Отбасы - ошақ қасы

Бар айыбым жетімдер үйінде тәрбиеленгенім бе?

  • © pravmir.ru

    © pravmir.ru

Тығырықтан шығар жол таппай, «Алаш айнасы» оқырмандарына жүгініп отырмын. Өйткені ақыл қосар ешкімім жоқ.


Мен Шымкент қаласында жетімдер үйінде тәрбиелендім. Әкем мен анам туралы ештеңе білмеймін. Олар туралы дерек балалар үйінде де болмады. Қалипа апайдың айтуынша, (балалар үйінің тәрбиешісі) анам мені туа сала тастап кеткен. Көшеде қалдырып кеткен жерден кездейсоқ біреу тауып алып, сәбилер үйіне тапсырған екен.


Неге екенін қайдам, балалар үйінде болғанымда Қалипа апай маған ерекше қамқоршы болды. Кішкентай кезімде мені асырап та алмақшы болған екен. Бірақ өздерінің ұл-қыздары болғандықтан күйеуі келіспей қойыпты (ол жайлы кейініректе естідім). Шамасы, асырап ала алмаған соң мені қамқорлығына алған- ау. Үнемі ешкімге көрсетпей печенье, конфет әкеліп беретін. Жаз мезгілінде өрік, алма, алмұрт және басқа да жеміс-жидектен кенде қылмайтын. Сабағымды да қадағалап отыратын. Үнемі «ертең балалар үйінен шыққанда дұрыс жол табу үшін жаман қылықтан аулақ бол, сабақты жақсы оқы» деп ақыл кеңесін айтып отыратын (өйткені балалар үйінің тәрбиеленушілерінің көбі жаман жолға түсіп кететін). Сондықтан болар мен де ол кісіні анамдай сыйлап, тыңдап өстім. Темекіге де, ішімдікке де әуестенбедім.


1998 жылы мектеп бітіріп, балалар үйімен қош айтыстым. Көп ұзамай автопаркке слесарь болып жұмысқа орналастым. Жұмыс істей жүріп кешке автошколада оқып, жүргізуші куәлігін де алдым. Менің жағдайымды ескерген автопарк басшысы мекеменің кеңсесінен жатақ орын да жасап берді. Үш күнде бір рет түнгі қарауылдықты да өтеймін. Өкпеңде дақ бар деп әскерге де алмады. Солай автопаркте үш жыл қызмет істедім. Орынсыз ақша шашпай, ішіп-жеуден артылғанын Қалипа апайға беріп жинап отырдым (Қалипа апайдың кеңесі бойынша).


Айтқанын екі етпей, тапсырманы тыңғылықты орындағандықтан болар автопарк басшысы Асқар аға мені жақсы көретін. Қажет болып жатса, үйіне барып жеке шаруасына да көмектесетін едім. Сол бір мінезімнің пайдасы тіиді. Бір күні Асқар аға шақырып алып, досының үлкен фирмасы бар екенін, сол фирмаға аса жауапты жүргізуші-экспедитор керек болып тұрғанын айтты. Менің қуанышымда шек болмады. Асқар ағаның атынан сол фирмаға барып, басшысына жолықтым. Асқар аға мен туралы бәрін айтқан болуы керек, ол меннен ештеңе де сұрамады. Кадрлер бөліміне барып құжаттарды рәсімдеуді тапсырды.


Сол күннен бастап, жүргізуші-экспедитор болып шыға келдім. Кадр бөліміндегілер де, біздің бөлімнің бастығы да маған ерекше ықылас танытатын. Сөйтсем, олар мені бастықтың туысы деп ойлайды екен. Сондықтан ба әйтеуір астыма жаңа фургонды тақымдадым. Бір айдан соң фирманың жатақханасынан орын берді. Жалақы да жаман емес. Кейде көлденең табыс та болып тұрады. Фирмада істеген соң жүріс-тұрысымды түзеп, дұрыс киініп жүретін болдым. Өмірімде жаңа өзгерістер бола бастады.


Арадан алты айдай өткенде есеп бөлімінде істейтін Жұлдыз деген қызбен таныстым. Ол өте мінезі ашық жан екен. Тез араласып кеттік. Жұлдыз маған бірден ұнады. Жұмыстан кейін бірге серуендеу, киноға бару деген жиілей бастады. Бір күні оған көңілімді білдірдім. Ол да мені бір көргеннен ұнатқанын айтты. Сөйтіп достығымыз ғашықтыққа ұласты. Бірақ мен оған ешкімім жоқ екенін, балалар үйінде тәрбиеленгенімді айта алмай жүрдім. Бұл жайлы Қалипа апайға айтқанымда ол кісі «бәрін айтып қазірден басын ашып ал, әйтпесе кейін қиын болады» деді.


Жұлдызға өзім жайлы бәрін айттым. Ол бәріне түсіністікпен қарайтынын, мені шын сүйетінін жеткізді. Көп ұзамай Жұлдыздың ата-анасымен танысуға бардық. Жұлдыздың анасы ешқандай сыр бермеді, бірақ әкесі бірден балам деп бауырына тартты. Балам деген сөз баурады ма, маған ол кісі бірден қатты ұнады. Менің балалар үйінде тәрбиеленгенімді естігенде Жұлдыздың анасының жүзінде реніш табы байқалды, бірақ әкесі «енді сенің әкең мен анаң біз боламыз» деді. Сол сөзді естігенде Жұлдыз екеуміздің қуанышымызда шек болмады. Алғаш рет әкенің мейірімін сезіндім. Көзіме жас үйірілді. Сол кезде Жұлдыздың папасын әке деп құшақтай алғым келді.


