Қазақ солдаты

Әлеуметтік желілер мен байланыс құралдарын сот шешімінсіз жауып тастау дұрыс па?

  • Әлеуметтік желілер мен байланыс құралдарын сот шешімінсіз жауып тастау дұрыс па?

    Әлеуметтік желілер мен байланыс құралдарын сот шешімінсіз жауып тастау дұрыс па?

Парламент «Байланыс туралы» заңға интернет пен ұялы байланысқа сот шешімінсіз тыйым салуға мүмкіндік беретін норма енгізді. Түзетуге сәйкес, заңда «Желілер мен байланыс құралдары тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің мүддесіне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсатқа, сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы заңнамаларды бұзатын, экстремистік, террористік қызметке үндейтін, жаппай тәртіпсіздікке, белгіленген тәртіпті бұза отырып, бұқаралық шараларға қатысуға шақыратын ақпараттардың таралуына пайдаланылған кезде ҚР Бас прокуроры немесе оның орынбасары өкілетті органға желінің немесе байланыс құралының жұмысын, байланыс қызметін көрсетуді, интернет-ресурстарға және онда орналастырылған ақпараттарға қолжетімділікті уақытша тоқтату жөнінде шаралар қабылдай отырып, заңбұзушылықты жоюды талап етуге ұсыныс келтіреді", - делінген. Жаңа заң бойынша, Бас прокурор немесе оның орынбасарлары желі мен байланыс құралын тоқтату туралы талапты ҚР Байланыс және ақпарат агенттігіне жолдайды. Бір сағат ішінде Агенттік байланыс операторларына және ведомствоға қарасты "Мемлекеттік техникалық қызмет" кәсіпорнына талапты таратады. Олар үш сағат ішінде аталған ресурстарды блоктауы тиіс. заңға сәйкес, қызметі тоқтатылуы мүмкін нысандардың ауқымы кеңейді. Тыйым WhatsApp, Twitter, "ВКонтакте", «М-агент», Skype, басқа да әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге, онлайн-БАҚ-тарға, тағы басқаларға қатысты. Интернет пен ұялы байланыс түгел жауып тасталуы да мүмкін. Қажет болған жағдайда прокуратура барлық желі мен байланыс құралын ажырата алады. 2 сәуір күні Сенат енгізген толықтыруларды Мәжіліс мақұлдады. Қабылданған заң Президенттің қол қоюына жіберілді. Осыған байланысты «Алаш айнасы» «Әлеуметтік желілер мен байланыс құралдарын сот шешімінсіз жауып тастау дұрыс па?» деген сауалды мамандардың талқысына салып көрген еді.




ИӘ

Мұрат ӘБЕНОВ,
қоғам қайраткері:

– Мен екі рет Мәжіліс депутаты, Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі болған кездерімде де ғаламторды үнемі белсенді пайдаланып жүрдім. Қазір де пайдаланамын. Бүгінгі таңда электронды ақпарат құралдары өте көп. Олардың мүмкіндігін мен жақсы білем. Ғаламтордың көмегімен адамдарды топтастыру, оларды белгілі бір әрекеттерге бағыттау оңай. Қазіргі Украинадағы жағдайға да ғаламтор белгілі бір дәрежеде ықпал етіп отыр. Мысалы, өткендегі, еліміздегі үш банктің банкроттығы туралы жалған ақпарат ел арасында қанша дүрбелең туғызды, сол банктерді қанша шығынға ұшыратты?! Сондықтан ғаламторға өте ықтият болуымыз керек. Бір сәт бақылаудан шығаруға болмайды. Егер ғаламтор желілері мен байланыс құралдары қоғам мен мемлекеттің мүддесіне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсатқа, сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы заңнамаларды бұзатын, экстремистік, террористік, сепаратистік әрекеттерге үндейтін, жаппай тәртіпсіздікке, белгіленген тәртіпті бұза отырып, митинг ұйымдастыруға, шеруге шығуғы, бұқаралық шараларға қатысуға шақыратын ақпараттардың таралуына пайдаланылған кезде оны сот шешімінсіз жауып тастау керек. Бұған дейін қолданыста болып келген заң бойынша, сайттарды тек сот шешімімен ғана жабу мүмкін болатын. Ал, мәселе ұлттық қауіпсіздік жайлы болғанда, соттың шешімін күтіп отыруға болмайды. ондай жағдайда шұғыл ірекет ету қажет. Өйткені, кейде сот бірнеше айға созылуы мүмкін. Егер бірден жауып тастамасақ, олар сол уақыт аралығында да өздерінің жымысқы әрекетін жалғастыра береді. Міне, бұл шешімнің маңыздылығы осында. Байланыс құралдарын кез келген орган жауып тастай бермейді. Заңға сәйкес, Бас прокурор немесе оның орынбасарлары желі мен байланыс құралын тоқтату туралы талапты ҚР Байланыс және ақпарат агенттігіне жолдайды. Бір сағат ішінде Агенттік байланыс операторларына және ведомствоға қарасты «Мемлекеттік техникалық қызмет» кәсіпорнына талапты таратады. Олар үш сағат ішінде аталған ресурстарды блоктауы тиіс. Қай кезде де елдің егемендігі, тұтастығы, қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс. Оған сызат түсіргісі келетіндердің әрекеті шорт кесіліп, жазаға тартылуы керек. Заңға енгізілген өзгерістер «бас-көзге қарамай, барлық БАҚ-тарды жауып тастай беру» деген сөз емес. Бұл шара ұлтараздық тудырушы, сепаратизмді, экстремизмді, терроризмді насихаттап, елдің егемендігіне, тұтастығына, ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіретіндерге қатысты болмақ.




ЖОҚ

Расул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы:

– Әлеуметтік желілер мен байланыс құралдарын сот шешімінсіз жауып тастау дұрыс емес. Бұл құқықтық және демократиялық нормаларға қайшы. Сондай-ақ, бұл сөз бостандығын шектеу болып саналады. Мәселен, әлеуметтік желі бір ғана Қазақстанда пайдаланылмайды, оны байланыс, пікір алмасу мақсатында әлемнің барлық елі дерлік пайдаланып отыр. «Араб көктемінен» кейін кей елдер Twitter ғаламтор желісін жауып тастауға талпынды. Ол елдердің қатарында Солтүстік Корея, Түрікменстан сияқты демократияның нышаны да жоқ, аулы аулақ, артта қалған елдер бар. Өйткені, олар өз халқының әлемде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болуын қаламайды. Дамыған елдердегі халықтың әлеуметтік,тұрмыстық жағдайын білмесе екен деп ойлайды. Себебі, олардың да сондай талап қоюынан қорқады. Халықты бұғауда ұстағысы келеді. Бұғау салынған халық ерте ме, кеш пе бұғауды бұзуға талпынады. Барлық мәселені тыйыммен шешуге болмайды. Біз олардың қатарына қосылмауымыз керек. Экстремистік, террорлық, сепаратистік мәселелер талқыланды деп әлеуметтік желіні жауып тастау, бұл адамдардың аузына қақпақ қою болып табылады. Әлемде болып жатқан экстремистік, террорлық, сепаратистік әрекеттерді әлеуметтік желіден көру ақылға сыймайды. Әлеуметтік желілер болмаған кездерде де, режимге қарсы толқулар, наразылықтар болған, барлық байланыс құралдарын жауып тастасақ та бола береді. «Халықты шеруге шығуға үндеді» деп әлеуметтік желілерді жапсақ, «шеруге қатысуға барды» деп көлігін де тәркілеу керек шығар?! Егер халық наразылық танытып жатса, оған әлеуметтік желіні, байланыс құралдарын кінәлаудың қажеті жоқ. Оның түп-төркіні халықтың әлеуметтік мәселелерінде жатыр. Елдегі жұмыссыздық, жалақының төмендігі, баспананың қолжетімді болмауы, т.с.с. жағдайлар халықты наразылыққа үндейді. Егер халықтың әлеуметтік мәселелері оң шешімін тауып, тұрмыс жағдайы жақсы болса, мың жерден үндесең де ол билікке қарсы шықпайды. Сондықтан ең алдымен халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуді, тұрмыс жағдайын жақсартуды ойлаған жөн. Дамыған демократиялық, құқықтық мемлекеттерде сот шешімінсіз байланыс құралын жауып тастау деген жоқ. Бұл демократиялық нормаларға да, құқықтық нормаларға да қайшы. Байланыс құралдарын сот шешімінсіз жауып тастау – азаматтардың құқығын таптау. Өйткені, әлеуметтік желі арқылы қаншама адам бір –бірінің амандығын біліп, хабарласып, пікір алмасып отыр. Әлеуметтік желіні жауып тастағанда, тек оның иесі ғана зардап шегіп қоймайды, сонымен қатар сол желіні пайдаланып отырған миллиондаған адам байланыстан қол үзеді. Яғни, миллиондаған адамның құқығы тапталады.


БЕЙТАРАП ПІКІР

Серікқазы КӘКІБАЛАНОВ,
«Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің бас директоры:

– Менің жеке пікірім, егер әлеуметтік желілер мен байланыс құралдары тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің мүддесіне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсатқа жұмыс істеп жатыр деп айыпталса, онда оның жұмысын уақытша тоқтатып, іс сотқа жіберілуі тиіс. Тексеру нәтижесі айып тағылған ақпарат құралының кінәсін дәлелдеп, сот аталмыш ақпарат көзін жабу туралы шешім шағарған жағдайда ғана БАҚ қызметі тоқтатылуы керек. Ал сот шешімінсіз жауып тастау дұрыс емес. Қылмыскерге қатысты сот шешімі шыққанша, ол күдікті болып саналады. Күдіктеніп, біреуді бас болтандығынан айыруға болмайды. Алдымен тексеру жүргізіліп, айыбы дәлелденген соң ғана күдіктіге қатысты сот үкімі шығарылып, ол бас бостандығынан айырылады. Сол сияқты әлеуметтік желілер мен ұялы байланыс операторының, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі кінәсі дәлелденіп, сот шешімі шыққан соң ғана тоқтатылуы тиіс. Заңда «әлеуметтік желілер мен байланыс құралдары жеке тұлғаның мүддесіне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсатқа пайдаланған жағдайда» деп көрсетілген. Ертең бір жеке тұлға «әлеуметтік желі не байланыс ақпарат құралы менің жеке өміріме қауіп төндіретін ақпарат таратты» деп шағымданса, күшіне енгелі отырған заңға сәйкес, сот шешімінсіз-ақ оның қызметін тоқтатып, жауып тастауға болады. Заңның осы тұсы түсініксіз. Сонда, «тұлғаның мүддесіне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсат» дегенде нені түсіну керек? Қоғам мен мемлекеттің мүддесі дегенді ұғуға болады. Онда да, айып тағылмай жатып, күдікпен жауып тастауды қолдамаймын. Уақытша тоқтатып, сотта айыбы дәлелденсе, ондай әлеуметтік желілер мен байланыс құралдарының қызметін біржола тоқтатсын. Сот арқылы айыбы дәлелденбей тұрып бір әлеуметтік желінің не байланыс құралының қызметін тоқтатып тастады делік. Қаншама қызметкер жұмысынан босап, күнкөрісінен айырылады. Сондықтан заңға әлі де болса нақтылық енгізу қажет сияқты.




Көрілген: 1574    Пікірлер: 1
Пікірлерді оқу (1) preloader

сәрсенбі, 16.04.2014, 18:33

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Тамыз, 11:51
    Ерекше мереке
    25 Шілде, 19:09
    Фотосы бар материал ДАЛА ҚЫРАНЫ - 2017

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30