Отбасы - ошақ қасы

Біреудің отбасына қиянат жасаған адам неге бақытты болуы керек?

  • Біреудің отбасына қиянат жасаған адам неге бақытты болуы керек?

    Біреудің отбасына қиянат жасаған адам неге бақытты болуы керек?

 Мен ажырасқан соң, дуамен күйеуімнің жолын байлап тастадым,-деді бір мезгілде Айнаш. Шайыма шашалып қала жаздадым.

-Қойшы, ол өтірік нәрсе ғой. Мен ондайға сенбейм,-дедім, оның да сөзіне сеніңкіремей.

-Тыңдаш, біз Айдос екеуміз бір-бірімізді сүйдік, бірақ барлық сәтсіздік бала туғанда басталды. ...Босанатын күн жақын болған кезде, біз қалада тұрып жаттық. Бірде қайынағамның әйелі, яғни, абысыным босанды. Ол перзентханадан шыққанда, қаладағы қайынапаларым, менің күйеуім бәрі ауылға баратын болды. Менің барғым келмеген. Себебі ішім ауырып жүрді, оның үстіне, жетісіп тұрған көлік те жоқ. Айдос ренжитін болғандықтан, амалсыздан көлікке міндім. Көлікте 7-8 адамбыз. Арт жақтағы жолаушылардың бірі – нәрестелі абысыным, бірі – менмін. Яғни, біріміз балалы, екіншіміз - жүкті әйел. Қысылып-қымтырылып ауылға жеттік. Ол жақтағылар мәз. Шілдехана болды, ырду-дырду. Жол бойы қысылып, машинада селкілдеп жеткен менің таңертең ішім ауырып, толғақ басталды да кетті. Бұл уақытта бала әлі 8 айлық болатын. Барлығы абыр-сабыр болды.

Дәрігер шақырылды. Олар «қалаға жете алмайсыңдар» деген соң, үйде босанып қалдым. Босанғанда баланың дауысы мүлдем шықпады. Бірақ дәрігерлер оның бәрін дұрыс түсіндірген жоқ. Мен қайдан білемін? Енем перзентханаға жібермей, сол бойы үйде жатып қалдық. Сол жатыстың кейін тақсыретін тарттым.

Кейін қалаға келгенде баланың дімкәс екені белгілі болды. Туа сала перзентханаға келгенде ондай болмас та еді. Бала мойнын ұстамады, басқа балалар сияқты өспеді. Барлық ауру атауды соның бойына үйір болды. Біресе жөтеледі, біресе аузы уылып кетеді, біресе қызуы көтеріледі. Үйде болғаннан ауруханада болатын күндерім көп болды.

Біресе дәріге ақша болады, біресе болмайды. Ауру баламен жатпаған ауруханам, бармаған емшім қалмады. Әйтеуір бір болмашы, әлсіз үміттің жетегінде өмір сүріп жаттым.

Өте ашушаң болып кеттім, жүйкем тозыңқы. Бірдеңе болса күйеуімді кінәлап шыға келемін. Ауруханада жатсам, артымнан туыстары немесе шешесі іздеп келуді білмейді. Сонысына ыза болып, өшімді содан ала салатынмын. Ұрыс-керістен, ашушаң әйел мен ауру баладан жалыққан болуы керек, ағасының көлігімен кісі тасып жүрген Айдос бір жас қызбен кездесуді бастады.

Оның не істеп жүргенінен бейхабармын. Оны ойлайтын хал жоқ. Тіпті ол қыдырады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Сол күйі басқа бір облыста тұратын қайынапам шақырып, баланы емшіге көрсетеміз деп, мен ұзаққа жолаушылап кеттім.

Ол жақта үш ай жүрдім. Айдос әне келем, міне келем деп алдаусыратып, ақыры келмеді. Мен емге ақша керек қой деп жатын жиһазымды сатып кетіп едім. Қалтамда соның ақшасы бар болатын. Күйеуім көлікке дөңгелек алса, біздің артымыздан келетінін айтқан соң, оған дөңгелекке деп шытырлатып ақша санап, салып жібердім. Ол кезде бірсыпыра ақша болатын. Содан келген күйеуім жоқ.

Үш ай бойы баланы емшіге қаратып, массаж жасатып, мен үйге қайттым. Ол кезде күйеуім өзінің қарындастарымен бір үйді жалдап тұрып жататын.

Бірінші қабаттағы көрші келіншек мені көріп: "Сен жоқта күйеуің бір қызды кіргізіп алған. Бірге тұрып жүрген екеуі. Пәленше деген техникумда түгенше деген студент қыз" деп салды.

Өзім үш ай бойы жат жерде жалғыз қиындық көріп, ауру баламен алысып келген менің қаным басыма бір-ақ шапты. Әй-шәй жоқ, әлгі техникумға жетіп барып, қызды іздедім. Менің іздегенімді біреулер айтып қойып, ол жоламай, қашып кетті. Содан мен де қайтпай, мұғалімдеріне жолығып, одан үйіне барып, қыздың істеп жүргенін елдің бәріне жайып, шулатып кеттім.

Мұндай иттікті кешіре алмай, үйге келіп барлық дүние-мүлікті тиеп алып, кеттім де қалдым.

Айдос болса: «Біреудің жас қызын жамандап, ұятқа қалдырғаның не?» - деп, өзімді кінәлап қояды. «Ұятқа қалдырғың келмесе, соны ал!» - дедім мен де.

Менің күндерім ауру баламен арпалысып өтіп жатты. Қаңғалақтап ана дәрігерге барасың, бір жерден бір хабарландыру көріп қалсаң, оған барасың. Ақша жоқ, шешемнің пенсиясына әбден жармасып алғанмын. Соның ескі пальто, анау-мынауын киіп жүре беремін.

Кейін күйеуім әлгі қызға үйленді де, маған ерегесті ме, білмеймін, әйтеуір, әке-шешесі аста-төк той жасап берді.

Олар балалы болды. Ал менің балам көрмеген теперішті көріп, бұл дүниеден қиналып кетті. Есіктен төрге домалап, жер-көкке сыймады жаны қиналғанда. Балам қатты қиналғанда, сасқанымнан бір күні күйеуімді іздеп барып, таңғы 7-де есігін қақтым. Ол кезде әлі үйленбеген кезі еді. Мені есіктен итеріп шығарып:



- Сол баланы үкіметке тапсырайық дегенде тапсырмаған өзіңнен көр! Баланы жырлап маған келуші болма! – деп, қуып жіберді.

Тауым шағылып, өксік қысып, кетіп бара жатқанымда есіктің алдына шыққанда бір мысқыл күлкіні құлағым шалып қалды. Жоғарыға қарасам, бесінші қабаттағы балконнан маған оның әлгі жүріп жүрген қызы ішегі қатып мазақтап күліп тұр екен. Содан ары қарай есім кіресілі-шығасылы сияқты болды.

Одан соң да не көрмедім? Балам қиналып өлгенде, күйеуім той жасап жатты. Одан бір уыс топырақ бұйырмады.

Бірақ уақыт бәрін ұмыттырады екен. Жылдар өте келе күйеуім екеуміз көшеде кездесіп қалсақ, ол маған сыйластық танытып, барар жеріме апарып тастап, дұрыс көңіл танытып жүрді. Сөйте-сөйте біз кездесіп тұратын болдық. Бір күні ол мені өзінің үйіне алып барды. Әйелі жоқ екен.

Бұрынғы қиындық көрген күндерім есіме түсіп, бойымды ыза мен кек буып тұрды. Көз алдыма қиналып өлген балам елестеді. Сөйтіп, ол далаға шығып кеткенде олардың отбасылық суреттері мен әйелінің шұлығын сөмкеме салып алдым. Бұрын шұлықты дұғалайды екен деп еститінмін. Өзімнің істеп тұрған ісімнің далбаса екенін біліп тұрмын. Білсем де, ақыл-ойымды ерегес жаулап алды.

Үйге келген соң дұға кітапты алып, дұғаларды келсін-келмесін бірінен соң бірін сұңқылдап оқып, әлгі шұлық пен суреттің үстінен қара түтінді будақтатып, ойыма келгенді жасадым. Суреттің күлін шашып тастадым.

Дұға жасау күнә екенін де білемін. Бірақ «Біреудің отбасына қиянат жасаған адам неге бақытты болуы керек?» деген сұрақ мазалап, әлгі отбасымды ойрандаған әйелдің де өзім сияқты бақытсыз болуын қалап тұрдым.

Менің жасағаным жай ойын сияқты ғой. Дұға деп айтуға да келмес. -Енді оның кесірі тимеді ме, әйтеуір?

-Әйтеуір Айдостың әсте жолы болмайды. Енді ақша жинап, құтайып келе жатса, біресе жол апатына ұшырайды, біресе біреудің көлігін соғып кетеді. Әйтеуір өзін бір оқиға күтеді де тұрады. Соған қарағанда, «дұғаның» әсері болғаны анық...

-Бекер. Әрине маған айтуға оңай, дегенмен әр адам өз ісі үшін Құдайға өзі жауап береді. Сен бекер күнә арқаладың,-дедім мен... Қиын жағдай...


Жанат Бақыттың әлеуметтік желідегі жазбасынан 




Көрілген: 3270    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 30.04.2018, 09:17

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    23 Сәуір, 16:06
    «Әке-шеше сатамын...»
    9 Сәуір, 14:44
    Күйеуім суып барады

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31