Отбасы - ошақ қасы

Көңілдес боламын деп кім ойлаған...

  • © vk.com

    © vk.com

«Алаш айнасынан» қилы тағдырларды оқып, өзім де өз өмірім жайлы көпшілікпен бөлісуді жөн көрдім. Негізі ешкімді тағдыры үшін кінәлауға болмайды. Себебі өзіңді немесе келешекте балаларыңды не күтіп тұрғанын болжай алмайсың. Тек әркім өз өмірі үшін жауапты екенін, күнәсі болса да, басқасы болса да өзі көтеретінін ойлап ешкімді сөкпеу қажет екенін түсіндім. Сондықтан қай уақытта болса да басқаны сөгуге, тағдыры үшін «соттауға» дайын тұрмасақ екен. Бұл менің өз өзімді алдын ала ақтап отырғаным емес. Тек кім кімде болсын еріккеннен жаман жолға түспейтінін ұқтырғым келеді.


Мен де бір кездері біреудің көңілдесі болам-ау деп ешқашан ойламаппын. Менің жасым қазір 38-де. Осыдан бес жыл бұрын екі баламен жесір қалдым. Жолдасым жол апатынан қайтыс болды. Жолдасым қайтыс болғанға дейін еш жерде жұмыс та істемеген едім. Алғашқы баланы өмірге әкелген соң, соның тәрбиесімен үйде екі жылдай отырып қалдым. Жолдасым жұмысқа шыққаннан гөрі, бала басын көбейтіп үйде отырғанымды қалады. Үйде бәрі жеткілікті болған соң, жұмысқа шығу жайлы да ойламай, екінші рет құрсақ көтеріп, қыз баланы дүниеге әкелдім. Жолдасым онсыз да балажан еді, ұлын еркелеткенде өліп-тірілетін, ал қызымды тіпті жақсы көрді. Одан кейін жұмысқа шықпай солардың тәрбиесімен айналысқанымды қалады. Сонымен үйде біраз отырып қалдым. Сөйтіп жүргенде ұлым бірінші сыныпқа барды. Баланы мектепке тасу, оның сабағы, ата-аналар жиналысы, қызымның балабақшасына тасып, алаңсыз күндерім өтіп жатты.


Жолдасым аяқ астынан жол апатынан қайтыс болғанда шырт ұйқыдан оянғандай болдым. Жолдасым барда ішіп-жем, балалардың киімі, керек-жараққа аса бас ауыртпаппын. Қазаның арты тарқап, қырқын өткізген соң, еріксіз жұмысқа шығуға тура келді. Балалардың мектебі мен балабақшасына қаражат керек, оның үстіне екі-үш айдан соң жолдасымның жүз күндігі де келе жатыр.


Қайын жұртымда ата-енем ертерек қайтыс болып кеткен. Ал қайынағаларымның әрқайсысының өз жанұясы бар болғандықтан олардың маған қарайласатын шамасы да жоқ еді. Өзімнің төркінімнің де мені қолтығымнан сүйеп, ұзақ уақыт материалдық тұрғыдан көмектесетіндей шамалары жоқ еді. Оның үстіне талай жылдан бері бөлек кеткен адамның жағдайына кім бас ауыртсын.


Сонымен жұмыс іздеуге шықтым. Таныстарым арқылы сұрау салып көргенмен жұмыстың шеті шығар болмады. Сосын ұлымның мектебіне барып жүріп, еден жуушы қажет екенін естідім. Бәрібір еш жерден жұмыстың шеті шығып тұрмаған соң, мектеп директорына кіріп, еден жууға сұрандым. Алғашқы күні еден жуып жүріп, етегім толып еңіреп әбден жыладым. Жолдасымды сағынғаным бар, 33 жасымда қаражатсыз екі баламен жесір қалғаным бар, оның үстіне өмірімде еден жуып, ақша табам деп ойламаған басым психологиялық тұрғыдан сынып түссе керек. Бірақ кешкісін екі ботақанымның маған жәудірей қараған көздері тез есімді жиғызды. Еден жууға тез үйренісіп кеттім. Маңдайыма жазылған тағдыр сол деп түсіндім. Келе келе базарда киім-кешек сататын жолдас келіншектен киім-кешек алып, мектепке апарып мұғалімдерге үстіне ақша қосып сататын болдым. Олардың жалақысы айма ай уақытылы, қарызға берем де ай соңында айлықтарынан жинап алам. Солай жолдасымның жүз күндігін де өткізіп алдым. Сөйтіп жүріп базардағы жолдас келіншектің қасындағы сатушы ер адаммен танысып қалдым. Әр келген сайын көзін сүзіп жүретінін байқайтынмын. Жолдас келіншектен мені сырттай сұрайтынын да естіген едім. Несін айта берейін, Марат сауда арқылы жағдайын дұрыстап алған, базарда бірнеше киім-кешек, люстра, құрылыс заттарын сататын нүктелері бар жігіт болып шықты. Әйелі, үш баласы бар екен. Жақсы тіл табысып кеттік. Жолдасымның топырағы суымай жатып деп қанша қашқақтасам да, Марат ізімнен қалмады. Сонымен көп ұзамай оның көңілдесіне айналдым. Коммуналдық төлемдеріңе, балалардың киім-кешегіне деп ақша беретін, азық-түлікті көлігімен әкеліп тастайтын. Үнемі ер адамның қамқорлығына үйреніп қалған маған, шын мәнінде қасыма ер-азамат керек екенін ұқтырды.


Мектептегі еден жууды тастап, базарға киім-кешек сатуға шығатын болдым. Жолдас келіншектен реализацияға алып бұрын Бішкектің киімдерін сатсам, Маратпен бірге кейін Түркиядан зат таситын болдым. Базарға өзім тұрмай сатушы алдым.


Балаларым өспей тұрып балалы болайын деп, осыдан үш жыл бұрын Мараттан тағы бір ұлды болдым. Алғашында Мараттың әйелі ара қатынасымызды естіп, кетем деп біраз бұлқынған екен. Бірақ жайлы өмірді кім тастасын, көніпті. Өзім де Маратқа бауыр басып қалдым. Қазір Марат екі үйдің ортасында жүреді. Балаларымды алалаған емес. Қамқорлығын да аямайды.


Арақатынасымыз жайлы о баста ашып айттым. «Тартып алатын ойым жоқ, маған келіп кеткеніңнің өзі болады» деп. Сонымен қазір тоқалмын ба, әлде көңілдеспін бе кім екенімді өзім де ұқпаймын. Бірақ осылай өмірім өтіп жатыр. Өзім де қыз өсіріп отырмын, қызымның тағдырынан да қорқамын. Негізі әйел адамның өмірі қиын екен. Мен де тоқал болам-ау деп ешқашан ойламаған едім, бірақ тағдыр өз дегенін істейді екен.


Әсел, Талдықорған қаласы

 
alashainasy.kz/




Көрілген: 4821    Пікірлер: 0

жұма, 20.04.2018, 12:02

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    23 Сәуір, 16:06
    «Әке-шеше сатамын...»
    9 Сәуір, 14:44
    Күйеуім суып барады

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31