Дәстүр мен дінді қатар алып жүруіміз керек

Дәстүр мен дінді қатар алып жүруіміз керек

Рәтбек қажы НЫСАНБАЙҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының экс-бас мүфтиі:

– Жақында күллі мұсылман баласы үшін Рамазан айы басталады. Мұсылман елдерінің көптен күткен қасиетті айымен Сізді де құттықтаймыз. Осы ретте бүгінгі әңгімеміздің әлқиссасын Рамазан айының ерекшелігі мен пайдасы, оның шарттары төңірегінде өрбітсек... Жалпы, Рамазан айы несімен ерекшеленеді? Оның маңыздылығы неде?
– Бисмиллахир рахманир рахим. Ораза – біздің ислам дініндегі өтелуі тиіс бес парыздың бірі. Біріншісі Аллаға сену және оның пайғамбарларына куәлік ету болса, екіншісі намаз оқу, ораза тұту, зекет беру, қажылыққа бару болып беске бөлінеді. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымызға пайғамбарлық келгеннен бастап, 13 жыл Меккеде тұрды. Кейін Мәдинаға барғаннан соң хижраның екінші жылы ораза мұсылмандарға парыз етіп бекітілді. Ал оған дейін ешкім ораза ұстаған жоқ. Себебі ол кезде Пайғамбарымыз адамдарды ислам дініне шақыруда еді. Меккеден Мәдинаға көшудің алдында бір жарым жыл бұрын намаз оқу басталған. Демек, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз «Лә илаха иллаллах, Мухаммадур расуллаллах» (Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі) деген сөзбен үмбеттерін 11 жарым жыл бойы соған шақырды. Адамдарды дінге шақыру ол кезде өте қиын болатын. Міне, осыдан кейін ғана намаз оқу басталып, ораза ұстау парыз етілді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Жаңа туған айды көрген кезде ораза ұстаңдар, екінші жаңа туған айды көрген кезде оразаларыңды тоқтатыңдар. Егер аспан бұлтты болса, Шағбан айын отызға толықтырыңдар», – деген. Оразаны әрбір балиғат жасқа жеткен, дені сау адамдардың барлығы ұстауы парыз. Ал егер ақыл-есі дұрыс болмаса, сапарда болса немесе жүкті әйелдің ішіндегі баласына зиян келетін болса, онда ауыз ашады. Ал емізулі баласы басқа тамақ ішпейтін болса онда ол да аузын ашып, кейін қазасын тұтып береді. Демек, дінде ешқандай ауырлық жоқ. Енді ауру адамдардың ішіндегі ораза ұстауға болатын шарттарына келсек, асқазанға дәрі жетпейтұғын емнің барлығына ораза ұстауға болады. Мәселен, жамбастан, теріден ине салу оразаға ешқандай зиян келтірмейді. Осыны көпшілік дұрыс түсінбей, шатасып жүр. Емделгенде асқазанға сұйық зат кететін болса, оның барлығы оразаны бұзады. Сонымен қатар, ауыз бекіткен адам моншаға түсерде де өте сақ болғаны жөн. Себебі су мұрын мен ауыздан асқазанға еніп кетуі мүмкін. Ал бұл оразаны бұзады. Сондықтан суға түскенде, суды төбеден төмен қарай құйып отырып, шомылуы керек.
Қарап тұрсаңыз, оразаның пайдасы мол. Ол рухани жағынан да, ғылыми-медициналық тұрғыдан да өте тиімді. Оразаның пайдасы асқазанды тазартып, қанды сұйылтып, адамның өзін жеңіл әрі жақсы сезінуіне септігін тигізеді. Жүректің жұмыс істеуін де жақсартады. Ораза тұтқан адам аштық пен тоқтықтың қадірін түсініп, шыдамдылыққа, төзімділікке үйренеді.

