Қазақ солдаты

Арақ өндірісінің аясын тарылту тиімді ме?

  • Арақ өндірісінің аясын тарылту тиімді ме?

    Арақ өндірісінің аясын тарылту тиімді ме?

Мәжіліс қарауында қазір алкаголь өнімдерін тұтыну мен оның сатылымына шектеу қоюға бағытталған заң жобасы қызу талқылануда. Екі ай бойы төменгі палатаның суырмасынан түспей келе жатқан заң жобасы қабылданатын болса ішімдіктің айналымына қадағалау артып, арақ-шарап өндірісіне едәуір өзгеріс әкелмекші. Алайда, этиль спирті және алкаголь өнімдерінің айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша халық қалаулыларының пікірі екіге айрылып жататынын байқағанбыз. Әсіресе, арақ өндірісіне шектеу қоюды бір тарап қос қолдап құптаса, енді бірі оған түбегейлі қарсы. Алаш айнасы интернет-газетінің тілшісі осы мәселені оқырманның ой таразысына салғанды да жөн санайды. Сонымен, қазақстанда арақ өндірісінің аясын тарылту тиімді ме?




ЖОҚ

Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ,
Мәжіліс депутаты:

Заң жобасын талқылау барысында құжатты дайындағандар «егер қолдау тапса, алты арақ зауыты жабылады. 1,5 мың адам жұмыссыз қалады. Дегенмен, айналым саласында нәтиже болып, жағдай жақсарады» деп жатыр. Бұл ақылға симайды. Неге? Өйткені, біз Қазақстандағы алты арақ зауытының жұмысын тоқтатсақ, арақтың жасырын түрде дайындалуына жол ашып, контрабанданың көкесін сонда көреміз. Мұндай олқы тәжірибе басқа  елдерде де болған. Сондықтан да, арақ өндірісін бүгінгіден әлдеқайда  шектейтін заң жобасын қабылдасақ, экономиканы ешқашан дамыта алмаймыз, бізді шетелден импортталатын арақ-шарап басып қалуы мүмкін. Осының есесіне, бізге керісінше, ішімдік өндірісін сауатты түрде қолға алып, ол өнімдерді шетелге сатып, пайда табуымыз керек. Қазір Қазақстан 1 млн. литр арақ экспортқа шығарылады екен, ал импорттық көрсеткіш 40 млн. литрді құрап отыр. Яғни, қазір араққа қарсы күресіп жатырмыз дегеніміз бос сөз, халық бәрібір арақтан бас тартып кете алған емес. Ендеше, импортқа байланғанша, экономикалық тиімсіз дүниеден құтылуды ойластыралық. Миллиондаған долларға шетелден сатып алатын арақты өзімізде шығарып қана қоймай, оны экспорттауды ойлап, көлемін арттыра алсақ біраз жағымды жұмыс болар еді.

Бұл бір жағынан жұмыс орнын ашуға сеп болса, екінші жағынан жыл сайын ысырап болатын бидай шикізетінен спирт жасауға болатын еді. Ең ақыр аяғы Қазақстандағы арақ өндірісі шетелде де сұранысқа ие. Мұны неге пайдаланбасқа? Одан да бұдан дүниежүзілік бренд жасайтын едік. Сондықтан да, арақтан, оның өндірісін дамытудан корқудың қажеті жоқ. Ішем деген адам бәрібір ішеді. Себебі, ол әлемдік тауар. Қазір көптеген елдері оның түр-түрін шығарып жатыр. Адамның тәрбиесі болмаса ол маскүнем болуы мүмкін. Сондықтан біз өндірісті тоқтатпай, халқымыздың жағдайын ойлап, жұмыс орнын жасауымыз керек.

Үшіншіден, қазір әлемде арақ жетіспейді, сұранысқа да барынша ие.  Сондықтан оның нарығын толтыра алу үшін жұмыс істеуіміз керек. Жарайды, ішкі нарыққа тиіспесек те, экспортқа қарай арақ  өндірісін бағдарлауымыз керек. Ресей секілді бірнеше елге ішімдік өнімдерін эксорттаудамыз. Оның үстіне Қазақстанда дайындалатын спирт өте таза болып есептеледі. Ендеше кәсіпкерлерге көмек жасайық. Осындай пайдалы жағын ойлаудың орнына, біз бұны шектейтін заң жасап, арақ өндірісінің аясын тарылтқалы отырмыз. Ал ондайдың теріс жағына келсек, бірінші кезекте бұған қатысты салық орындары өз жұмысын дұрыстап істей алмайды. «Зауыт аз болса, оны өзіміз қадағалаймыз» деп отыр. Керісінше, бұны қадағалау тиісті орындарға оңайға соқпайтын тәрізді.




