Демографияға азаматтық неке кері әсер етеді

Демографияға азаматтық неке кері әсер етеді

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, дінтанушы:
– Қазіргі қоғамда, әсіресе, жастар жағы неке мәселесіне өте жеңіл қарайтын секілді. Бұл сөзіме «азаматтық неке» мен «талақ айтқыштар» дәлел бола алады. Осы неке мәселесіне қатысты ислам не дейді? Жалпы шариғатта некенің неше түрі бар?
– Шариғатта некенің бір ғана түрі бар – ол өмірлік неке. Некенің басқа түрі жоқ. Ақ неке дегеніміз екі жастың шаңырақ көтеру үшін Алла Тағаланың алдында жасалатын келісім шарт. Бұған ата-ана, туған-туыс, жалпы көпшілік куә болады. Сол себепті неке құпия болмайды, жария жасалынады. Қазақ дүркіретіп той жасайды. Бұған ауылдағы бесіктегі баладан, еңкейген қарияға дейін қатысып, куәлік береді. Жас жұбайлар шаңырақты уақытша емес, ғұмыр бойы бірге тұру мақсатымен көтереді. Сол үшін өмір көрген қариялар жастарға «бірге қартайыңдар», «қосағыңмен қоса ағар» деп баталарын беріп жатады. Әрине, бұл дүние мұсылман үшін сынақ алаңы болғандықтан өмірдің қуанышты сәттерімен бірге қиындықтары да болады. Ерлі-зайыптылық өмірдің мақсатыда да сол – барлық қиындықты бірге кешіп, жеңіп шығу. Өмір сынақтарына мойымай қол ұстасып, бірге қартаю.
Кейінгі кезде осындай ақ некенің қадірін қашырып, жастардың арасында «азаматтық неке» немесе «ерікті махаббат» деген ұғымдардың пайда болғаны өкінішті-ақ. Жеті атасын біліп өскен ұрпақ үшін «азаматтық неке» мүлдем жат ұғым. Бұл аз болғандай бұларға «талақ бергіштер» қосылды. «Өзі білмейді, білгеннің тілін алмайды» демекші, діни білімі жоқ немесе теріс ағымның ықпалына түскен кейбір жастар өзіне де, өзі өмір сүріп отырған қоғамға да зиянын тигізуде. Осындайлар «мен дінде жүрмін» деп дін үкімдерін қате түсініп, оны өзінің нәпсі қалауына бұрмалап, дінді басқа кейіпте көрсетуде.
Әдетте азаматтық некедегі адам тез үйленіп, тез ажырасады. Үйленуінен ажырасулары тез болған жастардан мұның себебін сұрай қалсаңыз: «Мінезіміз сәйкес келмеді», – дейді. Олардың мұндай қадамын ата-анасы да құптап, көп ұзатпай келесі біреуге үйленіп жатқандарын жиі көріп те жүрміз. Ал, ортада қалған бесіктегі баланың келешегі не болмақ? Ол үшін кім жауапты? Отбасылық жауапкершіліктен қорқып, қашып жүрген «кешегі» жас жұбайлар сәбиді не қылсын? Олар азаматтық некеде тұрғандықтан заң сәбидің әкесін әлеуметтік те, материалдық та тұрғыдан міндеттей алмайды. Бірақ, бұлар заң алдындағы жауапкершіліктен құтылғанымен Алланың алдындағы есептен қаша алмайды. Бәлкім мұндай некедегі азаматтарымыз: «Мен дінді ұстанбаймын. Алланың алдында қалай жауапты болмақпын?» деп ойлайтын болар. Алланың алдында жауапты болу үшін дінді ұстанып-ұстанбау шарт емес. Бастысы, сіз саналы адамсыз, сол үшін сұраласыз. Адам тағдырымен ойнауға болмайды.
«Кімде-кім тозаң түйірінің сал­ма­ғын­дай жақсылық істеген болса, соның да сыйын көреді. Кімде-кім тозаң түйірінің салмағындай жамандық істеген болса, соның жазасын да көреді»(Зілзала: 7-8).
– Жуырда ғана некесі қиылмаған «азаматтық некенің» шариғатта некесіздікке жататыны туралы ҚМДБ пәтуәсі жарияланды. Расында да, «азаматтық некеге» барған жастардың некесі қиылмағандықтан, олардың төсек қатынасы шариғатта зина саналады. Ал исламда зина жасаудың үкімі қандай?
– Исламда зина жасаудың үкімі де, сұрауы да қатты. «Зинаға мүлде жоламаңдар. Шын мәнінде, ол – анық арсыздық әрі ең жаман жол» (Исра: 32).
Некесіз төсек қатынасы зина санал­ғандықтан, дүниеге келген сәби де зинадан туған бала болып есептеледі. Бұл аз болғандай, сәби әлеуметтік жағынан да қорғалмаған. Өйткені, ата-ана АХАЖ бөлімінде ресми тіркелмеген. Сонда «азаматтық некенің» кімге пайдасы бар? Ата-анаға ма, сәбиге ме, әлде қоғамға ма? Ата-ана зинақор аталады, сәби құқығы қорғалмай, ойнастан туған бала ретінде танылады, ал қоғам тағы да бір әкесіз немесе тірі жетім баламен толығады. Себебі, не отбасы алдында, перзенті алдында ешқандай жауапкершілік сезінбеген адам күндердің күнінде: «мен сенімен жараспадым» деп кетіп қалуы әбден мүмкін. Қарасаңыз, бұл неке ешкімнің көсегесін көгертпейді.
– «Азаматтық некені» діни сауа­ты­ның жоқтығынан дедік. Ал енді, дінді біле тұра «талақ» айтқыштарды қалай түсінуге болады?
– Бұлардың жағдайы, тіпті, мүшкіл. Азаматтық неке құрғандар «біз дінді білмейміз» деп ақталатын болса, бұлар өздерінің арам пиғылын іске асыру үшін қасиетті дінді жаулық етіп жамылады. Арам пиғыл дейтінім, бұлар бір-бірінің некесін өздері қиып, аз уақыттан соң талақ беріп, бірінің ажырасқан келіншегіне екіншісі үйленіп жүре береді. Бірде мешіт алдында тұрған жігіттің қасындағы досына: «Брат, пәленше ажырасып жатыр, үйленесін бе?» деп айтып тұрғанын өзіміз де есіттік. Жағамды ұстадым. Сорақысы сол, мұндай сұмдықты әдетке айналдырған тек ерлер емес, қыз-келіншектердің де бар екені мәлім. Жасы елуді шамалап қалған әйелдің он бір ерге тұрмысқа шығып, ажырасқаны туралы деректер де бар. Олар өздерін «шариғат бойынша талақпен ажырастық» деп өтірік жұбатады. Бірақ, мұндай талақтың да, некенің де шынайы исламға қатысты жоқ. Бұл өздерін де, өзгелерді де алдап жүргендердің әрекеті. Бір ерден басқа ерге тұрмысқа шығуды әдетке айналдыру дегеніміз – талақ беріп қайта-қайта үйлену амалы сияқты барып тұрған азғындық. Мұндай «ойынға» намысы жоқ, діни көзқарасы дұрыс емес, сауаты аз соқыр еліктегіштер барады. Олар: «Пайғамбардың сүннеті рұқсат береді», – деп, дінді жамылып, қайта-қайта үйленіп-ажырасуды әбес көрмейді.
– Мұның уақытша некеден еш айыр­масы жоқ секілді. Жалпы осы уа­қытша некеге исламда тыйым салынған ба?
– Негізінде, уақытша неке араб жази­расында исламнан бұрынғы дәуірде болған. Ислам келіп, шариғат үкімдері толығып, дін кемеліне жеткен шақта көптеген жәһилият дәуірінен қалған дәстүрлерге қатаң тыйым салынды. Бұлардың арасында уақытша неке де бар еді. Жаңа заң шыққаннан кейін, бұрынғы заңның күші жойылады. Бұл заңды құбылыс. Әлемдегі сүннит ғалымдары бір ауыздан, «Ислам келгеннен кейін уақытша некеге тыйым салынды», – деген пікірді ұстанады. Ибн Аббас имам Термезидің «Сунан» атты кітабында былай дейді: «Уақытша неке деген исламнан бұрын болды. Жат жерге келген адам (жолаушы, жауынгер және т.б.) ол жер туралы еш нәрсе білмегендіктен, еліне оралған уақытқа дейін бір әйелмен уақытша некеге тұрады. Ол әйел әлгі адамның заттарын қарайлап, оның жағдайын жасайтын. Алайда, «Олар ұятты жерлерін сақтағандар. Бірақ, өз әйелдеріне, күңдеріне (жанасса) күнә емес. Ал бұлардан басқаны қалағандар, шектен шыққандар», – деген аят келген сәтте бұл үрдіс сап тыйылды» (Мағаридж: 29-31).
Ахмад ибн Ханбалдың «Муснад» шығармасында уақытша некеге тыйым салынғаны турасында мынадай хабар келеді: «Бір күні ер адам Омардан уақытша неке туралы сұраған еді. Сонда ол ашуланып: «Алланың атымен ант етемін! Пайғамбардың (ﷺ) дәуірінде біз зинақор және азғын болмадық», – деп жауап берді.
Әр-Раби ибн Субра әл-Жуһанидің әкесі пай­ғамбардың (ﷺ) қасында болған саха­балардың бірі. Бұл кісі әкесінің жеткізген хадисі жөнінде былай дейді: «Менің әкем: «Алланың елшісі (ﷺ) Меккені алған жылы уақытша некеге тыйым салды», – деп айтты (Мүслим, Әбу Дәуіт, Ахмед және т.б).
Ал енді, Әли ибн Әбу Талиб былай деген: «Келін жақтан өкіл және екі куәгер болмаса неке жүрмейді. Бір немесе екі дирһем беріп, күндік немесе екі күн үшін некені қиюға болмайды. Бұлай жасау – жезөкшелік. Некеде ешқандай сылтауға жол жоқ» (Әл-Мағриби. «Дайм әл-Ислам»).
Бүгінде уақытша некені ұстанатын да, дәріптейтін де шииттер. Ал, шииттер негізінен Иран мемлекетінде орналасқан. Әсіресе, Ирандағы рафидиттер ағымы сияқты топтар уақытша некені қатты ұстанады. Рафидиттер дегеніміз – көптеген сахабаларды тілдеп, Құранның кейбір аяттарына күмән келтіріп, күпірлік ететін шектен шыққан шииттердің ағымы. Олар пайғамбардың дәуірінде уақытша неке болған деген пікірді ұстанады. Сөйтіп, келіскен әйелге ақысын беріп, белгілі мерзімге дейін бірге тұра береді. Олар күні бүгінге дейін шет мемлекетке бара қалса, іс-сапарының мерзімі біткенше уақытша некелесіп жүре береді. Егер жергілікті халықтан біреу-міреу «мұның не?» деп сұрай қалса. Олар: «Исламда уақытша неке деген бар. Пайғамбар уақытша негені құптаған» деп діннен хабары аз адамды адастырып кетеді. Мұны да ескеріп жүрген жөн.
Біздегі дінді жамылған «талақ бер­гіш­тердің» әрекеттері де осыларға ұқсайды. Оларға үйленіп, ажыраса салу оңай. Сондай-ақ, олар өзгелерге діндар бо­лып көрінеді, бірақ, амалдары дінмен мүл­дем сәйкес келмейді. Мысалы, олар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпейді, имам­ды сыйламайды. Ата-ананы ардақ тұтпай­ды, олардың тілін де алмайды. Егер ересек­тердің тілін алса, некеге осынша жеңіл қа­рамас еді. Олар тек бір-бірінің айтқаны­мен ғана жүреді. Ал, исламда ата-ананы құрметтеу, оларға жақсылық жасау парыз:
«Раббың Жалғыз, Оған ғана құлшылық етулеріңді және де ата-анаға жақсылық істеулеріңді бұйырады», – деп әмір еткен (Исра: 23).
«Адам баласына әке-шешесіне жақ­сылық қылуды нұсқадық...», –деп хабар береді (Ғанкабут: 8).
Бұған қоса «Жәннат – ананың аяғының астында», – деген әйгілі хадис тағы бар (Ахмад, Нисай).
Бұлар жоғарыда айтқандай мешіт имамдарының насихаттарына құлақ та аспайды. Ажырасқаннан кейін балаларына қарайласпайды. Демек, Құдай алдындағы өзінің әкелік жауапкершілігін сезінбейді. Сонда олар үшін үйлену – сүннет, ал ажырасқаннан кейін балаларына қарайласу сүннетке жатпайды ма?! Ибн Омардан (р.ғ.) жеткен хадисте Алланың елшісі (ﷺ) ер адамның отбасы және балалар алдында жауапты екенін айтады:
«Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты, кісінің құлы (қыз­меткері) қожайынының малына бақта­шы әрі соған жауапты. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар» жеткізген (Бұһари).
Шаңыраққа мұнша селқос қарайтын адамның тағы бірнеше мәрте үйленіп, қанша шаңырақты бұзатыны бір Аллаға мәлім. «Бұрын үйленген екен», – деген сөз екі жаққа да жеңіл тимесі анық. Әсіресе, ата-анаға бұл ауыр сөз. Ертеде аталарымыз осындай келеңсіз жағдай болмасы үшін ұлына: «Қарағым, бізді жерге қаратпа. Бақытты бол!», – десе, аналарымыз қыздарына: «Құлыншағым, барған жеріңе тастай батып, судай сің!», – деп баталарын берген.
Ислам қосылған екі жастың қайта ажыраспауы үшін көп насихат айтады. Отбасы шаңырақтың қирап ортаға түспеуі үшін күресуі керек. Себебі, бұдан зиян көрмейтін тарап жоқ. Ажырасу бірінші кезекте, шаңырақ иелері үшін зиян. Сол үшін шариғат екі жастың арасындағы келіспеушілікке отағасының сабыр етіп, ашуын ақылға жеңдіріп, байыппен парасатты шешім қабылдауына шақырады. Алла Тағала осы жамандықтың алдын алып:
«Әйелдеріңе жақсы мәміледе болың­дар. Егер оларды ұнатпайтын болсаңдар, кім біледі, мүмкін Алла Тағала сол ұнатпаған нәрселеріңде көптеген жақсы­лық­тар нәсіп етіп тұрған болар», – деп ота­ғасын байсалдылыққа шақырады (Ниса: 9).
– Талақ қандай жағдайда айтылу керек? Жалпы талақтың талаптары қандай?
– Барлық нәрсені жетік білетін Алла ажырасудан басқа шара қалмаған уақытта екі жасқа ажырасу құ­қығын берді. Бұған қатысты пайғам­барымыз (ﷺ) «Рұқсат етілген істердің ішінде Алла Тағалаға ең сүйкімсіз іс – талақ» – деп айтқан (Әбу Дәуіт және т.б.).
Бірақ, пайғамбарымыз (ﷺ) шаңырақ бірлігін шама келгенше берік ұстауды үнемі насихат етіп отырған. Отбасының берекесін бұзып, нәпсінің қалауына еріп, «мен ажырасамын» немесе «талақ» деп айта салуға болмайды. Бұл жиіркенішті амал. Алланың елшісі (ﷺ): «Қандай да бір әйел болмашы нәрсеге бола күйеуінен талақ етуін сұраса, ол әйелге жәннаттың иісі харам», – деген (Әбу Дәуіт және т.б.).
Шариғат ажырасуға рұқсат береген екен деп «талақты» ойыншық етуге әсте болмас. Жоғарыда айтқанымыздай мұндай адамдарды нәпсіқұмар және намысы жоқ адамдар деп атаған жөн. Бұлар бойындағы құмар ләззатына еріп, соны шариғаттың атымен бүркеп жүргендер. Алла Тағала:
«Егерде ері әйеліне (үшінші рет) талақ берсе, әйелі басқа күйеуге шығып, одан талақ алғанға дейін, екеуінің қайтып үйленулеріне болмайды. Екінші рет шыққан күйеуінен басы босаған соң, Алланың талап еткен шектеулерін орындай алатындарына сенімді болса, екеуінің қайта қосылуларында күнә жоқ. Міне, жөн білетін адамдарға (таратып) түсіндіретін Алланың үкімдері осындай» (Бақара: 230)» – деп ажырасып, әйеліне қайта қосылудың жеңіл емес екенін көрсетеді.
Бұл – ер адам осыны білген соң оңай­лықпен шаңырағын бұзбасын, намысын қорғасын деген мағынада айтылған аят. Яғни, сіз өмірлік жарыңызға талақ беріп, ажырасатын болсаңыз, онда ол басқа ерге тұрмысқа шығып, онымен ерлі-зайыптылық борышын өтеп, кейін одан ажы­рағасын барып, оны қайта алуға рұқсат. Алла Тағала «ақ неке» сияқты нәзік құндылықты осындай қатал аятпен қорғап қойған. Кеудесінде титтей де намысы бар еркек өлсе де мұндай қадамға бармасы анық. Барса да жан-жақты ойланып барып шешім қабылдайды.
Қоғамда бұзықтық таратып, ата-баба дініне күйе жағуды, қоғам арасына топ-топ етіп жік салуды көздейтіндер жас­тарымыздың және жалпы қоғам мүше­лерінің діни-ақпараттық сауаттарының таяздығын ұтымды пайдаланып, күш салуда. Сөйтіп, өздерінің жеке мүдделері үшін дін исламды теріс бағытта пайдалану мақ­сатында түрлі жамандықпен аралас­тырып жатыр. Өздерін діндар етіп көрсе­тетін мұндай намыссыздардың қоғамға да, дінге де зиянын тигізу қаупі бар.
Мұндай топтар қанша жерден исламды жамылғанымен бұлардың ашық адасуда екені мәлім. Бастысы, жас жұбайларымыз діндегі отбасылық құндылықтарды үйренеміз деп осындай адасқандардың уысына түсіп қалмасын. Мұндайлар мұсылманшылық үйрену үшін мешітке келушілерді аңдып жүріп: «біз имандылық үйретеміз», «мұсылман отбасына кеңес береміз», – деп алдап, арбауларына тұсіруге құмар. Жастарға айтарым, отбасында «талақ» сөзін айтудан сақ болайық. Бұл қағида отбасының бақыты мен берекесі үшін өте маңызды. Шаңырақты бақытты ету де, бақытсыз қылу да екі жастың қолында. Шаңырақ берік болса, өскелең ұрпақ та аяқта нық тұрады, мемлекетіміз де мықты болады. Жастарымыз бақытты да баянды ғұмыр кешсін!

Әңгімелескен
Олжас Сәндібек
e-islam.kz 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста