Жырақта жүрген қазақ спортшылары

Жырақта жүрген қазақ спортшылары

Жат топырақтың ауасымен тыныстап, өзге елдің намысын қорғап жүрген спортшыларымыз аз емес.
Жансәуле Дениз – Түркияға танымал таэквондошы. 1991 жылдың 26 тамызында Қазақ топырағында дүниеге келген. Алайда, кішкентай кезінде отбасымен бірге Түркияға көшіп кеткен екен.
Ыстамбұлда кезінде іргесін Мұстафа Өзтүрік қалаған таэквондо мектептері бар. Жансәуле сондай мектептердің бірінде тәрбиеленіпті. Қазіргі уақытта 73 келіге дейінгі салмақ бойынша Түркияның ұлттық құрамасында өнер көрсетіп жүр. Тіпті, табыстары да толағай. Түркияның бірнеше дүркін чемпионы. Халықаралық Гран-При жүлдесінің жеңімпазы. Былтыр Ресейдің Челябі қаласында өткен Ашық турнирдің жеңімпазы атанған. Испанияның Пуэбло қаласында өткен әлем чемпионатында Жансәуле ширек финалға дейін жетті. Ширек финалда атақты мексикалық таэквондошы Бресида Акостаға ұпай санымен жол беріп қойды. Бресида Акоста – осы жарыста әлем чемпионы атанды. Демек, Жансәуленің болашағынан үміт күтуге болады.
Бір қызығы, Жансая кілемге +67 және +73 салмағы бойынша шығады. Түркия атынан көбіне +67 салмақ бойынша өнер көрсетіп жүр. Ал біздің федерация Жансәулені +73 салмағы бойынша Қазақстанға шақырып жатыр. Маусым айында өткізген брифингте Қазақстан таэквондо федерациясының президенті Вячеслав Ким Жансәуле Дениздің додаларға Қазақстан атынан қатысатынын айтты. «Жансауленің ойынын бір жарым жыл бойы бақылап келеміз, кандидаттардың бәрін елеп-екшей келе осы қызға тоқтадық. Себебі, Жансәуленің рейтингі жоғары, ол бізге керек ойыншы», – деді. Алайда, Астанада өткен Гран-При, Инчхондағы Азия ойындарында Жансәуле тағы да Түркияның намысын қорғады.
Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері, Қазақстан таэквондо ұлттық құрамасының мемлекеттік бапкері Алман Шылманов: «Жансәуленің Қазақстанға келуі үшін қажетті келіссөздер жүргізіліп жатыр. Екі елдің ұлттық федерацияларының келісімін күтіп отырмыз. Оның жауабы тек жылдың соңында ғана белгілі болады», – деді. Егер келіссөз ойдағыдай іске асса, Жансәуле жаңа жылдан бастап әлемдік аренада Қазақстанның намысын қорғайтын болады.

Балуан Ерланбек Кәтейұлы


Қытайдың ұлттық күрес құрамасында 66 келі салмақ бойынша күресетін Ерланбек Кәтейұлы деген қазақ балуаны бар. Ерланбек 1990 жылы Қытайдың Алтай өлкесінің Қызылтас қаласында дүниеге келген. Күреспен айналысқанына 5-6 жылға жуықтаған екен. Қазір Гуанжоу, Нанжу қалаларында жаттығып жүр, төрт жылдан бері Қытай ұлттық құрамасында өнер көрсетіп келеді. Миллиардтан астам халықтың ішінде өз салмағы бойынша орын табу оңай шаруа емес. 2011 жылы Ерланбек Қытай чемпионатына қатысып, алтын медаль алған. Осылайша, бұл жігіт 66 келі салмақ бойынша күресетін ең мықты деген 70 балуанның көшін бастады. Ал жақында Инчхонда өткен Азия ойындарында Ерланбек Кәтейұлы Қытай құрамасына қола медальды сыйға тартты.
2012 жылы Олимпиадаға жолдама алар алдындағы турнирдің жартылай финалында Ерланбек Ақжүрек Таңатаровпен белдесті. Ақжүректен ұпай саны бойынша жеңіліп, бесінші орын алып қалды. Күресіп жүргенде Ақжүрек қарсыласы Ерланбектің қазақ екенін білмеген де екен. Тек белдесу біткен соң Ақжүрекке: «Рахмет, аға!» – деп қазақша сөйлегенде ғана таңғалып, құшағына алыпты. Бұл жайлы Ерланбек Кәтейұлының өзі: «Олимпиадаға қазақ баласы жолдама алса жетеді, жеңілгеніме өкінбеймін. Қай жерде болса да қазақтың аты шығып, рухы аспандап жатса, маған содан артық бақыт жоқ. Қытайда жүрсем де қазақтың атын шығарсам деп армандап жүрген бауырларың боламын», – дейді. Кейіннен Ақжүрек Таңатаров Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері болды. Бұл жағынан, Ерланбек Бейжің Олимпиадасындағы Қанат Исламның ерлігін қайталағанға ұқсайды. Күміс жүлдеге таласта Қанат қарсыласы Бақыт Сәрсекбаевқа жол беріп, қола медальды қанағат тұтқан. Осылайша, жеңімпаздарды марапаттайтын тұғырда қазақтың қос ұлы құшақтасып тұрған. Қос қазақтың екеуі екі елдің атынан Олимп тұғырында иық тірестіріп қатар тұруы бұрын-соңды болмаған да шығар.

