Отбасы - ошақ қасы

Бар қалдырғаны "кешір" деген бір жапырақ қағаз...

  • ©Алаш айнасы иллюстрациясы

    ©Алаш айнасы иллюстрациясы

"Алаш айнасы" интернет порталының ұжымы! Мен Сіздердің тұрақты оқырмандарыңыздың бірімін. Соңғы кезде "Отбасы-ошақ қасы" айдарында құмарлық ойындар жайлы айтылып жүрген әңгімелерді оқып отырып, өзімнің басымнан өткен жағдайды жазуға оқталдым. "Құмарлық ойынға құмарту" тақырыбы- қазіргі заманның өзекті мәселелерінің бірі. Осыны өсіп келе жатқан ұрпақ түсінсе екен деймін.


Университет бітіргеннен соң Арманмен таныстым. Біраз жүргеннен соң ұсынысын қабылдап, тұрмысқа шықтым. Тоқсаныншы жылдардың басы еді. Халық жағдайы тұрақталмаған, ойнамалы кезең. Біз үйленгеннен соң аудан орталығында тұруды шештік. Арманның бір ерекшелігі- бизнес саласына жақын еді. Ойлана келе бизнес жасауды жөн деп шештік. Мен де мамандығым бойынша жұмыс істемей, жолдасыма көмектесуді ойладым. Сонымен үйдің қасынан кішкентай дүңгіршек аштық. Кейіннен дүңгіршек үлкен дүкенге айналды. Келе-келе бірнеше дүкендер желісі дүниеге келді. Дәмхана да ашылды. Бірнеше дүкеннің жұмысын бақылап, ұжымның айлығын есептеп, тарату- менің мойнымда.


Отбасымызда молшылық. Тек, бір сәби күлкісі жетіспей тұратын еді. Біз оған да қарамадық, "уақытымен болар" деп өзімізді сабырға шақырып, бизнесімізді дамыта бердік. Арманның мінезі де жанға жайлы. Артық сөзі жоқ, өз ісін жақсы білетін азамат еді.


Күндердің күнінде үлкен КАМАЗ сатып алып, Қытайға жол аштық. Айына екі-үш рет Қытайға кіріп тауар таситын болды. Арман келгенше мен бар бизнесті реттеп, түскен қаржыны жинақтап қоятын едім. Күннен- күнге бизнесіміз шарықтай берді. Ел мінбеген шетелдік көліктің ең жақсысы Арманның астында. Екі қабатты үй салып та үлгердік. Байлыққа масаттанбай ұжымдағы жұмысшыларға мерекелерде той-томалақты өз қаржымызға жасап, арнайы мерекелік "премия" да беріп тұрдық.


Осылайша біраз жыл өтті. Бір күні Арманның қалада тұратын бір туысқаны қонаққа келді. Барымызды алдына тосып, күтіп алдық. Үш-төрт күннен соң бар қаржыны қалтасына салып Арман туысқаны екеуі жолға шықты. Туысқанын облыс орталығына апарып тастап, ары қарай өзінің бағыты-Қытай.


Мен бұрынғы әдетімше бизнесті ұйымдастырып қала бердім. Біраз күннен соң Арман Қытайдан келді. Тауары бұрынғыдан өте көп. Қалтасында да біраз ақша қалған сияқты. Мен жиып қойған ақшаны алып, іле-шала қайта жолға шықты. "Бизнестің қыр-сырын жақсы біледі ғой, бір ойлағаны бар шығар" деп үнсіз жолға шығарып салдым. Осы жолы өз уақытынан ерте келді. Бұрынғыдай үйілген тауар жоқ. Көңілі де мәз емес. "Кеденде бір проблема туындаған болар" деп көп сұрақ қоймадым. Енді жиналған ақша Қытайға баруға аз болса да барды алып, тағы жолға шықты. Бес күннен соң тауар да жоқ КАМАЗ да жоқ келіп тұр. "Өзінің аман келгеніне" қуанып, "барлығы садақа, аман болсақ тағы алармыз" деп қоямын. Осылайша Арман ақырындап көз алдымда өзгере берді. Үнемі ой үстінде, бір жерге асығатындай. Тағы да ақшаны алып, енді жеке көлігімен облыс орталығына аттанды. Әйел емеспін бе миымды "көңілдес тауып алған шығар" деген бірден жаман ой жаулап алды. Бірақ, іштей күйзеліп өзінен сұрауға батпадым.


Енді Арман он бес күннен соң келіп тұр. Қолында біраз қаржы. Өзі көңілді. "Е, облыстан бір бизнес табылған болар" деп өзімді іштей жаман ойым үшін жазғырып қоямын. Осылайша Арманның облыс орталығы мен аудан орталығының арасында жүрісі көбейіп кетті. Бірде көңілі жайлы, бірде арпалысқан беймаза. Бұрынғыдай емес бизнесіміз де төмендей бастады. Айналым азайған. Қытайға баруды мүдем қойдық. Бірде келіп "дәмхананы сатуымыз керек" деп шешті де сатып жіберді. Келесі де бір дүкенді де сатты. Біраз уақытқа дейін мен Арманның құмарлық ойынмен "әуей" болып жүргенін ұққан емеспін. Менің ойым- облыс орталығында бизнес айналдырып, сол бизнестен бірде тұтылып, бірде ұтып жүр.


Бір күні облыс орталығында тұратын ағам келіп, маған Арманның казино деген бәленің "тұрақты қонағы" болып жүргенін жеткізді. Ол кезде казино дегенді теледидардан көретін мен үшін "жұмбақ" еді. Тұңғиығына жетпесем де жақсы нәрсе емес екенін жүрегім сезеді . Ақыры Арманмен сөйлесіп, "барлық бизнес, дүние, үй-жайды сатып қалаға көшелік" деп шештік. Ойында не барын кім білісін, күйеуім еш ойланбастан бірден келісті.


Облыс орталығының ең мықты шағын ауданынан екі бөлмелі үлкен пәтер сатып алдық. Мен өз мамандығым бойынша жұмысқа тұрдым. Арманның бизнеске ығы соншалықты кез келген нәрседен бизнес ойлап табатын және де сол бизнесі бірден жүріп кететін еді. Ешкімнің миына кірмейтін кішкентай заттан да бизнес жасай салатын. Сонымен Арман тағы да козинаки өндіретін бизнесті бастап кетті. Тасы өрге домалап бизнесі алға жылжи бастады.


"Ауру қалса да әдет қалмайды" дегендей күйеуімнің жаман әдеті тағы басталды. Мен соңғы кезде сәбиі иісін сағынып, іштей уайымдай бастаған едім. Енді уайымның үстіне уайым қосылды. Арман енді қалаларды аралап казино ойнайтынды шығарды. Қайда кетеді, қашан келеді маған беймәлім. Отбасылық жағдайымның жайын байқаған туысқандарым да біраз алаңдай бастады. Жан- жарымды жамандыққа қимаймын, бірақ, мені тыңдайтын күйеуім жоқ. Ойында тек- құмарлық ойын.


Бір күні кешкілік жұмыстан қайтып келе жатыр едім, алдымнан төрт жігіт шығып: "Арман бізге қарыз, қарызын қайтарсын, арты жақсы болмайды",- деп ескертіп кетті. Дірілдеп-қалшылдап үйге әрең жеттім. Арман ұшты-күйлі жоқ. Бір күні сөмкесін сүйретіп келіп тұр. Әпкелерімнен қарыз алып, ақшаны қайтардық.


Тағы да сол жағдай. Арман қалаларды аралап, өзінің сүйікті ісімен кеткен. Мен айтудан шаршадым, айтқанмен мені тыңдағайы тұрған Арманым жоқ. Бірдеме айта бастасам, ұрыс-керіс шығаратынды шығарды. Арман жоқта үйге сол кезде қаптап жүрген "рэкеттер" келгіш болып кетті. Енді үйге қонуды да қойдым. Тіпті соңғы рет жұмысыма дейін біреулер іздеп келіп, қорқытып кетті.


Арман келесі бір сапарынан оралған күні үйге бір "қорқынышты" адамдар келіп, Арманды менің көзімше соққыға жықты. Әр күнім қорқынышқа айналды. Ақырында үйді сатып, Арманның қарызын төлеп, біз ажырастық.


Сол кеткеннен Арманды көрген емеспін. Кейіннен Қазақстан қалаларын аралап жүріп, инсульт алып бір аяғы мен бір қолы жансызданып ауруханаға түсіпті деп естідім. Арманды іздеп Қазақстанның екінші шетіне бардым. Ұшақпен облыс орталығына әкеп, ауруханаға жатқыздық. Осылайша біраз жатқан Арманның жүрегі сыр беріп, көз жұмды. Бар қалдырғаны "кешір" деген жазуы бар бір жапырақ қағаз.


Міне осылайша, бойын «құмарлық ойын» жыны меңдеген күйеуім өмірден өтті. Кейіннен естісем, сол туысқаны казиноға ертіп апарыпты. "Туысың бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды" деген осы ма деп те ойлап қоямын. Біреуді кінәлаудан аулақпын. Не мақсатпен апарды мен үшін түсініксіз сұрақ болып көкейімде қала берді. Мүмкін, сол кезде молдаға апарып оқыту, тазалату сияқты әрекеттер жасауым керек пе еді деп те ойлап қоямын. Отбасының түбіне жеткен- құмарлық ойын ешкімге опа бермесін түсінсе екен деймін қазіргі ұрпақ. Ұққаным, құмарлық ойын есірткі сияқты, адамды өзіне тәуелді қылып алатын сыңайлы. Бірақ, тауды қопарар арыстай азаматтың құмарлық ойынның құрбаны болып кеткеніне ішім удай ашиды. Қолдан келер еш қайран жоқ.


Айымгүл, Қостанай

alashainasy.kz/ 




Көрілген: 2210    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 13.12.2017, 10:53

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    26 Қыркүйек, 12:08
    Жарыма адал бола алмадым
    19 Қыркүйек, 11:11
    Анам үшін ұялам...
    16 Қыркүйек, 11:25
    "Үйленем" деп алдап кетті
    11 Қыркүйек, 11:02
    Ажырасқаныма өкінем...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31