Отбасы - ошақ қасы

Бұрынғы жігітім мен күйеуім жан достар

  • © alashainasy.kz/

    © alashainasy.kz/

Жалғанда өзіңе қымбат адамыңның қабағына кірбің түсіргеннен асқан қылмыс жоқ секілді мен үшін. Біз, әйелдер қауымы көп жағдайда жарымыздан кейбір нәрселерді жасырып қаламыз ғой. Өйткені оларды ашуландырғымыз келмейді, әрнәрседен бір көңілі қалмаса екен дейміз. Бірақ кейде дер кезінде айтылмаған сыр ерлі-зайыптылардың арасында күмән тудырып, отбасындағы берекеге нұқсан келтіретінін де ескерген жөн екен. Мен бұны өз басымнан өткен соң айтып отырмын. Құрметті «Алаш айнасы» интернет-порталының оқырмандары, әсіресе қыз-келіншектер, егер менің оқиғам сіздерге ой салып, отбасыларыңыздағы татулықтың сақталуына септігі тиіп жатса, мен қуаныштымын.


Мен өзімнің өмірлік жарымды осыдан тура 8 жыл бұрын 22 жасымда кездестірдім. Алматыдағы ҚазҰУ-дың студенті едім. Соңғы курсты бітіріп, қолыма дипломымды алып, ата-анамды қуанту үшін ауылға асықтым. Туған жеріме, ауылыма деген сағыныштан алып ұшып тұрсам да, көкейімді ауылға барғанда Жасұланды көріп қалсам қайтем деген ой мазалайтын. Жасұлан менің бірге оқыған сыныптасым, ең алғаш сезімімді селт еткізген, сөйте тұра жүрегімді жаралаған алғашқы махаббатым. Ол екеуміз 10-сыныптан бастап қыз бен жігіт ретінде дос болдық. Мен көшенің басында, ол аяқ жағында тұратын. Сабаққа бірге барамыз, бірге қайтамыз. Ол өте бұзық, ерке бала болды. Анасы мұғалім болғандықтан мектепте басқа ұстаздар оның қылықтарын еріксіз көтеретін. Тәртібі нашар баланы жақсы оқитын қыздың қасына отырғызушы еді ғой. Жасұлан екеуміз 9-сыныптан бастап бір партада отырдық. Оның мамасы бізге қазақ тілі мен әдебиет сабағынан беруші еді. Ол кісі маған баласын қайта-қайта тапсырып, оның сабағына көмектесіп қоюымды өтінетін. Ең жақсы көретін ұстазымның өтінішін екі етпей, Жасұланның күнделігін толтырып, кітап-дәптерлерін түгендеуді өз мойныма қалай алып алғанымды да байқамай қалдым. Ал Жасұлан сабаққа келгені болмаса, қатыспайтын да, дәлізде қыздарды аңдумен жүреді. Бірақ онынышы сыныпқа келгенде ол екеуміздің достығымыз жараса бастады. Шамасы, анасының маған деген көзқарасы оған әсер етсе керек. Өйткені ол маған үнемі. «Мамам сені жақсы көреді, бүгін мамам саған мынаны беріп жіберді» деп анда-санда сыйлық алып келетін. Қазір ойлап отырсам, ол мені мамасының айтуымен ұнатуға тырысыпты, ал мен оған қамқорлық жасаймын деп жаныма жақын тұтып алыппын. Балалық қой, өзімше ғашық болғанмын. Өзім ұнатып тұрған соң оны іштей басқа қыздардан қызғанамын. Ал Жасұлан болса, мектептегі кештерде небір қыздардың ортасында жүреді. Мектепте оған ғашық болмаған қыз жоқ шығар. Әлі есімде, 11-сынып оқып жүрген кезіміз, үйде аудандық олимпиадаға дайындалып жатқанмын. Есіктен кітап құшақтап бір қыз келіп тұр. «Мені саған тарихтан сабақ беретін ағай жіберді, мына кітапты апарып бер», деді әлгі қыз. Ол қыз 9-сыныпта оқитын Гүлнұр есімді қыз еді. Оның Жасұланға ғашық екенін де білетінмін. Ол маған қолындағы кітабын беріп тұрып: «Айжан, мен Жасұланды жақсы көремін, екеуміз кездесіп жүрміз» дегені. Мен не дерімді білмей, басымды изедім де, «А, жарайды» деппін. Осыдан кейін Жасұлан маған жақындап, өзінше мені шығарып салып, айналшықтап жүрген кезде ретін тауып оған Гүлнұрдың сөзін жеткіздім. Жасұлан маған қарап күлді де, «сен не соған сеніп қалдың ба, өзі маған хат жазып қоймаған соң, әзілдеп мен де сені жақсы көремін дей салғам» деп қарап тұр.


Сонымен біз мектепті де бітірдік. Мен Алматыға оқуға барамын деп шештім, ол да Алматыдағы әскери оқу орындарының біріне түсетін болды. Оның анасы менің мамаммен сөйлесіп, екі баланы үйлендіріп, қалаға бірақ жіберсек қайтеді деп қолқа да салған. Бірақ мамам: «Олар әлі жас қой, ең болмаса алғашқы курстарын оқысын, сосын көре жатармыз» деді. Сөйтіп екеуміз Алматыда оқуымызды бастап кеттік. Мен әкемнің қарындасының үйінде тұрып оқыдым, ол оқу орнының жатақханасында тұрды. Әскери оқу орны қаладан біраз қашықтау болатын. Соған қарамастан екеуміз сенбі-жексенбі күндері кездесіп тұрдық. Бірақ көп ұзамай ол оқуын тастап, ауылға кетіп қалды. Сондағы бар уәжі, әскери оқудың ұнамағандығы. Осыдан кейін мен оны тек қысқы, жазғы демалыстарда ауылға барғанда көріп тұратын болдым. Келесі жылында ол Өскемен қаласындағы оқу орыyдарының біріне сырттай оқуға түсті.


Алғашқы кезде телефонмен жиі хабарласып, каникулға барғанда жұбымыз жазылмай бірге жүретінбіз. Сыныптастарымыз «тойларыңа қашан барамыз» деп әзілдеп қоятын. Бірақ екеуміз екі жақта жүргеннен кейін біртіндеп арамыз суып кетті. Үшінші курсты бітіріп жазғы каникулға барғанымда мен оның көрші ауылдың қызымен жүретінін естідім. Бірақ ол әдеттегідей мен қаладан келген күні кешке үйге келді. Екеуміз ештеңе болмағандай жақсы амандасып, біраз әңгімелесіп отырдық. Біраз уақыттан кейін ғана мен оған: «Жасұлан, бір-бірімізді бекер алдамайық, мен бәрін білем, мен саған бақыт тілеймін. Сыныптас, дос болып қалайық» деп өзім бірінші болып айттым. Өйткені мен үшін оның аузынан «басқа қызды жақсы көремін» деген сөзді есту ауыр болды. Ол маған үнсіз қарап отырды да, «бәрін біледі екенсің ғой, түсінгеніңе рахмет» деді де кете барды. Менің жүрегім езіліп, көкірегім қарс айрылып қала бердім. Сол жылғы каникул мен үшін өтпей қойғандай. Басқа сыныптастарыммен көңіл көтеріп, ештеңе болмағандай күлімдеп жүрсем де, іштей қатты қиналдым. Қыркүйекке дейін ауылда қалуға шыдамай, тамыздың басында қалаға кетіп қалдым, уақытша жұмысқа тұрдым.


Соңғы курс тіпті тез өтті, дипломдық жұмыс жазып, мемлекеттік емтиханға дайындалып, қосымша жұмыс істеп жүріп уақыт зыр ете түсті. Сөйтіп 4 жыл армандаған қызыл дипломға да қол жетті. Сонымен дипломымды арқалап ауылға да жеттім, ата-анамның төбесі көкке жетердей қуанды, дастархан жайып, той жасады. Сыныптастарымның біразы диплом алған, ауылда бәріміз бас қосып дипломдарымызды жудық. Осындай басқосулардың бірінде Жасұланмен кездестім. Ол мені көре салып бас салып құшақтап, бетімнен сүйіп құттықтап жатыр. Сонда байқадым, аузынан ішімдіктің иісі бұрқырап тұр. Ол мені қайта-қайта биге шақырып, үйге шығарып салмақ болып бұрынғы екеуміз жүріп жүрген кездегідей мені меншіктей бастағанын байқадым да, оған білдірмей басқа сыныптасыма үйге жеткізіп салуын өтініп, кетіп қалдым. Келесі күні сыныптастарымнан естігенім, ол жүретін қызымен ұрсысып қалған екен. Осыны естігеннен кейін Жасұланның маған деген сезімінің алдамшы екенін түсінуге тырысып, өзімді онымен кездеспеуге көндірдім. Оны қанша көргім келіп тұрса да, қашқақтайтын болдым. Ол да менің өзінен қашқақтайтынымды біліп, біраз аяқ тартты.


