Отбасы - ошақ қасы

Cағы сынған еркек

  • Cағы сынған еркек

    Cағы сынған еркек

Біз көбіне әйелдердің мұң шаққанына, сырын айтып жылағанына үйреніп қалғанбыз ғой. Әйел жыласа, ақылымызды айтып, көз жасын сүртуге дайын тұрамыз.


Ал ер-азаматтардың мықтылығына сенеміз. Алайда еркектің де тауы шағылып, сағы сынатын кезі болады екен. Таяуда­ маған бір кісі ақтарыла сырын айтқан еді. Кісінің сырын сыртқа шашқан дұрыс емес екенін білемін. Дегенмен ой салсын деген мақсатта ол кісінің мазасын алған нәрселер туралы газетке жазуды жөн көрдім.


Жасы елуден әлдеқашан асып кеткен кісі әйелінен ажырасқысы келетінін айт­қанда тосырқап қалдым. «Бала-шағасы өсіп, немере сүйген кезінде онысы несі?» деген ойымның аузымнан қалай шығып кеткенін де байқамай қалыппын. «Жұрт­тың осындай өсегінен қор­қып, осы уақытқа дейін бә­ріне шыдап, төзіп келдім, – деді ол. – Бірақ шыдамның да шегіне жетіп, төзімнің тау­сылатын кезі болады екен. Ондайда бәріне қолыңды бір-ақ сілтейсің.


Әйел мен бала-шағаны асырау еркектің міндеті деп мен өмір бойы әйеліме жұ­мыс істеткен жоқпын. Бір әйелге бір үйдің тірлігі жетіп артылады, оның үстіне әйе­лім үйде отырса, балаларым тәрбиелі болып өсе ме деп ойлағанмын. Сөйтсем бәрі керісінше болып шықты.


Шаңыраққа ие болады деген ұлым қаңғырып басқа қалада жүр. Онда үй-жайы болса мейлі ғой, пәтер жалдап тұрады. Жасы отызға жа­қындаса да үйленетін ойы жоқ. Бір басын асырай алмай, ай аралатып ақша сұ­райды. Ал өрісімді кеңейтетін қызым бір баласымен үйде отыр. Ата-енесімен бірге тұр­ғысы келмейді екен. Күйеу­баламыз үйінің кенжесі, ата-анасының қолында қалатын ұл. Құдалар біздің қыз бармай тұрып-ақ басқа ұлдарын үйлендіріп, еншілерін беріп қойған. Әрқайсысының өз тіршілігі бар, ата-анасының қолына қайтып келмейді. Соны қызыма қанша айтсам да түсіндіре алмай-ақ қойдым. Шешесі де қызына мұ­ның ұят болады, ата-енеңе қызмет ет, ол сенің перзенттік борышың дегенді айтпайды. Қызының өз жанында бол­ғанына мәз. Мен қыздың жатжұрттыққа жарал­ғанын айтып, оны күйеуінің үйіне жібергім келіп жанталассам, ол: «Жалғыз қызыңды сыйдырмай жатсың ба? Балаң көп пе?» – деп ұрсады мені­мен. Құдай адамды ақылға жарытпай қойса қиын екен ғой. Ақылымды айтып-айтып шаршап, ақырында үнде­мейтін болдым.


Өзім үй бетін көрмеймін. Осыларды тамақтан, киімнен тарықтырмайын, қатарынан кем болмасын деп істемеген жұмысым жоқ. Мінезім ашық, ешкімге бәле ойламайтын ақкөңілділігімнен болар, маған адамдар үйірсек. Достарым өте көп. Талайының үйінде қонақ болғанбыз. Біз де оларды қонаққа шақырайық десем, әйелім кірпідей жиырылады. Онысымен қоймай, қызғаншақтығын қай­терсің. Оның бұл әдетіне етім өліп кеткен. Ащы тілімен түй­реген кезде біраз уақытқа дейін тамағыма ащы өксік тығылып, ашынып отырам да, ол жылы сөйлесе, қайтадан ұмытып кетем.


Құдайдың зарын айтып жүріп биыл көктемде баламды үйге шақырып ал­ғанмын. Үйленесің, осы үйде отырасың дедім қатайып. Балам көнгендей болған. Былай-былай шығып жұмыс іздейін демейді. Екі айға жуық уақыт жүрді сенделіп. Келмей жатып алқымынан алмайын деп мен де үндемедім.


Бір күні жұмыстан келсем, үйдің шатырын жартысына дейін ашып тастапты. «Мұның не?» десем, ол: «Әкеңізден қалған ескі үйде тұра бер­мекшісіз бе? Мен үйді бұзып, өз ойымдағыдай етіп жөнде­темін», – дейді. «Ондай ойың болса, алдын-ала неге ақылдаспайсың? Жаз ортасынан ауғанда шатырды қайта жауып үлгереміз бе? Дайын тұрған қаражат та жоқ», – десем, «Ой, көке, өстіп күйді­ресіздер ғой. Мен кішкентай баламын ба? Керек заттарды жеткізіп берсеңіз, бәрін өзім істеймін ғой», – дегесін мен де үндемедім.


Сонымен үйдің бәрін бұ­зып, айра-жайрасын шы­ғарып, ешкімге ештеңе де­местен кетіп қалыпты. Қоңы­рау шалсам, телефонға жа­уап бермейді. Соған ашуланам деп қан қысымым кө­теріліп кетіп, екі-үш күн өз-өзіме келе алмадым.


Өз қолымды өзім кесейін бе, ақыр соңында аяғымнан тозып, үйімді жөндеп бере­тін адамдарды іздеп та­уып, алдымен төбесін жаңалап жаптырып, кейін үйдің іші­нің бә­рін қайтадан сылатып, әуреге түстім де қалдым. «Әке, мен сізді қинап қойдым ғой», – деп кешірім сұ­рап хабарласқан ұлым жоқ. Жым-жырт жатыр. Шешесі­мен сөйлесіп жүргенін біліп жүрмін. Ол да баласының хабарын айтайын де­мейді, мен де сұрамаймын.


Қыс түспей үйдің шатырын жауып алайын, от жағып жылытатын бір-екі бөл­мені жөндетіп үлгерейін деп зыр жүгіріп жүріп, үйге азық-түлік әкелуді ұмытыппын. Бір күні жұмыстан шаршап үйге барсам, қызым: «Тоңазытқыш бос тұр, бізді аштан қаты­райын дедіңіз бе? Астыңызда машина, азық-түлік ала келсеңіз болмай ма? Нанға неге ақша тастап кетпейсіз?» – деп дікеңдейді. Шешесіне қарасам, қызын маған айдап салып, мәз боп отыр.


Қаным басыма тепті. «Шық үйден! – дедім қызыма қарап ақырып. – Сені үйге әкелген мен емес, бұлай деп маған емес күйеуіңе айтасың. Осы уақытқа дейін тұяқ­тарыңды қимылдатпай, мойныма масыл қылып баққаным да жетер!»


Шынымды айтайын, осы күнге дейін бала-шағама да, әйеліме де қатты ұрсып көр­меген екенмін. Бар өмірімді соларға арнаппын. Ал олар мені әкем, ерім-пірім деп сыйлап, құрметтеудің орнына мені майшелпек қылып пайдаланып келіпті. Әйелім де, балаларым да мені адам деп сыйламай, табыс көзі ретінде ғана қараған екен. Осыны түсінгенде мен әйелімнен де, балаларымнан да түңіліп кеттім. Жанымды түсінбейтін жанмен бүкіл өмірім текке өткен екен. Ажырасамын! Барлық жұмысты жиыстырып қойып, ендігі аптадан бастап кірісемін осы тірлікке. Олармен үйді де бөліспеймін, ақша да бермеймін. Күндерін өздері көрсін!»


Осылай деген ол қатты ашуланып, темекісін үстін-үстін шекті. Ит тірліктен әйелдер ғана емес, ер-азаматтар да қажиды екен-ау деген ойға қалдым. Сөздің шыны керек, еркек мен үшін тас қамал секілді көрінетін. Сөйт­сек, олардың да бордай езі­ліп, тауы шағылатын, сағы сынатын сәті болады екен.


Бұл оқиғаға орай кімді кінәлайсың?


Қ. ЕРЕЖЕП


zamana.kz




Көрілген: 2833    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сенбі, 02.09.2017, 19:11

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
18 Қыркүйек, 09:26
Қыз күнінде бәрі жақсы...
15 Қыркүйек, 10:29
Енем мені менсінбейді
7 Қыркүйек, 10:48
Мұғаліміме ғашықпын...

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30