті. Нәзираның үй алуына да көмектесті. Інімнің төрт баласы бар деп әлі күнге дейін көмектесіп тұрады. Әйтпесе олар міндетті емес қой. Жалпы қыздар бауырмашылмыз ғой.


— Өзіңіз көмек сұрағандарға қаншалықты көмектесіп тұрасыз?


— Instagram-да көмек сұрайтындар көп. Астанада аз сұрайтын, Алматыға келгелі көбейіп кетті. Тікелей әкімшіме хабарласып: «Айтыңыз Ләззат апайға, маған 200 мың көмек берсін!» деп жатады. Оның өзі пәтерде жүреді, жалғызбасты ана десе ғана түсініп жатады. Бір әйел төртінші балама аяғым ауыр, күйеуім жоғалып кетті деп көмек сұрады. Сосын аспаз әпкеме айтып, көмектесейік дедім.  Оралдық екен, содан оған киім жинадық. Суретіңізді жіберіңізші деп едім, егіз-егізден балаларымен тұрған суретін жіберді. Оны достарыма көрсетіп, мына кісіге көмектесейік деп кірісіп жатсам, бір досым айтады: «Сурет фотошоп қой, қандай аңқаусың!»деп. Қарасам, расымен солай. Кейін әлгі әйелдің суретін Instagram-ға салып, көмектесіңіздерші Оралдықтар деп жазып едім, ол суретін бірден алдыртып тастады. Жалпы шынымен көмек қажет болып жатқан жандар болып, өзімнің мүмкіндігім келіп жатса шамам жеткенше көмектесіп жатамын. Бізді халық той тойлап, түрлі көйлек киіп, шалқып өмір сүреді деп ойлап жатады. Алматыда өзім пәтер жалдап тұрамын, екі балам бар, жалғызбасты анамын. Сол себепті артылып жатса қарайласқанға не жетсін!


 Nur.kz



Көрілген: 1398    Пікірлер: 2
Пікірлерді оқу (2) preloader

сәрсенбі, 06.12.2017, 14:26

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
желтоқсан
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31