"Көшпенділер" қалай туды?

"Көшпенділер" қалай туды?

Қазақтың қатпар-қатпар тарихы әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Бодандықтың бодауы мен кеңестік идеологияның кесірінен бұрмаланған тұстары да бар. Тарихты қайта жазып шығу керек деп айтпаймыз, бірақ. Уақыт өте келе тазарып, керегі қалып, керек емесі өздігінен санамыздан өшіп кететініне сенеміз. Осындайда «Тарихқа жазушылар жоламасын» деп, тарихшыларымыз қанша жерден қарсы болса да, тарихты көркем әдебиетке айналдырғаннан ешкім ұтылмағанына көзіміз жете түседі. Көркемдеп, астарлап айтылған дүниелер көмбеден табылған көне жәдігердей қайта жарқырап көріне бастады. Алайда, өзге елдермен салыстырсақ, тарихи тақырыпқа жазылған көркем шығармаларымыз да көп емес екен. Саусағыңызды бүгіп санап келіп жіберсеңіз, тарихты қаузап роман жазған жазушыларымыздың саны онға да жетпей қалады. Биыл өткен қазақ хандығы дәуірін қос-қос роман, том-том кітапқа айналдырып, артына өшпес із, сөнбес мұра қалдырған Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығы. Ол кісінің атақты шығармалары «Алтын Орда» мен «Көшпенділер». Алдымен «Көшпенділерді» жазып жариялаған соң, одан да әріректегі тарихқа тереңдеген «Алтын Ордаға» жол ашылыпты. Тақырыпқа алғаш түрен салғандай болып жазылған «Көшпенділерді» бар қазақ тілеулес болып, біраз қаламгерлер көмек қолын созып жүріп қалай жарыққа шығарғандары әлі күнге жырдай болып айтылады.
Ілияс Есенберлин атышулы «Көшпенділер» трилогиясына дейін бірнеше өлең жинағын шығарып, екі-үш повесть жазса да, елеусіздеу жүрген жазушылардың қатарында болыпты. 1965 жылы «Айқас» романын жазып, Мемлекеттік сыйлықты алғанға дейін, әрине. Ол кезде жазушының жасы елуді еңсеріп қалған екен. «Отызда орда бұзып, қырықта қамал алмасаң…» дегендей, бұрын аты шықпаған жазушыға елу жас деген оңай жас емес. Бірақ, мына ғажапты қараңыз: қалай тарихи тақырыпқа барады, солай тынысы ашылып жүре береді. «Көшпенділер» трилогиясын жазып, қоғамды дүр сілкіндіреді. Айтайын дегеніміз, жазушы ол тарихи романдарын қалай жазып шықты? Дайындығы қандай болды? Қандай еңбектерді пайдаланды? Қанша уақытын сарп етті?
Жазушы бір сөзінде: «Мен алдымен материал жинаймын. Деректер іздеймін. Айғақты уақиғаларды қараймын. Халық фольклорына сүйенемін. Жазба бетінде қандай шығармалар бар, соның барлығын қолым жеткен жерге дейін зерттеймін, оқимын, бірімен бірін салыстырамын. Осылай дайындаймын. Материал дайындағаннан кейін алдымен ойға салып, бір жыл өте ме, көп жыл өте ме, миыма өзім жазамын. Не туралы болу керек, нені көтергің, нені ашып айтқың келеді? …Тереңдеп ізденіп, өз ақылымның жеткен жеріне шейін жазамын», – дейді. Міне, «Ақылымның жеткен жеріне шейін жазамын» деп жүріп, 15 жылда 15 роман жазған жалғыз жазушы осы Ілияс Есенберлин.
Кеңестік цензурадан тайсақтамай, алғашқы жазып жарыққа шығарған тарихи романы – «Хан Кене». Ол заманда автор ғана емес, кітаптар да жазаланатын, тыйым салынатын, көп жерлері өзгертілетін, идеясы «заман талабы солай» деп, қайта түзетілетін. «Хан Кене» де жарыққа шығар-шықпастан «тағдыр тәлкегіне» түсті. Трихымызға ұлттық көзқарас дұрыс қалыптаспай тұрған кезде жазылған роман болғандықтан, романның аты «Хан Кене» деп ауыстырылды. Тарихты жазғандардың алды итжеккеннен бір-ақ шығып, ауыз күйген кез, әупірімдеп «Қаһар» романы оқырманға қайта жол тартты. Жазушы Қабдеш Жұмаділов «Білім және мәдениет» телеарнасынан берілген «Кітапхана» бағдарламасында Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын талдай отырып, былай деді: «Егер Ілекең 40-50 жыл бұрын туса, Алаш қайраткерлерінің ортасынан шығар еді. Дегенмен, сол Алаш қайраткерлерінің қатарына барып тұратындай еңбек етті. Әр кітабын бітіргенше асығатын. Сосын ол баспадан шыққанша сарылып күтетін. «Шаруа бітті ғой, несіне асығасың?» десек: «Мен көре алмай кетуім мүмкін. Сендер білмейсіңдер ғой, қауқиып отырғаным болмаса, менің денсаулығым мәз емес», – дейтін. Бағына қарай, Морис Симашко деген аудармашыны тауып алды. Ол кісінің өзі де тарихты жақсы білетін жазушы және Ілекеңді беріліп аударды. Ілекеңнің кітаптарын аударғаны үшін Мемлекеттік сыйлық алды. Ілекең жанына жастарды неге ертіп жүрді? Өйткені, өзіне қолдаушы әрі сүйеніш керек болды. Ілекеңді өз замандастары онша қолдамады, қарсы болды деуге де болады. «Өзін тау-кен инженері дейді. Бұрын киностудияда бірдеңе болыпты, қазір бірдеңе жазып жүр екен» деген секілді ғып елемеді.
Ал «Қаһар» романы қалай шықты, солай абырой-атаққа кенелді. Бұл біздің бұған дейін оқулықтан түспейтін үлкен жазушыларымыздың намысына тие бастады».
Иә, әр ортаның өзіне тән әрі қалыптасып қалған қағидатын бұзу оңай емес. Тіпті, әдебиетімізде абыройлы сыншы атанған Зейнолла Серікқалиев ағамыз оның бұл күнде біз жемісін көріп отырған тарихи шығармасын қатты сынап мақала жазды. Сол мақаланы талдау үшін әрі романын қоса талқылау үшін Жазушылар одағында жиналыс болатыны хабарланады. Бұл жаңалықтан құлаққағыс болған ел-жұрт Жазушылар одағының үш қабатына сыймай кетіпті. Осыны көргеннен кейін, сол кезде Жазушылар одағының төрағасы болып тұрған Ғабит Мүсірепов ортаға шығып: «Бүгін жиналыс өтпейтін болды. Кейінгі қалдырылды», – деп, артынып-тартынып келген жұртты таратуға мәжбүр болыпты. Әдебиет десе ішкен асын жерге қоятын, әсіресе, тарихи тақырыпқа сусап жүрген жанкүйер қауым үйлеріне ренжіп қайтыпты. Жазушымен бірге кітаптың да «тағдыры» қыл үстінде тұрған заман еді ол кез шынында да.
Өз кемшілігін білген әрі оны жасырмаған жазушыны бүгінде кездестіре алмаймыз. Ілияс Есенберлин өз кемшілігін жақсы білген жазушы және оны айналасындағылардан ешқашан жасырмаған. «Көшпенділердің өміріне қанықпаған адаммын, көшпенділердің өмірін аса біле бермеймін. Мен жетімдер үйінен шыққанмын. Орысша оқыдым. Одан кейін политехникалық институтта тау-кен факультетін бітірдім. Содан инженер болдым, соғысқа кеттім. Содан қайтып келген соң әдебиетке араласып отырмын. «Көшпенділерде» қазақтың киіз үйінің тұрмысы, ат әбзелдері, ер-тұрманы, батырлардың қарулары, құрал-саймандары, осыларда дәлсіздіктер кетуі мүмкін. Сен қанша дегенмен қазақ ауылында туған баласың, соны қатты қадағала. Қазақ тұрмысын жақсы білесің, саған әдейі тапсырып отырмын. Аямай түзе, тіл жағынан да аяма. Мен өзімді тіл жағынан аса шебер жазушымын деп есептемеймін», – деп, Қабдеш Жұмаділовке өзі айтқан екен. Бұл бүгінде «аса көркем тіл керек емес» деп жүрген кейбір жас жазушыларға үлкен сабақ. Әрі жазушының оқырман алдындағы жауапкершілігінің зор екенін де көрсетеді. Жалпы, өз кемшілігін мойындай алған адам ұлы адам десек, қателесе қоймаспыз.
Есенберлин қандай дерек көздерін пайдаланды?
Тарихшы Берекет Кәрібаев та Ілияс Есенберлиннің тарихи романдар жазуға өте үлкен дайындықпен келгенін айтады. Есенберлиннің романдарын оқып отырып, жазушының қандай кітап оқып, нендей дерек жиғанына үңіліп көріпті.
Естеріңізде болса, «Алмас қылышта» Әбілқайыр өзенге қарап, ойланып отырады. Уақыт сол аққан судай. Оқиға 1450 жылдардың екінші жартысында болған. Көп жағдайда шегініс жасап, өткен тарихты да қамти кетеді. Атасы Шыңғыс хан елді қалай басқарды, Жошы не істеді, Бату қандай әрекет жасады? Соның бәріне шегініс арқылы оралады. Тарихшы Берекет Кәрібаев былай дейді: «Италияндық бір жиһанкездің жазғаны бар екен. Сонда атасы Шыңғыс хан моңғол әскерін қандай қатал тәртіппен ұстап еді? Он сарбазды басқаратын бір адам бар. Одан кейін елулік, жүздік, мыңдық деп бөлген. Әрқайсысының атқаратын міндеттері бар. Соғыс кезінде не істейді, шегініс кезінде қайтетін еді? Айналып келгенде, бұл сол тұста қолға түсе бермеген, 1240 жыл шамасында жазылған «Моңғолдың құпия шежіресінде» бар болып шықты. Сосын итальяндық жиһанкез Марко Полоның кітабында бар. Жетпісінші тарауындағы татарлардың сенімі, әскер құрылымы дегенді салыстырып көрсем, дәлме-дәл қайталанып отыр. Марко Полоның жазғаны мойындалған, ғылыми айналымға енген, оны ешкім де жоққа шығармайды. Демек, оны пайдаланып отырған Ілияс Есенберлиннің жазғанын да ешкім терістей де, сынай да алмайды. Ары қарай оқысам, XIV ғасырдың белгілі тарихшысы Рашид-ад-диннің еңбегі пайдаланылғаны көрінеді. «Жылнамалар жинағындағы» көптеген тұжырымдар мен деректер ұшырасты. Ирандағы Құлағуға, Қытайдағы Құбылайға және ең негізгісі өзімізге тән қылып жүрген Жошы әулетіне қатысты материалдарды алған. Бұл еңбек 1952-56 жылдары толығымен орысшаға аударылған. Демек, жазушы Рашид-ад-динді толық меңгеріп алды деген сөз.
«Қанша дерек пайдаланды екен?» деп, санай бастадым. «Моңғолдың құпия шежіресі» 1940 жылдары аударылған. Мәскеуден 1941 жылы шыққан екен. Ал Рашид-ад-диннің еңбегінің бірінші томының өзі екі кітаптан тұрады. Одан кейін «Бабырнамадан» көп материал алынған. Бір жерінде Бердібек ханды айтып отыратыны бар. Ол өз әкесі Жәнібекті өлтіріп, таққа екі-ақ жыл отырады. «Билікке қауіп төндірмесін» деп, Жошыдан тараған ұрпақтарды түгел өлтіріп тастапты. Ақырында Бердібектің өзі де қастандықпен өлтіріледі. Соны Әбілғазы жазған екен: «Нар мойыны Бердібектің тұсында кесілді», деп. Есенберлин: «Нар мойыны кесілген, Бердібек хан өлген кез», – деп беріпті. Одан кейінгі кітаптарында Қадырғали Жалайыридың еңбектері кездеседі. Өйткені, Жәнібектің, Мұхаммед Шайбанидың, Әбілқайырдың әйелдерінің, бәрінің әкелерінің аттары тек Қадырғали Жалайыридың еңбегінде ғана бар, орысшаға аударылған. Сосын 1969 жылы шыққан «Қазақ хандығының тарихына қатысты материалдар» деген 18 жинақтан тұратын кітап бар. Қарап отырсаңыз, сол 18 жинақтағы материалдарды толық қолданған. 1937-39 жылдары шыққан түркімендер мен Түркіменстанның тарихына қатысты материалдар жинағы дейтін бар. Оның ішінде атақты тарихшылардың материалдары пайдаланылған. Санап отырған тізім саны 30-40-қа жеткенде, «тарихи романнан гөрі, романдандырылған тарих сияқты екен» деп ойладым. «Көшпенділердегі» аңыздарды қайдан алды?» деген заңды сұрақ туады бұл жерде.
Кеңес өкіметінің кезінде қазақ хандығының тарихына қалам сілтеген тарихшылардың әлсіздігі – Шәкәрімнің аңыздарын пайдалана алмады. Ілияс Есенберлин міне, соны да пайдаланған. Шәкәрімнің аңыздары төте жазумен жазылған екен. Ілияс Есенберлин оны да оқыған.
«Алмас қылышта» тек қана тарихи деректер емес, 60-жылдардағы Қазақстандағы тарих ғылымының тарихнамалық тұжырымда-малары да көрініс берген. Мысалы, ішінде Батудың Шығыс Еуропаға жорығына қатысты сюжет бар. Жорықтан орта жолдан қайту себебін былай келтіреді: «Еуропаны да жаулап алуға болатын еді. Бірақ, одан да маңызды бір мәселе бар еді. Қарақорымда Үгедей қайтыс болды. Жаңадан хан сайлау керек еді. Келесі хан тағына кім отырады? Күйік пе, әлде басқа біреу ме? Бұған Батудың қатысуы міндетті. Бүкіл жорықты тоқтатып, әскерімен кейін оралды, – дейді.
– Тағы бір айта кететіні, Бекмахановтың ісінен кейін тарихшылардың бәрі XVII-XIX ғасырдағы тарихтан сескенді. Оны жазған Бекмаханов не болды, айдалып кетті. Ал талантты басқа тарихшыларымыз қайда? 20 жылдық, оның ішінде бес жылдықтар тарихын түгендеп, «Партияның басшылығының рөлі» деген сияқты тақырыптарға бет бұрды. Тарихқа ешкім бара алмады. Осындайда тарихшылардың атқара алмаған міндетін әдебиет арқылы Ілияс Есенберлин атқарып берді. Оның азаматтық ерлігі осында деп ойлаймын».
P.S. «Елге қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзі бар Әлихан Бөкейханұлының. Қазақ аман болса, тарихымызды түгендейтін тұлғаларды әлі талай дүниеге әкелер…
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ
(«Ақ желкен», №3. 2015 жыл)

zhasorken.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста