Қазақ солдаты

Нағыз батыр Филипп Рубахо – қазақтың сұрмергені!

  • Нағыз батыр Филипп Рубахо – қазақтың сұрмергені!

    Нағыз батыр Филипп Рубахо – қазақтың сұрмергені!

Әлем халықтары үшін – Екінші дүниежүзілік соғыс, бұрынғы Кеңес Одағы үшін Ұлы Отан соғысы саналатын қырғынның аяқталғанына да табаны күректей 72 жыл өтті.

Адамзат пайда болғалы ең сұрапыл қантөгістің тарих еншісіне айналғанына осыншама жыл өтсе де, оған қатысты ашылмаған құпиялардың әлі көп екеніне уақыт алға озған сайын көзіміз анық жетіп отыр. Әрине, соғыс жайлы әңгіменің бәріне шындық деп қарап, бұлжымас ақиқат ретінде қабылдаудан аулақпыз. Дегенмен, бұрын-соңды болмаған қантөгіс кезінде қазақстандықтардың Ленинград, Мәскеу, Сталинград, Киев, Минск, Варшава, Берлин үшін ұрыстарда ғана емес, жауға қарсы майданның барлық шебінде жан алып, жан бергені шындық. Бұл жайлы аз жазылған жоқ. Алайда бұл мәселеде әлі де болса күмән келтіретін, талас тудыратын, анықтайтын жайттардың бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, қазақ ұлтының өкілдері тек атажұрты Қазақ¬станнан емес, басқа одақтас республикалардан да майданға аттанып, ерлік істер көрсетті. Осы орайда ресейлік Жәнібек Елеуісов, Қыдыран Туғанбаев, өзбекстандық Аблақұл Шәкіров, қарақалпақ¬стандық Біліс (Плис) Нұрпейісов сияқты Кеңес Одағының Батырларын анықтағанымыз мақтаныш етер іс болса, өзге ұлт өкілі ретінде (өзбек) жазылып кеткен генерал Сабыр Рахымов, Расул Есетов пен Іният Наурызбаевты қазаққа қайтару мерейімізді одан әрі асқақтата түсті. Есімдері елге белгілі болса да, аты-жөндері адам танымастай өзгеріске түсіп, қасақана бұрмаланып, сөйтіп, қазақ назарынан тыс қалып жүрген өзге де батырларымыз әр-әр жерде баршылық. Осындай күрделі бір уақыт безбеніне түсіп, тағдыр шындығын өзімен бірге ала кеткен ержүрек батырдың бірі – Кеңес Одағының Батыры, құралайды көзге атқан сұрмерген Филипп Рубахо.




Филипп Яковлевич Рубахо – бір қарағанда қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын алабөтен есім. Сондықтан болу керек, украиндықтар оны украин халқының ұланы деп таныса, жақсы адамды өзіне меншіктей қоюды әдетке айналдырған орыс баспасөзі «украин ныспысын алған орыс сұрмергені» деп жазып жүр. Батырдың құжаттарына қарасаңыз, Филипп Рубахоның ұлты қазақ екендігі тайға таңба басқандай анық жазылған (Құжат көшірмесі төменде назарға ұсынылып отыр). Астын сызып айтатын тағы бір дерек, әйгілі «Википедия» энциклопедиясындағы ғұмырбаян құжаттарында да Филипп Рубахоның ұлты қазақ деп көрсетілген.

Филипп Рубахоның қазақ ұланы екенін анықтау үшін бұдан басқа қандай дәлел керек?

Ал аты-жөніне келсек, құжат толтыру кезінде қате кетуі мүмкін. Ол кездегі шала сауатты құжат толтырушылар қалай естісе солай жазатын әдеті болғанын естен шығармау керек. Расында, христиан дәс¬түрінде қойылған есім болуы да әбден мүмкін. Бұған соншалық бір күдікпен қараудың керегі жоқ. Керек десеңіз, аты-жөні орыс, заты қазақ қандастарымыз қазіргі күнде де арамызда аз емес.

Айтқанымызды негіздеу үшін ғұмырбаянына қысқаша тоқталып өтейік.

