Қазақ солдаты

Қолжетімді баспана бағдарламасына енгізілген өзгертулер нарықтағы тұрғын үй бағасының қымбаттауына ықпал етпей ме?

  • Қолжетімді баспана бағдарламасына енгізілген өзгертулер нарықтағы тұрғын үй бағасының қымбаттауына ықпал етпей ме?

    Қолжетімді баспана бағдарламасына енгізілген өзгертулер нарықтағы тұрғын үй бағасының қымбаттауына ықпал етпей ме?

Өткен аптада, ҚР өңірлік даму министрлігі Республика аймақтарында "Қолжетімді баспана -2020" бағдарламасы аясындағы тұрғын-үйдің шаршы метрі қымбаттағанын хабарлады.  Бағдарламаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бойынша 4-топқа жататын баспананың бір шаршы метрі Атырау, Өскемен және Ақтауда - 110 мың теңге, ал өзге өңірлерде 90 мың теңге тұратын болады. Қазақстандық ипотекалық компаниясы арқылы осы санаттағы үйлердің бір шаршы метрі Атырау, Өскемен және Ақтау үшін 115 мың теңге болса, өзге өңірлерде 110 мың теңгені құрайды. Ал Астана мен Алматыда оның бағасы сол қалпы - 120 мың теңге болып қалады. Сол сияқты әкімдіктегі кезек бойынша пәтер алатындар үшін баспананың бағасы өзгермейді. Астана мен Алматыда - 120 мың теңге, ал басқа аймақтарда - 80 мың теңге. «Баспананың бір шаршы метрінің бағасы оған кететін шығынға сай емес болғаннан кейін осындай шараларды қолға алуға тура келді. Олай болмағанда, тұрғын үй құрылысының сапасы төмендеп, бағдарламаны іске асыру жұмысы тығырыққа тірелетін еді", - делінген министрліктің ресми хабарламасында. Осыған орай, ел арасында «енді тұрғын үй бағасы қымбаттауы мүмкін» деген алаңдаушылық туындап отыр. Сол себепті, «Алаш айнасы» «Қолжетімді баспана бағдарламасына енгізілген өзгертулер нарықтағы тұрғын үй бағасының қымбаттауына ықпал етпей ме?» деген сауалды мамандар талқысына салған еді.




ИӘ

Бақберген ДОСПАНБЕТОВ,
экономист:

– Бізде бір түсініксіз үрдіс қалыптасқан. Бір нәрсенің бағасы өссе, оған қатысы жоқ өзге нәрселердің бағасы өсіп шыға келеді. Жалақы, зейнетақы өседі десе, дүкендегі азық-түлік бағасы қымбаттайды. Өткенде доллардың қымбаттауына байланысты шеттен әкелінетін тұтыну тауарларының бағасы өсті. Өйткені олар доллармен сатып алынады. Ол түсінікті. Бірақ, долларға қатысы жоқ болса да, олармен қоса, өзімізде өндірілетін тауар бағасын да қымбаттатып жіберді. Өмірлік тәжрибе осы үрдістің жалғасып келе жатқанын көрсетіп отыр. Кеше ғана бағдарлама дұрыс жұмыс істеуі, құрылыс сапасының төмендеп кетпеуі үшін қолжетімді баспананың шаршы метрінің бағасы қымбаттағаны жайлы Өңірлік даму министрлігі хабарлады. Өйткені, девальвацияға байланысты базбір құрылыс материалдарының бағасы өсті. Бағаны ұстап тұру үшін құрылыс компаниясы да, мемлекет те дотация жасамайды. Яғни, бұл экономикалық тұрғыдан заңды. Алайда, байыптап қарағанда, бұл екінші нарықтағы үй бағасына ықпал етпеуі тиіс. Бірақ, біздегі қалыптасқан үрдіске орай, енді тұрғын үй нарығында да баға өсетін болады. Оны күштеп, қалыпты ұстап отыру да мүмкін емес. Өйткені, нарықтағы бағаны сұраныс реттейді. Ал, біздің елде тұрғын үйге деген сұраныс әлі де жоғары. Демек, бағаның өсуі әбдан мүмкін. Құрылыс компаниялары үшін ол тиімді. Тұрғын үй бағасы қанша қымбаттаса, олар соншалықты пайда көреді. Мысалы, 100 мыңға сатса 10 мың пайда табады, ал 70 мыңға сатса, 7 мың пайда көреді. Сонда, қайсысы тиімді? Әрине қымбат сату. Сонандықтан үйдің өзіндік құнын қымбат ету үшін кәсіпкерлер құрылыс материалдарының да бағасын жоғары етіп көрсетеді. Мәселен, есік- терезенің бағасы 30 мың теңге болса, олар 60 мыңға сатып алдық деп құжат жасайды. Қымбат есік-терезені орнату да қымбат болады. Сондай-ақ, әрлеу жұмыстарына пайдаланатын құрылыс материалдарын да қымбат етіп көрсетеді. Нәтижесінде үй бағасы қымбаттап, құрылыс компаниясының пайдасы арта түседі. Сондықтан, менің ойымша, үйлердің қаңқасын тұрғызып, коммуникациясын жасап, есік-терезе, санузел, т.с.с орнату және әрлеу жұмыстарын үй сатып алушының өзіне қалдыру керек. Сонда үйдің өзіндік құны біршама арзандайды. Әркім өз қалауы бойынша, шамасына қарай жасап алады. Енді ол 60 мыңдық емес, 15-20 мыңдық есік-терезе орнатуы мүмкін. Сондай-ақ, әр есік-терезені орнатуға құрылыс компаниясы сияқты 12-15 мың теңге емес, 3-5 мың жұмсайды. Осылай үй бағасын біршама арзандатып, расымен де қолжетімді етуге болады. Сондай-ақ жас отбасыларға арналған баспаналарды кеңсарай етпей-ақ, пәтердің жалпы көлемін азайтып, арзан етіп салуға болады. Мен жастардың кең үйде тұруына қарсы емеспін. Ақшасы барлар ала берсін. Мен ең басты нәрсе баспаналы болу екенін айтқым келеді. Әркім көрпесіне қарай көсілетіндей болуы керек қой.




ЖОҚ

Абылайхан САМАТДИНОВ,
ҚР риэлторлар қауымдастығының президенті:

– Алдынғы берген сұхбаттарымның бірінде қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан тұрғын үйлер сапасының төмен болуы, оның белгіленген бағасының төмендігінде екенін айтқан болатынмын. Өйткені, құрылыс материалдарының бағасы күн санап өсіп келеді. Енді оған таяуда болған девальвация қосылды. Сыртан әкелінетін құрылыс материалдарының бағасы тағы өсті. Бұл жағдайда мемлекеттік бағдарламамен тұрғызылып жатқан тұрғын үй бағасының өсуі заңдылық. Сапалы тұрғын үй тұрғызу үшін бағасы соған сай болуы керек. Дегенмен, «Қолжетімді баспана» бағдарламасына енгізілген өзгертулер нарықтағы тұрғын үй бағасының қымбаттауына ықпал етпейді. Бұл қымбаттау тек мемлекеттік бағдарламалармен салынып жатқан тұрғын үйлерге ғана қатысты. Меніңше, бұл жарде алаңдауға негіз жоқ. Негізі, бағаны нарық реттейді. Бірақ, бүгінгі нарықта тұрғын үйге деген сұраныс жоғары болғанмен, мұқтаж жандардың мүмкіндігі төмен. Үй сатып алуға екінің бірінің мүмкіндігі жете бермейді. Банктер де кез келгенге несие бере бермейді. Сондықтан нарықтағы үй бағасы өседі деуге негіз жоқ. Қазіргі кезде үй сатып алудан, көлік сатып алу оңай болып тұр. Өйткені, банк сатып алатын көліктің он пайызын алдын ала төлесеңіз, сол жылжыйтын мүлікті кепілге алып, үстеме пайызсыз не төмендетілген пайызбен несие береді. Менің ойымша, осындай жүйені тұрғын үй нарығына да енгізу тетігін қарастыру қажет. Мысалы, сатып алынатын жылжымайтын мүлікті банкке кепілдікке қойып, үй бағасының 10-15 пайызын алдын ала, ал қалғанын төменгі үстеме пайызбен ұзақ мерзім аралығында төлеу мүмкіндігін қарастыру керек. Ресейде банктің несие үстемесін 6-7 пайызға дейін төмендету бойынша жұмыс жүріп жатыр. Біз де несие үстемесінің пайызын сондай деңгейге жеткізуіміз қажет. Сонан соң, бүгінгі таңдағы Ресейге қатысты жағдайды да ескеру керек. Ертең Ресейде қаржылық қиындықтар болып жатса, ол бізге де әсер етуі мүмкін. Яғни, адамдардың үй сатып алу мүмкіндігі төмендейді. Мүмкіндік төмендесе, сұраныс азаяды. Демек, тұрғын үй нарығында үй бағасы қымбаттамайды.


БЕЙТАРАП ПІКІР

Индира ЕСҚОЖИНА, әлеуметтанушы:

– Әрине мұны нақты болжау қиын. Негізі мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқа үй бағасының өсуі, екінші нарықтағы тұрғынүй бағасына әсер етпеуі тиіс. Бірақ, бізде бір нәрсе қымбаттаса, бәрі қымбаттап шыға келетіні бар. Бүгінгі таңдағы тұрғын үй бағасы, халықтың әлеуметтік жағдайымен салыстырғанда, өте жоғары. 70 пайыз халықтың жалақысы үй сатып алуға жетпейді. Баласына үй алып берем деп, өзінің үйін кепілдікке қойып, несие алып, қарызын төлей алмай, өз үйінен де айырылып, қайғылы жағдайлар орын алып жатыр. Сондықтан, менің ойымша, мемлекет тұрғын үй бағасының шарықтап өсуіне жол бермеуі тиіс. Сонымен қатар банктердің несие үстемесін төмендеттіруі қажет.




Көрілген: 1001    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

дүйсенбі, 07.04.2014, 15:31

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Тамыз, 11:51
    Ерекше мереке
    25 Шілде, 19:09
    Фотосы бар материал ДАЛА ҚЫРАНЫ - 2017

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30