Қазақ солдаты

Әскер ғылымы туралы заң қабылдау қажет бізге!

  • Әскер ғылымы туралы заң қабылдау қажет бізге!

    Әскер ғылымы туралы заң қабылдау қажет бізге!

ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл.


Әскери ғылымды дамытпайынша, әскери жүйені реформалай аламыз ба?

Кез келген мемлекет қаһарлы әскерімен айбынды. Әскерге қайсар рухпен қоса, жауынгерлік даярлық, стратегиялық және тактикалық амал-айла, техникалық артықшылық әбден керек. Дегенмен әскери ғылымсыз әскердің құдіреті болмайды. Сондықтан жасанып келген жауға тойтарыс беру үшін білекпен бірге әскери ілімнің де болмағы керек.


Демек, құрылғанына 25 жыл толып, өрлеуді бастан өткеріп жатқан Қазақстан армиясына жеңісті жалауларын желбіретуге себі тиер әскери ғылымның ауадай қажеттігі даусыз. Өйткені қазіргі заманғы сарбазды құр намыспен жауға аттандыра алмайсыз, заманауи қару-жарақсыз күнің қараң. Әскери ғылымға енді көңіл бөлініп келеді. Десек те, бізде әлі күнге дейін Әскери ғылымдар академиясы, әскери телеарна жоқ. Қазақстандағы әскери жоғары оқу орындарын, колледждерін және әскери мектептерінің жалпы санын жисақ, небары 26 ғана. ІІМ, ҰҚҚ секілді күштік құрылым үшін кадрлар даярлайтын оқу орындары да осы санаттың ішіне енеді.. Бұған 2008 жылы ашылып, жұмыс істеп жатқан әскери-стратегиялық зерттеулер орталығын қосыңыз. Алайда бұл отандық әскери ғылымның дамуы үшін мүлде жеткіліксіз. Көрші Ресейде кешегі кеңестік құдіретті мектептің дәстүрі сақталған. Ресей әскери ғылымдар академиясының 642 мүшесі, 399 корреспондент-мүшесі, 31 құрметті мүшесі, 1740 профессоры бар.

Оның 72 пайызы – запастағы генералдар мен адмиралдар, офицерлер, 28 пайызы – әскери қызметтегі әскери ғалымдар. Ресей әскери ғылымдар академиясы құзырлы мемлекеттік құрылымдардың тапсырмасымен 400-ден астам теориялық және ғылыми еңбектер басып шығарып, 15-тей заң жобасына ұйытқы болды. Ал Қазақстанда «Сарбаз» газеті, «Айбын», «Сардар» ғылыми журналы мен телеарналардағы бірді-екілі әскери бағдарламалардан өзге мақтанарымыз жоқ десе де болады. 




Сөз жоқ, әскери реформаның діңгегі – әскери ғылым.

Қазіргі соғысу тәсілдері әскери шығындарын барынша азайтуға бағытталуы керек және қарсылас жаудың ұрымтал тұстарына күйрете соққы беруге назар аударылады. Әскери текетірес ақпараттық, психологиялық және радиоэлектрондық күреспен айшықталып отырады. Жалпы, кез келген әскери қақтығыс майдан алаңында ғана емес, әуе-ғарыштық кеңістікте де өрістеуі әбден мүмкін. Сондай-ақ қазіргі соғыстың саяси мақсаты бір елді бүтіндей жойып жіберуге емес, қарсыластың әскери құрылымдары мен экономикалық нысандарына соққы беруге бағытталады. Пилотсыз ұшақтарға деген сұраныс артты. Бұрын төртінші толқындағы әскери қимылдар құрлық – теңіз-әуе арқылы жүзеге асып жатса, қазіргі алтыншы толқындағы соғыс қимылында құрлық-теңіз-әуе-ғарыш арқылы іске асырылады. Осыған орай соңғы 2-3 жылдың ішінде көптеген елдер әскери стратегияларын жаңғыртты.



Көп елдер әскери реформаны жүргізуде артық шығыннан арылып, әскери құрылымдарды ықшамдауға, әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтуға ұмтылып жатыр. Ресей әскери құрылымын реформалау барысында полктік жүйеден бригадалық жүйеге ауыстырып, әскер санын 1 миллиондай ғана қалдырмақ. 32 пайызды құрайтын офицерлер корпусын 15 пайызға дейін қысқартып, мичмандар мен прапорщиктер корпусын таратып жатыр. Жақын арада Ресей армиясындағы келісімшартпен қызмет ететіндер санын 425 мыңға жеткізбек.


Қазақстан Республикасының Әскери доктринасында жазылғандай, оның қорғаныстық сипаты бар, оның ережелерінде бейбітшілікті дәйекті түрде ұстанатындығы елдің ұлттық мүддесін табанды қорғаумен, әскери қауіпсіздігіне кепілдік берумен үйлеседі. Әскери доктринада әскери қауіпсіздіктің қазіргі заманғы, оның ішінде ассиметриялы қатерлер – кибертерроризмді, этноұлттық және діни экстремизмді, қарудың заңсыз таралуын қоса алғанда, халықаралық терроризмге қарсы күрес ескеріле отырып, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту жағдайлары мен негізгі бағыттары нақтыланады. Қазіргі уақытта Қазақстанда Құрлық әскерлерінен, Әуе қорғанысы күштерінен және Әскери-теңіз күштерінен тұратын Қарулы Күштердің оңтайлы үш түрлі құрылымы құрылды. Құрлық әскерлерінің құрамына төрт өңірлік қолбасшылықтың әскерлері, сондай-ақ Аэроұтқыр әскерлері, Зымыран әскерлері мен артиллерия кірді. Қазақстан армиясындағы бригадалық жүйені америкалық «Страйкер» бригадалық жүйесі негізінде құру мәселесі тұр күн тәртібінде.




Ким Серікбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, запастағы полковник, әскер ғылымдарының докторы:

– Мәскеуде жеті жыл бойы әскери оқу орнында оқыдым. Соның төрт жылында Мәскеудегі Фрунзе атындағы әскери академияда білім алыппын. Содан бері әскер ғылымы айналасында қызмет етіп келе жатқандықтан, бұл саланы жетік білемін деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әскери ғылым мәселесінде көптеген кемшіліктер жібердік. Бұл салаға ұлттық әскерімізді құра бастаған кезде көңіл бөле алмадық. Онсыз да тығырыққа тіреліп тұрған әскери салаға түрлі реформалар жасамақ болдық. Мәселен, бір әскери бөлім құрамыз да, артынша тарқатып жібереміз. Аяқталмаған реформалар, қаражатты дұрыс қолданбау салдарынан көптеген қиыншылықтарға тап болдық. Бұлай болмауы үшін, ең алдымен, ғалымдарға жүгіну керек еді. Бірақ, жасыратыны жоқ, ол кезде елімізде бес-ақ әскер ғылымдарының кандидаты бар болатын. Олардың екеуі ғана қазақ, екеуі орыс, біреуі ұйғыр еді. Мен сол кездің өзінде көптеген мақалалар жазып, әскер ғылымының дамуы жөнінде нақты ұсыныстар айттым. Әскер ғылымдарының әскери саясат, әскери педагогика, әскери айла-әдіс, әскери техника секілді салаларын дамыту үшін әскери аспирантура, ғылыми терминмен айтсақ, адъюнктура ашу керек деп жүріп, оған да қол жеткіздік. Осындай кешенді шаруалар жасалып, Ресей, Украина, Белоруссиядан ғалымдар шақырып, біраз мәселерді шештік. Қазір, құдайға шүкір, елімізде әскер ғылымдарының жеті докторы бар. Олардың көпшілігі әскери жоғары оқу орындарында шәкірт тәрбиелеп жүр.


Бұл салада көңілім толмайтын мәселелер жетерлік. Мысалы, біріншіден, еліміздің білім беру саласы Болондық оқу жүйесіне енгендіктен, біздің әскери мамандар да сол жүйеде оқытылып жатыр. Бірақ, меніңше, әскери ғылымды бұл саламен, бұл жүйемен оқытуға болмайды. Өйткені Болондық оқу жүйесінің негізгі 10 пунктінің тең жарымы әскери мамандықпен сәйкеспейді. Мысалы, сол жүйенің бір пунктінде магистратурада оқып жүрген жастардың әлемдегі кез келген қаласына барып оқуына болатыны жазылған. Әскери оқу саласында мемлекеттік һәм әскери құпия деген болатындықтан, мен бұл пунктті қолдай алмаймын. Біз мемлекеттік құпияны сақтауымыз қажет. Сондықтан да әскери мамандарды шетелде оқытуға аса сақтықпен қарағанымыз жөн. Екіншіден, біз әскер ғылымы жөнінде заң қабылдауға асықпай отырмыз. Мысалы, еліміздің білім беру саласына арналған заңында да әскери кадр дайындау мәселесі жөнінде арнайы бап жоқ. Ал көршіміз Ресей әскер ғылымы, әскери бөлімдерді дамыту бағытына арналған заңдарын баяғыда қабылдатқызып алды. Бізге де әскери білім беру туралы арнайы заң қабылдауымыз керек. Ол заңда әскер ғылымдарын дамытудың барлық мүмкіндіктері қарастырылуы тиіс.

С. Ақынжанов


 




Көрілген: 223    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сенбі, 12.08.2017, 12:08

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Тамыз, 11:51
    Ерекше мереке
    25 Шілде, 19:09
    Фотосы бар материал ДАЛА ҚЫРАНЫ - 2017

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31