Отбасы - ошақ қасы

Әйелі бар еркек үшін жастық шағымды қор қылдым

  • Әйелі бар еркек үшін жастық шағымды қор қылдым

    Әйелі бар еркек үшін жастық шағымды қор қылдым

 Нәзік жандылар жігіттерді әртүрлі топқа бөледі ғой, мысалы: "крутой", "карьерист", "симпот". Сол сияқты қазіргі уақытта қыздар арасында "женатый жігіт" деген махаббат термині пайда болған. Кез келген қыз-келіншектермен әңгімелесіп отырсаң, барлығының басында бір оқиға, бір сарынды әңгіме:


- отбасылы еркекпен жүріп жүрмін...


- әйелі бар еркекке ғашықпын...


- әйелі бар еркек соңымнан жүгіріп жүр...


- әйелін сүймесе де балаларын қимай жүр...


- әйелі бар екенін кеш білдім...


- көңілдесімнен аяғым ауыр...


Осы отбасылы еркектерге қатысты оқиға менің де басымнан өткен еді. Жас бойжеткендерге жалпы әйел қауымына сабақ болсын деп сол оқиғаны «Алаш айнасының» «Отбасы – ошақ қасы» айдарына баяндап берейін...


Мен университет қабырғасында екінші курс оқып жүргенде ағам тұратын жатақханаға барған едім. Ағам отбасылы. Баласын жатақхана дәлізінде ойнатып жүріп, өтіп бара жатқан бейтаныс жігіттің өзіме сүзіле қарағанын байқадым. Әсіресе қыз балалар өзіне қараған ер адам жанарынан тайсалып, біртүрлі болып кететінің рас. Екі бетім аппақ, көзім тостағандай өңді едім. Жігітке еш мән бермедім, сіңілімді ертіп бөлмемізге кіріп кеттік. Жатақхана ұзын дәлізді, ас үйі сол дәлізде жеке орналасқан еді. Суды да сол жерден алатынбыз. Су алып тұр едім, бағанағы дәлізде көрген жігіт қасыма келіп, су сұрады. Ойымда түк жоқ суды ұсына бердім. Алғысын айтып кетіп қалды. Біраз уақыт өткеннен соң бөлмемнің есігін, сол жатақханада тұратын жасы менен кіші Дархан есімді жігіт қағып тұр. Үйде ағам мен жеңгем жоқ еді. «Сенімен бір жігіт танысқысы келеді» - деді. Мен не дерімді білмей, ағам келіп қалар деп «ия, бар-бар» дей бердім. Біраз уақыттан соң жеңгем келді жұмыстан. Ағам тұратын жатақханада ауылдас дос қыз тұратын. Сол қызға бармақ болып, төменгі қабатқа түсіп бара жатыр едім, менімен танысқысы келетін бейтаныс жігіт кездесті. Сонымен бейтаныс жігіттің есімі Данияр екен. Таныстық. Ол кезде ұялы телефон деген атымен жоқ. Жігіт мені жексенбіге қонаққа шақырды. «Құрбыңмен менің жұмыс орныма қонаққа келіңдер, сендерді менің туысқан інім Дархан ертіп келеді», - деп кете барды.


Студентпін. Сабаққа барып күндерім өтіп жатты. Мен өзім оқитын университеттің жатақханасында тұратынмын. Сонымен жексенбі күні түстен кейін ағамның жатақханасында тұратын құрбым Аида мен Дархан келіп тұр. Жиналып қонаққа бардық. Бейтаныс жігіт шағын базардың директоры екен. Кабинетіне дастархан жайып қойыпты. Шампанды да ұмытпаған, сонымен жақсы отырыс болды. Данияр мен туралы сұрай берді, мен сол кезде қазір ойласам, ол үшін кішкентай, оқушы қыздай екенмін. Ол сұрақ қояды, мен еш бүкпесіз жауап беремін. Мен жігіттің жасын сұрадым.


- Жасыңыз нешеде? (Мен басында ұялғаным ба жоқ әлде жаңа таныс болғандықтан ба «Сіз» деп сызылып жүрдім.)


- Сен қалай ойлайсың?


- Білмеймін...1976 жылғысыз ба?


- Жоқ...


-1974...


- Жоқ...


-1972...


- Ал жарайды, солай-ақ болсын, - деп күлді.


Бізді жатақханаға Данияр машинасымен әкеліп тастады. Сол уақыттағы машинасының нөмірі әлі есімде. Солай күндер өте берді. Біраз уақыттан соң біздің ара-қатынасымыз махаббатқа ұласты. Күнде кешке келеді жатақхана алдына. Кездесу. Кейде мен өзім шағын базарға барып, жоқ болса кабинетінде күтіп отыра беремін. Осылай көктем келді. Біздің ара-қатынасымыз төсекте де жалғасқан. Ең алғашқы жігітім де сол еді. Мен сол кезде өте бақытты едім. Ойладым, мен не деген бақытты едім, өскен отбасым бір ауылдың бетке ұстар жанұясы, оқуды да жақсы оқыдым, грантқа да өз күшіммен түстім, енді міне өзімді сүйетін, өзім сүйетін келісті жігіт таптым деп жүргенде, жадымда енді Даниярмен қосылып бақытты жанұя болсақ деген ойдан басқа еш нәрсе болмапты.


Бір күні тобымда бірге оқитын Дина есімді құрбыммен көшеде келе жатсақ, алдымыздан құрбымның таныс балалары кездесті. Мені де таныстырды. Олар сөйлесіп тұрып қалды, мен жатақханаға кетіп қалдым. Келесі күні Дина екеуіміз қаланың шетінде тұратын менің туысқан ағамның үйіне бардық. Олар қонаққа кетіп, үйді бізге қалдырды. Дина екеміз ұйықтамай әңгіме соғып жатырмыз. Бір кезде Дина маған былай деді:


- Зарина, мен саған бірдеме айтайын ба?


- Ия, айт.


- Жоқ, айтпай-ақ қояйыншы...


- Өзің бастадың енді айт, не туралы?


- Сенің Даниярың туралы...


Жүрегім дүрсілдеп, бойымды қорқыныш билеп, небір ойлар кетті ойымда. Бірақ, басқа қызы немесе әйелі болуы мүмкін деген ой мүлдем келген жоқ. Өйткені осы уақытқа дейін ондай сезікті еш қылық көрсеткен жоқ еді және үнемі менің қасымда.


Дина жұлып алғандай:


- Даниярдың әйелі бар екен. Үйленген екен.


Өткенде көшеде кездескен танысы мені ұнатыпты да мен туралы сұрағанда, Дина: "Оның жігіті бар, осындай шағын базардың директоры",- депті, сол кезде танысы Даниярдың отбасылы екенін айтыпты. Сонымен қойшы көрер таңды ұйқысыз атырдым. Ұйқым келмейді. Таң қашан атады екен деп шыдамсызданып жатырмын. Қазіргідей телефон жоқ. Жүрегім атша тулап, бейберекетім кетті. Не ойларымды білмеймін. Ол көп өзі туралы айтпайтын, мен де көңілім толғандықтан, үнемі қасымда болғандықтан, еш артық сұрақ қоймаған едім. Таң атты. Сағат тоғыз болғанын күтіп жүрмін. Ол жұмысына сағат тоғыздар шамасында келеді. Құрбымды ерте тұрғызып алып, киініп алып, автобусқа отырып шағын базарға тарттым. Базарға барсам, ол әлі келмепті. Сонымен сағат он болды, ол жоқ. Мен базар маңында айналшықтап жүрмін. Бір кезде базар ауласына кірген қызыл машинасының қарасы көрінді-ау. Алып-ұшып кабинетіне бардым. Ол мені мәз болып қарсы алды. Менің өңіме қарап, «бір жерің ауырып тұр ма» дейді. Мен оны көріп, не айтарымды білмей, қалай сұрарымды білмей қаттым да қалдым. Әлі есімде, былай дедім:


- Данияр, сенің бір «нәрсең» бар екен ғой... Шын ба?, - деп жылап жібердім. Ол бірден ұқты да басын изей берді.


