Отбасы - ошақ қасы

Қайынағамнан таяқ жегенімді ұмыта алмаймын

  • Қайынағамнан таяқ жегенімді ұмыта алмаймын

    Қайынағамнан таяқ жегенімді ұмыта алмаймын

Одан бері 17 жыл өтіпті, ешкімге зияным тимес, екіншіден, аты-жөнімді өзгерттім. Кім біледі, іште 17 жыл бойы бұғып жатқан шерді тарқатсам, жеңілдеп қаламын ба? Бұл оқиғаны ата-анам, күйеуім және «ол» ғана біледі. Бірақ тән жарасын көрсе де, іштей қалай қиналғаным бір Алла мен маған ғана аян. Сонымен, 1997 жыл...


... Сол жылдары «Саяхат» автовокзалынан төмендеу жерде орналасқан екі бөлмелі кішкене ғана үйімізде күйем, мен, қызымыз үшеуміз тұрып жаттық. Бірде айтып келмей, Шымкент қаласында тұратын абысыным есік ашып тұр. Сол күні түнде күйеуім түнгі ауысымға жұмысқа кеткен еді. Таңға дейін абысыным екеуміз сыр шертістік, анығы ол мұңын шақты. Бір ауыз сөзбен айтсам оның әңгімесі мынау: «Күйеуім араққа салынып кетті. Бес баланы асырау мүмкін емес. Енді көмектеспесеңдер қайыр тілеп кететін түріміз бар. Барлық туған-туыс бізден бас тартты. Өйткені «ол» арағын қояр емес. Алайда күйеуім «егер Алматыдағы інім қол ұшын созса, арақты қойып, адам боламын. Жұмысқа тұрамын» деп ант-суын ішті». Шыны керек, аяп кеттім. Оларды емес әрине. Мына кең заманда тойып тамақ ішпей жүрген, «көршілері әкеп беретін бір тостақ макаронға қарап қалған» шиеттей балаларды ойлап, бей-жай қала алмадым. Абысыным ұйқыға кеткенде менің көзім ілінбей-ақ қойды. Күйеуімді күтіп, онымен ақылдаспақ ойдамын баяғы. Жеңгесінің дегендерін естіп күйеуім «Шымкентте күнін көре алмаған «ол» Алматыда қалай тұрмақ?» деп шала бүлінді. Ал мен өзімше жоспар құрып қойғанмын. Соны баяндап бердім.


– Осы үйге тіркейік. Сөйтіп қаладағы бір автопаркке жұмысқа тұрады. Біріншіден, күнде көлік айдаса арағын ішпейді, екіншіден, автопарктерге жүргізуші керек, үшіншіден айлықтары жақсы. Салып жатқан үйдің (сол жылдары қала сыртында үй салып жатқанбыз) бір-екі бөлмесін тездетіп бітіріп берейік, оғанға дейін осында тұра тұрады, - деп едім, күйеуім:


– Ойбай, мына «курятникте» сонда қанша адам тұрамыз!?, – деп баж ете қалды.


– Ақырын жеңгең естіп қояды. Күн жылы, жартысымыз далаға жатамыз. Екі-үш ай шыдайық. Әрбірден кейін бауыр сенікі, – деп едім күйеуім ойланып қалды.


Сонымен не керек, олар көшіп келді. Барлығы мен айтқандай болды. «Курятникте» қыркүйек айына дейін 4, 5 ай бірге тұрдық. Олар мана айтқан біз салып жатқан үйге көшкенде бес жасар қызымыздың қуанғанын көрсеңіздер ғой, жалғыз өсіп келе жатқан оның әбден мазасы қашты, білемін.


Сол жылдары ауылдағы жағдай қатты қиындап кетті. Жарық, сусыз қалған сондай бір ауылда менің әке-шешем тұрып жатты. Менен басқа ата-анамды ойлайтын ешкімнің жағдайы жоқ. Сол үшін де күйеуіме «ол» тұрып жатқан үйдің екінші жартысын бітіріп, әке-шешемді көшіріп алайық. Біраз тұра тұрсын, содан кейін бір мәнісі болар», - деп едім, бірден келісті.


Солай көрші болып «ол» мен менің ата-анам төрт-бес ай тұрды. Сол төрт-бес ай мен үшін оңайға соққан жоқ. «Неге?» дерсіздер. Әкем мен «ол» екі күннің бірінде ұрсысып қалады. Сөйтсек, «ол» біздің төбе жабамыз деп сатып алып, жинап қойған ағаштарымызды шетінен отқа жағады екен және де балалары үйдің бітпей тұрған бөлмесін қыстай дәретхана жасап шығыпты. Қысқасы, осы. Әрине, екі жақты сабырға шақырмақ оймен күйеуміз екеуміз талай мәрте «дипломатиялық бітімгершілік» орнатып жүрдік. «Мақұл, мақұлмен» жүріп, екеуінің беттері ашылып кетті.


Кешкі апақ-сапақ кез болатын. Ас дайындап жатыр едім, сау етіп әке-шешем келіп тұр. Түрлерін көріп, тұрған бойда талып қала жаздадым. Алпыстан асқан әкемнің басынан сорғалап аққан қан, бетін жуған. Бір көзі қатты ісіктен мүлде көрінбейді. Қолындағы шүберекпен қанды әрең тоқтатып тұр. Анам байғұс қорыққаннан аяқ-қолы дір-дір етеді. Шашы ұйпа-тұйпа. Ішін басып, жерге отыра кетті. Сіздерге өтірік, маған шын, «ол» анамның шашынан уыстап ұстап алып, ішінен бірнеше рет теуіпті. Ал анам 1-2 жыл бұрын ғана өтін алдырып, ауыр ота жасатқан еді.


Менің қандай күйге түскенімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Көзімнің алды қарауытып кетті. Алпыстан асқан қарт адамдарды осылай қан жалатқан «ол» осындай жауыз ба еді? Білсем ше...


Медицина тілімен айтқанда «аффект жағдайда» тұрып, сыртқа шығып, такси ұстап сойқан болған үйге қалай келгенімді қазір еміс-еміс қана білемін. Есесіне үйдің ішінде болған оқиғаны мәңгі ұмытар емеспін. Ата-анам күйеуіме болған жайды айтып жатқанда, орнымнан тұрып сыртқа шығып кетіппін.


Келсем, «ол» жалғыз екен, кейін естідім, сол күні қатын-балаларын да соққыға жығып, барлығы үйден қашып кеткен екен. Үйде екеуміз ғанамыз.


«Аға, мұныңыз не?» деп айтып үлгергенім жоқ, жағыма ауыр жұдырық кеп тигенде, қалбалақтап барып, ұшып түстім. Содан кейінгі тепкі одан асып түсті. Бір айызы қанғанша тепкіледі енді. Тура бетіме тиген тепкіден мұрнымнан қан суша ақты. Бетімді басып «қойыңызшы» деп жалынсам, одан бетер құтырады. «Ә-ә, басым дейді ғой, қазір мен сені «сөйтем де, бүйтем» сонда көресің» деп аузына ақ ит кіріп, көк ит шықты. Қанталаған көзі түріліп кеткен етегімде. Талықсып бара жатсам да, орны толмас масқара болар ма екем деп өзімше қорғанып қоямын. Сөйтіп тұрғанда күйеуім мен күйеу балам кіріп келді. Екеуі сүйрелеп алып шығып бара жатса, «ол» сонда қояр емес. Дәлізде жатқан балтаға жармасап, «сендерді өлтіремін» деп жолымызды бөгеп жатыр. Күйеу балам мені көлікке алып кетіп, күйеуім ағасын ұстап қалды. Содан өзі жүгіріп келіп көлікке отырған бойда күйеу балам газды басты.


Әке-шешемнің көргені менікінің қасында түк болмай қалды. Ішке кеткен қан өңешіме жиналып, ұйып қалып, тұншығып өле жаздадым. Соның өзінде күйеуім маған жедел жәрдем шақырғысы келмеді. Сондағы ойы: мен ауруханаға барғанда милияцияға арыз жазып жіберсем, ағасы қамауға алынады. Білмеймін, бірақ бұл қылығы үшін күйеуіме онша ренжімедім. Ит те болса, ағасы ғой. Мен жазылып кетермін, ал милицияға түскен адамның жағдайы тіптен қиындап кететінін ойлаған шығар күйеуім. Марқұм ата-анам да жуас-ау, күйеуіме қатты айтпай, «дәрігерге апрамаса болмайды ғой» дейді жәймен ғана.


Ақырында ендігі ауруханаға апармаса болмайтынын білген күйеуім, мені таңға жуық облыстық ауруханада жұмыс істейтін ауылдасына алып келді.


Көзі шарасынан шыққан дәрігер мені көріп бірден «ауруханаға жатқызбаса болмайды» деді. «Әйеліңнің мұрны сынған, миы қатты шайқалып, бойын үрей билеп кеткен. Қазір емдемесе, кейін зардабы ауыр болады» дегеніне қарамастан, керек деген дәрі-дәрмектерді жаздырып алып күйеуім мені үйге алып кетті. Тіпті өзімді қорғап, «ауруханаға жатамын» деуге де қалым жетпеді. Құр сүлдерім қалған менің шамасы сол кезде психикам да зақымданса керек, күйеуімнің артынан еріп кете барыппын. Содан екі ай дегенде есімді әрең жидым.


Кейін күйеуім маған «ол» сол кезде анаша шегіп алыпты, ондайда адам не істеп, не қойғанын өзі білмей қалады ғой» дейді өзін кінәлі сезініп. Мейлі дейік, бірақ содан кейін «айналайын кешір, қатты кеттім» десе қайда қалыпты. Қазір «ол»-мен араласпаймыз, күйеуімнің де одан көңілі қатты қалды. Қалай деген күнде де күйеуімнің мен үшін жүрегі ауырды. Кейінірек менен кешірім сұрады. Оған да шүкір.


Мен қазір кек сақтап жүргенім жоқ. Қарғап-сілеп, «ол»-мен алысқаным да жоқ. Аман болсын. Жазықты болса, жазасын Алла берер. Тағы бір жаныма батқаны, мән-жайды естіген енем де ләм-мим демеді. Құдды бір заңдылық сияқты қабылдады. Менің өмірімде болған бұл оқиғадан бейхабар жандар «бұл не деген қатып қалған келін?» деп кінәлайды. Кімге айтып жатамын, не үшін «ол»-ды көргім келмейтінін. Бірақ қазақпыз ғой, «қайын аға иманды болмай, келін ибалы болмайды» дегенді біліп жүрейік.


Содан бері 17 жыл өтсе де, жан жарасы да, тән жарасы да ізім-ғайып жоғалып кетпеді. Бірде ғаламтордан «жаныңда жеп, іштей қинаған бір азабың болса, қағаз бетіне жазып шықсаң жеңілдеп қаласың» дегенді оқыған едім. Жеңілдедім бе?... Шынымды айтсам, білмеймін.

 




Көрілген: 2872    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сенбі, 16.09.2017, 10:46

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
18 Қыркүйек, 09:26
Қыз күнінде бәрі жақсы...
15 Қыркүйек, 10:29
Енем мені менсінбейді
7 Қыркүйек, 10:48
Мұғаліміме ғашықпын...

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2017
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
қараша
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30