Сұрмерген Дина Аспендиярова


Австралиялық нысана көздеуші Дина Аспендиярованың ұлты – қазақ. Павлодар даласында дүниеге келген. Қазақстан атынан талай спорттық бәсекелерде бақ сынаған. Әсіресе, 2000 жылғы Сидней олимпиадасы кезінде Қазақтың атын шығаруға барын салды. Пневматикалық тапаншамен 10, 25 және 28 метрге атудан үздік олимпиадалық нәтиже көрсетіп, бесінші орынға ие болды. Алайда, сол олимпиададан кейін-ақ Дина шетел асып кетті.
«2001 жылы мені елден кетуге мәжбүрледі. Сидней олимпиадасында мен алтыншы орынға ие болдым. Біздің басқа спортшылар да алдыңғы жиырмалықтың қатарына енген болатын. Алайда, біздің спорттағы басшыларымыз бұл нәтижеге разы болмады. Тіпті, бұған сол кездегі Ұлттық құраманың бас бапкері Анатолий Бабушкинді кінәлады. «Медаль әкелмедіңдер» деп, бізден теріс айналды. Өмірінің 20 жылын осы спортқа арнаған бас бапкерді еш кінәсіз айыптады. Менің ол кезде шетелге кету туралы ойым да жоқ болатын. Сол тұста Ресей тарапынан құрамаға шақырту алдым. Сөйтіп, ойламаған жерден елден кеттім. Ал 2003 жылдан бастап Австралия құрамасына ауыстым», – дейді мерген.
2003 жылдан бастап Дина кенгурулар елінің шашбауын көтеріп келеді. 2010 жылы Сиднейде өткен Әлем кубогында күміс жүлдеге ие болды. Аспендиярованың бұл медалі – Австралияның нысана көздеуден Әлем кубогында алған тұңғыш жүлдесі болатын. Бұл жайлы Мелбурнда шығатын «The Age» газеті: «Дина Аспендиярова тапаншамен 10 метрден ату бағдарламасы бойынша тек кореялық Минзин Паркке есе жіберді. Мақтанышпен айтатынымыз, Аспендиярова Бейжің Олимпиадасының чемпионы қытайлық Венжиң Гоуды артқа тастады», – деп қуана хабарлады. Алайда, бұл қуаныш бізді бір жағы шаттандырса, бір жағы мұңайтып тастады. Өйткені, Динаның бұл жүлдесі қазақтың емес, австралиялықтардың қоржынына түсті.
Бұдан кейінгі өткен жарыстарда да Дина өзінің пневматикалық тапаншамен нысанаға дәл тигізудің шебері екенін дәлелдеді. Австралия кубогында 1-орын, Мұхиттық аймақ елдері чемпионатында 1-орын, Ұлыбритания мен Германияда өткен Әлем кубогында 19-орын (екеуінде де), Кореядағы Әлемдік турнирде 7-орын, Австралияда өткен Әлем чемпионатында 5-орынды иеленді. Ал Лондон Олимпиадасында 14-орынға ие болды.
Дина 11 жасынан бастап ату спортымен шұғылданған екен. Атасы Тұрсын Аспендияров Екінші дүниежүзілік соғыста мерген болыпты. Соғыстан аман оралғаннан кейін де, «кәсібін» тастамаған. Тіпті бұған немересін баулып, үйретіп кетіпті. Қазір Динаның жасы 36-ға келді, алайда, әлі де спорттан қол үзбей келеді.

(«Ақ желкен», №10. 2014 жыл)
zhasorken.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста