Қазақ солдаты

Тұрғын үй нарығын тұрақтандыру үшін қайтара сатылатын пәтерлерге жоғары салық енгізу керек пе?

  • Тұрғын үй нарығын тұрақтандыру үшін қайтара сатылатын пәтерлерге жоғары салық енгізу керек пе?

    Тұрғын үй нарығын тұрақтандыру үшін қайтара сатылатын пәтерлерге жоғары салық енгізу керек пе?

Нақ қазір елде тұрғын үй нарығында баға құбылып тұр. Сарапшылар бұған қатысты: «Біздің елде арзан үйлердің дені қарапайым халықтың игілігіне емес, тұрғын үй нарығындағы алыпсатарлардың пайдасына жұмыс істеп жатыр. Алыпсатарлар пәтерді қайта сатқан кезде, үйдің бағасын аспандатып жібереді. Осыдан барып нарықтағы баспана бағасы құбылуын қояр емес. Ақпанда доллар қымбаттады, доллар өскеннен кейін елдегі үйдің бағасы онсыз да өсті ғой. Ал мұны ескерместен алыпсатарлар тұрғын үй бағамына тағы да үстеме қосып қойды. Міне, бізге осы үрдіске тыйым сала білу керек» деседі. Қайсыбір сарапшылар мұндай келеңсіздіктерді сап тыю үшін «қайтара сатылатын тұрғын үйлерге салықты өсіру керек» дегенді де алға тартады.

Негізінен, қайтара сатылатын тұрғын үйге жоғары салық салу Қытайда, Ұлыбританияда, Жапонияда бар. Бұл елдер осы әдіс арқылы баспананы арзанға сатып алып, қайтара қымбатқа сататындарды шідерлеп отыр. Ал біз үшін тиімдісі не? Салықты өсіру керек пе? Алаш айнасы бұл сауалдарды арнайы мамандардың ой-пайымына салып көрді.




Иә...

Меңлібай Мырзахметов,
техника ғылымының докторы, профессор:

– Мұны қолдау керек. Салық бола ма, әлде басқа тәсіл қарастырған жөн бе, әйтеуір қазір бізге тұрғын үй нарығындағы бағаны тұрақтандыратын бір механизм керек. Мәселені салықтан бастасақ, бұл үрдіс те тұрғын үй нарығындағы алыпсатарларға өзіндік тежеу салары даусыз. Өйткені қазір-де осы тұрғын үй нарығындағы алыпсатарлар тіптен өршіп кетті. Кезінде олар арзан үйді қос-қостап алып қойды. Бір адамның басында онға тарта баспанасы бар жайттарды да білеміз. Тұрғын үй арзан кезде қарпып алып қойып, енді қайтара сатарда оның бағасын жасанды жолмен көтеріп, пайдаға белшеден батып жатқан осы алыпсатарларға тыйым болуы керек. 

Ол үшін, әрине, қайтара сатылатын тұрғын үйлерге жоғары салық салынуы қажет. Бұл ретте нақпа-нақ «сатып алған пәтеріңді бір-екі жылға дейін қайтара сатпайсың, қайыра сатқан жағдайда жоғары салық төлейсің» деген міндеттеме қойған абзал. Нарық болғаннан кейін нарықты реттеу керек. Әрине, меншік иесі болғаннан кейін оған мүлде сатуға тыйым сала алмаймыз. Бірақ қайтара сатқан кезде осындай талап-тілектер ескерілсе жөн болар еді. Сондай-ақ бұл жерде пәтерді қайтара сату кезінде мәселенің қарапайым халыққа зияны тимейтін жағын да ойлаған жөн. Мәселен, пәтерді қайыра сатып тұрған адам бірінші пәтер иесі ме немесе баспана нарығындағы алыпсатар ма – мұны білу бүгінде қиын емес. Сондықтан осындай дәйектемелерді анықтап алғаннан кейін егер ол нарықтағы бағаны құбылтып жүрген алыпсатар болса, ол міндетті түрде жоғары салық төлеуі тиіс. Мұндай қадамға біз баруымыз керек. Бұл – қажет нәрсе.




Жоқ…

Марал Төртенова,
экономист-сарапшы:

– Мен мұны қолдамаймын. Алысқа бармай-ақ, өзімді мысал етейін, егер мен қазір жекеменшігімдегі пәтерімді сатар болсам, 45 мың теңге салық төлеуім керек болады. Ал енді осы салықты еселеп, бағасын көтерер болсақ, ол мүлде шарықтап кетпей ме? Әрине, салықты көтеру арқылы баз біреулер мемлекет қазынасына түсетін пайданы арттырғысы келетін болар. Бірақ өз басым бұл үрдіс тұрғын үй нарығындағы бағаны тұрақтандыру-дың бірден-бір кепілі дегенге келіспеймін. Бұл үрдіс қарапайым халықтың қалтасына ауырлау тиеді. Бұдан «алыпсатарлар айылын жияды» дегенге өз басым сенбеймін. Нарықтың аңысын аңдып отыратын олар әр кезде де пайда табатыны сөзсіз.

Егер біз оларға сатып алған үйіңді үш жыл бойы сатпай ұстап отырасың, үш жылдан кейін ғана пәтерді сатуға құқың бар десек, ертең олар сатып алған пәтерлерін бәрібір жалға береді де, пайдаға кенеліп отыра береді. Негізінен, біле-білгенге тұрғын үй нарығы – пайдаға кенелтетін нарық. Осыны күні бұрын сезген алыпсатарлар қай кезеңде болсын, осы нарыққа қаржысын салып, еселеп пайда тауып келеді. Сондықтан бұл жерде салық мәселесін қаузағаннан гөрі, заңды қатайту тұрғысын сөз еткен жөн болар. Егер нақ осы мәселеге қатысты заң қатайтылып, сол заң жүзінде алыпсатарларға арнайы талап арта білсек, онда бұл мәселе шешімін табады. Бірінші кезекте салықты емес, заңды қатайту қажет. Ал салықты жоғарылатудың қажеті жоқ. Таяқтың екі ұшы болатыны тәрізді, салықты жоғарылатсақ, қарапайым халықтың қалтасына ауыр салмақ түсіп кетеді. Сондықтан мұны қолдамаймын.


Бейтарап пікір:

Жаңабай Алдабергенов, экономист-ғалым:


- Қайсыбір мемлекеттер тұрғын үй ипотекасын, тұрғын үйлерді жалға беру тәсілін үйіріп те әкете алды. Ал біздің елімізде бұл үрдіс осы уақытқа дейін сауатты түзілмеді. Білесіз, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ капиталын көбейтіп, сол арқылы жеңілдетілген несие беру әдісін қолданысқа енгізе бастаған тұста «140 мың доллар тұратын тұрғын үйлер 50-60 мың долларға түсетін болады» деп шенеуніктер осыдан үш –төрт жыл бұрын болжаған еді. Дегенмен, содан бері халық арзан үйге қол жеткізе алмады. Бұл нарықтағы алыпсатарлықтың өршіп тұрғаны халыққа айрықша әсер етуде. Қалай десек те қазір елдегі тұрғын үйдің бағасы да, сапасы да анағұрлым мақтанарлықтай емес. Сондықтан тұрғын үй нарығына қатысты салмақты шешім қабылдап, нақ осы салаға қатысты мемлекеттік бақылауды нығайтқанымыз абзал.




Көрілген: 1043    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

бейсенбі, 17.04.2014, 13:49

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Тамыз, 11:51
    Ерекше мереке
    25 Шілде, 19:09
    Фотосы бар материал ДАЛА ҚЫРАНЫ - 2017

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30