Отбасы - ошақ қасы

Анасын жүрек ауруына ұшыратады-ау сол қыз

  • Анасын жүрек ауруына ұшыратады-ау сол қыз

    Анасын жүрек ауруына ұшыратады-ау сол қыз

Өткен аптада ауылға барып, туыстардың бәрін тегіс аралап шықтым. Әпкемнің қабағы пәс көрінді. Себебін сұрауды ыңғайсыз көрдім. Келе мазасын алмайын деді ме, өзі де жарытып ештеңе айтпады. Үйге келгесін анамнан сұрап едім, әпкемді қызы шаршатып жүргенін айтты. Үлкен қызы үш-төрт жыл бұрын күйеуге шыққан болатын. Сол қызы екі баласымен қайтып келіп отыр екен.


Анам осыны айтқанда мен: «Әпкем оған бола несіне шаршайды? Қазір кімнің қызы қайтып келмей жатыр. Соны да уайымдап, шаршап жүр ме?» – деп таң қалдым. Сөздің шыны керек, маған ерлі-зайыптылардың ажырасуы таңсық емес. Ұрсып-таласып, ырың-жырыңмен күн кешкеннен екіге бөлініп, әрқайсысы өзінше өмір сүргендері дұрыс деп есептеймін. Осы ойымды анама айтқанымда ол кісі басын шайқап, күрсінді де әңгімесін бастап кетті.



«Бұл қыздың жыры бөлек болып тұр ғой, – деп бастады әңгімесін. – Сол үйге келін болып түскелі шешесіне енесі мен күйеуін жамандайды екен. Бұл ондай-ондай қиындық әр үйде болады, енең ұрысса, сені бірдеңе білсін дейтін шығар, үндемей қоя сал. Күйеуің ұрысса, тамағын уақытында бер, киімі таза тұрсын деп ақылын айтады екен. Сөйтсе қызы күйеуінің ұратынын айта бастапты. Неге ұрады деп сұраса, қызы: «Білмеймін, әйтеуір ұра береді», – дейтін көрінеді. Үй болып кетсін деп бұл оған да мән бермеуге тырысқан ғой. Бір күні түн ішінде қоңырау шалып: «Апа, мен бәрінен шаршадым, қазір келіп әкетсеңіз әкетіңіз, болмаса мен асылып өлемін», – депті. Құдағиына қоңырау шалса тұтқаны көтермейді дейді. Жетіп баруды ыңғайсыз көріп күйеубаласымен сөйлесейін десе ол да телефонға жауап бере қоймапты. Сосын қу перзентінен айырылып қалармын деп қорқып, ыңғайсызданса да құдаларының үйіне барыпты. Барса, құдағиы ағайын-туысын жиып, қызының киім-кешегін буып-түйіп дайындалып күтіп отыр екен. «Қызыңа дені дұрыс тәрбие бермегенсің, – болыпты сөзінің бісмілләсі. – Екі адамның басын қосып шай бере алмайды. Қолынан түк келмесе де, айтысуға ұста, сөзден жеңілмейді, айтатыны өтірік». Қойшы әйтеуір құдағи ит айтпаған сөзді айтып, жиенімізді шешесіне жетектетіп жібереді ғой.



«Сөз сүйектен өтеді» дегендей, түн ішінде әпкең жылап-еңіреп үйге келді. «Мен қызыма ондай тәрбие берген жоқ едім. Құдағидың мұнысы несі?» – деп жылады.



Құдағидың әңгімесі онымен біткен жоқ. Кейін де талай әңгіме айтылды ғой. Ақырында әпкең де қатты ашуланып, қызын ажыратып алуға біржолата бекінген. Сөйтіп ажырасу үшін сотқа арыз жазса, ондағылар мүмкін татуласып кетер деп екі ай мерзім беріпті. Кешегі аптада сотқа шақырған бұларды. Сол жерде енесі жеке шақырып жарты сағат сөйлескен екен, қызымыз ажыраспаймын деп арызын қайтып алыпты. Екі ортада шешесін жынды қылып отыр. Тым құрығанда кінәларын біліп, кешірім сұрап үйден әкетейін демейді, кел деп шақырса бұл жетіп бара салмақшы дейді. Әпкең кеше үйге келіп: «Жеңеше, бұл қыз мені жерге қаратты ғой, қайтем», – деп келіп, мұңын шағып кеткен».



Жиен сіңлімнің бұл қылығын естігенде қатты ашуландым. Әрине, ажырасу оңай емес. Өзінің, балаларының ертеңгі тағдырын ойлаған шығар. Ажыраспай, отбасын сақтап қалғысы келген болар. Бірақ мұны анасы мен енесін ұрыстырмай тұрғанда неге ойламады деймін ғой.



Сөздің шыны керек, қит етсе төркініне қашатын қыздар көп. Сондай қыздар өзінің тыныштығын ғана ойлай бермей, бір сәт анасының қамын да ойласа екен деймін.


Қ. ЕРЕЖЕП.


www.zamana.kz




Көрілген: 2369    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сенбі, 30.09.2017, 17:46

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
18 Қыркүйек, 09:26
Қыз күнінде бәрі жақсы...
15 Қыркүйек, 10:29
Енем мені менсінбейді
7 Қыркүйек, 10:48
Мұғаліміме ғашықпын...

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30