Құда баладан көңілім қалды...

Құда баладан көңілім қалды...

Мен де «Алаш айнасының» тұрақты оқырмандарының бірімін. Әсіресе, осы айдарды үзбей оқып тұрамын десем қате айтқандық емес. Өйткені, өмір иірімдері кімге болса да қызық. Сан қилы оқиғалардың ішінде сабақ алуға ықпал ететін тағдырлар жеткілікті. Менің ойымша, «Отбасы - ошақ қасының» өзіндік тәлім-тәрбиесі бар. Кей кездері пікір жазған оқырмандардың арасында хаттарға күмәнмен қарайтындар кездесіп жатады, яғни «барлығы ойдан шығарылған» деген сияқты пікірлердің кездесіп қалатыны бар. Ал менің қолыма қалам алғызған мына оқиға ойдан шығарылған жоқ. Неге екенін білмеймін, менің де «Алаш айнасына» хат жазғым келді.

...1986 жыл. Көпшілік сияқты кітаптарымды арқалап, бала күннен арман болған Алматыға келдім. Ойым, Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің заң факультетіне түсу. Таныс-тамыр жоқ, әке-шешем анау айтқандай ауқатты адамдар да емес. Тек өзіме сену керек. Емтихандардың барлығынан өтіп, конкурсты күтіп жатқан кез. Өзім «Қазақфильм» ықшам ауданындағы бауырымның үйінде тұрып жаттым. Ағам Д.Қонаевтың күзетін басқаратын, яғни әжептеуір қызметкер. Үйлері сол кездің өлшемінен айтқанда элиталы баспана. Үш бөлмелі пәтерде ағам, жеңгем, олардың екі ұлы және жеңгемнің інісі әйелімен (сол кезде аяғы ауыр болатын) тұрып жаттық. Жеңгемнің кейде қылт ете қалғаны болмаса, пәлендей жаманшылығын көрмей жүрген едім. Олардың үлкен ұлдары сол кезде шамамен 14-15 жаста болатын. Өкінішке қарай, қазір бұл өмірде жоқ. Ұзақ уақыт ауырып жүріп, сол дертінен көз жұмды. Кіші ұлдары қателеспесем, 5 сыныпты бітіріп, 6 сыныпқа көшкен.
Аға-жеңгем ауыратын ұлдарын уақытша арнайы орталыққа өткізіп, өздері Ессентукиге демалуға кетті. Үйде жеңгемнің інісі мен оның әйелі, інім және мен қалдым.
Енді аз-маз жеңгемнің інісі жайлы айтып берсем... Бірінші көргенде онша ұнамады маған. Негізі олар Қарағанды жақтан. Әйтеуір Артур деген інісі барын естігенім болмаса, көріп тұрғаным бірінші рет. Орыс тілді. Адамдарға көбіне менсінбеушілікпен қарайтын жаман әдеті бар. Ал әйелі Нәзгүл, алтын адам дер едім. Көркіне, ақыла сай. Қолынан келмейтіні жоқ. Не істесе де, сүйсінесің. Ағам да оны қатты жақсы көретін. Менің жасым 17-де. Нәзгүлге қызығып қарайтынмын. Тіпті Артурға қимайтынмын. Негізі ол да орыс тілді. Шамасы келген қазақшасымен менімен әңгімелесіп жүретін. Екеуміз жақсы тіл табысып кеттік. Торт пісіретін жиі-жиі. Маған да үйретіп қоятын арасында. Айтпақшы, Артур каратэдан белбеуі бар, спортсмен еді. Мықтысы, мықты енді.
Сонымен не керек, аға-жеңгем демалуға кетіп, үйде төртеуіміз қалдық. Құда бала мені ауылдан келген дей ме екен, әйтеуір менімен сөйлеспек түгіл, тіпті мен жаққа бұрылып қарамайтын да. Ал маған оның мен жайлы не ойлайтыны еш қызық емес. Таңертең тұрып, университетке кетіп қаламын. Кітапханаға барамын, әйтеуір күндіз үйде көп болмайтынмын. Бірде Нәзгүл аурухана жататынын айтты.
- Мына екі еркекке бас-көз боларсың, тамақтарын пісіріп беріп, үйге қарап жүр, жарай ма? – деді өтінішпен ол. Әлбетте «иә» деймін ғой.
Солай болды, үйді жинап, тамақтарын пісіріп, арасында баяғы универсиетке барып жүрдім. Күн ыстық, бірде университетке түстен кейін баратын болдым да, қасыма қоңырауы бар сағатты қойып, ұйықтап алайын деп, өзім жатып жүрген бөлмеге кіріп кеттім. Өйткені, түнімен кітап оқып, ұйқым қанбай жүретін. Артурдың ініме «далаға ойнап кел» деп жатқанын естідім.
Көзімнің ілініп кеткені сол еді, секіріп біреу үстіме шығып алды. Көзімді ашып қалсам, Артур. Есім шығып кетті. Денесі зілдей екен. Шапшаң қимылмен шешіндіре бастады. Әрине шамамның келгенінше қорғанып бақтым. Ауға түскен балықтай аласұрдым. Тынысым тарылып, арасында тұншығып қалып жаттым. Бір кезде бар қуатымды жинап алып, қайта күресемін. Сонша бұлқынғанымды қайтейін, денемнен күш кете бастады. Шыңғырып жан дауысым шықты. Сөйтсем, күректей қолымен аузымды жауып әлек. «Тыныш жат» деп қояды зілді дауысымен орысшалап. Арасында ұрып-ұрып қалады. Екеуміздің осылай алысып жатқанымызға бар болса 5-10 минут болған шығар, бірақ мен үшін уақыт тым ұзап бара жатқандай. Абыройым айрандай төгілсе қайтемін, масқара! Бір кезде бойымдағы бар күшімді жинап алып, оның білегінен қыршып тістеп алдым. Ойыма соның келгені қандай жақсы болды! Жанына қатты батты ма, орнынан ыршып түсті. Мен де төсектен тұра салып, қасымдағы дәу сағатты соған қарай жіберіп кеп қалдым. Сөйттім де, жартылай жалаңаш күйі ваннаға жүгіріп кіріп, есігін жауып алдым. Өз-өзіме келе алмай көп отырдым. Аяқ-қолым дір-дір етеді. Өксігім тамағымда кептеліп қалғандай сезіндім. Жылайын десем, дауысым шықпайды. Көп отырдым. Бір кезде есімді жиып, денеме қарасам, саным көк ала қойдай, шошып кеттім. Сонда ғана Артурдың дауысын естідім. «Ит болыппын» деп, жылап жүр екен. Әшейінде қазақша сөйлемейтін құда бала «ит болыппын» дей береді қайта-қайта.
Отыра беремін бе, ваннада тұрған үлкен сүлгіні денеме жауып, шықтым. Сөйтсем, аяғыма оратылып, кешірім сұрайды. Бар айтқаным: «мен сені мамама айтып беремін».
Тез-тез киіндім де, сыртқа шығып кеттім. Қайда баратынымды өзім де білмеймін. Кеш батқанша Алматының көшелерінде жүре беріппін. Қалтамда ақша да жоқ. Бір кезде ауылдан бірге келген құрбым есіме түстім.
Сонымен не керек, бір бөлмелі жай тамды жалға алып тұрып жатқан құрбымның әпкесі мен жездесінің үйіне келдім. Бір аптадай тұрдым. Ұят болып кетті. Амал жоқ, үйге оралуға мәжбүрмін. Нәзгүл ауруханадан шыққан екен.
Артурдың істегені жаныма қатты батты. Не бәрі 17-демін, тіптен баламын ғой. Медициналық тілмен айтқанда психологиялық зардап шектім. Түн баласы ұйықтай алмай, шошынып шығамын күнде. Көпке дейін еркек атаулыны барлығына жиіркенішпен қарап жүрдім. Бірақ ешкімге айтпаймын деп шештім. Анамның жүрегін ауыртқым келмеді. Әкем Артурды өлтіріп қоя ма, кім біледі. Ағамды, Нәзгүлді аядым.
Артурды көрсем, құбыжық көргендей боламын. Ешкім тұрмай кетіп қалып, олар ұйықтайын деп жатқанда бірақ келемін. Ас бөлмеге мүлде кірмей қойдым. Осылай жүргенімде қасыма Нәзгүл келіп, ренжіді.
- Сен неге бұлай істеп жүрсің? Неге бізбен тамақ ішпейсің, - дейді орысшалап, кейіді. Төмен қараған күйі отыра беремін әдетімше. Ләм-мим демеймін.
Айға жуық уақыт өтіп, аға-жеңгем келді. Әңгімені қысқа қайырсам, Нәзгүл жеңгеме айтты, жеңгем ағама айтты, айналып келгенде мен сүйкімсіз болып шықтым. Жеңгем ағама «күн ұзақ қаңғырып, кеш батқанда бірақ келеді, не тамақ ішпейді. Үй жинамайды. Жүрген бір квартирант сияқты» деп тиісіп жатқанын өз құлағыммен естідім. Кейін түсіне бастадым, жеңгем менің үйден кеткенімді қалайтын сияқты. Ағам жүрген жерде «сары қыз тамағыңды іш» деп жап-жақсы бола қалады да, ағам жоқта мінез көрсетуді шығарды. Тістеніп «өзіңнің зубной пастаңды, сабыныңды әкеп қой» дейді. Ағамның көзінше жібектей. Аға-жеңгем Артурға өбектейді-ау кеп. Соған жыным келетін.