– Ораза айының ішінде қасиетті Қадір түні бар. Бұл түні көпшілік аспаннан періштелер түседі деп, дастарқан жайып отырады. Тіпті кейбіреулер есік-терезесінің барлығын ашып қойып, ыдыстарға су толтырып қояды. Егер үй-үйді аралап жүрген періштелер әлгі судан дәм татса, ол да жақсылықтың нышаны көрінеді. Сонда періштелер суға, тағы басқа нәрселерге мұқтаж ба? Жалпы, біз Қадір түнінің қадірін түсіне алып жүрміз бе? Сіздің ойыңызша, бұл түнді қалай өткізген абзал?
–Жалпы, бұл түнде кірпік ілмей, Алла Тағалаға құлшылық еткен жан мол сауапқа ие болады. Құранның 97-сүресі – Қадір сүресінде «қасиетті Қадір түні 1000 айдан қайырлы» – делінген. Бұл күні періштелер Алла Тағаладан жамағаттың күнәсін кешіруін сұрайды. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла Қадір түнін үмбетіме сый ретінде тарту етті, бұл бұрынғы үмбеттерге берілмеген» деп, бұл сыйдың қадірін білуге шақырады. Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім сауабын тек қана Алладан күтіп, ықыласпен сол түнді ғибадат жасаумен өткізсе, күнәлары кешіріледі», – дейді. Сондықтан мүмкіндігінше әрбір пенде Қадір түнінде берілетін сыйдан мақұрым қалмауға тырысу керек. Ол түнді бос өткізбей дәрет алып, екі бас болса да намаз оқып, Алла Тағаланың шексіз мейірімінен шын жүректен сұрап, дұға еткен жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, Ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді»,– деген. Сондықтан Қадір түнінде Қыдыр атаны күтеміз деудің ешқандай діни негізі жоқ. Бұл – аңыз. Мұсылмандар бұл қасиетті түнді біреуді күтіп емес, аятта бұйырылған ғибадаттарын жасап, сауап үмітімен өткізгендері дұрыс. Қадір түні Алла Тағаланың разылығы үшін жасалған әрбір халал іс құлшылық болып есептеледі. Білім іздену, намаз, Құран, хадис оқу, тәспі тарту, осының барлығы халал, құлшылық.
Егер ораза қабыл болса, таза жүректі адам оны іштей сезеді. Мұндай жағдай менің өмірімде де кездесті. Баяғыда ораза бітіп, арада оншақты күн өткенде, «майда-майда 30 шыбықты біріктіріп сындыр» деген түсіме кірді. Ертесіне 30 шыбықты қосып, ортасынан бөлейін десем, еш сынбайды. Кейіннен ойланып қарасам, 30 шыбық оразадағы 30 күннің белгісі екен. Оның сынбағаны менің оразамның қабыл болғанын білдірткендей сезімде болдым. Міне, оразаны шын ықыласпен тұтқан адамдарға осындай түрлі белгілер беріледі. Ал Қадір түнінде дастарқан жаю, т.б. нәрселер істеу дұрыс емес. Тек ауызды ашып, тарауық намазын оқығаннан кейін мешітте отырып, не болмаса үйде намаз оқып, Құран сүрелерін жаттап, тәспі тартып, Алладан жақсы тілектер тілеу керек.
– Жалпы, ораза айы адамның еңбек өнімділігін төмендетеді дегенмен келісесіз бе? Мәселен, кейбіреулер «менің жұмысым ауыр, ораза ұстасам, әлсіреп қаламын» деп жатады. «Менің жұмысыма ораза сәйкес келмейді» дейтіндер де бар. Бұған қатысты не дейсіз, әлде бұл ораза ұстамаудың сылтауы ғана ма?
– Бұл сұраққа мен өзімнің әке-шешемді негізге ала отырып жауап берейін. 29-32 жыл аралығында колхоздастыру болды. Ол байлардың малын тартып алып, колхоз құру кезеңі еді. Сол уақыттарда менің әке-шешем көппен бірге таңның атысынан, күннің батысына дейін егін егіп, жер жыртып, кетпен шапты. Сонда анам да, әкем де ауыз бекіткен екен. Бірақ оларға сол кездің шолақ белсенділері рұқсат бермей, қинап су ішкізіп, талқан жегізген екен. Қанша қиналса да олар оразаларын аяғына дейін ұстаған. Менің әкем 104 жасқа келіп дүние салды. Кейіннен әкем осы оқиға туралы айтып, «менің оразам сол кезде қабыл болды ма?» деп сұрады. Сонда мен «Сізге бір сауап емес, әрқайсы он сауаптан жазылады. Себебі әрбір ауыз ашу мен бекіту бір сауаптан болатын болса, залымдардың қинауымен сіздің сауабыңыз он сауапқа айналған» деп едім, ол кісі жылап жіберді. Енді осындай қиын кезде де жұрттар тығылып ауыз бекіткенде, қазіргідей кең заманда адамдардың «жұмысым ауыр» деуі жай сылтау ғана деп есептеймін. Сондықтан жұмысы ауыр адамға ораза тұтпасын деген шариғат жоқ.
– Ендігі әңгімемізді дәстүр және дін тақырыбында өрбітсек. Жалпы, ата-баба дәстүрінде исламның алар орны қандай?
– Халқымыздың салт-дәстүрінің кез келген түрін алатын болсақ, түбінде ислами тамыры жатқанын байқаймыз. Дүниеге келген баланың азан шақырылып ат қойылғанынан бастап, дүниеден өткен адамның жаназасын оқып, жер қойнына бергенге дейін, яғни тал бесік пен жер бесікке дейінгі аралықта көптеген дәстүрлеріміздің исламнан нәр алғанын байқап отырамыз. Сондықтан да ата дініміздегі ислам мен дәстүріміздің арасындағы қарым-қатынас өте тығыз байланыста. Оның үстіне, кейбір халықтардың әдет-ғұрпы шариғатқа қайшы келмейтін болса, ол ислам дініне алынады. Оны қалай түсінуге болады? Мәселен, кешегі кеңестік кезеңде бізге арақ ішуді, шошқа етін жеуді үйретті. Енді олардың барлығы шариғатқа қайшы келеді. Ал қазақтардың бұрыннан қоректеніп келе жатқан қымызы мен шұбаты ешқандай шариғатқа қайшы емес. Сонымен қатар біздің қыз қуу, көкпар, алтыбақан, бәйге т.б. ұлттық ойындарымыздың барлығы ешқандай құмар ойынға жатпайды.
– Бірақ қазір дінге бөлек, дәстүрге бөлек қарайтындар көбейіп барады. Осылайша, елімізде дін мен дәстүрдің сабақтастығы алшақтап бара жатқан секілді. Біреулер тек дінді ғана ұстанамын десе, енді біреулер дін мен ата-баба дәстүрін сабақтастыру керек дейді. Бұған не дейсіз?
– Бұл өте орынды сұрақ. Дәл қазір осылай шатасып жатқандар көп. Тіпті кейбір жастар намаз оқығанда талтайып тұрып алатынды шығарды. Кейде қолын әйелдер құсап көкірегіне басып тұрады. Құдайдың алдында талтайып тұрмақ түгілі, жай бір ауылдың әкімінің алдында солай тұрыңызшы, сізге ол не дейді екен? Тіпті кабинетінен қуып жібереді. Ал сөйтіп тұрып ғибадат қылғанды Алла қабылдай ма? Тіпті бұл – қарапайым этикаға жатпайтын қылық. Алла алдында ізетпен басты иіп, аяқтың арасын сәл ашық қалдырып, қолды кіндіктің астына байлап тұру керек емес пе? Сондықтан мен жастарымыздың осындай теріс әрекеттерге, ислам дінінде үй ішінен үй тіккен кейбір ағымдардың жетегінде кетіп қалып жатқандығына қатты қапа боламын.
– Сіз осыдан біраз бұрын бас мүфти болып тұрған кезіңізде «Мен Меккеде, Мәдинеде оқып келген діни кадрларды жұмысқа алмаймын» депсіз. Біз мұны ұлттық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған шара деп түсінеміз. Енді осы туралы тарқата айтып беріңізші...
– Мен «Меккеде оқып келгендерді жұмысқа алмаймын» деп ешқашан айтқан емеспін. Бірақ шындығына келгенде, ол жақта оқығандарға көңілім толмайтыны рас. Өйткені олар фиқһ іліміналмайтындығы сезіліп қалған болатын. Мен Меккеде, Мәдинеде оқып жатқан қазақ жастарының барлығын көрдім. Сол кезде-ақ мен оларға: «Айналайындар-ау, сендер айналдырған азғантай қазақты тағы да бөліп тынатын болдыңдар ғой» дедім. Олар менен қашып жүретін болды. «Сендер араб тілін үйреніңдер де, елге қайтыңдар» дедім. Қазіргі еліміздегі түрлі ағымдарды шет мемлекеттер қаржыландырады. Сондықтан бұған өте сақ болуымыз қажет. Тіпті қазір кейбіреулер намаздың сүннетін оқымайтын болды. Ал бұл Құранға қарсы келушілік емес пе? Олардың айтар уәжі: «Пайғамбар сүннет оқыған жоқ» дейді. Біріншіден, Пайғамбарымыз сүннетті оқыған. Бірақ ол оны үйінде оқыды. Өйткені сүннет пен парызды халық ажырата алмай қалмасын, шатасып кетпесін деп солай етті. Ал бұлар олай жасайтындай, Пайғамбар емес қой. Мен Меккеде, Мәдинада жүргенде осындай қайшылықтарға көп кезіктім. Сондықтан ондағы қазақ жастарына осыны түсіндіргім келді. Бірақ олар мені тыңдағысы келмеді. Енді олар «Қазақстанға келіп, әрқайсысы әртүрлі уағыз жүргізіп жүр» деп айтады біреулер. Сонда біздің ата-бабаларымыз осы уақытқа дейін шатасып келген бе? Бұл қазақ халқының ислам дініне деген көзқарасын өзгертіп жібермей ме? Менің сол кездегі ойым осы болатын.
Дегенмен біз ата-бабамыздан бері қарай, нағыз Әхли сүннет уәл жамағат жолын ұстанып келеміз. Бұдан артық тура жол жоқ. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз: «Ислам діні 73-ке бөлінетін болды, соның 72-сі қате жол, ал біреуі ғана жәннатқа қауыштыратын жол. Ол жол – менің жолым, менің сахабаларымның жолы, яғни әхли сүннет жолы» деген. Енді бұдан артық не керек?
– Енді шетелдерде оқып, сол елдің діні мен дәстүрін насихаттайтындарға қандай тосқауыл қоюға болады?
– Кейбіреулер «шетелде білім алып келген діни мамандарды арнайы даярлықтан өткізу керек» деп жатады. Мен айтар едім, оларды даярлықтан өткізіп қана қоймай, әрбір сөзін, әрбір насихатын бақылауға алу қажет. Себебі даярлық деген өтеді де кетеді. Ал бақылау үнемі жүргізіліп отыру қажет. Осы жағдайда ғана оларға тосқауыл қоя аламыз.
– Келіннің сәлем салуы ширк пе? Қазір кейбір ауылдардағы беташар тойларда келіндерге сәлем салуға тыйым салдыратындар шықты. Өйткені «ол үлкен күнәға – ширкке жатады екен, Аллаға серік қосу болып табылатын көрінеді». Бұған не дейсіз?