Сол жылы тамыз айында үйлендік. Өз қалтасынан да қосты ма, әйтеуір Қалипа апай тойға жететін ақша берді. Қалипа апай мен күйеуі құда ретінде тойдың қадірлі қонағы болды. Той өткен соң мен Жұлдыздың үйіне келіп тұрдым. Жұлдыз үйдегі үш қыздың кенжесі екен. Апайының біреуі Таразға, біреуі Алматыға тұрмысқа шыққан, сол жақта тұрады. Сондықтан біз Жұлдыздың әке-шешесімен бірге тұратын болдық.


Арадан бір жыл өткенде ұлды болдық. Сол жылы Қалипа апайым қайтыс болды. Жаман ауруға шалдыққан екен. Қалипа апай қайтыс болған соң ол үйге баруды қойдым. Өйткені, Қалипа апайымнан басқа ол үйде мені күтіп отырған ешкім жоқ еді. Өмір солай өз кезеңімен өте берді. Бес жылда үш перзентті болдық. Үшінші баламыз жасына толмай, Жұлдыздың папасы қайтыс болды. Ол кісінің жылын өткізген соң Жұлдыздың мамасы мінез көрсете бастады.


Папасының жылын берген кезде Жұлдыз төртінші балаға аяғы ауыр еді. Алғашқы түсініспеушілік осы арадан басталды. Бір күні жұмыстан келсем, Жұлдыз «мамам баланы алдырып таста» деді демесі бар ма. Төбемнен жай түскендей болдым. Балалар үйінде жүргенде «қандай жағдай болмасын ешқашан баламды жетім етпеймін, баламды тастап кетпеймін» деп өз-өзіме талай серт бергем. Тумай жатып баланың өмірін қалай қиямыз? Мен оған жол бермейтінімді айттым. Осыдан басталған ұрыс-керіс бала туылғанша жалғасты. Кішкентай ғана Айданам өмірге келіп, ұрыс-керісті тоқтатты.


Алайда бұл тыныштық ұзаққа бармады. Жұлдыз бесінші балаға аяғы ауыр болғаны белгілі болған сәттен бастап ұрыс-керіс қайта жалғасты. Бір күні мамасының Жұлдызға «жетімнен туған балаларды жеткізем деп бар өміріңді қазан қылдың» деп айтып жатқанын есітіп қалдым. Не дерімді білмедім.


Кешке жатқан кезде Жұлдыз «құдайға шүкір төрт баламыз бар, енді мына баланы тумай-ақ қойсам қайтеді» деді. Ол анасының сөзі екенін білем. Бірақ Жұлдыздың да екі оттың ортасында қалып отырғанын түсіндім. Шамам келгенше, оған ата-ананың бар байлығы да, бар бақыты да, қызығы да бала екенін түсіндіріп бақтым. Ол қарсы сөз айтпады, тек мұны мамама қалай түсіндірем деп күрсінді.


Бесінші баламыз дүниеге келгенше, Жұлдыздың мамасынан есітімеген балағат сөзім қалмаған шығар. Балаларым үшін бәріне де шыдап бақтым. Бірақ анасының жаққан оты Жұлдыз екеуміздің арамызға да түсті. Екеуміз жиі ұрысатын болдық. Анасының сөздерін қайталайтынды шығарды. Тексізсің, жетімсің деп жиі бетіме басатын болды. Кейде қатты кеткенін біліп кешірім сұрайды. Сондай сәтте бөлек шығайық десем «қалай анамды жалғыз тастап кетем» дейді. Кейде, «кетем десең кете бер» деп ашуға басады. «Менің маңдайыма жетімнен туған жетімдерді бағу жазылған шығар» деп жүреккке қанжардай қадалатын сөздерді қарша боратады.


Қазір өрімдей үш ұл, екі қызымыз бар. Баламыздың үлкені оннан асты. Ең өкініштісі, ұрыс-керіс кезінде айтылған сөздерді балалар да естиді. Жұлдыз ашуға булыққан кезде өз-өзіне ие бола алмай, жазықсыз балаларға қол жұмсайтын да болды. Балаларға араша түссем анасы қосылып, «тәрбие көрмеген қу жетім, сен кімге тәрбие бермекшісің, ұрса өзінің баласын ұрады, сен оған араспа деп» килігеді. Ондай кезде балаларымның жәутеңдеген жанарын көріп, жүрегім қан жылайды. Не істеймін, ағайын, айтыңдаршы?!


Қайсар, Шымкент қаласы

alashainasy.kz/




Көрілген: 1538    Пікірлер: 3
Пікірлерді оқу (3) preloader

бейсенбі, 09.11.2017, 09:58

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
18 Қыркүйек, 09:26
Қыз күнінде бәрі жақсы...
15 Қыркүйек, 10:29
Енем мені менсінбейді
7 Қыркүйек, 10:48
Мұғаліміме ғашықпын...

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30