Қазақ солдаты

Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін Қытай кәсіпкерлерін тарту керек пе?

  • Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін Қытай кәсіпкерлерін тарту керек пе?

    Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін Қытай кәсіпкерлерін тарту керек пе?

Жеңіл өнеркәсібін дамыту арқылы өндірісін өркендетіп отырған елдің бірі Қытай Халық Республикасы. Әлемдік нарықта Қытайдың жеңіл өнеркәсіп өнімдері үлкен сұранысқа ие. Қытайда қазір жеңіл өнеркәсіп жалпы өнімнің 15 пайызын құрап тұр. Ең қызығы Қытай шеберлері қазір өнеркәсібіне қажетті шикізатты біздің елімізден тасымалдап алып жүр. «Олардың тоқыма саласы бойынша негізінен шикізат көзін алушы елі біз. Біз оларға су тегінге береміз, ал олардың шығарған аяқ киімдерін, тондарын, кілемдерін, киіздерін бірнеше есеге өзіміз сатып аламыз. Бұл мәселені ойналанатын кез әлдеқашан жетті» дейді мамандар.

Міне, осы мәселені ескеру қажеттігін алға тартқан мамандар қазірде «Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін Қытай кәсіпкерлерін тарту керек» деген пікірлерді де алға тартуда. Алаш айнасы бұл сауалға қатысты арнайы мамандармен ой бөлісті.




Иә

Хакім Суербаев,
химия ғылымының докторы, профессор:

- Мұны қолдау керек. Бұдан қорқуға болмайды. Егер Қытай кәсіпкерлері біздің елімізге келіп, біріккен кәсіпорындар құрып, бақылау пакетінің басым бөлігі біздің еншімізде болатын болса онда бұл қолдауға тұратын жағдай. Қазірде Қытайдың жеңіл өнеркәсібі айрықша қарқын алып отыр. Біле білгенге жеңіл өнеркәсіп саласы – табысты еселей түсетін сала. Осыны ескергендіктен көптеген елдер бұл салаға айрықша мән беріп отыр. Әсіресе Германия, Норвегия, Израил сынды елдер бүгінде шикізат көзі көп болғандықтан қазақтың жеңіл өнеркәсібіне қызығушылық танытуда. Сондықтан отандық жеңіл өнеркәсіп дамыған елдермен әріптестік деңгейін нығайтып шетелдік нарыққа шығуға барынша күш салуы керек. Мемлекет бұл жағынан оларды қолдауы тиіс. Бұл ретте жеңіл өнеркәсіппен айналысатын фабрикалар қайта құрылуы керек. Мысал ретінде айтар болсақ, кезінде бізде «Алматыкілем» фабрикасы қарқынды жұмыс істеді. Ол кездері олардың өндірген кілемдері сапалы, тіні мықты, тығыздығы жағынан түркімен кілемдерімен бәсекелес болатын. Ал қазірде жасыратыны жоқ, бұл фабриканың аты да, заты да мүлде өзгерді. Қазірде «Алматыкілемнің» шығаратын өнімі экспортқа шықпақ түгіл, тұтыну-шыны қанағаттандыра алмай жүр. Ал батыс елдері бойынша қазір қазақы кілемге сұраныс мықты. Сондықтан бұл іспен айналысуды тереңдеткен жөн. Жалпы, жеңіл өнеркәсіпке қатысты бұйымдардың қасиеті туралы қазақта талай аңыздар бар. Мысалы, жүннен тоқылған бұйымдар табиғи, жеңіл әрі ыңғайлы болғандықтан алғаш қағаз ақша саудасы да осы жүннен жасалған бұйымдарды сату барысында дамыған. Таза киізден жасалған мойынорағыштар, сәнді бұйымдар мен аксессуарлар, бас киімдер қазірдің өзінде әлем саудасында өтімді. Осыдан болар еуропалықтар қазақтың жеңіл өнеркәсібіне қызығып отыр. Мысалы, жеңіл өнеркәсіпке қажетті топс жібі елімізде мүлдем өндірілмейді. Жаңағы кілеміңізді де, киім-ке-шегіңізді де тоқуға арналған бұл жіп қазірде біз үшін тапшы. Ауқымды кілем түгіл, киім-кешек тоқуға топс табу қиын. Ал қазірде Қытай шикізатты бізден алып осындай жіпті өндірудің нағыз шебері саналып отыр. Сондықтан көптеген кәсіп иелері өндіріске қажет жіпті Қытайдан импорттауға мәжбүр. Сондықтан бұл жерде Қытай елімен әріптестік орнатып, бірлескен кәсіпорындар құру арқылы осы тапшылықты жоюға болады. Осы жайттарды ескерсек, бұған мемлекеттік қолдау болуы керек. Өз басым Қытаймен әріптестік құрғанның ешқандай зияны жоқ, мұны қолдау керек деп ойлаймын.




Жоқ

Марал Төртенова, экономист-сарапшы:

- Жеңіл өнеркәсіпке қажетті шикізатты алу үшін мына мәселенің байыбына үңілсек, соңғы 10 жылда елімізде қой жүнінің өндірісі 3 есеге төмендеген. Әсіресе, биязы жүн өндірісі тоқырап қалды. Оның өндірісі үш жылда 8 есеге кеміген. Елімізде бар биязы жүн тек экспортқа ғана кетіп жатыр. Мұның басты себебі – бір кезде жұмыс істеп тұрған көптеген жүнді алғашқы өңдеу фабрикаларының (ПОШ) жабылуы. Бұған қоса елдегі мал басының күрт төмендеуі де бұл саланың дамуына кері ықпал етуде. Негізінде, елде жеңіл өнеркәсіп саласы дамуы үшін алдымен оның шикі өнімі молайуы керек. Мысалы, жеңіл өнеркәсіпке бірден-бір қажетті сала қой шаруашылығы жоғары деңгейде өркендеуі үшін кез келген елдің қойды ұрықтандыру, азықтандыру және технологиялық қабілеті мығым болуы қажет. Осы үш бағыт бір-бірімен біте қайнасып жатқан кезде ғана бұл сала үнемі өз биігінде тұрады. Өкінішке қарай, біздің елімізде аталмыш шаруашылықты дамытатын жаңағы бағыттар мүлде сын көтермейді. Бізде малды ұрықтандыру, азықтандыру ісінде қуаттылығымыз аса мәз емес. Қазірде дүниежүзінің дамушы және дамыған елдері аграрлы салада небір қуатты технологиялардың көмегімен мал тұқымын асылдандыруда әр қилы жаңашылдықтарға қол жеткізуде. Ал біз керісінше, әлі де сол бейқам, марғау қалыптан арыла алмай отырғандаймыз. Ең қызығы бізде жаңашылдыққа ұмтылу бар. Десек те оны әрі қарай жетілдіруге келгенде самарқаумыз. Әрине, біздің Үкіметіміз биязы жүнді қойларды, меринос қойларын өсірушілерге жеңілдіктер қарастырып отыр. Бірақ мұның өзі жүйелі емес. Бұл отандық жүн өндірісін, жеңіл өнеркәсіп саласын дамытудың алғышарты ғана. Қазірде әлемдік нарықта топстың бір келісі – 9-10 АҚШ доллары тұрса, таза иірілген жүннің құны – 9,5-16 долларға тең. Осыған байланысты бізге өңдеу өнеркәсібін жетілдіру қажет. Өңдеу өнеркәсібінсіз Қытай, Ресей сияқты белсенді шетелдік алыпсатарларға тәуелді болып қала берміз. Сондықтан өз басым Қытай кәсіпкерлерін тарту туралы пікірлермен келіспеймін. Мұны қолдаудың қажеті жоқ. Бізге керегі шағын кластерді қолдау арқылы осы саладағы отандық кәсіп иелерін қолдау. Оларды субсидия, дотация жағын қамту. Елде биязы жүнді қойларды өсіретін орталықтарға мемлекеттік тапсырыстар беру арқылы шикізат көзін алу қажет. Ал егер өзге елмен біріккен кәсіпорындар құратын болсақ, сол елдің кәсіпкерлерін қолдайтын болсақ, бұл сөз жоқ ішкі нарықтағы баға саясатын да, қнім өндіру саясатын да тағы басқа жүйелерді де өзгеріске түсіреді. Сондықтан бізге бұл арада отандық бизнесті қолдау керек.


Бейтарап пікір:

Жаңабай Алдабергенов,
экономист-ғалым:

- Өндірістік формула «шикізат-тауар» екенін ұмытпаған жөн. Ол үшін ауыл және аудан көлемінде шағын кластерлер жасақтау қажет. Олар жергілікті жерлерде өндіруге тиімді ауыл шаруашылығы шикізатынан тұтынушыларға тиімді бағамен жеткізу саясатынан тұрады. Сол құрылған шағын кластерлер (микрокластерлер) арқылы мемлекеттік тапсырыс беру шағын өндірістер мен сервистік қызметтердің бірігуіне жол ашады. Бұл өнеркәсіпті ірілендіруге ықпал етпек. Отандық өнім өндіруге жол ашылып, қазақ өз киім-кешегін өзі өңдеп шығаратын қалыпқа түссін десек осы жайттарға баса назар аударған абзал. Бастысы тері-жүн өнеркәсібін тезге салатын кезең әлдеқашан жеткенін мемлекеттік тұрғыда ұғынған абзал.




Көрілген: 2258    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сейсенбі, 29.04.2014, 15:25

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
4 Тамыз, 11:51
Ерекше мереке
25 Шілде, 19:09
Фотосы бар материал ДАЛА ҚЫРАНЫ - 2017

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30