– Келіннің ата-енесіне, т.б. үлкендерге сәлем салуы ширкке жатпайды. Себебі ол Құдайға ширк келтіріп тұрған жоқ. Ол сәлем салу арқылы ата-енеге сый-құрмет, ізет көрсетіп тұр. Сондықтан ширк пен ізетті шатастырмау керек. Біріншіден, «ширк» деген не? Егер «Құдай жоқ немесе Құдай көп» десең, ол ширк болады. Ал бұл жерде келін ата-енеге ізет көрсетіп тұр ғой. Бұл – ата-бабадан келе жатқан қазақтың керемет дәстүрлерінің бірі. Сондықтан ата-баба дәстүріне шабуыл жасауға жол бермеуіміз керек. Бұл – қате ұғым.
– Жалпы, дін мен дәстүрдің біте қайнасып, бірге жетіліп, бірге өркендеуі үшін не істеуіміз керек?
– Мен тағы да қайталап айтамын. Егер әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған дін тыйым салмайды. Тіпті шариғат үкімі бойынша, шетелден келгендер жергілікті халық намазды қалай оқыса, олар да солай оқуы тиіс. Сондықтан шетелдіктердің бізге келіп, өзге дәстүрді насихаттауға қақысы жоқ. Ал үйіне барғанда намазын жатып оқи ма, тұрып оқи ма, оны өзі біледі. Бірақ мешітте, көпшілік орында жергілікті халықтың дәстүрімен санасуы міндет. Сондықтан дін мен дәстүрді біте қайнастыру үшін халықтың діни сауатын арттырып, оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетсе жақсы болар еді.
– Елімізде қыз балаларға арналған медреселер неге жоқ?
– Қазір қыздар медресесі Оңтүстік Қазақстан облысында бар. Бірақ ол жеткіліксіз.
– Жалпы, біздің киіну мәдениетіміз төңірегінде не айтасыз? Қазақтың киіну дәстүрі де ислам мәдениетімен, ислам тағылымымен байланысып тұр дегенге қалай қарайсыз?
– Хиджаб – жамылғы деген мағынаны білдіреді. Бұл – арабтардың киімі. Себебі олар ислам дінінен бұрын осы киімді киген. Ал ниқаб, пәренжені Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Иран халықтары қолданады. Бұл ретте қазақтың киімі де ислам мәдениетімен тығыз байланысты. Себебі шариғатта қолдың тобығынан аяқтың тобығына дейін әйелдердің денесі жабық болуы керек делінген. Қазақтың бұрынғы киімінде кеудесі ашық, немесе етегі тізеден келетін киімдер болды ма? Жоқ. Демек, қазақтың киімінің шариғатқа ешқандай қайшылығы жоқ деген сөз. Қазақтың қыздары қызыл көйлек, қызыл нымша, үкілі қызыл телпек киген. Кейін заманға лайық етіп, үкілі қызыл телпекті қызыл орамалмен ауыстырған. Келін болмай тұрып, басына ақ тартпаған. Міне, қазақ осылайша, келін мен қызды ажырататын болған. Қара – қайғының белгісі, сондықтан одан қазақ қыздары қашық болған. Қазір де көп жерде осы дәстүр сақталған. Сондықтан хиджаб кигенше, өз ата-салтымызды дамытқанымыз дұрыс.

Алашқа айтар датым...
Менің ұсынысым, Қазақстандағы мұсылмандар, соның ішінде қазақтар ата-бабадан ұстап келе жатқан имам ағзам жолынан қол үзбеуіміз керек. Бұл – Әхли сүнна уәл жамағат жолы. Ал енді келіп, толқып әртүрлі ағымның жетегінде кетіп жатқанымыз жақсылықтың нышаны емес. Ата-бабаларымыз Алланың жолында бұрыннан келе жатыр. Енді осыдан айрылмауымыз керек. Әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмейтін болса, ислам діні оған тыйым салмайды. Сондықтан шариғат пен дәстүрімізді қатар алып жүруіміз керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста