Отбасы - ошақ қасы

Әкем бақытыма балта шапты...

  • © peopleandcountries.com

    © peopleandcountries.com

Көп келіншектерге галстук тағып, шіренген шенеуніктер ұнайды-ау осы. Көпке топырақ шашпайын бірақ солардың араларында небір қитұрқы, ішінен тынған, көркеуделердің көп екенін білем... Әкем әу бастан-ақ лауазымды қызметте, алдын облыс орталығында қызмет атқарды. Кейіннен лауазымы жоғарылап бас қалаға көшіп келдік. Анам біртоға, сабырлы жан. Әкемді бар пейілімен, ыстық ықыласымен сыйлайды.


Екеуінің арасындағы сыйластықты көріп, кейін мен де болашақ жарымды осылай сыйлаймын деп қиялыммен жоспар сызып қойғам. Бірақ адамның дегені бола бере ме, қиялым іске аспады. Асар ақ еді ау менің өмірімнің сценарийі менің қолымда емес, «драматург» әкемнің сценарийі бойынша өрбіді... Жоғарғы оқу орнын тәмәмдауға бір жыл қалғанда Жарқын есімді жігітпен таныстым. Бой десең бойы, түр десең түрі бар, жігіттің сұлтаны-тын. Араласатын ортам ылғи ығай мен сығайдың балалары, шетінен өркөкірек, әкелерінің дәулетінің арқасында болып толып қалған шетінен, тек менікі жөн деп кеудесін керген кеудемсоқтардан әбден ығыр болғам. Жастайымнен кітапқұмар болып өскем. Мен үшін қиялымдағы ақ бозатты ханзадамның олардың арасында жоқ екенін баяғыдан-ақ сезетінмін. Кітаптан оқыған, көрген білгендерімнің жиынтығынан жасап алған ханзадамның барлық қасиетін мен Жарқынның бойынан таптым. Ол да мен сияқты кітапқұмар, қиялшыл болатын. Екеуміздің ойымыз, арман мақсатымыз бір жерден шығып отыратын. Тіпті бір біріміздің ойымызды көзімізбен оқитынбыз, үнсіз түсінісетінбіз. Оқу бітірген соң үйленеміз деген арманымыздың бір ақ күнде күл талқаны шықты. Менімен жеке сөйлескен әкем тез арада тұрмысқа шығатынымды, мен үшін болашақ күйеу баланы да таңдап қойғанын айтқанда ес түстен айырылғандай болдым. Менің сөзім, пікірім бір тиынға да татымайтынын сол кезде бір ақ ұқтым. Сүйгенім бар дегенімді әкем құлағына да ілгісі келмеді. Ол үшін құдаларының дөкей болғаны, қызының бақытын байлыққа байлап, матап бергені маңызды еді. «Пәленше қызын пәленше деген дөкейге ұзатып, құдандалы болыпты» деген әкем үшін өте маңызды еді. Менің көз жасыма да, жалынғаныма да қараған жоқ. «Егер менің айтқанымды тыңдамасаң онда сен мен үшін жоқ адамсың» деп шорт кесті. «Шеше қарғысы боқ, әке қарғысы оқ» дегенді жастайымнан құлағыма құйып өсіргені де болар әкемнің қатал қағидасына мойынсұнудан басқа жол қалмады маған. Болашағымды Жарқынсыз елестете алмайтын мен әке үкімінен аттап кете алмайтын шарасыздығыма налыдым. Әкемнің ығынан шыға алмайтын анамнан көмек күту бекершілік екенін баяғыдан ақ білем. Жылай жылай көзім ісіп, ертеңіне Жарқынмен қоштасуға бардым. Екеуміз қосыла жыладық. Тіпті Жарқын қол ұстасып қашып кетейік деген ұсыныс та айтты. Бірақ мен әке қарғысын арқалап бәрібір бақытты бола алмайтынымызды айттым. Жүрегім екіге айырылғандай сол кездесуден кейін өмірден баз кешкендей сұлқ күйге түстім. Менің бұл райым әкемді тіптен ойландырмады да. Әкем үшін ақша, лауазым, атақ бірінші орында еді. «Байлық бар жерден бақыт қашып кете алмайды» дейтін. Бірақ әкемнің осы қағидасы дәл мен үшін керісінше болды.


Болашақ күйеусымағым шетелде оқып келген, болашақ шенеунік. Оған деген жеккөрушілігімде шек жоқ. Ата анасы менімен танысуға келгенде қабағымды ашпадым. Риза емес екенімді салқын қабағыммен ұқтырайын дегем, қайдан оларды бұл да райынан қайтара алмады. Менсіз ақ бар жоспар құрылып, мәселенің бәрі бүге шүгесіне дейін шешіліп қойылған екен ғой. Күйеусымағымның түрінен түр жоқ, әлде маған солай көрінді ме? Сықсиған кәріс көзді, не бой жоқ, не түр жоқ. Тек еркек деген аты ғана бар. Олар үшін де менің әкемнің мансабы мен менің сұлулығым ғана маңызды сияқты. Қауашағымда бірдеңе бар ма жоқ па, ол жағына да бас ауыртпайтындарын ұқтым. Мен сияқты талай мансаптылардың балалары жылап жүр екен деп ойлаймын бүгінде. Сол күні ақ той уақыты белгіленді. Құлағыма салған пәленбай миллион доллардың жақұт тасты сырғасы да мені қуандырған жоқ. Қайта оны мойныма салынған қарғыбаудай қабылдадым. Расында ол менің өмірі үзіп шыға алмайтын қамытым сынды-тын. Елдің есінен кетпестей өткен тойда көзім қайта қайта жасаурап мазам қашты. Сәл болмағанда еңіреп жіберуге сәл ақ қалып тұрдым. Біреулер үшін бұл бақыт тойы болса, мен үшін қасірет тойы болды. Алғашқы түнімді айтпай ақ қояйын. Азапқа толы, көз жасыма булықтырған сол түнді еске алсам санам сансырайды. Күйеуімнің екеуміздің арамызда ешқандай да сүйіспеншілік жоқ. Бауыр басып кетесің деп жұбатқандардікі де бекер болып шықты. Азапқа толы бірінші жылым өтті. Соның белгісі болып балам өсіп келеді, одан кейін екіншісі, енді үшіншісі. Махаббатсыз дүниеге келген балалар ғой, бәрі әкесіне ұқсап қалған. Әкем айтқандай күйеуім бүгінде лауазымды қызметте. Оның қызметтік өрлеуі де, қап қап ақша тапқаны да мені еш қуандырмайды. Күнде кешкісін келгенде сөйлесетін екі ақ ауыз сөзіміз бар. «Балалар қалай» дейді маған, «жақсы» деймін оған. Болды, бітті. Біздің бар сөйлескеніміз сол ғана. Оның ойағаны креслосынан айырылып қалмау, менің ойлағаным балаларымның амандығы ғана. Кештерге, тойларға барғанда ыздиып отырып, ыздиып сөйлескен элитадан шаршадым. Одан да баяғы ызу қию студенттік ортамды аңсаймын. .. Ондай кештерде екеуміз бақытты адамдардың ролін сомдаймыз. Бетіме маска киіп өтірік күлуді үйрендім, өтірік өмір сүруді де. Бір жолы бір бастықтың әйелімен сөйлесіп қалғаным бар. «Біз тордағы тотымыз ғой, байлық болғанымен бақыты жоқ. Амал жоқ бәріне көнуіміз керек. Біздің ортамыздағылардың тоқсан пайызын бақытсыздар құрайды. Есеппен құрылған отбасылар ғой...» дегені бар. Рас. Бәрі де рас...


Жанна 


alashainasy.kz/




Көрілген: 3648    Пікірлер: 0

жұма, 15.06.2018, 09:50

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    16 Қыркүйек, 11:25
    "Үйленем" деп алдап кетті
    11 Қыркүйек, 11:02
    Ажырасқаныма өкінем...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30