Филипп Якобұлы Рубахо 1923 жылы 13 қаңтарда Ростов облысына қарасты Ақсай елді мекенінде (қазіргі Ақсай қаласы) Ресей әскери-теңіз флотының бұрынғы офицері отбасында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Зерттеулерге қарағанда, шешесі украин қызы болған. Әке-шешеден ерте айырылған Филипп Батуми қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Қазақ баласы үшін алабөтен ныспыны ол осы жерде алғанға ұқсайды. Кеңес заманы кезінде балалар үйіне түскендердің бәріне дерлік «арнайы бөлім» ойдан шығарылған ғұмырбаян ойлап тауып, аты-жөнін тек орысша қою міндеттелгені бұл күнде ешкімге құпия емес. Тек тәрбие құралдары ғана емес, балалар үйінің қатынас және құжат тілдері де орысшаға негізделгені белгілі. Көптеген басқа ұлттардың балалары сияқты Филипп Рубахо да осындай кеңестік солақай саясаттың құрбаны болғаны анық. Бұл не деген сөз? Яғни Филипп әкесінің қызмет жағдайына байланысты Ростовтағы Ақсай елді мекенінде туып, сонда өскен Ресей қазағы деген сөз. Жасыратын ештеңесі жоқ, әкімшілік-тоталитарлық саяси жүйе алып Ресей Федерациясында мекен еткен «кіші» ұлттардың көпшілігін өздерінің дәстүрлі аты-жөндерінен мәжбүрлі түрде бас тартқызып, оны орысша ұғым-танымға бейімдегені тарихи ащы шындық.

Ростов комиссариатынан 1941 жылы әскерге шақырылған Филипп алдымен Қара теңіз флотының музыка командасына жөнелтілген. Алайда бұла күші білегінде ойнаған балаң жігіт әскери өнерге тез түрен салып, көп кешікпей соғыс кемелерінде жүзіп, жаумен бетпе-бет шайқасуға рұқсат алады. Ол ерекше тапсырмалар батальоны құрамында Одесса мен Севастопольды қорғауға қатысады. 1941 жылы жараланып, госпитальда емделiп шыққан соң, флоттың мергендер даярлайтын мектебіне тап болады. 1942 жылы Оңтүстік майданда соғысқа кіріп, Ростов, Қобан, Солтүстік Кавказ үшін жаумен шайқасады. Осы шайқастарда Филипп құралайды көзге атқан мергендігімен ерекше көзге түседі. Жайсаң қазақ жігітінің сұрмергендігі жайлы әңгімелер сол кездегі майдангерлер арасында аңыз боп тараған. Көздеген нысанасын мүлт жібермейтін оған күн мен түннің айырмашылығы болмаған деседі.

Осы жылдың желтоқсанында ол екінші рет жараланады. Көп уақыт өтпей Филипп 7-теңіз жаяу әскеріне қарасты 393-десант батальоны сапында қайта ұрысқа кіріскен. Аты аңызға айналған бұл десант батальонын әйгілі командир Цезарь Куников басқаратын. Олар алдымен Новороссийскіге, содан кейін «Кіші жер» аталатын плацдармға десант құрамында түсіп, жаумен қиян-кескі ұрыс жүргізеді. Ал Ф.Рубахо бұл кезде мергендер отрядының командирі болатын. Одан кейін Солтүстік Кавказ майданындағы шайқастарға қатыса жүріп, 1943 жылы оның бөлімі Новороссийск портында қайтадан десант құрамында жаумен айқасқа түседі. Ол портқа алғашқылардың бірі болып басып кіріп, гранатамен жаудың 2 дзотын жойып, қолма-қол айқаста 3 фашисті жер жастандырады. Алайда теңізшілер қанша қайрат көрсеткенімен, күш тең емес еді. 14 қыркүйекте бастан жараланған Ф.Рубахоны катер арқылы дереу Сочи госпиталiне жөнелтеді. Алайда ертесі күні ол есін жинай алмаған бойда өмірден озды.

Қазақ мергені Филипп Рубахо ұзын-саны жаудың 346 (кейбір деректер бойынша 392 деп көрсетілген) жауынгері мен офицерінің және 8 дзот, 2 танк пен минометтің көзін жойған.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 22 қаңтардағы Жарлығымен І дәрежелі старшина Филипп Рубахо дүниеден өткен соң, Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Сүйегі Сочи қаласындағы Бауырластар зиратына жерленген.

Туған қаласы Ақсайда, Геленджик және Новороссийскіде батыр атында көшелер бар. Сондай-ақ оның құрметіне 1977 жылы Новороссийск қаласындағы Жеңіс аллеясында ескерткіш тақта орнатылған.

Қазақтан шыққан батырдың жанкешті ерлігі жайлы «Навечно в строю» (1959 жылы жарыққа шыққан), «Они прославили Родину» (1961 ж.) және «Герои Советского Союза: Краткий биографический словарь. М: Воениздат. – Т.2» (1988 ж.) жинақтарынан кеңінен танысуға болады.

Ұлы Отан соғысы туралы айтқанда, біз мынадай бір сұрақты айналып өте алмаймыз: Соғыста қазақ арасынан қанша Кеңес Одағының Батыры шықты? Біздіңше, бұл әрбір қазақтың көкейінде жүрген сауал.

Баршаға белгілі, Кеңес Одағы тұсында тарихи оқулықтар мен ғылыми еңбектерде Ұлы Отан соғысында ерекше ерлік істер көрсеткен 11695 жауынгерлер мен офицерлерге Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ беріліп, оның 96-сы қазақ ұлтына тиесілі екендігі жазылып жүрді. Кейде 100 шақты деп жалпылама көрсететін. Кейін оған ресейлік екі қазақ, өзбекстандық үш қазақ, қарақалпақстандық бір қазақ және аты аңызға айналған полковник Бауыржан Момышұлының есімі қосылып, қазақ Батырларының саны 103-ке жеткен болатын. Елдің бас газеті «Егеменді Қазақстанның» биылғы 2015 жылғы 4 наурыздағы санында «104-ші қаһарман» атты мақала шығып, журналист Бегабат Ұзақов Кеңес Одағының Батыры жоғары атағын алған қазақ ерлерінің қатарын тағы бір есіммен толықтырды. Сөйтіп, 104-Батыр ұлты «өзбек» болып жаңылыс жазылып кеткен қара¬қалпақстандық қазақ Іният Наурызбаев болып шықты. Воронеж майданының 52-армия 254-атқыштар дивизиясының 933-полкінде жауға қарсы жан аямай соғысқан Іният Днепр өзенінен өту кезіндегі көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылдың 22 ақпандағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағына ие болыпты. Айтпақшы, орайы келгенде қазақ үшін маңызы зор осы мәселені баспасөз бетінде алғашқы болып көтеріп («Қазақта қанша батыр бар?»., «Қазақ әдебиеті», 8 мамыр 2009 ж; «Қазақ альманағы», №2, 2009 ж.), Батыр¬ларымыздың тізіміне өзгеріс енгізуде көп еңбек сіңіріп жүрген осы жолдардың авторы екенін қаперге салып қойсақ, артық емес.

Мінеки, сонымен қазақ баласының осынау даңқты ерлік жолын жалғастырушылардың тізімін тағы бір қандасымыз толықтырып отыр. Ол – жаужүрек теңізші, атақты сұрмерген, Кеңес Одағының Батыры Филипп Рубахо. Олай болса, Филипп Рубахо Ұлы Отан соғысында ерлік істер көрсетіп, осындай жоғарғы атаққа ие болған 105-қазақ ұланы. Бұған ақсарбас айтсақ та артық емес, сүйіншілесек те жарасады. Өйткені мұндай жағымды жаңа¬лық қазақта күнде бола бермейді. Енді бұл қатарға осы атақты бейбіт кезеңде алған 3 қандасымызды қоссақ, барлығы 108-ге жетіп жығылады екен. Біздің болжамымызша, бұл көрсеткіш те соңғысы емес сияқты. Өйткені атажұртынан алыста дүниеге келіп, дәуірдің аласапыран дүрмегінде әртүрлі тағдырды бастан өткізіп (мысалы, аты-жөнiн өзгерту, өзге дінді қабылдау, т.б.), сол жақтан соғысқа аттанып, ерлік істер жасап, Батыр атанған қан¬дас¬тарымызды жүйелі іздестіретін болсақ, ешкім күтпеген қызықты деректерге тап болатынымыз анық. Осы ретте айтып өтетін үлкен өкініш, Ресей билігі соғыстың шындығы туралы архивін әлі толықтай ашпай отыр.

Ерлікті есте сақтау, оны құрмет тұту – елдіктің нышаны, ғасырлардан бері желісі үзілмей келе жатқан ұлттық дәстүрдің негізгі белгісі. Ешкім де, ештеңе де із-түзсіз кетуі тиіс емес. Сондықтан елдің тыныш¬тығы мен бостандығы жолында жан¬кештілікпен күрескен ерлерді ардақтау, олардың көрсеткен жолын үлгі ету – әр ұрпақтың парызы. Осы тұрғыдан келгенде, атажұрттан жырақта дүниеге келсе де, тамырындағы қазақ қаны, жүрегіндегі өршіл рух ерліктің шыңына шығарған қандастарымыздың да бар екенін айту және олардың даңқы жалпы қазаққа ортақ екенін таныту бәріміздің азаматтық та, патриоттық міндетіміз.

Өйткені әр дәуірдің өз батыры болады. Сол батырлар тізбегі еш уақытта ұмытыл¬мауы тиіс. Сондай ержүрек батырдың бірі – қазақ мергені, Кеңес Одағының Батыры Филипп Рубахо.


Болат ШАРАХЫМБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреат




Көрілген: 479    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сейсенбі, 14.11.2017, 21:53

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
4 Тамыз, 11:51
Ерекше мереке
25 Шілде, 19:09
Фотосы бар материал ДАЛА ҚЫРАНЫ - 2017

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30