Қалаға барып мамандық бойынша жұмыс қарастыруды жоспарлап, қалаға қайтуға оны-мұны әзірліктер жасап жүрдім. Мен бұрын ауылға қалай қатты барғым келіп тұратын болса, солай тез кетіп қалуды ойлайтынмын. Бірақ ата-анамның көңілін қимай біраз күн ауылда болдым. Бір күні кешқұрым құрбы қыздар біздің үйге келіп, «жүрші, мектеп жаққа біраз серуендеп қайтайық, аудан орталығынан қонақ балалар келіпті, біздің кластас балалардың достары екен, танысайық» деп болмаған соң сыртқа шықтық. Кластас қыз-жігіттер жиналып ауылдағы мектептің жанына бардық. Мектептің тура жанында үлкен ағаштар өсіп тұратын, түбінде орындықтар қойылған. Бір топ қыз-жігіт сол жерде гитарамен ән салып отыр екен, солардың қатарына барып қосылдық. Бір-бірімізбен танысып, дуылдасып әңгіме айтып, түннің ортасы болғанын да білмей қалыппыз. Жазғы демалыс кезі болғандықтан әлгі жігіттер біздің ауылға жиі келе бастады. Күннен күнге ортамыз кеңейіп, достығымыз жарасып кетті. Қонақ балалардың арасында өзі сондай сүйкімді, салмақты бір жігіт бар болатын. Есімі Ардақ. Ол бірде «Қыздар, жігіттер мен екі-үш күннен кейін қалаға кетемін, жұмыс орным дайын, кетуге тура келіп тұр. Сендерді қимай қалдым» деді. «Мен де бір-екі күнде кететін едім» дедім мен. Сөйтсек екеуміз де Алматыға барады екенбіз. Сол күні ол мені үйге дейін шығарып салды, екеуміз телефон нөмірлерімізбен алмастық.


Қалаға кетерге бір күн қалғанда мен құрбыларымнан Ардақтың Жасұланның Алматыда танысқан досы екенін, әскери оқу орнында бірнеше ай бірге оқығанын білдім. Ол ең алғашында біздің ауылға Жасұланды іздеп келіпті, кейіннен басқа сыныптастарыммен дос болып кеткен. Осыдан кейін мен Ардақпен қайта кездеспейтін шығармыз деп ойладым.


Қалаға келіп, мектепке мұғалім болып орналасып, біраз уақыт өткен соң, бір күні Ардақ хабарласты. Екеуміз телефон арқылы сөйлесіп жүрдік. Ол өзінің сенбі, жексенбі күні демалатынын айтып, кездесуге шақырды. Екеуміз анда-санда кездесіп, бір-бірімізге бауыр басып қалдық. Бірақ мен Ардаққа бұрын Жасұланмен жүргенімді айта алмадым. Ылғи айтайын деп оқталам, бірақ бір түрлі Ардақтың көңіліне келіп қалама деп қорқам, одан айрылып қалам ба деген қорқыныш та болды. Өйткені мен Ардақты қатты сүйдім. Бір жылдан кейін ол менің оған тұрмысқа шығуымды өтінді. Екеуміз ауылға бірге қайттық, ата-аналарымыздың келісімімен, барлық жөн-жоралғыны жасап тойды да өткіздік. Тойға Жасұлан да келді. Ол да өзінің жүріп жүрген қызымен отбасын құрыпты. Біздің тойымызда сыныптастарым жақсы көңіл көтерді, Жасұлан біраз ішіп алып менің жаныма қайта-қайта келіп «Сен бақыттысың, иә, ал мен ше...» деп көзіме қадалып, біраз қиғылықты сала жаздады. Бірақ Ардақтан сәл жасқанды ма, есін тез жинады.


Тойдан кейін біраз уақыт өткен соң бір күні Ардаққа бар шындықты айтуды ұйғарып, әңгімені бастай бергенім сол еді ол маған қарап: «Мен бәрін білем, өзің қашан айтар екен деп күтіп жүр ем. Маған Жасұлан екеуің туралы әңгімені сенің кластастарың екеуміз танысқаннан кейін-ақ көп ұзамай маған жеткізген. Мен Жасұланды жақсы білем, екеуміз екі ай казармада бірге жатқанда ол сен туралы маған айтатын. Бірақ оның әңгімесінен түсінгенім, ол сені шын сүймейді, бірақ қимайды да. Ал мен сені бір көргеннен ұнаттым. Сыртыңнан сен туралы қандай әңгіме естісем де, менің саған деген көзқарасым өзгерген жоқ. Сондықтан мен сені өзіме жар еттім. Мен сені өзімнің досымнан қызғанбаймын, өйткені саған сенемін» деді. Осы сөзді естігеннен кейін өзімді өзім тоқтата алмай ағыл-тегіл жыладым, сүйіктімнен шындықты жасырғаным үшін кешірім сұрадым. Мен Ардақпен бақыттымын, оны маған жолықтырған Жаратқанға мың алғыс!


Автор: Айжан

alashainasy.kz/ 




Көрілген: 1906    Пікірлер: 1
Пікірлерді оқу (1) preloader

сейсенбі, 28.11.2017, 10:10

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    2 Желтоқсан 2017
    Кек қуған әйел (оқиға)

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31