Отбасы - ошақ қасы

Әйелім көзіме шөп салып жүр ме деген ой мазалайды

  • © пролесной.рф

    © пролесной.рф

Алла басқа салған соң пенденің көмбеске амалы жоқ. Сондай пенденің бірі менмін. Мұндай шарасыздыққа кез болғалы да тоғыз жылдың жүзі болыпты. Отбасылымын. Әйелім мен он жасар ұлым бар. Ең жақын қамқоршыларым да солар. Туысым жоқ емес. Анам, екі апайым мен бауырым бар. Бірақ «анадан алтау болсаң да отаныңа жалғызсың» дегендей, төртеуміз бір анадан туғанмен әрқайсысымыздың өз отбасымыз, өз тіршілігіміз бар. Анам ауылда, бауырымның қолында.


Мен қатарымнан кештеу үйлендім. Тіпті бауырым да меннен бұрын шаңырақ көтерді. Бауырым үйленген соң «анамның ауырын жеңілдететін адам бар ғой» дегенді сылтауратып отызға келгенше үйленбей жүрдім. Бауырым анамның қолында болған соң мен қалада қалдым. Апайларым қол ұшын беріп, қаладан екі бөлмелі пәтер де алдым. Адам бойдақтық өмірге де үйреніп алады екен. Пәтер алған соң апайларым «үйлен» деп қоймады. Содан үйленуге бел байладым. Өзім қатарлы қыздар арасынан ұнаған ешкім болмады. Оған қоса апайларым да «жастау қыз ал, сыйластықтарың жақсы болады» деп қоймады. Сөйтіп жүргенде жоғарғы оқу орнын жаңа тәмәмдаған бір бойжеткенмен таныстым. Көп ұзамай (қыздың келісімімен) сол қызды алып қашып, үйлендім.


Ауылда екі аптадай болған соң, қалаға, өз пәтерімізге келдік. Солай отбасылық өмір басталып кетті. Гүлдана (зайыбым) өз мамандығы бойынша мектепке мұғалім болып жұмысқа тұрды. Мен сол баяғы жеке бизнеспен айналысып жүрдім. Көтере зат аламыз да, базарда сатамыз. Бұл достармен қосылып, 2000 жылдарда бастаған бизнес. Бір ізге түскен. Табысымыз да жаман емес. Тек бойдақ өмірдің ойын-күлкісін екі жылға дейін қоя алмай жүрдім. Алғаш үйленген жылы үйге түн ортасында келу деген көп болатын. Үйге қонбаған кездер де аз болмады. Бірақ Гүлдана соның бәріне шыдап бақты. Ол үшін жарыма айтар алғысым шексіз. Егер оның орнында басқа адам болса, бәлкім сол кезде-ақ ажырасып кетер ме едік.


Арада екі жыл өткенде Гүлдананың аяғы ауырлады. Сол сәттен бастап қыдыруды азайттым. Шамам келгенше әйелімнің жағдайын жасауға тырыстым. Ай күні толғанда Гүлдана дүниеге ұл алып келді. Бұл біздің отбасымыздағы, алғашқы, ең үлкен қуаныш болды. Енді жұмыстан кейін үйге асығатын болдым. Қиялыма, ұлым мені күтіп отыратын сияқты болатын. Әйтсе де арасында пенделікке бой алдыратын кездер де болып қалатын.




Ол кезде ұлым 11 айлық. Бір айдан кейін бірге толуын тойлаймыз деп жоспарлап жүргенбіз. Бірақ адамның айтқаны болсын ба. Жаз мезгілі болатын. Анам «Нұрдәулетті (ұлым) сағындым» дей берген соң Гүлдана екеуін екі-үш күнге ауылға апарып тастадым. Қалада жігіттер бас қосатын болып келіскен соң, ауылда көп бөгелмей, қайта қалаға тарттым. Қалаға таяғанда кеш түсіп қалған. Не болғаны белгісіз, кенет, қарсы келе жатқан жүк көлігі менің жолыма шығып, соқтығыстық. Одан әргісі маған қараңғы. Есімді үш күннен кейін ауруханада жидым. Қолым ептеп қимылдайтын секілді. Бірақ аяғымды сезінбедім. Кейін білдім, бел омыртқаға зақым келіпті. Соның салдарынан белден төмен жан жоқ. Екі айдан кейін ауруханадан мүгедектер арбасына таңылып шықтым.


Міне солай арбада отырғаныма тоғызыншы жыл. Бастапқы кезде өз-өзімнен жынданып, болмашы нәрсеге айғай шығаратынмын. Тіпті өз-өзіме қол жұмсамақ болған кезім де болды. Бірақ адам бәріне де көндігеді екен. Мен де көндім. Гүлдананың арқасы десем де болады. Ол бәріне төзді. Бар күйгелектігімді көтерді. Жұмысына да, үй шаруасына да үлгереді. Бизнестегі достарыма да алғысым шексіз. Әлі күнге «сенің үлесің» деп ай сайын ақша әкеліп тастайды. Әрине бұрынғыдай мол болмаса да, біршама көмек. Әйтпесе, менің болмашы жәрдемақым мен мұғалімнің жалақысына күн кешу жеңіл болмас еді.


Соңғы кезде мені бір ой мазалап жүр. Гүлдананың бойынан бір өзгеріс байқағандаймын. «Біреуді тапты ма екен?» деген қызғаныш ішімді мысықша тырналап жүр. Осы оқу жылының басынан бастап Гүлдана ерекше киініп, сыланып-сипанып жүретінді шығарды. Сөйтсем Гүлдананы мектепте оқу ісінің меңгерушісі етіп тағайындапты. Бірақ ол жайлы маған екі айдан кейін ғана айтты. Онда да, мен «соңғы кезде ерекше киінетін болдың ғой» деген соң. «Сен дұрыс түсінбей, ренжіп жүре ме, кейінірек айтамын ғой» деп жүр едім деп ақталды. «Түсінбейтін несі бар, оған неге ренжуім керек?» дедім де қойдым. Бірақ осы бір әңгімеден кейін көңілімде күдік пайда болды.


Көп ұзамай күдігім еселене түсті. Өйткені, сол әңгімеден кейін Гүлдана «жиналыс болды, комиссия келді» деген секілді сылтаулармен (бәлкім расымен де солай шығар) жиі-жиі жұмыстан кеш қайтатынды шығарды. Жаңа жыл қарсаңында болған ұжымдық кештен таң ата келді. «Неге кеш келдің мейрамханалар бір-екіден кейін жұмысын тоқтатушы еді ғой» деп едім, «мейрамханадан кейін қыздармен директор апайдың үйінде отырдық» деді. Шынымды айтсам, Гүлдананың ол сөзіне сенгем жоқ. Бірақ менің көзіме шөп салып жүргеніне дәлелім де жоқ.


Жаңа жыл мерекесінен кейін Гүлдананың жұмыстан кеш қайтуы да сиреген болатын. Содан да болар көңілдегі күдік те сейіле бастаған еді. Алайда ол көпке бармады. Осы 8-наурыз мерекесінен кейін Гүлдананың бриллиант көзді жүзік тағып алғанын байқап қалдым. Көрініп тұр, арзан емес. Сұрап едім «өзім сатып алдым» деді. «Неге маған айтпадың?» деген сауалыма тағы да, «ақшаны құрттың деп ренжи ме» деп ойладым деді. Көмейіме бірдеңе тығылды да, одан әрі сөйлесуге шыдамым жетпей, кері бұрылып кеттім. Оған қоса, соңғы кезде Гүлдананың біреумен телефон арқылы жарқылдап сөйлескенін байқаймын. Сол кезде жүзі бал-бұл жайнап кетеді. Тіпті, сол кезде менің бар екенімді де ұмытып кететін секілді. Қанша сыр бермейін десем де, өзегімді қызғаныш өртеп, шыдай алмай, «кім» деп сұраймын. «Мектептегі пәленше апай ғой» дей салады.


Қазір есік алдына шығуды да азайттым. Елдің бәрі маған мүсіркеп қарайтын сияқты көрінеді. Бар алданышым- ұлым. Гүлдана «жазатын қағаз көбейіп кетті» деп үнемі оқшауланып, басқа бөлмеде отыратынды шығарды. Оның қағаз жазып емес, ұялы телефонмен хат жазып отыратынын да байқаймын. Шарасыз күй кешем. «Кет» деп Гүлдананы үйден қуып шығатын жағдайда емеспін. Онсыз не істей алам?! Бірақ қызғаныш жанымды жегідей жеп барады. Не істерге білмеймін. Бұл тығырықтан шығар жол бар ма? Не істеуім керек?


Қанат, Алматы

alashainasy.kz 




Көрілген: 3847    Пікірлер: 0

сейсенбі, 03.07.2018, 10:53

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    20 Маусым, 10:09
    Нәпсіге ерік беріп...
    16 Маусым, 23:05
    Монашканың махаббаты
    28 Мамыр, 10:54
    Кеш келген сезім...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31