Отбасы - ошақ қасы

Құрбым жігітімді тартып алды

  • © NAMSKAZALI

    © NAMSKAZALI

Менің 1-сыныптан Айжан есімді құрбым болды. Екеуміз тағы көрші тұрдық. Мектепке бірге баратынбыз. Ата-анамыз да жақын араласып кетті. Егіз қозыдай бірге өстік. 7-сыныпқа көшкенде Айжанның ата-анасы қала орталығына көшіп кетіп, оны гимназияға ауыстырды. Бірақ достығымыз үзілген жоқ.


Отбасымызбен бірге араласып тұрдық. Сол жылы біздің сыныпқа Азамат деген бала келді. Екеуміз жақсы дос болып кеттік. 10-сыныпқа көшкенде Азамат сезімін білдірді. Ол маған да ұнайтын. Сол сәттен бастап екеуміз қыз бен жігіт болып жүре бастадық. Әрине, ол туралы барлығы білді. Айжан да хабардар еді.


Азаматтың ата-анасы оның шетелде оқығанын қалағандықтан 11-сыныптан кейін ол Шанхайға оқуға кетті. Бірақ, арамыз үзілген жоқ. Арамыздағы ұзақтық екеуміздің сезімді күшейтпесе, өшірген емес. Екеуміз телефон, агент арқылы сөйлесетінбіз. Менің туған күнімде Азамат ата-анасынан жасырын елге келіп, қонақүйде жатып, екі күн мені құттықтаумен болды. Екеуміз қыз бен жігіт болып жүргелі бері ол небір романтикалық кештерді, демалыстарды ұйымдастыратын. Шоқ-шоқ гүлдер, жұмсақ ойыншықтар, әуе шарларын көптеп сыйлайтын. Тіпті, бір сөзінде Азамат болашақ армандарымен бөлісетін. «Ата-анама оқудан кейін саған үйленетінімді айттым. Құда қабылдауға ата-анаң дайын жүрсін» деп айтатын.


3-курста оқып жүргенде бір күні Азамат телефонмен хабарласты. Дауысы қатты шықты. Ашулы болды. «Арамыздағы сезім мен махаббатқа обал жасадың. Енді сені ешқашанда кешірмеймін. Сау бол! Енді мені іздеме, ақталма, кешірім де сұрама. Екеуміз енді бірге болмаймыз» деді. Мен аң-таң. Неге олай дейтінін сұрайын деп ем, ол телефонын өшіріп тастады. Электрондық поштасы мен агентін өшіріп тастады. Мен ештеңе түсінбей қалдым, телефоны мен агенті өшірулі болса да, оған хат жазатынмын. Еш жауап болмай, осылай күндер-түндер өтті. Жанымнан Айжан құрбым табылып: «Жылама, оны ұмыт. Яғни оның басқа қызы бар. Соны мойындамас үшін ол саған солай деді» деп жұбататын. Айжанның сөзі рас шығар деп ойлайтынмын. Олай емес екенін кейін білдім.


4-курсты аяқтауға жақын қалғанда Айжанның ата-анасы үйге келіп, оның ұзату тойы мен үлкен тойына шақыру қағазын алып келді. Әрине, барлығымыз қуандық. Шақыру қағазында «Азамат пен Айжанның үйлену тойына келіңіздер» дегенді көргенде барлығын түсіндім.


Айжанның өзінен екі жас кіші Нұркен деген інісі бар еді. Бала кезден бір-бірімізді білгендіктен Нұркен менің де інім секілді болды. Айжан 20 жасқа толу туған күнін атап өткенде Нұркен екеуміз би билеп, суретке түскен едік. Екі аптадан кейін Айжан барлығымызды Медеуге шақырды. Әдетте, тек қыздар бас қосатын кездесуге Айжан Нұркенді ерте келді. Тауда көңіл көтеріп, мәз-мейрам болып қайттық. Ол жақта да барлығымыз суретке түстік. Ал Айжан болса, менің сыртымнан Азаматқа «Сәуле Нұркенмен көңіл қосып жүр» деп агентпен сөйлесіпті. Екеуміздің суреттерімізді де жіберген. Соның барлығын көрген Азамат ашуға булығып, менімен айырылысыпты. Айжан болса, менімен де, Азаматпен де қатар сөйлесіпті. Маған Азаматты, оған мені жамандап, ақыры сүйген жігітімді тартып алды. Мұның барлығын білгенде өзімді қоярға жер таппадым. Ағыл-тегіл жылағанымды, уайымға салынғанымды көрген ата-анам Айжанның тойына бармады. Осы себеппен екі үй арасындағы ұзақ жылдар бойындағы байланыс үзілді.


Әкем мені Астанаға әпкесі мен жездесінің қолына жіберді. Олар да болған жағдайдан хабардар болған соң, маған қолдау көрсетіп, Азамат пен Айжанды ұмыту үшін барлығын жасады. «Уақыт емші» деген рас екен. Мен көп ұзамай екеуін ұмыта бастадым. Қазір тұрмыстамын.


Осы жылдың наурыз айында сынып жетекшіміз қайтыс болыпты. Біріміз кеш, біріміз ерте естігендіктен старостамыз Жәния барлығымызға апайдың 40 күндік асына келу керектігімізді айтты. Аяғымның ауырлығына қарамастан осы айдың басында Алматыға келдім. 4 жыл үзілістен кейін бұл туған қалама алғаш келуім еді. Асқа барлық сыныптастар жиналды. Азамат пен Айжан да келді. Екеуі мені көрген бойда, жанымнан көрмегенсіп өтіп кетті. Дастархан басында екеуі екі жақта бастарын түсіріп отырды. Біздің үштік туралы барлық сыныптастар білетін. Олардың барлығы дерлік екеуінің тойында болған. Айжанның қылығынан барлығы хабардар болды. Жанымда отырған Жәнияның айтуы бойынша, Азамат мән-жайды Айжанның аяғы ауырлағанда білген екен. Арада бала болғаны болмаса, екеуі ерлі-зайыпты болып көп тұрмаған. Заңды түрде ажыраспаса да бөлек тұрады. Азамат ішімдікке жақын жүр дейді. Ал Айжан болса, ажырасуға келісім бергісі келмейді екен.


Ас соңында, ел тарқай бастағанда жаныма Азамат келді. «Сәуле, тұрмыс құрыпсың. Құтты болсын! Бақытты болыңдар!» деді. Түріне қарасам, өңі бұзылып кеткен. Жас болса да бетін әжім баса бастапты. Көз алдымда екеуміздің махаббатымыз, кездесулеріміз, бірге өткізген күндеріміздің барлығы өтті. Мен жымиып: «Рахмет!» деп кете бардым. Ол соңымнан: «Сен мені кешірші, ақымақ болдым ғой» деп қалды. Оны қатты аяп кеттім. Келгенде сәлемдеспеген Айжан кеткенде де қоштаспай кетті.


Ең обалы Айжан мен Азаматтың ұлдарына тиіп отыр. Айжан сүйкімді, келбетті қыз еді. Оның соңынан небір жігіттер жүгіретін. Бірақ, оның көзі менің жігітіме түсіп, ақыры екеумізді айырылыстырып жіберді. Өзі де онымен бақытты бола алмады.


Сәуле Алматқызы, Астана қаласынан

alashainasy.kz/ 




Көрілген: 2390    Пікірлер: 0

бейсенбі, 28.06.2018, 10:43

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    19 Қыркүйек, 11:11
    Анам үшін ұялам...
    16 Қыркүйек, 11:25
    "Үйленем" деп алдап кетті
    11 Қыркүйек, 11:02
    Ажырасқаныма өкінем...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30