- Әйелің бар екенін маған неге айтпағансың? - дедім де сыртқа атып шықтым. Көшеде жол бойымен жүріп келемін, көз жасым көл болды, өзімді тоқтата алмаймын. Артымнан Данияр машинасымен келіп, тоқтап, машинаға отыруымды, сөйлесу керек екенін айтты. Машинасына отырып, өзен жағасына барып, біраз сөйлестік. Мен ештеме айтпай жылай бердім, жылай бердім. Өзімді бір ауыр қылмыс жасағандай сезіндім. Өзімді біреудің жанұясын бұздым деп кінәлап, бір жағынан ендігі өмірім не болады, Даниярсыз қалай өмір сүремін деген уайым жеп барады. Данияр менен он үш жас үлкен жігіт екен. Түріне қарасаң өте жас еді. Спортпен айналысатын. Өте сауатты болатын. Мен онымен әңгімелескенде тек тыңдай бергенді ұнататынмын. Тарихты өте керемет білетін еді. Негізгі мамандығы балалар дәрігері екен. Ол бірақ бизнесті қалаған. Жас кезінде біреуді ұрып, сотты болған екен. Менімен танысқан кезде бостандыққа шыққанына көп болмаған. Әкесі ертеректе қайтыс болған. Көп балалы отбасынан. Данияр ортаншысы. Аға-апалары бәрі бизнеспен айналысатын. Жас кезінде үйленген екен. Бір баласы бар екен.


Мен үшін өмір аяқталып қалғандай еді. Қатты бауыр басқаным соншалықты, өлгім келді. Өмірде менен бақытсыз адам жоқтай көрінді. Сабағым жайына қалды. Ештемеге зауқым жоқ. Бір жағынан Даниярды қимаймын, бір жағынан оның әйелі мен баласын ойлаймын. Әйелі мен баласының көз жасына қалғым да келмейді. Біреудің бақыты біреуге бақыт бола ма? Менің тәрбиемде біреудің жанұясын «бұзу», «ажырастыру» деген жат қылық. Өз баласын жетім еткен еркек кейін қандай әке, қандай күйеу болады деген түсінік бар еді. Әкем айтатын: «Қазақ байыса қатын алады». Сол сияқты ажырасып жатқан еркектерді ұната қоймайтын едім. Біраз уақыттан соң ол келуін, мені іздеуін тоқтатпады. Тіпті, кездесуден қашып жүргенде оқу ғимаратының алдында күтіп тұратын еді. Мен жақсы көрсем де миымда «ол жанұялы» деген ой тұрды. Тіпті бір рет мені жатақхана алдынан көтеріп, машинасына салып алып кетті. Ол да мені сүйетін. Бірақ бізде қосылатын болашақ жоқ еді. Екеуіміз де соқыр сезімге мас болып...


Жазғы каникул болды. Мен ауылға кеттім үш айға. Ауылда жүрсем де бир минутқа ойымнан шығарған емеспін. Бір күні кешкілік мезгілде үйге қалада жұмыс істейтін құрбым Аида келіп тұр. «Жүр біздікіне, Данияр сені іздеп келді», - деп. Бардым. Данияр келіп тұр. Сонау облыс орталығынан 500 шақырым ауылға келіпті Аиданы алып. «Сені сағындым», - дейді. Маған әкелген базарлығы бар. Тез сөйлестім де базарлығын Аиданын бауырларына ұстаттым да кетіп қалдым. Бар-жоғы он минут қана тілдестік. «Анам іздейді» деп кетіп қалдым. Үйге келсем, расымен анам алаңдап мені іздеп жатыр екен.


Жаңа оқу жылы басталды. Тағы да кездесу. Кездесіп жүрдік. Бірақ менің ойымнан күні-түні «оның әйелі бар» деген ұғым кетер емес. Ұйықтасам да есімнен кетпеді. Оны көрсем бәрін ұмытып, үйіне кетсе тағы да «әйелі бар, әйелінің қасында» деген ойлар мазалайды. Не ұмытайын десем, еш жігітке қарағым келмейді. Даниярдан басқа ешкімді көрмеймін. Даниярдың бар туысы білді. Ол да жасырмайтын. Маған айтатын: «Сен - қорқақсың, өзің қалай өмір сүргің келеді, сүре алмайсың», - деп. Бірақ бір сыйлайтыным, ешқашан әйелін жамандаған емес. «Баламның анасы, сыйлау керек» дейтін еді. Менің де ол әйелге деген еш өшпенділік сезім жоқ еді, тіпті жек көргем де жоқ. Ол әйел үшін менің де жүрегім ауыратын. Мен өмірі ішімдік ішпейтін едім. Кейде қыздармен сыра ішетін болдым. Іштей қайғымды басқан түрім. Ол кезде пейджер деген шыққан еді. Пейджеріне хабарлама тастаймын. Ол түн болсын, мені қыздармен қыдырып жүрген кезімде алып кететін. Сабағым да төмендеп кеткен. Ол үнемі айтатын: «Мен тірі тұрғанда оқуыңды бітіресің!» - деп кейбір емтихандарды өзі сатып алып беріп жүрді. Сабақты жақсы оқитын менің бұл қылығым барлық топтастарымды таң қалдырды. Оның әрбір сөзі, әрбір ісі мен үшін үлгі болды. Үлкен жігіт болаған соң ба мені баласындай еркелетті. Оның қасында жүргенде өзімді еркін сезіндім, еш нәрседен қорықпадым.


Қойшы сонымен төртінші курсты аяқтадым. Қолымда диплом. Диплом алғанымды өзі ресторанда атап өтті. Ол маған бір күні екінші әйелі болуымды өтінді. Үйімді, машина, жақсы жұмыс, бизнес бәрі болатынын айтты, тек «мендік бол» деді. Ондай ойға қалай келісемін, ата-анамды тірідей өлтіріп, ата-анам қызметкер адамдар. Көре алмайтын жауларына өзім «аяққа» салып бермекпін бе, мен үшін ата-ана абыройы бірінші орында. Егер де ешкімім жоқ болса, махаббат үшін бәрін жасар едім. Менің жағдайымда ойланбастан «жоқ» деймін, әрине. Мен жұмысқа бір алыс ауылға кеттім. Ондағы ойым, Даниярдан алыстап кету. Үш жыл ауылда жұмыс істедім. Жұмысқа беріліп, ұмытқандай болдым. Бірақ, маған Даниярдан хат келіп тұрды. Кәдімгідей поштамен жазылатын хат. Қаншама хатты жинап жүрдім, кейіннен бір күнде түгелін өрттеп жібердім. Үш жылдан соң қала орталығына қайтып келдім. Жақсы жұмысқа тұрдым. Күні-түні жұмыс. Бұрынғыдай емес Даниярдың да уақыты аз, бизнесінің қызған кезі. Менің де өз карьерам. Бірақ, келіп тұрды. Бір күні әйелі босанғанын естідім. Содан бастап бірден үмітімді үздім. Біраз суыдым. Өзімше өмір сүре бастадым. Маңайыма қарай бастадым. Бұрын мән бермеген екенмін, қаншама жігіттер бар, қаншама жігіттер маған көз салады, сөз айтады. Бірақ, шынын айтсам, бәрін Даниярмен салыстырамын. Маған енді бәрібір болып кетті, бұрынғыдай Данияр деп өліп тұрамайын, ар жағым жақсы көріп тұрсам да өзімді ұстауға тырысамын. Ол менің үйімді білетін. Кез келген уақытта келе салатын есік алдына. Бір күні достармен кафеде жүрсем, ол кездесіп қалды. Аздап қызу. Мені далаға алып шығып, білегімнен қатты қысып, «бар, үйіңе қайт» деді. Кетпейін десем, төбелес аша ма деп қорықтым. Кейіннен біреумен таныссам, бір жерде отырсам, қорқып отырамын. Ол мені көрсе, қасымда отырған адамға қарамай, мені өз затындай көретін еді.


Ақыры мен Астанаға кетіп тындым. Оған деген махаббатым әлі өшкен емес. Бірақ, адам болғасын өз өміріңді сүру керек қой. Сағыммен қашанғы жүресің, көзсіз махаббатттан да жалығады екенсің. Астанада жүргеніме бір жыл болғанда маған түнде телефон шалып тұр, нөмірімді қайдан тауып алғанын білмеймін. Екінші жыл болғанда тағы да звондап тұр, мен Астанаға келдім деп. Барғым келсе де кездесуге, өзімнен қорықтым. «Астанада емеспін, іссапармен басқа қаладамын» дедім. Үшінші жылдан кейін тағы да хабарласты. Астанадан үй алуға келіпті. Бардым кездесуге. Бөтен адамдардаймыз, «сен баста, сен баста» деп іштей, бір-біріміздің жүректеріміз тілдескендей. Құшағына асылғым кеп тұрса да, өзімді ұстаймын. Бір-бірімізден алыстасақ та іштей қимаймыз. Екеуміз де жасанды маска киіп отырмыз. Жүрек шіркін қимайды ғой. Амал не? Жай үлкен адамдарша сөйлесіп, бұрынғыдай емес мен де есейдім. Бәрін ақылға жеңдіруге тырысамын. Бірақ ол кеткен соң біраз уақытқа дейін сезім шырмауынан шыға алмай жүретінім рас. Бір үміт оты пайда болғандай. Біраз көрмеген соң тіршілікке араласып, біраз жүрегің саябырлағандай болады. Кейін бизнес аштым, сол уақыттарда хабарласып кеңес алып тұрамын. Ол бұрын айтатын еді: «Сенен оқыған, жеке бір тұлға көргім келеді, сенің қолыңнан бәрі келеді, сен менімен жүріп өз қатарластарыңнан ерте есейдің» деп. Кейде ол маған қызып алғанда, қатты қиналғанда хабарлама жазады: «Мені сенен басқа ешкім түсінбейді, сен менің жүрегімнің түбіндесің!». Ал, мен қиналсам әлі тұрмысқа шықпай жүргенім есіме түсіп, ішкі жан дүнием тулағанда оған хабарлама жазамын: «Менің жастығым сенімен кетті, бәріне сен кінәлісің! Қайдан ғана кездестің! Сен менің қолым жетпей кеткен арманымсың...».


Шындығында оның ештемесі кеткен жоқ, бизнесі орында, отбасы орнында, өмірі уақытымен өтіп жатыр, жас қызды өзіне ғашық етті, соңында Пушкин ертегісіндегі кемпірдей тесік тегенені құшақтап қалған мен ғана.


Қазір де мен көп таныс қыздардан «жігітім отбасылы» дегенді көп естимін. Бірден қолымды бір сілтеймін, «керек емес» деп. Оларда өздерінше үміт бар. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, өзім отбасылы еркекке мүлдем жоламаймын. Отбасылы адамға ғашық болу опа бермейтініне көзім жеткен. Жас қыздар менің қателігімді қайталамаса екен деймін. Соқыр сезімге алданып, қалай «кәрі қыз» болып қалғандарын білмей қалар!


Автор: Зарина Омарбекова, Астана


 




Көрілген: 2814    Пікірлер: 0

бейсенбі, 11.01.2018, 08:34

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    26 Қыркүйек, 12:08
    Жарыма адал бола алмадым
    19 Қыркүйек, 11:11
    Анам үшін ұялам...
    16 Қыркүйек, 11:25
    "Үйленем" деп алдап кетті
    11 Қыркүйек, 11:02
    Ажырасқаныма өкінем...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31