Отбасы - ошақ қасы

Әке мұрасына таласқан аға мен іні

  • Көрнекі сурет

    Көрнекі сурет

Күзден бері "Алаш айнасы" интернет газетін күн құрғатпай оқып келемін. "Отбасы - ошақ қасы" айдарын оқып отырып кейде кейіпкерлермен бірге қуанып, бірде кейіпкерлермен бірге көзіме жас алған күндерім де болды. Қайдан жыламайын, менің де басымнан өзегімді өртейтін, жаныма бататын оқиғаның болғаны жасырын емес. Дүние-дүниемен, ағайын арасы кеткен қиын екен...


Бір әке мен шешеден екі ұл едік. Әкеміз өлкемізге белгілі ауқатты жан еді. Анам да әкемнің бизнесіне көмектесіп бізді де тәрбиелеп, қонағын да күтіп есі шығып жүгіріп жүретін еді. Өзіміз Павлодар қаласында тұрдық. Інім Берік менен үш жас кіші. Екеуімізге де жоғары білім әперіп, астымызға жаңа маркалы көлікті де мінгізді. Әкемнің бізге алып қойған Павлодар, Алматы қалаларында үйі де болды. Бірнеше наубайхана, асхана, жиһаз жасайтын шеберханасы да бар еді.


Оқуымызды аяқтап, Берік екеуміз бір жылда үйлендік. Берік Алматыда оқығандықтан оңтүстік облыстың қызын алды. Ал мен өзіміздің Баянауылдың қызына үйлендім. Осылайша күндер өтіп жатты. Ата-анамыз немерелі болып та үлгерді. Мені бөлек отау қылып шығарды да Берік ата-анамның қолында қалды. Бала кезден бизнес мектебін меңгеріп өскен біздер, бизнес әлеміне оңай еніп кеттік. Мен Қытайдан машина тетіктері мен доңғалақтарын әкелумен айналыстым. Берік құрылыс саласына араласты. Осылайша әкеміздің берген қаржысымен басталған бизнес тез жүріп кетті. Күннен күнге ақшаның қызығына еніп, біздер бас алмай бизнес жасадық. Біздер үшін күн мен түн бірдей еді. Мереке-тойларда ата-анамның үйіне жиналамыз. Анамның келіндері ешқашан "жоқ" деген сөз естіген емес, балалары бағулы бикештер сән салонын жағалап, дүкен аралаумен күндері өтіп жатты. Жылына бір рет шетелге дем алуды әдетке айналдырғанбыз.


Осылайша біздің үйленгенімізге бес жыл толғанда ата-анамыз жол апатынан көз жұмды. Жылап-еңіреп жүріп ата-анамызбен де қоштастық. Орыстар сияқты балалары туа салып, завещание жазатын біздің қазаққа тән қылық емес қой. "Әке өлсе-бала мұра" деп бұйыртқанын алып, жүре береміз. Бірақ, бізде ондай болмады. Әкемнің жылы өткен соң туған ініміз екеуіміздің арамыздан қара мысық өтіп ит пен мысықтай болып араздастық. Арадағы дау- әкеден қалған мұра. Кімге не бұйырады? Кім нені қанағат тұтады? Осы мәселе шешімін таппай, бір үйдің қос азаматы "дүние, ақша" деген айықпас дертке шалдықты. Берік те айтқанынан қайтпады, мен де үлкендігімді бетке басып өз шешімімнен қайтпадым. Ақыл айтқан әйелімнің де аузын жаптым. Сот процесі ұзақ болып, туысқан үлкендердің сөзін де елеместен әркім дегеніне жетті. Сонымен соттасып жүріп дүниені тең бөлісіп, екеуіміз екі жаққа кеттік.


Берік отбасын алып әйелінің айтуымен Алматы жаққа кетті. Мен Павлодарда қалып қойдым. Кейіннен Астанаға көшіп келдім.Туған бауырыммен ат құйрығын шорт кесіп, оның өмірінен хабарсыз болдым. Тіпті ол да мен де бір-бірімізді іздемедік. Туысқандардың өлім-жітімінде Берік келген емес. Кейде туғаныңды сағынып, іздей бастағанда ойыңды "қайтесің, оны. Сені керек қылса өзі іздер еді" деген арам ой жеңіп кететін. Осылайша біраз жыл өтті. Бала-шаға өсіп-өніп, ер жетті. Бірақ, отбасымда ешкім ешқашан Берік туралы әңгіме қозғаған емес. Барлығы менің көңіліме қарайтын еді.


Жылдар өтті. Есейген сайын туған бауырыма деген сағыныш өрби бастады. Бірақ Берік тараптан еш іздеу, кешірім сұрау деген әрекет ығы білінбеді. Осылайша жүргенде мен жол апатына түсіп, екі аяқтан айырылып арбаға таңылдым. Түзде жүргеннен үйде отырғаным көп. Күні-түні ой мазалайды. Інімді сағынамын. Жарыма айтып едім менің бұл ойымды бірдеп құптап, "Бармысың, бауырым" телебағдарламасына беру туралы ұсыныс айтты. "Бармысың, бауырым" бағдарламасына хат жаздым.


Бір күні бағдарламадан хабарласып "Бармысың, бауырым" бағдарламасына келуімді өтінді. Олардың айтуы бойынша Берік інім де сол күні студияға келеді. Сол күнді қалай күттім десеңізші, түнімен көз ілмедім. Берік қазір қандай азамат болды екен? Немерелері көп болар... Мені кешірді ме екен, әлде әлі өкпесі қара қазандай ма? Егерде өкпелі болса "Бармысың, бауырым" бағдарламасына келуге келісім бермес еді деген ойлар келді.


Көптен күткен қуанышты сәт те келді. Туғаным, асылым – Берігім ақ шашты салиқалы азамат болыпты. Көз алдыма бірден әкемнің бейнесін елестеткендей. Осылайша жылап көрістік. Ол қасына қос ұлын ерте келіпті. Алматыда тұрады екен. Інімнің көзінен өкініш пен сағыныш ізі байқалады. Менің арбаға таңылғанымды көріп, тіземді құшақтап ұзақ жылады.


Осылайша, туған ініммен жиырма жылдан соң табыстық. Берік екінші рет үйленіпті. "Мені ағамнан айырған сол ашкөз келіннің кесірі" деп бір ауыз сөз ғана айтты. Мен де қазбалап сұрамадым. Бұл жерде келінмен қоса ағайынды екі жігіттің де қызба, менмендік мінезі де бар екенін анық ұғып тұрмын. Жуықта елге барып ата-анамыздың басына барып құран оқытып, ас беріп, туған-туысты аралап қайттық. Ініммен қауышқаныма бір Аллаға алғысым шексіз, інім де енді меннен айырылғысы жоқ. Өмірден түйгенім — дүние-дүниемен, ағайын арасы алшақтап кеткен қиын екен...


Автор: Дархан Ізтілеу, Астана

alashainasy.kz/ 




Көрілген: 1911    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

дүйсенбі, 02.10.2017, 10:26

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
18 Қыркүйек, 09:26
Қыз күнінде бәрі жақсы...
15 Қыркүйек, 10:29
Енем мені менсінбейді
7 Қыркүйек, 10:48
Мұғаліміме ғашықпын...

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30