Қазақ солдаты

Ресей Федерациясы КСРО-ның ыдырауын заңсыз деп табуы мүмкін бе?

  • Ресей Федерациясы КСРО-ның ыдырауын заңсыз деп табуы мүмкін бе?

    Ресей Федерациясы КСРО-ның ыдырауын заңсыз деп табуы мүмкін бе?

Кеше РФ Мемлекеттік Думасының бір топ депутаты елдің Бас прокуратурасына КСРО-ның құлау кезеңінде болған оқиғаларға қатысты прокурорлық тексеру жүргізу туралы сауал дайындады. Онда «Единая Россия», КПРФ және ЛДПР партияларының депутаттары Ресейдің Бас прокуроры Юрий Чайкадан КСРО-ның таратылуын заңсыз деп танып, «кеңестік сепаратистерді» жауапкершілікке тартуды ұсыныпты. Қылмыстың ескеру мерзімі болмайды деп санайтын ресейлік депутаттар бұл тергеу 20 жыл бұрын болған оқиғаға нақты құқықтық баға береді деп үміттенеді. Осы мәселеге қатысты өз кезегінде «Алаш айнасы» басылымы «Ресей Федерациясы КСРО-ның ыдырауын заңсыз деп табуы мүмкін бе?» деген сауалды мамандар талқысына ұсынбақ...




ИӘ

Жамбыл Ахметбеков,
Коммунистік халықтық партиясы Орталық комитетінің хатшысы:

– Коммунистік идеологияны жамандап, капитализмді керемет дескендер бүгіндері ақырындап бастапқының құндылығына қарай бетбұрыс жасап жатыр. Осыған дейін материалдық дүниені басты капитал деп қарағандар енді адамды алдыңғы рөлге шығара бастады. Бастысы әлем капитализммен мемлекет ретінде көпке бара алмайтындығын түсініп қалды. Өйткені ондай қоғамда барлығы сатылады. Ал есірткі, қару-жарақ, адам сату бизнесіне тосқауыл болмағандықтан сепаратизм, терроризм кең қанат жаяды. Адам құндылық болмайды. Сол себепті ар-ожданнан бастап патриотизм де, мемлекет те саудаға түсе береді. Капиталистік қоғамда адам өз құқығы үшін алаңдап көшеге шығады, ал мемлекеті немесе ұлты үшін бас ауыртпайды. Бүгіндері адам алаңсыз бақилыққа кете алмайтын жағдайға жетті. Өйткені артындағы бала-шағасын уайымдайды. Ал социалистік жүйеде барлығы қамсыз еді. Оны мойындау керек. Балаға тегін білім берілетін, бірде бір адам жұмыссыз қалмайтын, баспанамен, дәрігерлік қызметпен толықтай қамсыздандырылатын. Осы жағынан алғанда, социалистік жүйенің жақсы қыры бары анық.

Қазір қолына мол ақша ұстатсаңыз, керек адам мемлекеттік құпияны жая салады. Себебі өмір сүріп отырған қоғам құндылығы сондай. Ал мұндай мемлекетті іштей ірітіп, бүліндіру өте оңай. Сондықтан РФ Мемлекеттік Думасы көтеріп отырған мәселе социалистік құндылықтарды қалыпқа келтіруден туындап жатыр деп санаймын. Олар КСРО-ның өзін емес, идеологиясын қалыпқа келтіргісі келеді. Сол тарихи кезеңге саяси және құқықтық тұрғыда нақты баға беруді күйттейді деп есептеймін. Бұл – замана талабына сай көтеріліп отырған дұрыс мәселе.

Қазақстан – шекарасының жан-жағы бүтіндей бекітілген, демаркациядан өткен, тәуелсіздігі әлеммен мойындалған мемлекет. Бүгінгі таңда оған қол сұғуға ешкімнің қақысы жоқ. Алайда жерімізге көз аларта қарайтындар табылып қалады. Олар қасақана арандатушылық әрекетке барып, түрлі сыбыр-күбір таратуға ықпал етуі мүмкін. Біз осындай жайттардан сақ боп, біртұтастығымызды әрдайым баршаға танытып отыруымыз керек.




ЖОҚ

Талас Омарбеков,
тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Бұл арада КСРО-ның ыдырауының өзі әділетті болды. Өйткені ол әу, бастан күштеп біріктірілген саяси одақ еді. КСРО Конституциясы демагогтық тұрғыда өтірік түзілді. Ондағы халықтың барлығы тең праволы дегеннің барлығы жалған боп шықты. 70 жыл бойына тек орыс халқының, орыс тілінің мәртебесі үстем болды. Кеңестік 15 мемлекеттің он төрті жалған идеологияның қарқынымен Ресейдің индустриалдық державаға айналуына барлық күшін жұмсады. Ал өз кезегінде орталықтан жүргізілген саясат, керісінше, құрамындағы республика халқының тілін жойып, тарихын, мәдениетін әбден бұрмалап, оларды ұлт екенін ұмыттырып, мәңгүрттендіруге кез келген ықпал, күш тетігін қолданды.

КСРО құрылмай тұрған кезде, яғни 1912 жылы армян журналист-публицисі Степан Шаумянның хатына жауабында В.Ленин: «Біз барлық ұлттың тең құқығын қолдаймыз, олардың өз-өзін басқаруын мақұлдаймыз, бірақ жеке мемлекет ретінде бөлінуіне түбегейлі қарсымыз» деп жауап жазады. Демек, КСРО құрылмай тұрып-ақ Ресей құрамына кірген мемлекеттерді билеп-төстеуді мақсат еткен. Басқа түк те емес. Ал 1924,1936 жылғы конституцияларда көрініс тапқан «тең праволы, өз-өзін басқаруға құқылы» деген әдемі сөздер бұратана ұлтты жарқын болашақты бірге құрып жатырмыз деген жалған идеологияға шүбәсіз иландыру үшін керек болды.

1976 жылдан бастап Совет одағын әділ жүйе ретінде насихаттайтын жаңартылған құқықтық базалар қалыптасты. Алайда ол тек қағаз жүзінде ғана еді. Бұл енді шекарадан тыс аймақтағы елдерді кеңестік жүйеге тарту үшін қажет болды.

Шынымен де әділ қоғам орнатып жатқандарын дәлелдегісі келсе, онда олар орталық етіп орыстың патшаларынан мұра боп келе жатқан, ұлы державаның шовинистік іргетасы – Мәскеуді емес, Алматыны немесе Киевті неге таңдамады?

КСРО-ның арқасында біз ұлт ретінде жойылып кете жаздадық. Балтық жағалауы елдері, Грузия, Қап тауы маңындағы елдер бүгін орыс десе төбе шашы неге тік тұрады дейсіз?.. Қазір олар кезінде күшпен қосып алып, қолдан ашаршылық ұйымдастырып, соғыспен де соғыссыз да қырғынға ұшыратып, ұлттық элитаны түп-тамырымен жойып, өздеріне қарсы ойына келгенін істеген КСРО-дан құтылғанына өте қуанышты. Міне, КСРО-ның қол жеткізген бар «жетістігі» осы.

Соншалықты әділ болса, бүгін Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы КСРО-ның ыдырауын заңсыз деп табу туралы мәселені қозғағанның орнына неге бізден кешірім сұрауды ойламайды. Олар КСРО құрамындағы мемлекеттерден талай жылдар бойына демографиялық, рухани, мәдени, тарихи, материалдық тұрғыда жасаған қылмыстары үшін кешірім сұрауы керек. Сонда бұл тарихи әділ баға болады.


Бейтарап пікір

Ресейлік депутаттардың бұл іс-қимылын мына пікір айқындауы тиіс деп есептейміз. Бас прокурорға даярланған сауалдың түпкі мәнісін Мемлекеттік Дума қабырғасында ресейлік депутат Евгений Федоров былайша түсіндірген: «КСРО-ның құлауына қатысты мәселенің 23 жылдан бері өзекті болып келе жатыр. Қазіргі Украинадағы жағдайлар аясында бұл мәселені көтеру қажет.  Бүгінгі билік институттарын бағалау үшін 1991 жылғы оқиғаларға толық заңдық сараптама жүргізу керек. Сондай-ақ, референдум құжаттарының қолдан өзгертілгенін және билік органдарының әдейі жойылғанын ескеру керек. Бұл бізге бүгінгі жағдайды түсінуге мүмкіндік береді».




Көрілген: 1417    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

бейсенбі, 10.04.2014, 14:46

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Тамыз, 11:51
    Ерекше мереке
    25 Шілде, 19:09
    Фотосы бар материал ДАЛА ҚЫРАНЫ - 2017

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30