Конкурстан өте алмадым. Оқуға түсе алмай, оған да көңіл-күйім болмады. Үйде жүрген бір «алапес» сияқтымын. Ешкім «сені не мазалап жүр?» деп сұрамады да. Ағам да салқын қарайтын болды. «Менің әйелім бұған өліп тұрады, ал бұл жақсылықты түсінбейді» дейді іштей, білемін. Осылай жүре беремін бе, бөлек пәтерге шығып кеттім. Өзім жұмысқа тұрдым. Сөйтсем, аға-жеңгем әке-шешеме «бостандық керек болған да, күні-түні қыдырғысы келген ғой, көше таптап. Әйтпесе, орнынан су шықты ма?» депті. Ата-анам тамаша адамдар еді, телефонмен сөйлескенде «ақылың жоқ емес, солай істеу керек болса, біз тек саған қолдау көрсетеміз» деді.
Осы бір оқиғаны тек арада 10 жыл өткенде ғана әпкеме айтып бердім. Ах ұрды ол!
- Сенің есің дұрыс па?! Неге айтпағансың?! Көрсететін едік оған! Оңбаған! Кіп-кішкентай қызға не істегені! Бөтен емес, құда бала ғой! Ал сол кезде сенің шамаң келмей, арам ойы жүзеге асса не болар еді!? – деп бір деммен ұзақ айғайлады. Ешкімге айтпа деп едім, шыдай алмай, анама жайып салыпты. Анамның қандай күйге түскені белгілі. Оны әпкем айтып берді. Бірақ анам маған тіс жармады, «өтті, кетті» дегені шығар. Ал әкем қайтыс болып кеткен еді ол кезде.
Артурға қайтып оралсам, екі ұлын алып (бірінен кейін бірі, екі рет туып алды), Нәзгүл басқа біреуге кетіп қалыпты. Не отбасы, не үй-жайы жоқ, қазір қаңғып жүрген бір бейшара. Тіпті жеңгем де араласпайтын сияқты. Жоғарыда айтып өткенімдей, аға-жеңгемнің бір ұлдары қайтыс болып кеткен еді ғой, ал екінші ұлдары қазір қызметте, Астанада тұрады. Жеңгем екі қабатты зәулім үйде жалғыз қалды. Ал Артурдың қайда екенін жеңгемнің өзі де білмесе керек. Қысқасы, ұшарын жел, қонарын сай білетін адам. Соған қарағанда жеңгемді де қатты ренжіткен болар. Мен оны сол 1986 жылдан бері екі-ақ рет көрдім. 2000 жылдары сол аға-жеңгемнің үйінде отырғанымызда келіп қалды. Маған ұрланып қарап, төргі бөлмеге өтіп кетті. Қаным басыма шапшып, қасына жетіп барып, шапалақпен бір тартқым келді. Өзімді ұстадым. Шайымды тез-тез ішіп, «асығып отыр едім» деп кетіп қалдым. Содан кейін ағам қайтыс болғанда көрдім. Ол бертінде. Жүдеп-жадап кеткен. Халі аянышты. Менде бұрынғы ашу-ызадан түк қалмапты. Ішімнен «әй бейшара!» дедім де қойдым. Бұл жолы да маған ұрланып қарап қояды. Көрмегенсіп жүре бердім.
Марқұм ағамның Артур жайлы пікірі жаман емес еді. Туған балдызы болған соң ба, сыйлайтын. Ал маған көзқарасы баяғыда мен пәтерге шығып кеткен кезден бастап өзгерген. Мен тұрмысқа шығып, өзіммен өзім болып кеттім де, шыны керек, олармен етене жақын араласпадым. Неге екенін өзім де білмеймін. Әйтеуір арамызда бір салқындық пайда болды. «Жалғыз балдызым» деп, төріне шығарып жүрген Артурдың қарындасын зорламақ болғанын ағам ақыры білмей кетті.

Майра

Құрметті оқырман, егер Сіз де өз басыңыздан өткен тағдырды көпшілік талқысына салып, оқырманмен ой бөліскіңіз келсе мына электронды почтаға материалыңызды жолдай аласыз: info@alashainasy.kz

Редакция телефондары: 8/727/388-80-60; 8/717/2 54 27 30

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста