Отбасы - ошақ қасы

Арсыздығымның кесірінен ауылымнан жер аударылдым...

  • © garmoniazhizni.com

    © garmoniazhizni.com

«Алаш айнасы» интернет-порталында жарияланып жүрген отбасы – ошақ қасындағы материалдар өмірден опық жеп жүрген көптеген адамдардың қайғы-қасіретін көрсетеді. Мен де осы айдардағы кейіпкерлердің бірімін. Бәлкім, менің тағдырым олардан да қиынырақ шығар...


Ата-анамыздан жастай жетім қалдық. Әкем кішкентай күнімізде атылып қайтыс болды. Атылуының себебі – ол есін білмей мас болып, жасы тым кәрі бір кемпірді зорлаған көрінеді. Сөйтіп, өз масқарасын өзі көтере алмай, о дүниеге кете барды.


Анамыз да ұзаққа бармады. Анам ауырып қайтыс болғанда мен 8-сыныпта болатынмын. Тұрмысқа шыққан бір әпкем бар, ағамыз үйленіп үлгерген. Сол себепті үйдегі шиеттей 5 баланың үлкені болып мен қала бердім.


Мен сабақты жақсы оқып, іні-сіңілілеріме үлгі көрсеттім. Мектепте мақтаулы шәкірт болдым. Дегенмен, мектеп бітірер-бітірместен ойланбай жүріп от бастым. Мектеп бітірер жылы өзіммен бір сыныпта оқитын Боранбай атты жігітке ғашық болып, екеуміз жүрдік. Ол ұзын бойлы, көрікті жігіт болатын. Екеуміздің де шашымыз бұйра. Әке-шешенің мейіріміне зар болып жүргендіктен бе, Боранбайдың әр сөзі маған заң сияқты болып, бұл өмірде одан басқа жан жоқтай көрінетін. Боранбай үшін ғана өмір сүріп жүргендеймін.


Оңашада отырып ол жайлы шексіз қиялға берілетінмін. Мектеп бітіріп екеуміз үйленеміз деп, тойымызды көз алдыма елестетемін. Екеуміз жұмыс істеп, іні-сіңілілерімізге септігімізді тигіземіз. Жұмыстан келе жататын Боранбайдың алдынан жүгіріп шығатын балаларымыз туралы ойлаймын. Сөйтіп қиял жетегінде жүрген мен бір күні жүкті екенімді білдім. Емтихандарды әупірімдеп тапсырдым. Ешбір көңіл-күйім жоқ.


Бір күні жағдайымды Боранбайға айттым. Ол сол күні менімен жылы-жылы сөйлесіп отырған. Бірақ сол күннен бастап Боранбай маған жоламай, жоғалды да кетті. Қайтемін?


Ауылға масқара болып, дүниеге ұл әкелдім. «Е, қайтсін-ай, байғұс қыз! Әкесінің жасағаны анау, шешесі болса ақылын айтып үлгермеді!» деп жатты ауыл шулап. Боранбай сол кеткеннен мол кеткен. Баламның атын Әнуар деп қойдым.


Баламды өсіре жүріп сіңлілерім мен бауырларым да мектеп бітіріп жатты. Мен үйде баламмен жалғыз қалуға айналдым. Бірақ менің көршілерім мені жалғыз қалдыра қоймады. Күйеуі жоқ, өзі ішімдікке үйір бір көршім бар еді, аты – Балжан. Сонымен жұбымыз жазылмауға айналды.


Сөйте жүріп Әнуар мектепке баратын жасқа жетті. Ол мектепке барғалы тіпті барлық уақытым Балжанмен өтетін болды. Сөйте-сөйте өзімнің де арақ ішуді қалай жақсы көре бастағанымды білмей қалдым.


Балам мектепке барғалы оның сұранысы көбейді. Біреудің баласынан жақсы ойыншық көрсе де, әдемі киім көрсе де, алып беруімді талап етеді. Менде ақша қайдан болсын? Бауырларымның жетімдігі үшін алатын жәрдемақыларын олай тартып, бұлай тартып, әрең жеткіземіз. Кейде олар стипендияларына балама киім беріп жіберетін.


Балжанмен құрбы болғалы ішім пыспайтыны былай тұрсын, достарым көбейе бастады. Балжанның істейтін ісі, отбасы жоқ. Сондықтан кешкісін еріккен жұрттың бәрі соның үйіне келе қалатын. Екеуміз тамақ пісіреміз, сөйтіп, жиын-той бола қалады. Арақ ішіледі, тост сөйленеді. Бізге небір алғыстар жауады-ай келіп. Келіп-кетіп жатқан жұрт кейде отырып алып карта ойнайды. Ортаға ат көпір ақша тігіледі. Сондайда әлгілердің қалталарында бұрқыраған ақшаға қарап ішім ашитын болды. «Алтын көрсе періште жолдан таяр демей ме», солардың ақшасын иеленгім келді.


Содан бір күні Аманжол атты жігітпен қалжыңдасып, «Менің туған күніме бір сыйлық жасамайсың ба?» - деп қалып едім, ол мені айналдыра кетті. Ол кезде балам ауылда тұратын әпкемдікінде болатын. Сондықтан Аманжол екеуміз біздің үйде қонып қалдық. Аманжол болса «Туған күніңе сыйлық сатып ал!» деп, маған бірсыпыра ақша тастап кетті. Отбасы бар адам, мені керек қыла ма, ара-тұра келіп жүрді де, ол да қатынасты үзді. Бастапқыда оны көңілім іздеп тұратын еді. Аз уақытта жақсы көріп қалғандаймын. Келіп қалар деп жолына қарайлайтынды шығардым. Бірақ ол көшеде кездесе қалса басын изеп өте шығып, мені аса елемейтін. Уақыт өтіп жатты. Балжанның үйіндегі сансыз думан, жиын-отырыс та толастамады. Бұл Аманжолдың орнына басқа Аманжолдар пайда бола бастады. Олар да әлгі Аманжолдың ізімен жүріп, маған сыйлық сыйлап, менің төсегімнен бір-ақ шығатын.


Бірте-бірте қаладан ауылға келетін жолаушылар да Балжанның үйіне тоқтайтынды шығарды. Мен бұл кезде ақшаға әбден салынып, әккіленіп алсам керек. Қаладан келгендерге өзгеше амал ойлап таптым.


Бір күні Дулат атты бізден екі сынып жоғары оқыған жігіт келіп қалды. Өзі қызу екен. «Жұмысым бітпей қалды. Ауылда қалдым. Балжан, ақша беремін, дүкеннен керек-жарақтың бәрін алып келіңдер. Аямаңдар. Жақсылап көңіл көтерейік!», - деді. Балжан ас пісіретін болып, дүкенге мені жұмсады. Мен барып ішіп-жемнің бәрін алып, қалған ақшаны қалтама қысып қалдым. Ол аз көрініп, Дулатты тағы қалай пайдалансам екен деген ой келді. Содан Дулат әбден масайып, маған емеурін танытуға айналды. Сонысын пайдаланып, оны өзіммен алып кеттім. Ал жолдасы Балжандікінде қонып қалды...


Дулаттың ұялы телефонын алып қалғанмын. Бір жарым айдан соң оған қоңырау шалып: «Мен жүкті болып қалдым. Маған жасанды түсік жасатуға ақша керек!» - дедім қойып қалғандай. Менің ұсынысымнан бас тартпайтынын білем, өйткені әйеліне бірдеңе айтсам, арты жаман болып кетпей ме. Осыны білетін Дулат та: «Қанша керек?» - деді бірден. Мен ойластырып қойған соманы атадым. Дулат оны көп ұзамай карточкама аударды. Дулаттан соң да ауылға кім келіп, кім кетпеді дейсіз?! Олардың бәрінен «түсік жасатуға» деп ақша алып, мен сол табысқа кәдімгідей күн көріп жаттым. Бірақ уақыт өте келе бұл «бизнестің» өзі маған аздық ете бастады. Себебі ауылға қонақ күнде келе бере ме...


Тағы бір амал ойластыруға тура келді. Енді ауылдағы ақшасы көп, әйелдерге қылмыңдайтын зейнеткер шалдарды қарастыра бастадым. Содан менің қитұрқы ойымның қармағына тағы бір зейнеткер қария Болатбай ілікті. Оған «Көңіл көтересіз бе? Жас келіншек бар», - дедім. Болатбай сылқ ете түсті. «Менің қолақтығымды берсеңіз болды», - дедім. Ол да менің сөзімді күтіп жүргендей екен, зейнетақысының бір бөлігін аямады. Содан уағдалы күні Шәрипа мен Болатбайды үйге шақырып, коньяк іштік. Болатбай тіпті үйінен қазы, шұжығын ала келіпті. Тамаққа тойып, коньякқа қызара бөртіп, әңгіме соқтық. Шәрипа мас болып қалды. Оны Болатбай жатын бөлмеге алып кетті, төсектерін салып қойғам...


Шәрипаны осылайша мен «бизнес көзіне» айналдырып алдым. Арасында қаладан келімді-кетімді «клиенттерім» болып қалады.


Сөйтіп жүргенде төбемнен жай түскендей болды. Қалай білдірмеймін десең де, ел құлағы елу екен ғой! Менің іс-әрекетімнен бүкіл ауыл құлақтанып алыпты! Содан мені мектепке шақырып алып, жиналысқа салды. Біздің ауылда біреу біреумен жүрсе, оғаш қылық жасаса, жиналыстан бір-ақ шығарады. Мені де ортаға тұрғызып, жерден алып, жерге салды. Содан барлық жасаған ісімді әшкерелеп, «сен біздің ауылдың балаларына жаман жол көрсетіп жүрсің, атымызға кір келтіріп, ауылымызды масқараладың!» - деп, мені ауылдан кетіру туралы шешім шығарды да жіберді.


Жиналысқа түскен жақсы нәрсе емес қой, одан соң ауылда қалуға өзімнің де бетім жоқ. Үйді малға айырбастап, аудан орталығына көштім. Қазір бір кеңсенің еденін жуамын. Ақша ештеңеге жетпейді. Балам болса өсіп қалды. Осындайда ауылдағы «табысым» есіме түсіп, арам ойлар арбай бастайды... Қайтсем екен?


Бағира Бекболатова 


alashainasy.kz




Көрілген: 3278    Пікірлер: 1

дүйсенбі, 08.01.2018, 11:29

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    20 Маусым, 10:09
    Нәпсіге ерік беріп...
    16 Маусым, 23:05
    Монашканың махаббаты
    28 Мамыр, 10:54
    Кеш келген сезім...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31