Отбасы - ошақ қасы

Қош бол, мені ауыздандырған әйел

  • Қош бол, мені ауыздандырған әйел

    Қош бол, мені ауыздандырған әйел

АУЫЗДАНДЫРУ


Марат екеуіміздің отандасқанымызға биыл он бесінші жыл. Мен оның үшінші некедегі әйелі болсам, ол менің екінші күйеуім. Менің бұрынғы күйеуімнен бір ұл, ортақ некеден бір ұл, бір қызымыз бар. Маратта бірінші әйелінен бір қызы бар, ол біздерге кейде келіп тұрады. Жалпы мұсылман әйелдерінде алғашқы некелерінен жолы болмаса, «әйел қырық шырақты» дегенмен, ажырасқан әйелдердің екінші рет тұрмыс құрып, бақытты болуы некен-саяқ. Бірақ, құдайға шүкір, мен Маратты кездестіргелі тағдырға өкпем жоқ, өзімді бақыттымын деп санаймын, асып-тасып бара жатпасам да, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз.


Бірінші күйеуім жаман жігіт болмағанмен, арақпен ажырамас дос еді, сау жүретін кезі болмайтын, арақ өтіп кеткен ауру болатын, екі жыл тұрмай жатып ажырасып кеттік. Маратпен қосылғанда менің ажырасқаныма екі жылға таяу уақыт өткен. Екеумізді таныстырған Майра. «Жеке өмірінде жолы болмай жүрген жігіт, нең кетеді таныса салшы»-деп, Майра үйінде аяқ асты таныса салғанда, соның нәтижесінде осылай әп-әсем семья құрып кетеміз деп ойлаған жоқ едім. Екінші кездескенде бір автобус жора-жолдастар тауға шықтық. Тамақ ішіп болған соң әркім екі-үшеуден бөлініп, біреулер доп, біреулер шахмат ойнауға кіріскен. Доп соғып жалыққан соң, оңаша кетіп, өзіме ұнаған шөптер мен гүлдерді жинауға кірістім. Жалпы мен табиғатпен сырласқанды жақсы көремін, адамдардан гөрі олар мені жақсы түсінетіндей. Табиғаттың өз заңы бар, оларды жан-жануарлар әлемі мен өсімдіктер әлемі бұлжытпай орындайды. Мысалы, жыл сайын күзде ағаштардың жапырақтары түсіп, көктемде қайтадан бүршіктейді. Жан-жануарлар табиғаттың бергенімен төлдейді. Ал адамдар табиғат заңына бағына бермейді, мысалы, біреулер құдай берген баланы жыл сайын туса, біреулер оның заңына қарсы шығып, иә бала пайда болудан сақтанады, иә оларды қайта-қайта түсік жасатып, балалы болудан бас тартады. Жан-жануарлар әлемі мен өсімдіктер әлемі қоғамның, адамдардың заңына онша бағына бермейді. Құдай адамды жаратқанда табиғат пен аңдар әлемін бірге жаратты. Қоғамның мүшесі адам даму үшін ол ылғи жан-жануармен, табиғаттағы өзен-су, өсімдіктер әлемі, дала, тау-таспен үнемі байланыста болуы керек деп есептеймін. Басқаны қайдам өзім табиғат аясына шығып, тау-тасқа шықсам, немесе өзен-көлге барып шомылсам, немесе паң қарап тұрған арқарды, зулап келе жатқан қоянды, еркелеген мысықты, адамның көзқарасымен қарайтын итті көрсем ерекше күйге түсіп, дем алып қаламын. Сондай сәттерде бойыма бір күш-қуат құйылғандай болады.


Мен өзім де аттарын жақсы білмейтін шөптерді қызықтап,


кейбіреулерін еңкейіп иіскеп, кейбіреулерін жинап, дем алып жатқан топтан едәуір ұзап кетіппін. Кенет қойтастар арасымен жақындап қалған Маратты көрдім. Біреу жасырын санап отырған ақшамды көріп қалғандай жақтырмай, әрі ыңғайсызданып қалдым. Ол ұялып, қымсынған жоқ, қасыма емін-еркін келіп:


- Жанар, оңашада қасқыр жеп қояды деп қорықпайсың ба?-деді.


- Мен кез-келген қасқырға жем болатын тоқты емеспін,- дедім ойланып та жатпастан, әйтеуір аузыма келген алғашқы сөзді айта салдым.


- А-а, өзіңнің әдейі жем болатын арнаулы қасқырларың бар ма?


Мен әлі өсімдіктер әлемімен сырласып жүр едім. Адамдарға тамақ қандай керек болса, өсімдіктерге де, күн, құнарлы топырақ, су керек. Олардың бірі жетіспесе, олар да не тырбиып өсіп, не гүлдемей, не жеміс салмай өсетіні, олардың тағдыры да адамдардың тағдырына ұқсас екенін ойладым. Адамдар өміріндегідей не витамин жетіспей, не тойып дұрыс тамақ ішпеген, не ата-ана мейірімін көрмей, жетімдікпен өскен тасбауыр балалар болатыны бар емес пе? Ой шырмауынан шыға алмай, оның не айтқанын естіп тұрғаныммен түсіне алмадым. Табиғат аясына шықсам, жан сарайым жарқырап, кеңіп қаламын. Мынау гүлдер мен әр түрлі шөптер де өздеріне ғашық жанды көріп қуанып, шапалақ ұрып жатқандай, аяқ киіммен басуға аяп, жалаң аяғыммен ептеп басамын. Билей басып жоғары өрлеп, біраз, биіктіктен қарамақшы ем, Марат:


- Жүр, Жанар, анау үлкен қойтасқа шығып қайтайық деп, қолын ұсынды. Бетіне «қол ұстаспай-ақ шығуға болмайды ма?» дегендей таңдана бір қарадым да қолымды бердім. Қолдары қарулы екен, адымдап тез жүреді, оған ілесем деп әп-сәтте ентігіп қалдым. Төмендегілер көзден ғайып болған. Бұл шоқының арғы жағы көлеңкелеу, салқындау секілді. Біраз жүрген соң төбемізде өткінші жаңбырдың қара қорғасын бұлттары пайда болғанын байқадым. Денем тоңазып кетті, кішкене діріл пайда болды, ол аздай үлкен-үлкен жаңбыр тамшылары төпеп жауа бастады. Лезде үстіміз малмандай су болды. Төмендегі адамдар бала-шағаларымен машиналарына тығылып жатқан болар деп ойладым. Демалысымыздың сәні кетті-ау, синоптиктер жауын болмайды деп еді ғой – деп, қапалана ойладым.


- Анау жерде үңгір бар екен, кеттік-деген Маратпен қосыла жүгіргенде көз алдымызға жақын көрінген үңгір қапелімде жеткізе қоймады. Аһылап-үһілеп оған жеткенде, біздерді мазақ қылғандай жаңбыр да бітті. Жаңа жаңбырдан қашып қатты жүгіргенде қолымдағы бір аяқ киімімді түсіріп алыппын. Жаңбырдан кейінгі ызғарлы жел денемді дірілдетіп барады. Ентігіп бір-бірімізге не істерімізді білмей қарап тұрмыз. Мендей діріл қақпағанмен, Мараттың да үстіндегі бір көйлекпен жаурап, тоңғаны көрініп тұр, түрі бозарып кетіпті.


- Жанар, сені құшақтап жылытпағаныма ренжіме, олай жасасам әрі қарай кетіп қалуым мүмкін, ондай жағдайда сен менің қолымды қақпауың керек-деді.


Менің құлағым тас бітеліп қалды, тісім-тісіме тимей сақылдап тұрмын, оның нені меңзегенін түсіндім. Адамдар отырған жерге жеткенше біраз уақыт керек, олар да дымқыл жерді басқысы келмей, әлі машиналарынан шыққысы келмей отырған шығар. Осы демалысты ұйымдастырып жүрген Алтай осы жерге келгенде, «тау аралап кетсеңдер де кешкі алты ноль-нольде осы жерге жиналыңдар» - деген. Оған дейін әлі қайда. Маратқа қарасам, маған сұраулы түрмен, әлі көз алмастан қарап тұр екен. Бірге болған еркектерім көз алдыма келді. Біріншісі ажырасқан күйеуім, екіншісі ретін тауып, күш көрсетіп дегеніне жеткен бір сұмырай. Үшіншісі Марат болады ма? Біреу ішімнен «Біреу артық, біреу кем, не қылар дейсің, көне сал, өзіңнің тәнің де жаның да қарсы емес қой, әрі сенің ырқына салып тұр»-дейді ішімнен бір дауыс. «Жындысың ба, екінші рет көрген еркекпен болмақшысың ба, мерез бе, спид па бірдеңесі болса қайтесің, бала көтеріп қалсаң ше, өзі сырт келбеті келісті, денелі жігіт етегіне намаз оқып жүр дейсің бе, өзі туралы да ештеңе білмейсің, ол сені ұнаттым, сүйемін, үйленемін деп те айтқан жоқ қой, мынадай жерде қалай болмақсың, сенің төсек «историяларың жылы үйде, оңашада, жұмсақ төсекте өтетін»-дейді екінші дауыс.


- Осыдан көнсең саған үйленем-деген дауыстың алыстан естілгені соншалық, оны Мараттың айтқанына сенбейтіндеймін. Сол екен. «Мен өзіме-өзім сөз бергем, мен туралы ештеңе білмей, көз жұмып көнген қызға не әйелге үйленем деп сөз бергем»-дейді. Иә, еркектердің бәрі сол, дегендеріне жеткенше уәдені аямайды-ау, аямайды. Менің үндемегенімді Марат өзінше түсінді ме, мені құшақтап алып сүйе бастады. Есімді жиғанша, етегімді көтеріп шаруасына кірісті. Аздаған ыңғайсыздықтары болмаса мен онымен болғаныма өкініп те тұрған жоқпын. Қабылдап қалмасам жарар еді, деп уайым қылған басым, Мараттың қимылының өзіме ұнап, еріп бара жатқаным сондай «қабылдасам, көп болса абортқа барармын»-деп үлгірдім. Бойыма қан жүгіріп, жылындым, оның үстіне мына қапсағай жігіттің мәдениетті, әрі көңілге сыйымды әрекеттері жылы үй мен жұмсақ төсектің де жоқтығын білдірмегендей. Мараттың құшағы мені ләззат тұңғиығына тартып барады.


Табиғат аясында табиғаттың бір бөлшегіне айналып кеттік. Көздерім жұмулы болса да көкте екі құстың бір-бірін қуалап, қатар ұшып ойнап жүргенін, жерде екі гүлдің басы тербеліп, бастары түйісіп сүйіскендерін көңіл көзімен көргендеймін. Жер мен көктің ортасында табиғаттың балалары табиғат заңынан аттай алмай, соған бағынып, құмардан шығудамыз. Екеуміз де қатты шөлдеп қалыппыз, махаббат деп аталатын екеумізге ортақ ешқандай сезім болмағанмен екеумізде де қатты құштарлық пен сағыныш бар еді. Мен еркек құшағын сағынсам, Мараттың да көптен әйелмен болмағаны сезіледі. Екеуміздің де темпараменттеріміз шамалас екен...


Төменге мен бөлек оралдым, менен әжептәуір кеш оралған Марат менің аяқ киімімнің сыңарын тауып әкеліпті.


Бір жұмадан кейін Марат мені үйіне алып барып, көршілерін шақырып, «Жанар енді біздің үйдің хозяйкасы болады»-деді. Сонда ол өзінің екі әйел жібергенін айтты. Басында біраз ыңғайсызданып жүрдім. Жиренше айтпақшы «күндіз екеу, түнде төртеу емес» бесеу –алтау болып кеткендейміз. Бірақ, біздің мінездерімізде ортақ нәрселер көп еді. Екеуміз де әңгіме, өсек, «депті» дегендерге ермейміз де, көңіл аудармаймыз да. Екеуміздің де алдыңғы некелерден аузымыз күйгеніміз бар, ең алдымен бір-бірімізді ренжітіп алудан қорықтық, алған тәрбиеміз, өмірге деген көзқарасымыз деңгейлес екен, басты себеп сол болса керек, сыйластық түбі үлкен сезімге ұласты. Ең бастысы бір-бірімізді тыңдай, түсіне білдік. Әлі күнге бір бірімізді ренжіткен емеспіз. Қосылғанда басын ашып алған мәселеміз Мараттың «Жанар, бұрын қанша еркекпен болғаныңның маған қажеті жоқ, білгімде келмейді, тек алғашқы күннен өле өлгенше бір бірімізге адал болуымыз керек» - деген сөздері менің ойымнан дәл шықты.


Бүгін күн сенбі, балалар үйде жоқ. Ерте тұрып құймақ жасап, таңертеңгі сүт қосқан қою шайды ішіп отырып, еркелей үн қаттым.


- Мәке балалар өсіп, жігіт болып келеді, өтпелі кезеңде жүр, қыздар да телефон шалып тыным бермейді. Соларға бір жыныстық тақырыпқа әңгімелер айтып, ақыл айтыңыз. Қыздардан аулақ жүрсін, бір нәрсеге ұрынып, қателік жасап қоймасын.


- Жанар-ау, әлі жас емес пе олар, жыныстық тақырыпқа әңгіме айту ерте емес пе? Солай деген Марат есіне бір нәрсе түскендей, кілт тоқтады да «Жоқ, ерте емес екен»-деп, мырс етіп күліп жіберді. Жүзіне барлай қараған мен «Қыздармен алғашқы сүйіскенің есіңе түсті ме, әлде әйелмен алғаш болғаның есіңе түсті ме, айтып берші» -деп күлдім.


-Жанар–ау, сен де адамның ішіндегіні оқып отырасың ба, иә, менің бірінші рет әйелмен болғаным есіме түсті, сен де айтып берсең айтайын - деді. Иә, ерлі-зайыптылар арасындағы бұндай әңгімені көбі ерсі көретін шығар, бірақ, біздер күнделікті өмір шындығын ертекке айналдырмай, сол күйінде қабылдайтынбыз. Марат екеуіміз де бір-бірімізге қосылғанша бірнеше некеде болғанымызды жоққа шығармайтынбыз. Иә, бұл өмірдің шындығы, оны еске алғымыз келмегенмен ақиқат солай. Ол мені төсекте басқа әйелмен салыстыра алатын болса, мен де оны төсекте басқа еркекпен салыстыра алатынымды біледі. Мен басымды изедім. Мәкең өзінің қоңыр даусымен әңгімесін бастап кетті.


- Мектеп бітіретін жылым, біздер 11-ші класс бітіргенбіз. Жасым он сегізге толады. Қол аяғым балғадай жігіт болып қалған кезім. Қыздарға өлеңдетіп хат жазғаннан әріге бара алмай жүрміз. Бірде сабаққа әзірленіп отыр едім, көрші бөлмеден анамның зілді үні естілді.


- Марат-ай, мына жаңа туған қозыларды анасының бауырына сал, алмай қояр, өздері әлсіз екен, ауыздандыр...


Биыл 11-класты бітіріп, жігіт болып арман қуып Алматыға оқуға барайын деп жүрген жігітке анамның «қозыларды ауыздандыр» дегеніне риза болмасам да, әдетте бұндай жұмыстармен айналысатын інім Саматтың өкпесіне салқын тиіп, аудан орталығындағы ауруханада жатқанын есіме алып, қозыларды қорадан шығарып, ауладағы енелеріне қостым. Аяқтарын тәлтіректей басып, өз бетінше енелерін дұрыс еме алмаған қозыларды тамақтандыруға бөтелкеге құйып сүт те алып шыққанмын. Бірақ, анамның талабы барынша енесін емізу, сосын барып тоймаса, немесе өздігінен еме алмаса ғана бөтелкемен сүт беру. Біресе тәлтіректеп тұра алмаған, тұрса да енесінің емшегін таба алмаған, тапса да дұрыс еме алмаған қозыларды ұрсып, біресе шыр көбелек айналған қойларды ұрсып қара терге түстім. Бұндай жұмысқа анамның «Малтабар» атайтын Самат дұрыс еді. Ол малдарды күткенде, артық ештеңе байқалмай, ол әбігерге түспей- ақ, бар жұмыс өздігінен істеліп жатқандай көрінетін.


«Қой енді шаршадым, кешке салғанда енелерін дұрыстап емізермін»- деп, еміздікпен тамақтандыруға кіріскенім сол еді, «ойбой, палуан жігіт-ау не істеп жатырсың?»-деген ойнақы дауыс естілді. Дауыстың ойнақылығы, көңілділігі сондай, мені мынау шуаш пен көң сасыған жерден әдемі, ойыңа не келсе соны істей алатын, түрлі-түсті сәулелі, әр түрлі сазды әуенді жерге апарып тастағандай. Қарасам Злиха екен, бізге аталас жақындығы бар, 5-6 үй әрі тұрады, ылғи көңілді жүретін келіншек, күйеуінен ажырасып кеткен. Екі ұлы бар. Анам оны көрсе кірпідей жиырылып, жақтырмай қалады.


- Жәй, мына кеш туған қозыларды ауыздандырып жатырмын-деп белімді жаздым.


- О-о-ой, соқталдай жігіт болыпсың ғой, ауыздандырып жатырмын де, ие, ал, ауыздандырған қалай екен-деп, сыйқырлана күлді. Үлкен қара көздері мөлдіреп тұр, көз айыра алмайсың. Біздің кластың қыздарында бұндай мөлдіреген көз жоқ деп, ойлап үлгірдім.


- Онша емес, қозылар емшекті алмай жатыр. Үшеу туған соң ба, қозылары кішкентай, әлсіз, бөтелкемен сүт бермекшімін...


- Қане, маған бер, ауыздандыру оп-оңай деп кім айтты саған, мен


қозыларды ауыздандырып берейін, ал, сен маған ертең келіп ағаш жарып бересің бе?-деп, көзін қысып, сыбырлап, құпиялай сөйледі.


Мен басымды шұлғыдым. Бес жыл бойы мектепте «Тимур және оның командасының» мүшесі болып, талай үлкендердің тезегін басып, үйлерін әктесіп, ағашын жарып, аулаларын жинап бергенбіз. Ағаш жару түк те емес, ол қолымнан келеді. Злиха етегін жиып, екі тізесінің арасына қыстырып жүрелей отырып, қозының аузын күшпен ашып, қойдың емшегін аузына сауып-сауып жіберді. Ана сүтінің дәмі бөлек пе, әлде мен шынымен ретін таба алмағаным ба, аз уақыттан кейін ақ қозы енесінің емшегін еме бастады. Анамның үйден шығып келе жатқан дыбысы естілді. Злиха сұқ саусағын еріне апарып «тсс, ешкімге айтпа»-дегендей белгі берді.


- Апа, саламатсыз ба, бағана поштаға барып едім, Алматыдағы қызыңыздан посылка келіпті, почташы Танзилә «паспортын әкеліп, посылкасын алып кетсін»-деп айтып жіберген, соны айтайын деп келдім, көрген соң мына балаға қозыларды ауыздандыруға көмектестім-деген ол моп-момақан күйге ене қалды. Үш қозы енелерін таласа еміп жатыр. Злиха кетіп бара жатып көзін тағы бір қысты. Апамның оған рахмет айтқан даусы ызғарлы шықты. Онымен қоймай, маған ала көзімен атып бір қарап, Злиханың артынан бір түкірді.


Түнде төсегімде төңбекшіп көпке дейін ұйықтай алмадым. Злиханың көзқарасында адамды тартып тұратын бір сиқыр бар, көзқарасының өзі жұмбақ, тез өзгереді, әрі мұңды, әрі тұнық, әрі күлімдеп тұрады. Адамға сынай да, барлай да, еркелей де қарайды. Неге екенін білмеймін Злиханы анам да, көрші әйелдер де жақтырмайды, тіпті бір ретте «байсыз болса да қойны құр болмайды»-дегендерін оқыста естігенмін.


Ертеңіне биік дуалды көк қақпаның алдына келіп қоңырауды басқанымда есік ашқан Злиха «сені ешкім көрген жоқ па»-деп, айналаға қарап алды, оған таңдана қарап қалған маған, «тез, тез кір Марат»-деп қақпаны жапты. Қаз-қатар жарып, дайындап қойған ағаштарға қарап, «қайда жаратын ағаштар, балта өткір ме?» деген сұрағыма Злиха


- Қандай ағаш, үйге кір-деді.


Кешегі айтқан шаруасын ұмытып қалған ба, үйдегі электр розеткалары істемей қалған ғой деп үйге ендім. Шағын ғана екі, үш бөлмелерден тұратын тап-таза үйге қысыла басып кірген мен, бізден басқа ешкім жоғын көріп еркінсідім. Кішкене екі балалы үйге ұқсамайды, шашау шыққан не киім, не ойыншықтар көрінбейді.


- Палуан қайным-ау, мен сені шынымен ағаш жаруға шақырды дейсің бе?-деп сықылықтап күліп алды, күлкісі бар ғой сыңғырлап тұр, біздің кластың ешбір қыздары бұлай күле алмайды.


Ол жүре сөйлеп дастархан әзірлеп жатыр, бұрын дайындап


қойған ба, шәйі әп сәтте дайын болды. Мен клубта бүгін кинодан кейін би болады деп естігем, үйге барып киетін шалбарымды өтектеуім керек. Көрші бөлмеге шығып кеткен Злиханың «Палуан қайным-ау, сен не ішесің, ақ па, коньяк па?»-деген даусы естілді. Бәрі жұмбақ болса да, санама бірдеңе жете бастаған секілді, маңдайымнан тер бұрқ ете түсті. Оңаша үй, жаюлы дастархан, шөлмек, сыланып, сызылған келіншек, сырлы, тылсым дүние жұмбақтығымен тартып тұрса да, «Ағаш жару керек болмаса, кинодан кейін би болатын еді, қайтуым керек» -деп, орнымнан тұрмақшы болдым, бірақ, аяқтарым асығар емес.


- Отыр, Марат, отыр, би болса кинодан кейін емес пе, мен сені жеп қоймаймын - деп, жас балаша аузын томпайтты. Ерке қызға ұқсап кетті. Жасы 25-30-да шығар, бірақ, дәл қазір 16-дағы қыздардай көрінді. Өзім бір белгісіз нәрседен жүрексініп тұрғандаймын. Әншейінде ештеңеден қорықпайтын басым, бас киімімді қыса ұстаған қалпы тұра қашқым келіп тұр.


- Марат, бірінші шәй ішіп әңгімелесейік, жақын отыр - деген Злиха аузы ашылған шөлмектен екі рюмкаға ақ арақ құя бастады.


- Екеуміз де еркін отырып, әңгімелесу үшін мынаны алып қоялық, бүгін менің күйеуге шығып, алғашқы еркекпен болғаныма 10-жыл толды.


Оның орталап құйған рюмкадағы арақты қағып салғанына қарап, мен де «әйелден қалғаным ұят болар»-деп қағып салдым. Класымыз тоғызыншыны бітіргенде бірнеше бала әрі қарай оқымай, училищеге кететін болғандықтан, вечер жасағанбыз, сонда алғашқы рет арақ ішкем. Әрең демімді алып, қақалып-шашалғаныма ыңғайсыздансам да, онымды бес минут өтпей ұмытып кеттім. Еркінсіп әзілдемек болдым. Жақсы хозяйка екенін, дайындаған салаттарының дәмді екенін айттым. Екінші рюмканы ішкенде алғашқыдай қиналған жоқпын.


Мойнына байлаған орамалын алып, Злиха қасыма жақын отырды. Мен оның әппақ, жұп-жұмыр мойнынан көз алмай қалдым, көйлегінің алды да, арты да ашық екен. Мойнына таққан шынжырына кигізілген, жүрек тәрізді кулоны қос анардың ортасынан төмен құлап, «мені көр» деп, тұңғиыққа тартып жатқандай. Найзағай сезім денемді дір еткізіп, дірілдетіп тұрып алды. Біресе жаңағы ішкен екі рюмка мені қатырып тастағандай ма, қалшиып қаттым да қалдым, ештеңе естімеймін, сөйлей де алмаймын, әлде сөйлегім келмейді. Биді де ұмыттым. Злиха маған бір нәрселерді айтып жатыр, арасында «тамақ іш, енді арақ ішпейміз»-дегені естіледі. Бір кезде қолымды алып, жаңағы кулонның үстінен басты, қос анары көйлектің сыртынан-ақ қолымды күйдіріп барады, сонда да тартпадым. Жаңа ойыншықпен әуестенген баладай қос анарды сыйпалап тұрып қысып-қысып қоямын. Ішкиімнің ішінде бірнәрселер болып жатыр, бір кезде дымқылданып кеткенін сездім. Демімді терең алып, үшінші рюмка арақты өзім құйып қағып салдым.


- Палуан қайным, сен менің айтқанымды түсіндің бе? Өткендегі қозыларды ауыздандырғанымыз есіңде ме? Мен сені әйелмен болуға, яғни, ауыздандыруға шақырғам, егер қалғың келмесе кете бер.


Қалай кетемін, тосын, жұмбақ дүние. Өзім жүретін Кәмшаттың бетінен шала –шарпы екі – үш сүйгенім бар. Әлі ернінен де сүйіп көрген жоқпын. Ал, Злиха сан қырлы , сырлы дүниені ұсынып тұр, одан қалай бас тартам? Жалпы Злиха біздің ауылдың көп әйелдеріне ұқсамайды. Шалбар киіп алып велосипед те тебеді, жас қыздардың арасында волейбол да ойнайды, әр кез үстінен әдемі әтір исі аңқып жүреді.


-Кеттік мына бөлмеге-деген Злиханың артынан ере бердім.


-Бұрын қызбен болмағансың ғой.


-Жоқ


- Ештеңе етпейді, жүретін қызың бар ма ?


-Иә.


-Ничего, бұл сатқындық, иә көзге шөп салу емес, тек сәл-пәл секс мектебінен өту, бізде оқуға үйретеді, тамақ істеуге, әр түрлі жұмыстарды істеуге, киінуге үйретеді, ал, ең басты нәрсе секспен айналысуға үйретпейді. Мен тек соның орнын толтырамын, әрі менің әйел атанғаныма бүгін тура 10 жыл болды, соны өзімше атап өтем.


Жалаңаш әйел денесін жақыннан алғаш көруім. Кинодан, шомылуға барғанда көріп жүрмін ғой, ал, ол қасыңнан табылғанда оның әсері тіпті басқаша екен. Басым айналғандай көзімді жұмдым. Өзі шешініп болып, түймелерімді асығыс шешіп жатқан Злиханы алып кеудеме бастым, алдымды бір қатты өрттің жалыны шарпып жатқандай болды. Адамға ма, әлде жануарға тән түйсікпен бе, анық білмесем де, ол өртті сөндіретін нәрсе менің білуімше Злиханың алды, менің алдымнан да ақылға бағынбас бір күш қозып, пайда бола бастады. Бас бермеген арғымағымның артынан еріп, Злиханы кітаптан оқып, кинодан көріп жүргендей бас салып сүйіп, аймалай бастадым. Ұмар –жұмар төсекке құлағанда әйелдің «шешпейсің бе?», деп тұншыға шыққан даусы емтихан кезіндегі «подсказка» секілді болды, іш киімімнің қалай шешілетінін де ұмытып қалғандаймын. Ұзақ уақыт әуреленген секілдімін. Содан кейін бойымды өртеген қызуды басатын сая баққа кіргім келіп, қақпасын таппай аласұрдым. Әйелдің қолдары көмекке келді. «Жол анау»-деп көрсетіп жібергендей болып еді, кірмей жатып, қақпадан ене бере қоржын толы тауарын шашып алған саудагердей күй кештім де, басымды қос анардың ортасына тығып жібердім. Қоржынды алып барып, барымды көрсете алмасам да қақпадан енгенімді өзімше бір ерлікке баладым.


-Ештеңе емес, бұл бірінші рет қой-деген әйел даусы құлағыма күңгірлеп жетті. Мені тыныштандырғандай басымнан сыйпай бастады.


Содан найзағай сезім бойыма бес-алты рет келіп, қақпаға қарай шабуылдап, алғашқы күні ақ секстің бірнеше әріптерін үйреніп қалдым. Жақсы оқушымын ба, әлде мұғалімім тәжірибелі ме білмеймін.


-Биге барам деп едің ғой, клубта кино бітетін уақыт болды, енді қайт –деген Злиха есіктен шығарып салып тұрып, «енді екі-үш рет бірге болсақ әбден ауызданып кетесің»-деп сылқ-сылқ күлді.


Содан кейін менің аңдығаным Злиханың үйі болды. Оған күніне бір барып қайтпасам, сабақ та оқи алмайтын күйге түстім. Қалған кезде айналама кітаптарды үйіп алып, бөлмемнен шықпаймын. Менің сол кезде ойлағаным әйелдің ғажап денесі тұрғанда кино, концерт, ал бертін келе оларға қоса қонақтық, курорт тағы басқа қызықтардан гөрі әйел денесін қызықтағаннан, әйел денесіне тояттағаннан артық ешнәрсе жоқ, әйел денесіне ешнәрсе жетпейді деп білемін.


Әр түрлі сылтау айтып, кешке қарай Злиханың үйінен бір-ақ шығам, ештеңеге шамамыз келмей дереу төсектен табыламыз. Жас арасын сезбеймін, онымен өзімді еркін ұстаймын. Ол да екі баласы бар әйел секілді емес, «мен сенің үстіңе шығайыншы»-дейді, біресе, «былай жасап көрші, қалай болады екен?»-дейді. Құдды математик апайдың «бұл есепті тағы қандай жолдармен шығаруға болады?»-деген сұрақтары секілді. Мен одан кейін де ондай «әкспериментатор» әйелді көрген емеспін. Марат осы сөзді айтқаннан кейін менің бетіме зерттей бір қарап алды. Неге екенін өзім де білмеймін, мен төмен қарадым. Тек ойыма, Мараттың төсек қатынасы кезіндегі ұсыныстарының көбін қабылдамайтыным есіме түсті.


Марат әңгімесін әрі жалғады.


-Злиха екеуіміздің арамызда сезім де, міндет те ештеңе жоқ, тек бір бірімізге магниттей тартатын бір күш бар. Осы күні ойлаймын, мен тіпті сол кезде үйленсем де Злихаға баруымды қоймас едім деп. Бұл екеуіміз үшін де жақсы еді, бірақ, жақсы нәрсе ерте ме, кеш пе бітуі тиіс болатын.


Бірде кездескенімізде Злиха балаларының ертең шешесінің үйінен қайтатынын, енді бұлай еркін кездесе алмайтынымызды тек анда санда, сиректеу, онда да түнгі сағат бір-екіден кейін бір-екі сағатқа ғана келіп кетуге болатынын айтты. Аз күнде Злихаға қатты бауыр басып қалыппын, ішімнен тәтті күндер бітеді ме, жоқ, бір реті болар деп ойладым, он сегіздегі жігіттің ешнәрсені уайым көрмейтін шағы емес пе? Әдеттегідей бүгін де құштарлықтың бетін төрт-бес рет қайырып тастап, әйел денесін зерттеп, сыйпалап жатыр ем, Злиханың айтуынша үздік оқушы екенмін, есік қоңырауы естілді. Денесі былқ-сылқ етіп, маужырап, ләззатқа батып жатқан Злиха әлденеден секем алғандай ұшып тұрды.


Халатын жүре киіп, Злиха шығып кеткен, аздан соң даладан қатты дауыстар естіле бастады. Злиха мен тағы бір еркектің дауысы. «Сақтықта қорлық жоқ»-деп, киініп алдым. Аулаға шығатын ауызғы бөлменің есігінің артына тығылып, демімді ішіме тартып, құлағымды сырттағы диалогқа тіктім. Дауыс таныс, учаскелік милиционер Созақбайдікі. Одыраңдаған жігіттен мектеп оқушылары түгіл, жұрттың бәрі қорқады. Үйде оған қатысты әңгіме қозғалса, апам: «әлгі, әдірем қалғыр, Созақбай»-деп отырады. Өзі әйел бет, денесі де қалай-солай пішіле салған әйел денелі, даусы да шіңкілдеп шығады. Әйел бет еркек дегенді білесіз бе, көзіңізге елестетіп көріңізші, еркек екенін үстіне киген еркек киімі ғана білдіреді. Созақбайдың өзі әлде жұмысын жақсы көреді ме, әлде басқа киімнен гөрі милицияның киімін жақсы көреді ме, әйтеуір формасын ұйқыға жатқанша үстінен тастамайды. Май басып, қызара бөрткен, безеулі беті, мықынсыз тұтасып кеткен белі, қампиған қарны, өзінің пошымына салмақ қосқысы келгендей жасайтын жасанды қылықтары оны көпке сүйкімсіз етіп көрсетеді. Пияз бен сарымсақ сасып жүретін аузындағы сап-сары тістері өмірі тіс щеткасын көрмеген секілді. Түкірігі шашырап сөйлегенде, сирек мұрты қосыла жыбырлап тұрады.


- Ия, сұлу қатын, не сонша бұлқынасың, еркек көрмегендей, не тұрыс, үйге шақырмайсың ба ?


- Мен қонақшыл емеспін, келген шаруаңызды айтыңыз және қолыңызды жүгіртпеңіз.


- Келсем сол, күйеуі жоқ әйел жігіт сағынып қалған шығар деп келдім-деп, өзінше әзілдеген Созақбай хи-хи-хи-леп, шіңкілдеген даусымен күліп алды.


«Жігітінің түрін»-деп, іштей кіжініп, жігітшіл Созақбайды бір боқтап алдым.


- Ағай, қолыңызды тартыңыз-деген Злиханың ашулы даусы тағы естілді.


- Жә, жә, шаңқылдама, еркек қолы тимей жүргендей секіруін. Айттым ғой, мен келіп тұрамын, ет-петіңді, тауықтарыңа жем, отын-судан кемдік көрмейсің, кешке келем, қазір де туралауға болады, скоросқа салып жібермейміз бе, жүрсей үйге, есікті жап, -деген Созақбайдың даусы жұмсарғанмен, әмірлі, өктем естілді.


- Жоқ, ағай, кірмейсіз, кірсеңіз мен ауладан шығып кетем, сіз қала беріңіз.


- Жә, жәй айтқанды түсінбейсің ғой, менің айтқаныма көн. Осы ауылдағы бастық сельсовет екеуіміз екенін білмейсің бе ? Біз не айтсақ сол заң, мен сені өзің жас, өзің сұлу болған соң еркелетіп отырсам. Бала көтерсең Шымкентте таныс дәрігерлерім бар, апарып түсіртем, маған бала керек емес, онсыз да төрт балам бар сол жарайды.


- Ағай,Сіз мені күйеуі жоқ деп басынбаңыз, сіз маған ұнамайсыз, мен сізбен ешқашан бірге болмаймын, шығыңыз, кетіңіз...


- Ешқашан болмаймын деймісің, өзің шын айтып тұрсың ба? –оның шіңкілдеген жіңішке даусы одан сайын ащыланып, шыңылтырланып кетті, бұл кезде оның қызара бөрткен жүзі күрең жасылға айналып, бетон беттеніп, әйнек көзденіп кеткен болуы керек, сондай түрін бірнеше рет көргенмін.


- Ха, ха, мына қатынның құтыруын-ай, мен өткенде қалаға барғанда 500 тенгеге 18-дегі жас қызды туралаған бұл ағаң, сен неменеге еркек көрмегендей бұлданасың бәле қатын, бұл ауылда не көп, байсыз қатын көп, аяғыма оратылып жүргендері қаншама...


- Ағай, әңгімеңізді тоқтатыңыз, кетіңіз! Злиханың даусы жыламсырағанмен қатқыл естілді.


Участковый тактикасын өзгертті. Даусы енді, жәй, мәймөңкіленіп шықты.


- Әй, шырағым, Злиха, жаңа айттым ғой, не көп байсыз қатын көп, бірақ, сен маған ұнайсың. (Злиха кімге ұнамаған?) Біздің үйдегі әйелді білесің ғой, «женскиймен» ауырады, жатуға болмайды, оның үстіне тағы екіқабат, мен енді өлем бе, түсінсеңші. Қатынмен жату үшін қалаға шаба берем бе? Жаным қиналып кетті ғой, ух, бір мәрте жаным...әрі қарай мұрнының астынан бірдеңе деп міңгірлеген болса керек, даусы естілмей кетті.


- Ұятсыз, тарт қолыңды! Менің құшағым кез-келген адам қонып шыға беретін қонақ үй емес. Кетіңіз, қандай жиіркенішті едіңіз, мен айқайлап көршілерді шақырамын. Содан соң алысқан адамдардың дыбысы білінді. Жұдырықтарымды түйіп алып, тістеніп әрең тұрмын, шығып төбелесейін десем, Созақбайға әлім жетпейтінін білем, әрі ол мені Злиханың үйінен көрсе ертең бүкіл ауыл білетіні де түсінікті. Ол маған да, Злихаға да жақсы емес. Созақбай тек қатын денелі еркек қана емес, ол қатын мінез еркек те. Бәрін ауылға жаяды. Өткенде Злиха маған: «Сен енді келме, мен саған бауыр басып барам, әрі біреу білсе ұят, мені жас баланы бүлдіріп жүр» - дейді ғой деген.


- Кетіңіз, мен сізге ойыншық емеспін, өз намысымды қорғай алатын әйелмін, шық үйден, әйтпесе, мына айырды тығып алудан тайынбайтын әйелмін. Злиханың даусы жарықшақтанып шықты. Осы сөздер мен осындай дауыстың Злиханың аузынан шыққанына сенбейтіндеймін.


- Жә, шапылдама. О несі-ай, ауылды басына көтеріп, етегін желден басқа еш нәрсе көтермегендей безілдейді ғой, мына қаншық. Әй, сен біреудің үйінде пропискасыз тұрасың, заңды бұзып жүрсің. Мен саған көрсетем, әкеңді танымай жүр екенсің танытам, маған отказ берудің қандай екенін! Саған алдымен айыппұл төлеттірем, күніңді түн етем, алдыма өзің-ақ жалынып келесің. Қатындар сенің қойныңды бос болмайды дейді, ауылдың еркектерін бұзып жүрсің...-деп шіңкілдеген учасковыйдың даусы алыстай беріп, естілмей кетті.


Есіктен сығалап, учасковыйдың кеткеніне көз жеткізгеннен кейін есік алдына шықтым. Көздері жалт-жұлт етіп, шаштары жалбырап кеткен Злиха не істерімді білмей тұрған мені құшақтап жылап жіберді. Өксіп-өксіп ұзақ жылады. Еркектердің озбырлығына, өзінің жесір ғұмырына нала айтып жатқандай. Мен қалай жұбатарымды, не айтарымды білмей, шашын сипап тұра бердім. Бірер жылдан соң, Созақбайдың жазасын берем деп өзіме-өзім уәде бердім. Мен қанша асықсам да Злиханы бұндай жағдайда тастап кете алмадым. Қолына су құйдым, салқын суға бетін шәйіп, шашын дұрыстап өзіне өзі келгендей болды. Көздері ісіп, өксігі әлі басылмаған Злиха, диван жоқ болған соң, төсектің шетіне кездейсоқ отыра кеткен менің тіземе басын салып, әңгіме бастады.


- Құдай-ау, жұрт мені ағаш атқа мінгізіп, жаңағы беті қайтқан Созақбай секілділер кек қайтарып, қойны еркектен босамайды –деп, өтірік өсектейді. Талай еркек келген ізімен кері қайтқан. Бірақ, олардың бәрі басқалар үшін күйеуім жоқ болғандықтан, менің қойнымнан шыққан болып есептеледі. Бәрінен де сен шығып қалама деп қорқып едім, шықпағаның жақсы болды. Бізде неғып жезөкшелер үйін ашпайды екен, ол бәріне де жақсы болар еді. Еркектер кез-келген күйеусіз әйелге көз сүзбес еді, біздей жесір әйелдер сөзге қалмас еді. Жаңағы Созақбай секілді әйелі ауыратын, босанайын деп жүрген әйелдердің күйеулері өле ме? Босанғаннан кейін де 40-күнге дейін, әйел организмі қалпына келгенше әйелмен жатуға болмайды. Осыдан кейін қыз зорлау да, кездейсоқ кездесулер де басталады. Сонда ғой еркектер ешқандай проблемасыз жезөкшелер үйіне барып, ақшасын төлеп, қалаған әйелімен болар еді. Сонау Афина гетераларынан бастап, қандай жетілген қоғам болса да, ондай үйлер болған және бола бермек, өркениетті шет елдерде бар, сонда деймін-ау, балаларын жетімдер үйіне тастап, иә шет ел асырып, әке-шешелерін қарттар үйіне тапсырып жатқанда намыстанбаған қазақ, осындай еркектерге арналған үй ашуға келгенде намыстанып қалыпты. Нан таба алмай жұмыссыз жүрген қыздарды сөгеді, ал оларды «снимать» ететін, бала жасайтын әкесіндей еркектерді сөкпейді. Олар басқа планетадан келген роботтар емес, сол қазақтың еркектері ғой, еркек болғанда да көбіне қолында билігі, қалтасында ақшасы барлар. Жезөкшелер үйі деп, тек әйелдерге байланысты айтады, олай атау дұрыс емес, ол еркектердің сұранысы бойынша туындаған қызмет, сол себепті еркектер үйі деп атау керек. Сондай үйді жасаса ондағы қызмет көрсететіндерге дәрігерлер бақылау жасаса, үкімет салығын алып тұрса, бәрі де ұтпайды ма ? Ол мерез бен СПИД секілді жыныстық жұқпалы аурулармен күресудің де тиімді жолы болар еді, еркектердің де шаруасы түгел, әйелдерге де қауіпсіз, адам секілді жағдайда ақша табады, қосымша жұмыс орны ашылады. Жыныстық қатынастар қазірде біреулердің пәтерлерінде, моншаларда, ең аяғы гараждардың қараңғы қуысында жасалып жатқан жоқ па?


Социализмдегі мемлекеттік меншіктен аз уақытта капитализмге өтіп, 70-жыл теңбіз деп жүргендердің аяқ астынан бай мен кедейге бөлініп, қалай алса да кешегі қалтасында көк тиіні жоқтардың, қолындағы билігін пайдаланып, зауыт-фабрикалардың қожасы болып, бір күнде жеке меншік иесі болып байып, бай атанып шыға келгендеріне үйренген қазақтардың бұндай үйлерге де әрі кетсе бір ақ айда құлағы үйренеді. Ойбай, бұл масқара, ата-бабамызда, салтымызда жоқ нәрсе деп, газет-журналдарға жазып жүріп, өмірдің шындығын көргілері келмей, бірақ, өздері де сол қызметтерден «дәм» татып, өтірік патриот болып жүретіндердің де құлағы тез үйренеді. Ақшасы мен жағдайы жоқ болғандықтан, басқаларды көре алмай, сан-саққа жүгіртетіндердің де аузы аз уақыттан соң жабылады. Сен білмейсің ғой, бұндай жасырын үйлер де бар, біреуіне түсіп қала жаздағам. Соларға көбіне баратын, соларды айыптайтындар, солармен өтірік күресіп жүргендер. Ал біздің жаңа байлардың заңсыз екі-үштен әйелдері бар екені жаңалық емес, жоқтары тек импотенттер ғана. Мен білетін бір байдың екінші әйелі судья болып істейді, жақында бала туып алды. Сонда мен күйеуім болмаса, неге еркектерге көзтүрткі болуым керек? Жаңағы Созақбай секілділердің проблемасына мен жауаптымын ба, оларды мен шешуім керек пе ? Мен бақытты болғым келмейді дейсің бе, мен күйеуге тигенше басқа еркекке қолымнан да ұстатқан жоқпын, енем баласын айдап салып сабатты да отырды, мен оның бір күні мені мерт еткенін күтіп отыруым керек пе...


Злиха сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр, ішіндегі сөз толы қаптың аузы ашылып кеткендей. Мен оның айтқандарының бірін түсінсем, бірін түсінбеймін, бірақ, оның ашулы әрі мұндай сөзшең түрін бірінші көруім. Ол жақындаса айналасындағысын өртейтін дөңгелек шарға айналғандай.


- Марат деймін, сенен жасырып қайтейін, мен осы ауылда тұрғалы үш жылдың ішінде сен менімен болған екінші еркексің. Сенің алдыңдағы адам мені шын жүректен сүйген, бірақ оның отбасын бұза алмадым. Ал мен ешкімді шын жүрегіммен сүйе алмайтын секілдімін. Мен мені сүйген немесе ұнатқандармен емес, өзім ұнатқан еркектермен болғым келеді. Ажырасқан күйеуіммен бес жыл жүріп, күйіп-сүйіп қосылып едік. Осы үш жылда жиырма шақты еркек жаңағы Созақбайдың кебін киіп кеткен. Сонда менің жазығым не, әдеміше болғаным ба, күйеуімнен ажырасқаным ба? Мен ана Созақбаймен өлтірсе де, миллион теңге берем десе де жатпаймын. Жоқ, мен сабама түсуім керек деп, ол біресе екі шекесін, біресе желкесін уқалады. Мен көргенім мен естігендерімнен есімді жинай алмай, мелшиіп отырмын. Минут сайын есейіп, өмірдің көлеңкелі жақтарымен әйел-еркек арасындағы қатынастардың проблемалары туралы өмір сабақтарын алып, көңілге түюдемін. Злиха да мен білетін Злиха емес еді.


- Ту, Марат, сенің түрің бұзылып кетіпті ғой, сенің жаныңды жараладым-ау. Мен қазір сыртқа шығып келейін, бұл соңғы кездесуіміз шығар...деп, тұрып бара жатқанда қолы шалбарымның сыртынан сипағандай болды, әлде аңдаусызда тиді ме екен? Ол да соны күтіп тұрғандай дүр сілкініп шыға келді. Есіктен шығып бара жатқан Злихаға қарасам, ол да мен білетін Злихаға айналыпты.


Менің бойымды тек құштарлық емес, басқа да бір сезім қосыла жаулап алған. Оның не сезім екенін өзім де түсінбедім. Злиханы аяйтындаймын, оны қадірлей түскендеймін. Оның шырқыраған жанын жұбатқым келгендей, ісіп кеткен көздерінен бастап аймалаудамын, оны еркелеткен болам, менің барынша қолымнан келетіні осы еді. Злиха да қазір төсекте ерекше болды, бұрын көрсетпеген қылықтар көрсетіп, төсімнен аймалады, емшектерімді біресе сүйіп, біресе тілімен қытықтады. Қолдарын кіндігімнің төмен тұсына қайта-қайта апара берді. Апарған сайын енді қалғи бастаған қалпақты қарақшым қайтадан қаруын оқтайды. Менің бозбалалық түйсігім мына кездесудің басқа кездесулерімізден өзгешелеу екенін мойындағандай. Мен де Злихаға ұзақ ләззат сыйлауға тырыстым. Төсекте бозбала да емес, кәдімгі жол бастар еркекке айнала бастағанымды сезгендеймін. Злиха өзі айтпақшы оргазм алған кезде не істеп не қойғанын білмей, аласұрып кетеді. Мен де сол сәт Злиха үшін төсектегі ең тәтті кез екенін түсініп, сол кезеңді ұзаққа созуға тырыстым. Менің де есім шығып кетеді, Злиха екеуіміз үшін бұл кез, еркек пен әйелдің бір –бірінің тәнінен ләззат алуы емес, қайта керісінше, бір-бірімізге ләззат сыйлауға ұмтылғанымызды ұқтым. Менің оның көңіліне қарауым-менің оған жас алшақтығына байланысты ешқашан айтылмайтын сезімнің өтеуі болса деймін. Жүзінен бақыттылықтың белгісі білініп, даусынан қуаныштың лебі ескен Злиха маған үзіле қарап: «-Сен бүгін ерекшесің, жаным!»-деді.


Емтихан тапсырып, інімді ауруханадан әкеліп, одан үйге алыстағы нағашыларым келіп, тағы басқа жұмыстармен арада оншақты күн өтіп кетті. Осы арада Злиха ойымнан шықпағанмен, барудың реті келмеді. Үйінде телефон да жоқ. Бір күні газеттерді ала кетейін деп, почтаға соққанымда Злиханы кездестірдім. Паспорт тәртібін бұзып, тұратын жерінде тіркелмегендіктен айыппұл салыныпты, соны төлеп тұр екен. Менің көз алдыма Созақбайдың кіжінген түрі келді. Көптің көзінше ештеңе айта алмай, көздеріммен жұбатып кеттім. Бір күні тағы бір емтиханды тапсырып, «уһ» деп, тынысымды алғандай болып, бір-екі күнде моншаға барып, Злихаға баратынымды ойлап, ішімнен қуанып жүр едім, таңертеңгі шәй үстінде апам: «Злиха қалаға көшіп кетіпті» - деді. Шәй ішіп болғаным бұндай абырой болар ма, ішімдегі болып жатқан астан-кестен дауылды ешкімге білдірмейін дегендей сүріне-қабына өзенге қарай жүгірдім. Таңертеңгі салқынға да қарамай, шомылатын мезгіл болмаса да келе салқын суға қойып кеттім. Денемнің әр мүшесі, әр ткані, әр түйіршік қаным Злиханы жоқтап жатқандай. Ішімнен «Қош бол мені ауыздандырған әйел» - дедім. Содан кейін, «жоқ Злиха сен мені ауыздандырып қана қойған жоқсың одан да көп нәрсе бердің, көп нәрсе ұқтырдың»-дедім... Содан кейін Злиханы көрген де, естігенде жоқпын.


Марат әңгімесін аяқтап, сол күндерге еніп кеткендей, екі көзін бір нүктеге қадап, ауыр ойға шомып отырып қалыпты. Кеудем шым ете қалды. Маратты өзіме белгісіз Злихадан қызғанғандаймын.


- Ау, Мәке, түс болып қалды ғой, қазір күн ысып кетеді, базарға азық-түлікке барып келейік- дедім.


- Ал сен ше, сен де айтам деп едің ғой.


- Мәке, түс болып қалды ғой, мен тағы бірде айтармын - деп, мойнынан құшақтап, ернінен сүйдім. Мәкең бұны өзінше түсінді ме, әлде менің бетімде солай жазулы тұр ма, ол «Төсекке ме, кеттік»-деп, мені көтеріп алды. Мен көздерімді жұмып «Мәкеңді енді ешкімге бермеймін»-дегендей мойнынан қатты құшақтап алдым. Жоқ, мен Злихадан да артық ләззат сыйлаймын, оның бейнесін Мәкеңнің ойынан біржола шығаруым керек. Әрең тапқан аяулымды ешкімге де бермеймін дегендей, оны аймалай бастадым. Алғашқы еркек құшағын көргенім туралы, ол заңды күйеуім болса да ешқашан айтпаймын. Ол әйелдер тарапынан ешқашан айтылмайтын әңгіме.


Мәкеңнің құшағында көзім жұмылып бара жатып, «кешке балалармен әңгіме өткізуді» ұмытпау керек деп ойлап үлгердім.


Р. Қамидуллақызы


Abai.kz




Көрілген: 2636    Пікірлер: 0

сейсенбі, 08.01.2019, 23:41

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    23 Наурыз, 14:21
    Күйеуім тастап кетті
    18 Наурыз, 14:39
    Енем үшін ұяламын
    13 Наурыз, 09:48
    Мен неге ажырастым?
    12 Наурыз, 10:50
    Мен 20-да, ол 40-та

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    наурыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31