Отбасы - ошақ қасы

Қалай екінші әйеліне айналғанымды білмей қалдым...

  • Қалай екінші әйеліне айналғанымды білмей қалдым...

    Қалай екінші әйеліне айналғанымды білмей қалдым...

Менің тағдырым туралы оқып отырған кейбіреулер айыптар, жазғырып, тілдер. Бірақ, өмір деген адамның қалағанындай бола бермейді екен. Сондықтан, ішіме сыймаған басымдағы жағдайларды ортаға салуды жөн санадым.

Мен онымен 20 жасымда таныстым. Ол кезде ауылдағы дүкенде сатушы болып жұмыс жасайтынмын. Жақсы көзімен қиыла қарап, сауда жасайтын ағайды жақсы көріп қаламын деп басында ойламадым да. Ол менен 16 жас үлкен еді. Жанұясымен басқа ауылдан көшіп келгенін өз аузынан естідім. Сонда да болса жүрегімде тұңғыш рет ер азаматқа деген ерекше сезім оянды. «Жүрекке әмір жүрмейді» дейді ғой. Мен оны шексіз сүйдім. Өзіме деген ерекше жылулық пен сүйіспеншілікті сол адамның жүрегінен таптым. Алғашында тығылып, ешкімге білдірмей кездесіп жүрдік. Көзсіз махаббат деген осы шығар, сірә. Мен әкесіз өстім. 12 жасқа толғанымда әкем о дүниелік болған. Жалғыз анам әпкем екеуімізді ештеңеден тарықтырмаймын деп тыраштанды. Әкенің, ер адамның мейірімін аңсап өстім-ау деп ойлаймын. Сөйтіп жүріп сол адамнан жүкті болғанымды білдім. Алты айға дейін ішім білінбеді. Жастығым шығар, өзім де алаңдамай жүре беріппін. Ішімнің үлкейіп келе жатқанын байқағанда ғана әпкеме айттым. Ол тұспалдап анама жеткізді. Алғашында анам қатты қайғырды. Реніштен ауыр сөздер де айтты. Бірақ, көндіккені болар, «елдің бетіне қалай қараймын, нағашыларыңа бар» деп мені алыс ауылдағы туысқандарыма апарып тастады. Олар менің келгеніме қуана қойған жоқ. Ұятты болып келіп жатқан адамды қайбір жақтырсын. Бәрі маған ауыр қылмыс жасаған адамдай қарады. Бірақ шешем үшін амалсыз көнген болуы керек мені алып қалды. Әйтсе де қызымды босанар кезде өз ауылыма оралдым. Қызымның әкесі мені ауруханадан шығарып аларда бірге болды. Сөйтіп, күнде кешкілік келіп, көмектесіп тұрды. Соғым сойса да жарты етін беріп, бізге екінші жанұясындай қарайласты.

Бір ауылда тұрдық. Біздің үй ауылдың шетінде, олар ортасында тұратын. Кейде көшеден ол кісінің әйелін көріп қаламын. Қарауға дәтім шыдамай, теріс айналамын. Ол кісі де сұңғыла адам болуы керек, менің бетімнен алып, не анаммен айқайласып көрген емес. Әпке-жездем анаммен бірге тұратын еді. Біз келген соң, бір жұмадан кейін бала-шағасымен пәтерге бөлек шықты. Жездем «ұятсыз» балдызымен тұрғысы келмепті. Анам байғұс ұрсып, сөйлеп-сөйлеп алады, содан соң жылайды. Сосын қайтадан басылып, мені жұбатады. Әйтеуір анам мені тағдырдың талқысына тастаған жоқ. Ауырсам басымнан сүйеді, қызымды да «балапаным» деп бауырына басты. Бірақ біз тұтқындағы адамдардай өмір сүрдік. Тумаларымыздың бәрі бізден теріс айналды. Әсіресе, анама ауыр тиді. Күндіз сыртқа шығуға ел-жұрттан ұяламыз. Кешкілік, қараңғы түсе анам үйді айналып келіп, «Дариғаш, адам аяғы басылған-ау деймін, баланы алып шық» – деп сыбырлайды. Мен бөпемді орап алып шығамын. Сөйтіп, бейкүнә сәбиімді таза ауамен тыныстатқан боламын. Дүниеге әкелген сәбиің үшін өзіңнен-өзің ұялу, айналадан қымсынып өмір сүрудің нағыз азап екенін мен сонда түсіндім. Әйтеуір, оңай болған жоқ.


Үлкен қызым екіден асқан шақта сүйген адамыммен жасырын кездесуімді қайта бастадым. Сезім еркіме қаратпады. Оны жақсы көргенім соншалық, оның әрбір сөзінің алдында дәрменсіз болдым. Алайда бұл жасырын кездесуіміздің соңы тағы да көңілсіз аяқталды. Мен екінші рет ана болатынымды білдім. Бірден баланы алдыртып тастамақ болып, тастай бекіндім. Бірақ ол «Мен саған үйленемін, баланы алдырма» деп кесіп айтты. Ауыл-елдің сөзінен қашып мені Оралда тұратын апасының үйіне әкеліп тастады. Олармен де туысымдай араластым. Сөйтіп, екінші қызым жарық дүние есігін ашты. Әкелері келіп, екі бөлмелі үйді төрт айға жалдап, қаражатын тастап ауылына кетті. Мен екі қызымды құшақтап, оны күтіп қала бердім.

Содан Жаңа жыл мерекесінде келгенінде одан «Қашан қосыламыз?» деп сұрадым. Ол кібіртіктеп, қипалақтап, «Ренжіме, мен отбасымды тастай алмаймын» деп қарап тұр. «Онда неге өтірік айтасың, сен маған үйленемін дегесін екінші қызымды дүниеге әкелдім ғой» деп едім, ол: «Сенің өзге біреуге кеткеніңді қаламаймын, сондықтан солай айттым» деп жауап берді. Сол күні біз ренжісіп қоштастық. Ол сол кеткеннен көпке дейін оралмады. Біраз уақыттан соң қайтып келді. Үндеместен кіргіздім. Үйлену жайлы әңгіме айтылған жоқ. Бәлкім, менің орнымда өзінің дегеніне жетпей қоймайтын адам болса, басқаша болар ма еді деп те ойлаймын. Өзінің кінәсін жеңілдеткісі келгені болар: «саған басыңа баспана алып берейін, екі қызбен қайда барасың?», – деп жатақханадан бір бөлме сатып алып берді. Ақшасын төлеп, мені колледжде сырттай оқытты. Қолыма қомақты қаражат беріп, «бизнесіңді аш, ешкімге тәуелді болма, қыздарым мұқтаждық көрмесін», – деп қамқорлық көрсетті.

Ол үнемі ауылда. Қалаға іссапармен келген кездерінде ғана соғады. Сөйтіп екі жылдай уақыт өтті. Бірақ мен мағынасыз кездесулерден шаршадым. Оның келгеніне қыздарыммен қатты қуанамын. Бірақ, шығарып салу қиын еді. Ол кетерде бәріміздің көңіл-күйіміз түсіп, біртүрлі болып қаламыз. Сондықтан: «Енді бұлай кездеспей-ақ қояйық, сен өз отбасыңмен бол», – дедім. Сөйтіп, біздің романтикаға толы кездесулерімізге нүкте қойылғандай еді.

Қазір бір жылда бір-екі рет қана сөйлесеміз. Онда да он-он бес минутқа ғана. Менің қатты қорқатыным өсіп қалған қыздарының қойған сұрақтарына қалай жауап беремін деген ой. «Мама, сен біздің папамызға күйеуге шықпасаң, біз қалай пайда болдық?» десе не демекпін деп тұла бойым бір ысынып, бір суынады. Психологиялық бағыттағы кітаптарды ақтарып, өсіп келе жатқан қыздарымен ашық әңгіме өткізуге де дайындалып жүрмін.

Әрине, әдемі сезімнің құлы болып, оң босағада, екі қызымды құшақтап отырып қалғаныма налимын. Ақ көйлек киіп, анамның ақ батасын алып, сүйген адамыммен қол ұстасып, ақ босағадан аттауға менің де қақым бар еді... Бірақ өмірде адамның өзі ойлағанындай бола бермейді екен.

Кім не десе де, қиналғаныммен, ешқашан мойымадым. Ең бастысы менің сезімім шынайы, таза. Мен оны әлі күнге лайлаған емеспін, өмірімнің соңына дейін лайламаймын да. Ол кісі үшін жауап бере алмаймын. Өйткені кейде «Менің жастығымды пайдаланғысы келген ғой» деген ойлар да келеді.

Бірақ ел-жұртқа жаманатты болып, дүниеге әкелген қыздарым – менің жүрегімде бүршік жарған әдемі сезімімнің гүлдері сықылды. Ол кісі егер қайта айналып келсе, мен тағы да қарсылық білдіре алмас едім...

Дариға, Орал қаласы

 




Көрілген: 4282    Пікірлер: 1

сенбі, 30.12.2017, 09:53

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    20 Маусым, 10:09
    Нәпсіге ерік беріп...
    16 Маусым, 23:05
    Монашканың махаббаты
    28 Мамыр, 10:54
    Кеш келген сезім...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31