Отбасы - ошақ қасы

Күндесімнің маған істегені қызының басына келді...

  • © avatarko.ru

    © avatarko.ru

Біреуге жақсылық жасасаң да өзіңе, жамандық жасасаң да өзіңе. Өмір бумеранг сықылды ғой, айналып алдыңа келеді. «Алаш айнасы» порталының оқырмандарына басымнан өткен жайтты баяндап берсем деп едім... Күйеуім екеуміз екі жыл жүріп, сүйіп қосылдық. Ақжарма, ақкөңіл мінезді күйеуім кез-келген жанмен ілезде тіл табысып кетеді. Соның арқасында тез арада тірлігін бітіріп, ісін ілгерілете алады. Оның бұл мінезінің отбасымызға көп пайдасы тиді ғой деп жүргем. Сөйтсем өзге әйелдерге де өтімді екен ғой біздікі. Қап дедім.


Бірақ оның әйелқұмар екенін кеш сездім. Өзі де сауысқаннан сақ, басқан қадамының жымын білдірмейді десе де болады. Телефон нөмірлерін жиі ауыстырады, кейде қай нөміріне хабарласуды өзім де білмей қаламын. Бір күні түн ортасында жасырылған нөмірмен біреу хабарласты. «Сенің байыңнан екі бала туып алғанмын, байыңа еге болсаңшы» деді де қойып қойды. Жауап қатып та үлгермедім. Сол түні мазам қашты. Бұрын «итті көрсе иетін еркек қой, қоя берші» деп аса мән бермеуші едім. Тап бір мазақтағандай мына тірлік жанымды жаралағаны рас. Сол күннен бастап жаныма жай таптырмаған мазасыз бір күндер басталды. Әйел емеспін бе, жартымды қалай қызғанбайын. Салқын ақылға салайын десем де маза берер емес. Өзімен сөйлестім де, қайдағы, жолатпайды. «Сені көре алмайтын жұмыстағы әйелдердің әзілі шығар» дегенге сайды. Ойланып қалдым. Торға түсетін күйеуім бе, тілінің қырық қатпарлы қулығымен алдайды ғой мені. Уақыт емші ғой расында. Бұл оқиғаны ұмытқандай да болдым. Күйеуімның жыры бітпеді бірақ. Бірде анда, бірде мында жаман аты шығуын қоймады. «Бірде ана бір әйелмен, бірде мына бір әйелмен көрдік» дейтіндердің қарасы көбейді. Үйге келе «ашық сабақ» өтемін. Бірақ ол ашығын айтушы ма еді? «Қойшы әркімнің бір өсегіне сене берсең өмірің жетпейді ғой» деп бір жағы әзілге бұрып құтылады. Көзбен көріп, қолмен ұстап алмаған соң бәрі бекер. Оны өзі де айтады, «ұстап алсаңшы, сол кезде көресің» дейді. Ал ол ұстатушы ма еді? Әбден супер ас болып қалған ғой. Ізін білдірмейтін. Қанша індетсем де ізіне түсе алмадым бірақ. Қалай болғанда да оның құр жүрмейтінін білем. Апталап үйге қонбайтын кездері көп. Әжем марқұм «Адамына жолықпасын, адамына жолықса еркек деген байлап қойсаң да тұрмайды» деуші еді. Бала кезімде оған аса мән бермеуші едім. Адамына жолықты-ау деймін күйеуім бірден өзгеріп сала берді. Ыңылдап ән салатын болды. Он жыл бірге жасасақ та бір рет те оның ыңылдағанын естімеген едім. «Ғашық боп қалдың ба?» дедім. «Қайдағыны айтпашы» деп құтылады. Телефонмен сөйлесіп отырып бірден аха-халап күледі. Одан қалса билеп кеткісі келіп тұрған адамдай арқасы қозады ай бір. Бірден түсіндім. Жанына біреудің сәуле түсіріп жүргенін. Амалын тауып телефон нөмірлерін ақтарып жүріп әлгінікін таптым. Түнгі төртте сағаттап сөйлеседі екен ғой сөйтсем. Командировка дегені әлгіге барғаны екен ғой. Ішімді күйік шалғандай шырқырадым. Айқайладым да, ұрыстым да. Бірақ ол меңіреу болып қалған адамдай ештеңені құлағына ілмеді. Апта түгілі енді айлап жоғалып кететінді шығарды. Бірақ қайтып келеді әйтеуір. Қанша ұрыссам да, қанша жыласам да мен оны қия алмайтынымды түсіндім. Өз қайғым өзімде, сүлесоқ бір күйге түскем. Ешкімді көргім келмейді, ешкіммен сөйлескім келмейді. Құрбым келіп тегін лекция оқып кетті. «Қайтесің соны, қолыңды бір сілте де қой, өз өміріңді сүр» дейді. Өз өмірім сол ғой. Мен үшін бар дүние соған қарап қалған. Қолымды бір сілтеп кете алмаймын мен. «Ол жүрсе мен де жүрем» дейтін ақымақ қатындардың сүрлеуіне түсе алмаймын. Телефонын ақтарып әлгінің суретін көрдім. Нешетүрлі фондағы суреттерін сақтап қойыпты... Қанша сабыр сақтайын десем де болмады ақыры бір күні әлгіге телефон соқтым. Не деген бетсіз адам «мен оны танымаймын» дейді ғой. Дәп менің күйеуім екеуі бір қалыптан шыққандай. Мойындау деген жоқ. «Маған ештеңе айтпа, шаруаң болмасын, өзім білем» деп көкбеттенді. Өз өзімді сабырға шақырсам да болмады, қарғыстың нешеатасын жаудырып смс жазып жібердім. Өзінің екі қызы бар болатын. «Ертеңгі күні қызыңа дәл біреу осылай жасаса жақсы көресің бе?» деп жазып жібердім. Содан қайтып бұл тақырыпты ойламауға өз өзімді көндірдім. Күндердің күнінде күйеуім аспаннан жерге түсті. Ыстық суығы басылған білем. Ішіп алса ішіндегісін қыртысын қалдырмай айтып салатын мінезі бар-тын. Бір күні «мен оны басқа біреумен жатқан жерінен ұстап алдым» деді. Күйеуімнің үлкен «ғашықтық сезімі» осылайша баянсыз аяқталды. Оған жаным ашыған жоқ. Әу бастан-ақ осылай аяқталатыны белгілі болатын. Біреуді жылатып тапқан бақыт баянды болушы ма еді?..


Бұл оқиға жылдардың жылғасында қалып кете берер ме еді кенет... Құрбымның ұлы үйленген-ді. Беташар өтті, тойға дайындалып жатқанбыз. Келіннің анасы... сол баяғы... әлгі болып шықты. Менің бар өмір тарихыммен таныс құрбым бұл оқиғаға қанық-тын. Суретін көрмеп еді бірақ, сырттай менің айтуыммен «танитын». Бірақ құрбымның көңілін түсірмейін деп оған айта алмадым. Егер ол білсе «жүргіш әйелдің қызын алмайсың» деп айқай-шу шығарары кәдік еді. Амалсыз тілімді тістедім. Бұл оқиға да өмір қалтарыстарында қалып бара жатқан-тын... Күндердің күнінде құрбым жылап келді үйге. Баласы бір әйелмен әуейі болып, келіні төркініне кетіп қалыпты. Баяғы әлгі... менің талай түндерімді ұрлап талай жылатып еді. Енді оның қызын өзгелер жылатып жүр. Өмір деген қызық, ә...


Жарқынай, Көкшетау


alashainasy.kz/

 




Көрілген: 2863    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сәрсенбі, 20.12.2017, 10:04

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    2 Желтоқсан 2017
    Кек қуған әйел (оқиға)

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31