ИӘ

Нұртай САБИЛЬЯНОВ,
Мәжіліс депутаты:

Жалпы, арақты елімізде көптеп өндіру деген мәселемен мүлдем келіспеймін. Өйткені, өндіріс көлемі қаншалықты артса, халық соғұрлым көп тұтынатын болады. Және кәсіпкерлер де оны көп өткізуге мүдделі болады. «Өнімді көбейтіп, экспортты арттыруды көздейміз» деп отыр ғой. Ондай бастаманы да қолдамауымыз керек. Қазір зауыттар іске қосылған, солар қалай жұмыс істеп жатыр? Бұл мәселе жеке кәсіпкердің өз ісі болуы керек.

Ал кейбір әріптесіміз айтқандай, арақ-шарап өндірісін арттыруды қолдап, қуаттайтын болсақ, онда біз халық денсаулығына тағы да қауіп төндіреміз. 80-90 жылдан бері арақпен күресіп келе жатырмыз. Ең ақыр аяғы талай отбасын ойраңдаған өнімді қолдау жөнсіз. Ішімдік ішіп алып көлік жүргізу, адам өлтіру, жол апатына себеп болу, қылмыс жасау - мұның барлығы аз қасірет емес. Осыдан келіп ішімдік өндірісін өркендетуге қолдау көрсетудің жөні жоқ деп санаймын. Азаматтарымызды ішімдік ішпеуге тәрбиелеудің орнына, кәсіпкерлік үшін қолдаймыз деу жарамайды. Керісінше, заң жобасының негізінде арақ сатуды шектеп, оған қатаң талапты қарастыруымыз қажет. Болашақта осындай қатал нормалары бар заң қабылданатын болса, бірқатар мәселелер реттеліп шешілер еді. Бізге расында, сырттан жылына 40 млн. литр арақ келеді. Оны кім әкеледі, қалай әкеледі? Сол жағына бақылауды күшейту керек. Оның арғы жағында жасырын түрде сатып жатқандар бар.

Мемлекет басшысы алкаголь өнімдерін тұтыну мен оны сатуға қатысты кейбір шектеулерді қоюды тапсырған болатын. Осыған қатысты Парламентте этиль спирті және алкаголь өнімдерінің өндірілуін, айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Негізгі мақсатымыз – алкаголь өнімдерін сақтау, бөлшек немесе көтерме саудада сату мәселесін қатаңдату, реттеу. Заңда арақ өнімдерін денсаулық, білім нысандарының аумағымен қатар, спорт кешендерінің жанында сатуға тыйым салу қарастырылған.

Айта кететіні, облыстық маңызы бар қалаларда арақ сатушылардан жылына бір рет алынатын алым 70 АЕК болса, ауылды жерлерде бұл сома 30 АЕК құрады. Бұл мөлшерді айырмашылыққа бөлмей, бірдей ету керекпіз. Содан кейін сату уақыттарының талабын қатаң ұстануы тиіс. Мысалы, қазіргі кезде арақтың өндіріс көлемі 16 пайыз ғана жұмыс істейді екен. Үкімет оны 20 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Яғни, осы арқылы алкаголь өнімдерінің өнімін көбейтуді қарастырмақ. Бұған жол бермеугі тиіспіз.


Түйін:

Арақ-шарап мәселесі атүсті қаралатын дүние емес. Оны реттеудің қажеттілігі де Елбасы айтпақшы, әлдеқашан жеткен. Дегенмен, депутаттар ішкі экономикалық факторлармен қоса (мәселен көлеңекелі экономика-авт.), сыртқы экономикалық факторларды да салмақтап, сараласа, сосын ортақ пікірге тоқайласатын шешім қабылдаса игі. Заң жобасы әлі де Мәжіліс қарауында талқыланатын болады. Ал ондай талқылаулар ашық, мүдделі тараптардың толыққанды қатысуымен жүзеге асқаны керек.




Көрілген: 1162    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

бейсенбі, 10.04.2014, 10:42

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
4 Тамыз, 11:51
Ерекше мереке
25 Шілде, 19:09
Фотосы бар материал ДАЛА ҚЫРАНЫ - 2017

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30