Отбасы - ошақ қасы

Бала күтушісі боламын деп...

  • Сурет ашық дереккөзден алынды

    Сурет ашық дереккөзден алынды

«Алаш айнасы» интернет газетіне көптен көкейімде жүрген, жас күнімде басымнан өткізген бір оқиғаны айтып бергім келеді. Жас қыздарға сабақ болсын деп айтпақпын.


Менің анам ерте дүние салды. Бізге – маған және бауырыма үлкен әпкеміз ана орнына ана, әке орнына әке болды. Әкеміздің бар деген аты ғана, күнде ішуден қолы босамайтын. Анам байғұс соның азабын тартып, соққысын жеп жүріп, дүние салды, бір қызық көрмей кетті-ау өмірден деп кейде өкінемін.


Әпкем бізге біраз қарайлап жүріп, тұрмысқа кештеу шықты. Жездеміз аздап қытымырлау болды, бауырым екеуміздің көп барғанымызды жақтыра бермейтін. Әпкем байғұс онысын жуып-шайып, бізге білдірімеуге тырысады. Қыз деген бәле емес пе, бауырыма қарағанда мен жездемнің қас-қабағынан-ақ бәрін түсініп тұратын едім.


Мектеп бітіріп, оқуға түсуге қалаға келгеніммен оқуға түсе алмадым. Ауылға қайтқым келмей, қалада жұмыс іздеп қалып қойдым. Жеке пәтер жалдауға жағдайым келмейді, әпкемнің үйінде тұра берудің де реті жоқ. Алғашында мейрамханада официант болып істедім. Официанттың жалақысы мандымайды екен, оған қоса, әпкеме де артық жүк болғым келмеді, әрине, өз қажеттіліктерімді өзін таба аламын, тек әпкемнің құлағы тыныш болсыншы деп бөлек кеткенді жөн көрдім. Бірақ бөлек кеткенде қайда барамын?! Сосын жұмысты да, тұрғылықты жерді де беретіндер болады дегенді естіп, сондай жұмыс іздей бастадым.


Бір күні «үйде тұрып жұмыс істейтін бала күтушісі керек» деген хабарландыру бойынша көрсетілген мекен-жайға бардым. Үй иелері жастары 45-50-лер шамасындағы адамдар екен. Аулаларында кафесі бар, бірақ қуыс-қуыс болып үйге жапсарласа салыныпты. Үй иелерінің бизнесі екен ғой деп шамаладым.


Күтуші қажетсінген балалары 10 жастағы ұл бала екен. Оның сабағына көмектесіп, бас-көз болып жүруім керек екен. Жексенбі күні 1 күн демалыс беріледі. Айтқан жалақылары да ойымдағыдай сияқты.


Сонымен әпкеме барып, жақсы жұмыс тапқанымды, енді сол үйде тұратынымды айтып, қажетті көрпе-жастықтарымды таксиге салып жаңағы үйге қайта келдім. Маған жататын бөлмемді көрсетті. Менің бөлмем үй иелерінің жатын бөлмелерінің жанында болып шықты. «Неғұрлым баланың бөлмесіне жақын болғаны дұрыс еді», - дедім күмілжіп. Олар оған аса мән бермеді.


Мені ертіп жаңағы кафелеріне алып барды. Үй иесінің жұбайы тамақтың ретін айтпаққа орнынан тұрып кеткен. Сол-ақ екен, дардай жасына қарамастан жаңағы үй иесі менің жаныма келіп жайғасып, жайлап үстелдің астынан саныма қолы байқамай тиіп кеткендей бір оғаш қимылдар жасады. Жүрегім селк ете қалды. Менің тіксініп қалғанымды байқаған болуы керек, абайсызда тиіп кетті дегендей мезірет жасап, өз орнына барып жайғасты. Сосын жанымызға әйелі келіп, кафе қызметшілерінің тым баяу жұмыс істейтінін, қанша айтса да ширата алмай-ақ қойғанын айтып бір налып алды. Сөйтті де маған қарата «Кафедегілер үлгермей жатса, арасында мұнда да қол ұшыңды созып тұрасың ғой. Мұнда клиенттер көп отырмайды. Ары кетсе түнгі 12-1-ге дейін ғана» дегенді қосып қойды.


Мен бірте-бірте мұнда келгеніме өкіне бастағандаймын. Бірақ түн ішінде қайда барамын, амалсыздан ең болмаса бір түн қонып шығайын, ұнамаса ертең келіспеймін деп айтайын деп шештім.


Сонымен әншейінде күні бойы шаршап-шалдығып жүріп, кешке жастыққа басым тиер-тиместен ұйқыға шоматын басым мына үйде ұйқым келсеші, шіркін. Қорыққаннан ба, білмеймін, тырс еткен әр дыбысқа құлақ түріп жатырмын. Бірақ әзірге тып-тыныш. Өзімді өзім тыныштандырып, енді көзімді жұмғаным сол еді, әйел бөлмесінің есігін «Ысып кетті» деп шалқасынан ашып тастады. Содан кейін-ақ бір «қойылым» басталды дерсің. Үйдегі басқалардан, әсіресе, тура көрші жатқан менен ұялмай ма, әлде бәрімізді ұйықтап қалды деді ме, жатын бөлмедегі екеуі ерлі-зайыптылық міндеттеріне кірісті. Жай ғана кіріссе ештеңе емес қой, екеуінің дауыстары дәл кинодағыдай шықты, тіпті бір-бірін аямай қатігез әрекеттерге де барып жатқан жоқ па деп те ойладым. Құлағымды жастықпен қанша жапсам да, ахылаған-ухілеген, ыңырсыған, арасында ышқына сөйлескен дауыстары маған ап-айқын естіліп тұрды.


Біршама уақыттан кейін бәрі басылды-ау деп мен де ух деп жастықтан басымды шығарып, жайланып жатқаным сол еді, ап-анық үздік-создық естіліп жатқан әңгімелеріне құлағым еріксіз түрілді. Әңгімелерінен ұққаным, олар бірте-бірте осындай тәсілмен мені де төсек қатынасына қызықтырмақшы сияқты. «Тамырын басып көріп едім, асау сияқты. Бізді күнде тыңдап жатса, өзі де шыдамас» дегендей әңгіме айтып жатқанын аңғардым. Бірақ әңгімелері астарлы, атап айтпаса да анық түсініп жатырмын. Тіпті екеуінің мені түндерде үшінші етіп орталарына тартып көру де ойлары бар сияқты. Кафеге клиент тартуға да тамаша тәсіл болар еді дейді. Бұлдыр-бұлдыр, бірде естіліп, бірде естілмейтін әңгімелерінің ішінен бар ұққаным осы болды.


Ұйқы деген мүлдем қашты. Екеуі қазір келіп мені тарпа бас салатындай, қандай сынаққа болса да қарсыласа кетуге тас-түйін дайын жатырмын. Әрине, қарсыласуға дайын жатырмын деген аты ғана, аяқ-қолым қалшылдап, жүрегімнің тарсылдағаны өз құлағыма бомбас жарылып жатқандай естіліп, қорқыныштан бір уыс болып жатырмын. Бар білетін дұғаларымды оқып, Алладан жәрдем тілегеннен басқа қауқарым да жоқ. Сонымен көз ілмей таңды да атырдым. Таң қылаң бергеннен көрпе-жастығымды тастай сала, киім-кешегім салынған сөмкені ала-мала асығыс аулаға шықтым. Қақпа сыртына жүгіре басып шыққан бетте артымнан біреу қуып келетіндей аялдамаға қарай зытып бердім. Жақын жердегі аялдамада отырсам, артымнан келіп алып кете ме деп қауіптеніп, сол жүрген бойда жаяулатып, 1-1 жарым сағат дегенде әпкемнің үйіне сүріне-қабына жеттім. Әпкем енді ояныпты, оны көре сала жылап жібердім. Оны қорқытып жібердім ғой деймін, не істерін білмей байғұстың есі шығып кетті. Мен аз болғанда біреулердің қақпанына түсе жаздағанымды қинала жеткіздім. Кейін түшпара түйетін цехқа жұмысқа кірдім. Сол қаладан өмірлік серігімді кездестіріп, қазір екі баланың анасы болып отырмын.


Жастарға, әсіресе қыздарға айтарым, жақсы жұмыс деп, жоғары жалақы деп алданып, қор болып қалмаңдар.




Айтбала, Алматы.

alashainasy.kz/ 




Көрілген: 3838    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 16.07.2018, 10:56

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    1 Желтоқсан, 10:54
    Жігітім ағам болып шықты...
    17 Қараша, 11:48
    Тағдырыма наламын...
    8 Қараша, 09:05
    Күйеу сатып аламын...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31