Бандит күйеуім өмірден қарғыс арқалап қайтты...

Бандит күйеуім өмірден қарғыс арқалап қайтты...

«Марат қайтыс бопты!». Оны естіген ауыл адамдары бір дүр сілкінді. Неге десеңіз, ол өлмейтіндей көрінуші еді. Жас күнінде істемегені жоқ, соның кесірінен қалған өмірі ырың-жырың боп, өзі де ит өліммен өлді-ау!

«Жоқ жанды қиған емес жамандауға, Сол үшін рахмет адамдарға!» деп Мұқағали жырлағандай, өлген адамды жамандай қоймайды ғой. Соған қарамастан, «Қара жер хабар айтпасын!» дей отыра, мен Марат марқұм туралы әңгімемді «Алаш айнасының» оқырмандарына айтып, жеңілдегім келді.

Мараттың жаназа намазына қатыса алмасам да, артынан анасына көңіл айтып шықтым. Анасы көңіл-күйсіз, төсекте жатыр екен. Шөгіп қапты. Қарсы алдындағы үстелге ұлының суретін қойып, уһілеп жатыр. Ол кісіге жаным ашып, аяғам жоқ. Өйткені Марат сияқты адамдар жер бетін басып жүрмеуі тиіс деп есептеймін.
Ол Ауған соғысының ардагері еді. Бай отбасынан шыққан. Ұзын бойлы, көрікті, сабақты жақсы оқыды, екеуміз он жыл бойы бір класта оқығанбыз. Ауғанстаннан келгендерге ауылда зор құрмет көрсетіліп жүрді. Соғыс ардагерлерімен бірге сахнаға шығады, марапатталады дегендей... Басқа да жеңілдіктерге ие.
Менің ауқатты отбасына ұзатылғаныма ата-анам қатты риза болды. Құрбыларым да мені теңімді тапты деп ойлағандарымен, мүлдем олай емес еді. Арақ ішіп алған Марат үнемі мені соққыға жығатын. Екі рет түсік тастап, одан кейін мен бала көтере алмай жүрдім. Ұра бергенге кім шыдасын, күндердің күнінде бұл жайт ата-анамның құлағына жетіп, олар мені алып кетті.
... Аузы арақтан құрғамайтын Мараттың өмірі қыдырыс, бос жүріспен өтіп жатты. Бір күні ауылда жаманат хабар дүңк етті. Отбасымен туберкулез болып ауыратын Төлеген деген өте момын, қой аузынан шөп алмас жігіт бар еді. Марат соны соққыға жығып өлтіріпті. Соққыға жыққанда мас болып есін білмей, көздері қанталап тепкілей берген, тепкілей берген. Содан Төлегеннің бауыры езіліп кетіпті. Соның алдында Төлегеннің әке-шешесі де өкпе ауруынан қайтыс болған. Осыған дейін ағаларын сүйеу қылып отырған шиеттей бала-шаға енді тіпті жетім қалды. Төлеген шебер баяншы еді. Ауылдың мәдениет үйінде ұйымдастырылған концерттерде оның баянды құйқылжыта ойнайтын бейнесі жадымда жаттаулы тұр. Жуас отбасы, артында іздеушісі жоқ. Соның арқасында Марат жазасын алмай, әке-шешесінің байлығының арқасында бостандықта қала берді. Бұл оқиға Маратты одан сайын көкітіп жіберді.
Ауылда өткен бір тойда Марат екеуміз кездесіп қалдық. Жанында қып-қызыл көйлек киген жас қыз бар. Ерні де шиедей қызыл сол ару Мараттың келіншегі болып шықты. Марат жұрттың көзінше оның асты-үстіне түсіп, дымы қалмай жүр. Іштей бақытты болуын тіледім. Бірақ қызға деген жанашырлық сезім тұрды көңілімнің түкпірінде.
Мен Мараттың есімі енді ешқашан менің тағдырыммен байланысты болмайды деп ойлайтынмын. Өкініштісі, олай болмай шықты.
Мен қалаға жұмысқа орналасып, жаныма туған сіңлімді алып, екеуміз ет комбинаты жатақханасының бір бөлмесінде бірге тұрып жаттық. Бір күні кешкісін жұмыстан келсем, бөлмемнің іші азан-қазан. Көршілерімнің өңі қашып кетіпті. Не болып қалды десем, менің өмірімдегі ең бір сұмдық оқиға болған екен.
Марат сұмырай біздің ізімізді аңдып жүріп, қайда тұратынымызды біреулерден біліп алса керек. Ол есікті қаққанда, сіңілім жұмыстан келіп тұрған мен екен деп ойлап, аша салыпты. Содан неше түрлі сорақылық басталыпты. Ішіп келген Марат сіңлімді барынша қорлапты. «Мені Ғайнимен ажырастырған сендерсіңдер! Сендер арамызға түспегенде әлі тұрып жататын едік!» деп, ол сіңіліме шешінуді бұйырыпты. Іш киіммен ғана қалған сіңліме магнитофонды қостыртып, билеуге мәжбүрлепті. Миын шірітіп, неше түрлі сұрақтар қойып, ара-арасында жұдырығымен салып қалатын көрінеді. Енді бір уақытта зорламақ ойы болды ма, әлде біржола тұншықтырып өлтіруді мақсат тұтты ма, Марат бет сүртетін орамалды алып, кранның астына тосып, шылқылдата сулайды. Суланған орамалмен мойнынан қылқындырам десе керек, шамасы. Осы сәтте зәресі әбден ұшқан сіңлім терезеден далаға бір-ақ секіреді. Ал біз тұратын бөлме төртінші қабатта болатын. Төменгі қабаттағы балкондардың бәрінде кір жаятын жіптер тартылған. Сол жіптер денесіне біраз тосқауыл болғанымен, бәрі шеттерінен бырт-бырт үзіліпті. Ол қараша айы еді, жер қатқақ. Сіңлімнің құлаған жері – қатқақ қара жер ғана емес, дәл омыртқасына шарбақтың істік темірі кіріп, жұлынына зақым кепті.
Осыдан кейін менің қасіретті күндерім басталды. Бірнеше операция жасалып, сіңлім тірі қалғанымен, ол жүре алмайтын. Тек отыра алады, оның өзінде ұзақ отыруға шамасы жоқ. Және істік темір кірген омыртқа тұсы ақыры бітіп кетпеді, үнемі ойық болып, ар жағынан қызыл ет көрініп тұратын. Ол кезде сіңлімнің жасы он сегізде еді. Оның әр минуты, әр секунды қиналыспен өтіп жатты. Бәріміз оны кезек-кезек күтіп, жанынан табылуға тырыстық. Анам болса үмітін үзбей, оны небір емшілерге сүйретті. Емшілерге де жем болдық. Бірақ сіңлімнің өмірінде еш өзгеріс болмады.
Қатты ызаланған кездерінде анам мені жерден алып, жерге салатын. «Бір бандитке тиіп, өмірімізді ойран қылған сенсің!» - деп, саусағын шошайтып сөйлегенде, тоқтай алмай қалушы еді.
Сол сіңлім күннен-күнге арып, көз алдымызда семді. Кезінде қандай еді! Ауылдағы жігіттердің арманы еді ол! «Қыз сыны» байқауына қатысып, талай мақтауға ие болған. Сол сіңлім ақыры ауыр қиналыспен 25 жасында көз жұмды. Қимадық. Қимағанмен, бұлайша қиналып өмір сүргені бәріміз үшін қасірет еді.
Біз қанша соттасқанмен, Маратты жазалай алмадық. Алматыдағы апалары, әке-шешесі оны тағы да сүттен аз, судан таза етіп алып шықты. Бірақ одан оңған Марат жоқ. Бірнеше рет кісі өлтіріп, бір түрмеден екіншісіне түсіп жатқанын естіп жүрдік.
Сіңлім қайтқаннан он бес шақты жыл өткенде Маратты көшеден көріп қалдым. Жаным түршікті! Костюм-шалбар киіп, галстук тағып алыпты. Бірақ жанындағы адамдардың бәрі кезбе, қаңғыбас адамдар екен. Олардың неге бірге жүргенін сол шақта ұға қоймадым. Осыдан кейін ара-тұра таныстарымнан: «Маратты көрдім. Қарызға ақша сұрады» дегенді жиі еститін болдым. Енді біреу «Марат бич болып кетіпті», - деді. Онысына, шынымды айтсам, сене қоймадым.
Бір күні базардың алдындағы ұзын жолмен келе жатсам, алдымда сақалы сапсиып Марат отыр! Бір қолында – жарты бөлке қатқан нан, екінші қолын өткен-кеткендерге созып, қайыр сұрап отыр! Сақал-шашы жалбырап өсіп кетсе де, үстінде сол мен көрген костюм-шалбары.
Алды-артыма қарамастан қаша жөнелдім. Содан бір жыл өткенде Маратты қайтыс болды деп естідім. «Далада қаңғырып өліпті» дейді білетіндер.
Әдетте қайтыс болған адамды жақындары еске алып, «марқұм, жақсы адам еді ғой», деп, істеген жақсы істерін тілге тиек етеді емес пе. Мараттың шешесіне көңіл айтқанда, мен тіпті не айтарымды білмедім. Көңіл айтып тұрысымның өзі жасандылық сияқты көрінді өзіме. Марат марқұмның қай жақсылығын айтамыз? Мүмкін, шешесінің бүк түсіп жатқаны да сол уайым шығар? «Ұлым о дүниеде тозақтың отына күйіп жатыр ма» дейтін шығар, бәлкім...
Өлмейтін пенде жоқ қой. Бірақ талай-талай адамның тағдырын тас-талқан етіп, өмірден тек қарғыс арқалап аттанудан сақтасын Алла Тағалам!


Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста