Көңілдес болғым келеді

Көңілдес болғым келеді

Қазір менің жасым 32-де. Осы жасыма дейін әйел болып жарқырап киініп, жадырап күлмеппін десем кейбіреулер тіпті сенбейтін шығар. Бірақ бұл менің шыным. Тұрмыс құрғалы жоқшылықтан көз ашпадым… Алланың сынағы шығар деп ойлаймын, бірақ пендеміз ғой, қысқа ғана ғұмырда адам сияқты өмір сүргің келеді екен.
Мен Алматы облысының қызымын. Кішкене кезімізден анам інім екеумізді жалғыз өсірді. Ес білгелі әкемді көрген емеспін. Анамның айтуынша, әкем бізді кішкентай кезімізде тастап кеткен. Анама екі баланы жалғыз өсіру қиын болғаны белгілі ғой, сондықтан інім екеуміз де жоғары оқу орнына түсе алмадық. Мектепте қанша жақсы оқысам да оқуға түсем деген арманым орындалмады. Мектепті бітіргеннен кейін бірден еңбекке араластым. Өйткені анам, інім, үшеуміз Алматы қаласында пәтер жалдап тұрдық. Өйткені ауылда жұмыс жоқ болғасын қалаға көшіп келдік. Мектепті жаңа бітірген, жоғары білімі жоқ, ешқандай тәжірибесіз жас қыз қандай жұмыс істеуші еді, сол баяғы еден жудым, дүкенде сатушының көмекшісі болдым, дәмханада даяшы боп жұмыс істедім, әйтеуір анамның бір жағына шығуға тырыстым. Жұмыс істеп жүріп колледжге түсіп тігінші мамандығын алып шықтым.
Күндердің бір күнінде өзімнің жақын досым Нәзиямен ортақ досымыздың туған күн кешіне барып, сол жерде Бақытжан деген жігітпен танысып, екеуміз бір-бірімізді ұнатып қалдық. Ол да біреудің жалғыз ұлы екен, соңынан ерген қарындасы бар. Ата-анасы Талғар қаласында тұрады. Бақытжан екеуміз бірнеше ай кездесіп жүрдік. Ол өзі бойы ұзын, дене бітімі еңгезердей жігіт, мейрамханада күзетші болып істейді екен. Оның мінезі тұйық, сөзге жоқ жігіт болып көрінді маған. Мен оны іштей ұнатып жүрсем де, оның мені ұнататынына аздап күмәнданатынмын. Өйткені ол сезімін аса білдірмейді. Мен анама Бақытжан деген жігітті ұнатып жүргенімді айтқанымда, ол маған: «қызым, сен әлі жассың, тұрмысқа шығуға асықпа, біраз жұмыс істе, ертең өзіңе жақсы жар болатын адамды өкінбейтіндей таңда» деп ақылын айтты. Мен әлі күнге анамның осы ақылына құлақ аспағаныма өкінемін.
Бақытжанды ұнатқандықтан мен оның дегеніне көніп, соңынан еріп жүре беретінмін. Екеуміз көп ұзамай жақын қарым-қатынасқа да бардық. Ол өзінің туған күнінде мені үй ішімен таныстыруға апарды. Туған күн кешінде ішімдікке қызып алған туған-туыстары Бақытжанды бүгін үйлендіреміз деп қалжыңдап отырып, әзілдің соңы шындыққа ұласып, басыма орамал салып, мені сол күні алып қалды. Соңымнан қуғыншы болып, анамның сіңілісі, інім келді. Мен өз еркіммен келгенімді айтып аттаған босағамда қалатынымды айттым.
Сонымен не керек үйлендік, бір жылдан кейін қызды болдық. Бақытжан дәмханадағы жұмысынан шығып қалды. Өйткені ол бір ішсе тоқтай алмай, бірнеше күн ішіп, уақытында жұмысқа шықпай қалатын әдет шығарды. Ата-енем жұмыс істейді, олардың тапқан-тергені тамақтан аспайды. Мен баламен үйде отырмын, Бақытжан болса әрнәрсені сылтауратып жұмысқа шықпай қойды. Бір жұмысқа кіреді, бір апта болмай шығып қалады, ары кеткенде бір ай істейді, жалақысын қайда жұмсайтынын білмейміз. Абырой болғанда, атамның ата-анасынан қалған үйі бар. Әйтеуір баспанамыздың барына тәубә деп әупіріммен күн көрдік. Енем біздің тойымызға деп несие алған, тапқан-тергенін несие өтеуге жұмсайды. Менің таңғалатыным, ашуланатыным, ата-енем балаларына «неге жұмыс істемейсің, ақша таппайсың, арамтамақсың» деп айтпайды. Мен Бақытжанға қабақ шытып ренжісем, мені оған қарсы сөйлетпейді, бірден балаларын жақтап шығады. Мейлі, әйтеуір бір ақыл кірер деп үндемей жүре берем. Бірақ санасыз адамға дауа жоқ екен.
Қызымыз біраз өскенде мен өзімнің құрбым жұмыс істейтін ательеге жұмысқа шықтым. Ол жерде негізінен тапсырысқа перде тігетінбіз. Жұмысқа шыққаным қандай жақсы болды, қызыма киім алдым, үйге азық-түлік аламын, сөйтіп аз да болса қалтамда тиын-тебен жүретін болды. Ал Бақытжанның жұмысы бірде бар бірде жоқ. Кейде онымен ашық сөйлесіп, тұрмысымызды жақсартайық, жаспыз ғой, жұмыс істейік, ертең тағы да балаларымыз болады деп талаптандыруға тырысамын. Ол бәрін түсінгендей болады, бірақ жалқаулығы басым және ата-анасы оған жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік берменгендіктен бе өте босбелбеу болатын. Мен жұмыс істеп несиеге үйге қажетті заттар алдым, кір жуатын машина, қызым көрсін деп теледидар, тоңазытқыш дегендей. Осының бәрін көріп жүрсе де Бақытжан намыстанып жұмыс істеудің орнына маған сеніп алды. Тіпті менің сөмкемнен ақшамды рұқсатсыз алып кететін. Айта берсең небір қылықтары көп. Бірде шыдамым таусылып, анам мен інім тұрып жатқан пәтерге қайтып бардым. Қызыммен біраз уақыт сонда тұрдық. Бірақ өзім әкесіз өскеннен кейін, қызымды да тірідей жетім қылмайыншы деп Бақытжан артымнан келгеннен кейін үйге қайтып бардым. Мұндай жағдай осыдан кейін де бірнеше рет қайталанды. Бірақ менің кетіп қорқытқанымнан да ештеңе шықпады, Бақытжан өзгеруге тырыспады. Өзгермесе өзі білсін деп жұмысымды жалғастыра бердім. Нәзия құрбым екеуміз ақшамызды тірнектеп жинап жүріп, өзіміз жалға алатын бөлме тауып, перде тігетін жеке салон аштық. Бас кезінде ешқандай пайда түспегенімен, біраз уақыттан кейін тұрақты клиенттеріміз пайда болып, ісіміз дөңгелей бастады. Бірде тапсырыс берушінің ақшасын сөмкемде жүрген күйі үйге алып келіппін. Сол күні Бақытжан біз үшін өте көп ақшаны, 100 мың теңгені менің сөмкемнен алып, ойын автоматына салып жібергенін білгенде осы уақытқа дейін шыдап келген жүйкем сыр беріп, қатты ашуланып, одан біржола кетуді ұйғардым. Төзімнің де шегі бар ғой. Қызымды алып анамның қолында тұрып жұмысымды жалғастырдым. Соңымнан ата-енем бірнеш рет келді, үйге қайтуымды өтінді. Бірақ мен Бақытжанмен бірге тұрған 8 жылда әбден шаршағанымды, оны жек көріп кеткенімді айтып салдым да, кері қайтпай қойдым. Ал Бақытжанға мен бармын ба, жоқпын ба, қызының болашағы қандай болады, бәрібір секілді, ойланбайды. Ажырасудың абырой емес екені түсінікті ғой, бірақ мен күйеуіммен ресми түрде ажырасып, өмірімді анам мен қызыма арнауды шештім.
Міне, ажырасқанымызға қазір 4 жылдай болып қалды. Шынымды айтсам Бақытжаннан құтылғаныма қуанамын. Күн демей, түн демей жұмыс істеп шаршап жүрсем де, миым тыныш. Өзі ақша таппайтын, ішіп келіп миыңды атала қылатын, қателігін сезінбейтін, қит етсе, жұдырығын ала жүгіретін күйеу түзелмейді екен.
Қазір мен аптасына 5 күн ательеде тапжылмай перде тігемін, сенбі-жексенбі күндері байлардың үйін тазалаймын, қысқасы үй қызметшісі болып қосымша табыс табамын. Соңғы бір жылдан бері лауазымы жоғары бір қалталы адамның үйінде қызмет істеп жүрмін. Ол кісінің жасы елуге келіп қалған, екі қызы шетелде оқиды. Әйелімен анда-санда әңгімелесіп қалғанда күйеуінің қыздарға құмар екенін, сыртта бірнеше көңілдесі бар екенін айтып қалатын. «Ерекең мені білмейді деп ойлайды, бірақ мен оның қанша көңілдесі бар екенін түгел білемін, тіпті біреуіне үй әперіп қойған, арасында соған барып тұрады, мен білмегенсіп жүре беремін» дегенде таңғалдым. Сол қожайыным Ереке бірнеше ай болды менің қыр соңымнан қалар емес. Ол кісіге қанша қарсылық білдірсем де, қояр емес. Жұмысымды аяқтап, үйге қайтып бара жатқанымда жолымды аңдып, үйге дейін машинасымен әкеп тастайды, мен жоқта анам мен қызыма сыйлықтарды толтырып әкеп береді екен. Жақында ательеге сол кісінің атынан үлкен тапсырыстар түсті. Ол маған егер мен оның екінші әйелі болуға келіссем, барлық жағдайымды жасап, үй алып беретінін, қызымның болашағын қамтамасыз ететінін айтты. Ол кісінің ұлы жоқ. Оның маған қойып отырған шарты, мен оған бірнеше бала туып беруім керек. Бірақ мен отбасылы адамның екінші әйелі болуға қалай келісім берем, әрі әйелін де жақсы танимын. Шынымды айтсам, менің Ерекеңе деген аса сүйіспеншілік сезімім жоқ, тек алғыстан басқа. Бірақ сүйіп қосылған күйеуімнен ешқандай рахат көрмедім. Қысқасы, қожайынымның ұсынысын қабыл алу-алмауды ойлап әбден басым қатты. Жағдайымды жақсартамын деп, басыма бәле тауып алам ба деп қорқам. Ақыл қосыңыздаршы…
Динара,
Алматы 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста