Отбасы - ошақ қасы

Бес жыл күресіп,отбасымды сақтап қала алмадым

  • © helprazvod.ru

    © helprazvod.ru

«Күйеуіммен ажырасқаныма да 10 жылдан асты. Жалғызбасты, күйеуі тастап кеткен әйел туралы жұрттың ойы қандай болатыны белгілі ғой. Қашанда бәрінен де ар-ұятты жоғары қоятын қазақтың қызы болған соң да мен отбасымызды сақтауға, жақсы әйел болуға тырыстым. Бірақ амалым қанша, қолымнан келмеді». Бұл «Алаш айнасына» Гүлшат есімді оқырманнан келген хаттан үзінді. Құрметті оқырман, Гүлшаттың сырын сіздермен бөлісуді жөн көріп отырмыз.


Қайрат екеуміз бір мектепте, параллель сыныптарда оқыдық. Ол кезде біздің ауылдағы мектеп 8 сыныптық болатын. 9-10 сыныпты аудан орталығында интернатта тұрып оқитынбыз. Ал Қайрат аудан орталығының жергілікті тұрғыны болды. Ол сондай сымбатты бала болатын. Қыздардың бәрі оны үндінің жігітіне ұқсатып, оған ғашық еді. Өзі көп сөйлемейтін, өзі сүйкімді жігітті дәлізде кездестіре қалсам мен де ыңғайсызданып, жүзіне тура қарай алмай әбден абдырып, есім шығатын. Ол да менен ұялып төмен қарап өтіп кетеді. Жоғары сыныпта оқып жүргенде Қайратпен мектептегі би кештерінде бір-екі рет кездесіп, амандасқанымыз болмаса тіпті сөйлескен де емеспіз. Мектеп бітіргеннен кейін бәріміз жан-жаққа тарап кеттік. Мен Алматы қаласына барып жұмыс істедім. Кейін естідім Қайрат Көкшетау қаласында ағасының қолында тұрып оқиды екен. Жолымыз екі айрылса да мен Қайраттың сымбатты бейнесін ұмытқан емеспін. Оқу оқып, жұмыс істеп жүргенде арада 4-5 жылдың қалай өтіп кетекенін де байқамай қалыппыз. Мен анамның қалауымен ауылға жақын аудан орталығынан жұмыс қарастыру үшін Алматыдан қайтып келдім. Тұрақты жұмыс табылғанша аудан орталығындағы дүкендердің біріне сатушы болып орналастым. Ол кезде 90 жылдардағы дағдарыстан кейін жұрт жаппай саудаға көшкен уақыт болатын.


Өзім үйде қыздардың кенжесімін, алдымдағы үш әпкем тұрмыс құрған, үлкен ағамның да бала-шағасы бар. Інілерім мектепте оқитын. Анам менің тұрмыс құрмай шалғай қалада жүргеніме алаңдады ма, қасына жақын болғанымды қалады.


Жаздың ыстық күндерінің бірінде дүкенде келушілерге қызмет көрсетіп, үлгермей жатыр едім, бір жігіт жақындады да, «маған шоколад бересіз бе?» деді. Басымды көтеріп әлгі жігітке қарамастан сұрағанын алып бердім де, бірақ оған қайтаратын тиынды жеткізе алмай, сәл күте тұруын өтіндім. Сол кезде ғана әлгі жігіттің Қайрат екенін таныдым. Бірақ ол мені таныда ма, танымады ма, әйтеуір сыр білдірмей үнсіз тұрды. Сауда жасаушылар саябырлаған кезде Қайратқа ақшасын түгендеп беріп едім, ол маған қолындағы шоколадты ұсынды да: «Бұл саған, мені танымадың ба?» деді. Әрине, мен оны танығанымды айттым. Сөйтіп екеуміз мектептегі өткен-кеткенді айтып, ортақ сыныптастарымызды біраз сөз еттік. Ол мені кешке кездесуге шақырды.


Қайрат екеуміз алғашқы кездескен күннен бастап-ақ әңгімеміз жарасып кетті. Ол маған жақында Көкшетау қаласынан демалысқа ауылға келгенін айтты. Тілдесіп, бір-біріміз туралы жақынырақ біле бастадық. Ол өзінің бір қызға үйленбекші болғанын, тура тойдың алдында ренжісіп қалып, екі жаққа кеткендерін де айтып берді. Ал мен 24 жасқа дейін жігітпен кездесіп те көрмеген едім. Қайратқа тіпті мұны айтуға ұялдым. Ол менің өзін ұнатып қалғанымды сезсе керек, екі ай өтпей маған үйленуге ұсыныс жасады. Мен ең алдымен анама, қайтыс болған әкемнің орнында әкемдей болған ағам мен жеңгеме тұрмысқа шығатыным туралы айттым. Сонымен Қайрат екеуміз сол жылы күзде отбасын құрдық. Қайраттың анасы ерте қайтыс болып кеткен екен. Ал әкесі екінші рет үйленген. Алғаш келін болып түскенде бірнеше ай ата-енеммен тұрдық та, Қайраттың жұмыс бабына байланысты Семей қаласына көшіп бардық. Мен өзімнің сүйген адамыма тұрмысқа шыққаныма сондай бақытты едім. Тіпті өзіміздің тұрақты баспанамыз жоқ, пәтер жалдап жүрсек те, мен үшін сүйіктімнің жанында болудың өзі бақыт болатын. Көп ұзамай тұңғыш қызымыз дүниеге келді. Баламыздың несібесі болар, тірнектеп тиын-тебен жинап, бір бөлмелі болса да өз баспанамызға қол жеткіздік.


Мен бала күтімімен үйде отырдым, Қайрат саудамен айналысты. Ол үнемі жолда жүреді, тіпті үйге келмей қалатын, қонбай қалатын кездері де жиі болады. Мен оған сенгендіктен де қызғанбауға, артық сұрақтармен мазасын алмауға тырысатынмын. Бірақ уақыт өте келе оның жүріс-тұрысы көңілімде күдік ұялата бастады. Не үйге әкеп жатқан ақшасы жоқ, өзі күндіз-түні босамайды. Жайлап жұмысының қалай екенін сұрасам, ақшаны айналымға салып жатырмын, біраз шыда ақшамыз болады деп қояды. Мені оның ақшасынан бұрын отбасына деген немқұрайлылығы алаңдатты.


Мен оның өзінен үлкен егде жастағы әйелмен бірлесіп тауар таситынын, бірге жұмыс істейтінін білетінмін. Тіпті ол әйел біздің үйге келіп, менің қолымнан талай дәм татқан. Мен Қайратты одан қызғанбақ түгілі, ол әйел туралы тіпті ойламаппын да.


Бір жылдай бірге жұмыс істеп жүрген әйелі бір күні біздің үйге келіп шу шығарды. Сондағы маған айтқаны: Сенің күйеуің екеуміздің бірге тұрып жатқанымызға біраз уақыт болды, мен одан жүктімін. Сен кет, ол менікі» дегенде не дерімді де білмей қалдым. Ол тіпті маған қол жұмсауға дейін барды. Өзімен қоймай туысқандарын алып кеп Қайратқа күш көрсетіп, мені қорқытуға көшті. Сонымен Қайраттың менен жасырғаны әшкере болды. Осы жағдайдан кейін ол менен өлердегісін айтып кешірім сұрап, кетпеуімді өтінді. «Бұл сұрқия әйелге алданып бір-екі рет жақындасқаным рас, бірақ мен оны жақсы көрмеймін, маған сенен басқа ешкім керегі жоқ» деп жалынды. Қызымның әкесі болғандықтан, өзім де оны жақсы көретіндіктен кешіріп, әлгі әйелдің көрсеткен қоқан лоқысымен бірге күрестік. Ол біздің отбасымызды ажырата алмайтынына әбден көзі жетті ме, өзі де шаршады ма, әрең дегенде жоғалды. Осыдан кей ін біраз уақытқа дейін сабамызға түсіп, тыныш өмір сүрдік. Бірақ мен қалай тырыссам да екінші баланы көтере алмадым. Бірінші қызымнан кейін денсаулығым сыр берген еді. Сондықтан маған ұзақ уақыт ем қабылдау қажет болды. Қайтсем тағы бір бала туам, отбасымды нығайтам деп жүргенде Қайрат қайта өз әніне басты. Оның тағы да құпия жүріс-тұрысы көбейді. Түнімен такси боламын деп кетіп қалады да, үйге келмей қалады. Одан қалса телефонына маза жоқ. Оның түсініксіз жүріс-тұрысы менің жүйке-жүйемді әбден құртты. Уақыт өте келе ол тіпті өзінің көңілдестерімен ашықтан ашық сөйлесіп, түнде хабарласса, орнына тұрып кетіп қалатын жағдайға жетті. Басқа әйелдер күйеуінің ұрып-соққанына шыдамай ажырасып жатады ғой. Бірақ Қайрат маған қол көтермейді, ол үшін мен тіпті жоқ адам сияқтымын. Әйелі, баласы бола тұра өзін бойдақ адам секілді сезінеді, ешқандай жауапкершілікті де сезінбейді. Сөйтіп күннен күнге арамыз суып кетті. Ол күйеуі бар әйелдермен де жүрді. Бірде тіпті Қайраттың кезекті көңілдесінің күйеуі келіп оны өлімші етіп сабап кеткеніне де куә болдық. Бұдан кейін де оған ес кірмеді. Жас қыздармен де жүрді. Қысқасы, әйелқұмарлық, жүргіштік Қайраттың қанына біткен дерт сияқты.


Мен отбасымды сақтау үшін сыртымыз бүтін, ішіміз түтын болып өмір сүре беруге де шыдар едім. Қандай қорланып жүрсем де туған-туыстарыма Қайраттың ешбір жаман қылығын көрсеткім келмейтін. Мен онымен талай рет ашық сөйлестім де, үндемей құтылады, әйел ретінде оның көңілінен шығуға да тырыстым, оны түсінгім келді. Бірақ ол өзгергісі келмеді. Ең қорлығы, ол үйге тек жуынып, киім ауыстыру үшін анда-санда келеді, кейде көңілі түссе қызын сүйіп кетеді. Біз 5 жыл ерлі-зайыпты деген атымыз болмаса бірге өмір сүрген жоқпыз. Үйленгеннен кейінгі алғашқы 5 жылда қандай бақытты болсам, одан кейінгі 5 жыл мен үшін тозақ болды. Әйтеуір бір ойланар, «ат айналып қазығын табады» демекші, отбасынан ешқайда кете қоймас деп барынша төзуге тырыстым.


Бірде Қайрат әдеттегідей түнде үйге келді де: «Гүлшат, сен мені кешір, мен сендерден кетемін, үй сендерде қалады, қызыммен анда-санда кездесуге рұқсат берсең болды» деді. Осы уақытқа дейін талай рет ашумен «егер мен сенің көңіліңнен шықпасам мүлдем кет, несіне өзіңді де, мені де қинап бірге тұрып жүрміз» деп айтатын едім. Бұл жолы үнсіз іштей мүжіліп кеттім. Оның шынымен кететініне сенгім келмеді. Қандай болса да он жыл бірге отасқан күйеуімнің оп-оңай бізді тастап кетем дегені жаныма батты. Ол шынымен де кетіп тынды. Кейін білдім. Ол өзінен он жас кіші, жағдайы жақсы әйелдің қолына кіріп алды. Ол әйелдің бірінші некеден 1 баласы бар екен, көп ұзамай Қайратқа да бір бала туып берді.


Мен қазір ойлап отырсам, отбасымды сақтап қалу үшін 5 жыл күрестім, бірақ нәтиже шығара алмадым. Мүмкін алғаш маған сатқындық жасаған кезде басымды арашалап алуым керек пе еді. Ол менен кеткенде 34 жаста едім. Қазір ойлап қарасам, қайран жастық шағым-ай. Қайраттан кейін еркек атаулыдан көңілім қалды. Қазір міне, 10 жылдай болды қызым екеуміз бір-бірімізге пана болып өмір сүріп келеміз. Менің ендігі қызығым қызым ғана, жалғызымның бағы ашылса екен деп тілеймін. Әкесі бізден кеткен кезде 10 жаста еді қызым, қазір 20-ға келіп бойжетті. Маған талай рет әпкелерім де, достарым да арқа сүйер азамат тауып, қайта тұрмысқа шығуға үгіттеген еді. Көңіл білдірген жігіттер де болды. 30-дан асқан әйелге қандай адам сөз салады? Ажырасқан немесе әйелі қайтыс болған еркектер. Олардың өз бала-шағалары бар. Өзім сүйіп қосылған адам маған опа бермегенде бөтен еркек қызыма әке бола алмайды ғой деген оймен қайта тұрмысқа шықпадым. Тағдырым осылай болды, бірақ өмірге өпелемеймін....


Автор: Гүлшат, ШҚО


alashainasy.kz/ 




Көрілген: 4048    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 19.03.2018, 11:58

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    26 Қыркүйек, 12:08
    Жарыма адал бола алмадым
    19 Қыркүйек, 11:11
    Анам үшін ұялам...
    16 Қыркүйек, 11:25
    "Үйленем" деп алдап кетті
    11 Қыркүйек, 11:02
    Ажырасқаныма өкінем...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31