Отбасы - ошақ қасы

Құрбым қыздарға құмар...

  • © alashainasy.kz

    © alashainasy.kz

Құрметті оқырман, "Отбасы - ошақ қасы" айдарын күнделікті оқып жүремін. Қилы-қилы тағдырлар. Барлығының астарында бір шындық бар екені рас. Менің де есіме сыныптас құрбым туралы бір оқиға түсті. Бұл - мен үшін шешілмеген жұмбақ. Шешімін мүмкін, Сіз айтарсыз...


Менің ауылда мектепте бірге оқыған сыныптас қызым бар еді. Есімі - Динара. Қарапайым отбасында тәрбиеленген, екі ұлдың ортасындағы жалғыз қыз еді. Бір сыныпта оқыдық. Сабақты да тым керемет оқыған жоқ. Бірақ жаман қылық та көрсеткен емес. Өзінің шамасы жеткенше оқитын. Арықша келген, өңді қыз. Киім киісі, жүріс-тұрысы ер балаларға жақын. Барлығымыз мектеп бітіріп, Семей қаласына келдік. Біріміз оқуға түсіп, біріміз түсе алмай жұмысқа орналасып, кейбіреулері ауылға қайтып дегендей. Динара да оқуға тапсырды бірақ оқуға түсе алмады. Біраз уақыт қалада тұратын туыстарының үйінде тұрақтады да, кейіннен "жұмыс істеймін" деп Алматыға кетіп қалды.


Бір жылдан кейін Алматыға кеткен Динарамыз Семейге қайтып келді. Келіп әпкесінің дәріханасына көмекші болып жұмысқа тұрды. Айлығын алғанда біздерді яғни, сыныптас қыздарын қыдыртып, киноға апарып араласып жүрді. Ол деген шәкіртақыны күтіп жүретін студенттерге өте бір қызық еді. Ол келгенде біз мәз болып қалатынбыз. Сонымен қатар Динара өте ақ көңіл еді. Бір ерекшелігі, ол үнемі ер бала сияқты киінгенді ұнататын, жақсы билейтін. Сөйлегені, жүріс- тұрысы барлығы қыз балаға қарағанда ер балаға көп ұқсайтын еді. Бір байқағанымыз Динара арақ, сыра ішкенді ұнататын болыпты. Біздер "Ерте есейгені болар" деп, мән берген емеспіз, өзімізді қыдыртқанға мәзбіз. Ақыл айтатын біз емес және де ол бізді тыңдағалы тұрған қыз емес еді.


Кешкілік мезгіл. Жатақхана терезесінен Динара құрбым айқайлап, мені шақырып тұр. Ойымда түк жоқ, далаға шықтым. Байқаймын, құрбым ақаңды ұрттап алған сияқты. Ұрсып ақылымды айтып жатырмын.


- Мұның не? Саған не болған? Не жетпейді? Қазір таныстар көрсе ұят қой! Жүр, әпкеңнің үйіне апарайын, - дедім.


- Жоқ, менің мына күйімді көрсе, әпкем "өлтіреді". Үйге бармаймын! - деді.


Ойланып тұрмын, не істерімді білмей. Бүгін "Гестапо" кличкасы бар қатал Дуся әжей отыр, жатақханаға бөтен адам кіргізбесі анық. Құрбымды осындай жағдайда далаға тастап кететін емес. Ол кезде хабарласа қоятын ұялы телефон да жоқ. Ойыма сыныптас қызым Гүлжан інісімен пәтерде тұратыны орала кетті. Не болса да Гүлжанға баралық деп ойладым. Құрбымды жатақхана алдына тастап, өзім бөлмеме барып жалма-жан киініп, қасымдағы құрбыларыма келмейтінімді, Гүлжанның үйіне қонатынымды айттым.


- Таксиге ақшаң бар ма?


- Әрине бар, қанша керек? - деді Динара жомарттық танытып.


Такси ұстап, Гүлжан үйінің қасына келдік. Динара жалма-жан есік алдындағы дүңгіршекке қарай бұрылды. Құрбымызға құр қол барғысы келмеген болар, әдетіне басып шайға тәтті алмақшы шығар деп ойлап Динараны күттім. Динараның алған заттарын көтеріп үйге келдік. Бағымыз бар екен Гүлжан үйінде жалғыз екен. Інісі туысқандарына қонаққа кетіпті. Динараның жүрісі Гүлжанға ұнамады. Қабағын бір шытып:


- Мына жүрістерің не? - деді. Гүлжан көп сөйлей бермейтін, ісі тиянақты, достыққа берік жан еді.


Мен:


- Қойшы, бір еркелігі шыгар, - деп жатырмын.


Гүлжан ертең сабағында коллоквиум екенін және ерте ұйқыға жататынын айтты. Ол математика факультетінде оқитын. Менің сабағым түстен кейін. Гүлжан бізбен біраз отырды да өзі төргі бөлмеге ұйықтауға кетті. Ас бөлмеде Динара екеуіміз отырмыз. Ол ақаңды сіміртіп отыр. Қызып алған құрбы қызым енді ашылып сөйлей бастады. Бұрын да аз сөйлемейтін. Бірақ, бүгін ерекше. Мен отырмын қашан әңгімесі бітіп, ұйықтаймыз деп. Арасында мектептегі кезіміз есімізге түсіп, күліп аламыз. Солай отырғанда түн ортасы болды. Динара да біраз қызып, арасында жылап, ішіндегі сырын жасырмай айта бастады:


- Сендер ойлайсыңдар, ия мені ерте жетілген қыз деп. Сендерге менің арақ ішкенім де ұнамайды. Сендер сияқты мектепті жақсы оқымадым. Мен жетіскеннен ішпеймін ғой. Ішімде бір дерт бар, дерт! Ешкімге айтқан емеспін. Мен арман қуып барған Алматыдан бір күнде неге қаштым?! Неге қайтып келдім, мына кішкентай қызықсыз қалаға. Оны да білмейсіңдер! - деді.


Ұйқым келіп отырган мен бірден ұйқым шайдай ашылып, мына қызға не болған, біз білмейтін не сыры бар деп ойланып қалдым.


- Қойшы, осы сен, озің әлсізсің, қиындыққа шыдамайсың, түймедейді түйедей етіп, өзіңе проблема тудырып алғансың! Міндетті түрде оқуға түспедім деп, ішу керек пе? Биыл түспесең, келесі жылы түсесің! Өмір осымен аяқталған жоқ қой! Ал, тыңдайын, не болды, айтшы...


Динара әңгімесін бастап кетті:


Алматыдағы нағашы әпкем жұмысқа шақырған соң Алматыға кеттім. Ол кісінің өз барахолкада сауда орны бар еді. Сол жерге жұмысқа тұрдым. Тұратын жерім тегін. Үйде әпкем және мен. Әпкем күйеуі ертеректе қайтыс болған еді. Ұлы Астанада қызметте. Жұмыстан соң күнде кешке үй алдындағы аулада серуендеймін. Сөйтіп жүріп аулада Алматылық жергілікті қызбен таныстым. Ол біреудің ерке қызы еді. Жоғарғы оқу орныда оқу оқитын. Сол қызбен дос болып кеттім. Ол өте әдемі қыз еді, есімі - Жанна. Жаннадан қалаша киінуді, жүріп-тұруды, «қалалық» жаргонмен сөйлеуді және тағы басқа көп нәрсе үйрендім. Шашымды стильдік үлгімен қидырдым. Күнде кешкісін Жанна екеуіміз аулада серуендейміз. Бір күні ол мені өзінің достарымен таныстырды. Аулада жиналып гитарамен өлең айтып, әзілдесіп, әңгіме-дүкен құрамыз.


Бір күні Жанна ертең өзінің туған күні екенін және кішкентай ортада атап өтетінін айтты. Мені де шақырды. Әпкемнен сұранып, бар-жоғымды киіп, Жаннамен туған күнді атап өтетін орынға келдім. Туған күнді атап өтетін жер қаланың ішінде салынып бітпеген ғимарат іші екен. Басында таң қалсам да, артынан мән бермедім, қалалықтар тусовкасы осылай шығар деп. Ғимарат ішінде дастархан қайдан болсын, барлығының қолында бөтелкеде сыра. Қыздардан Жанна екеуіміз және төрт жігіт келді. «Басқа қыздар неге келмейді» деп едім, «шақырған жоқпын, ең жақын достарым ғана» деді. Барлығымыз танысып, мен де алғаш рет сыра ішімдігін ұрттап көрдім. Көп ішпедім, үйдегі әпкем білсе оңдырмайды ғой. Сөйтіп, гуілдесіп тұрганда біраз уақыт өтіп кетіпті. Маңайыма қарасам, Жанна жоқ. Мен жалгыз төрт жігіт ортасында ән тыңдап отырмын. Басында еш нәрсеге мән бермедім, дәретханаға кеткен болар деп. Бірақ «жан құрбымның» қарасы көрінбеді. Бір уақытта түсініксіз жағдай болып кетті. Қасымдағы төрт жігіт маған тиісе бастады. Бір қыздың төрт жігітке әлі жетсін бе, жігіттер өз дегендеріне жетті. Мені пәктігімнен айырды. Қаланың ерке өскен балаларына бұл істері ештеме емес сияқты, ұялмастан «прости» деп кетіп қалды. Тіпті біреуі «таксиге ақшаң бар ма?» деп қояды, жаны ашыған түрі. Мен еш нәрсені ұкпай, абыройым төгіліп, жылап қала бердім.


Үйге таксимен келіп, таңертен «ауырдым» деп жұмысқа бармадым. Өне бойым ауырып, өзімді жаман сезіндім. Жаннаны мүлдем көргім келмеді, өзі де хабарласпады. Кешке келген әпкеме Семейге кеткім келетінін айттым. Нағашы әпкем рұқсатын берді. Пойызга билет алып, Семейге келдім. Сол уақыттан бері менде ер адамдарға, жігіттерге деген бір өшпенділік пен жиіркенішті сезім туды. Қазір де өзіме сөз салған бір жігітке қарағым да келмейді. Қанша тырысып көрдім, қаншама рет өзімді итермелеп көрдім, бірақ... Сол Алматыдағы оқиға есіме түссе ызам келіп, ішкім келеді де тұрады. Сендерге қарап қызығамын. Ал мен болсам ішіп, сол абыройым төгілген мезетті есімнен шығарғым келеді.. Жек көрем, бәрін, жек көрем, еркек атаулыны жек көрем, Алматыны жек көрем,- деп жылады. Құрбымды жұбатып бір жағынан өзім қоса жылап, төсекке жатқыздым. Өзім түнімен дөңбекшіп, көпке дейін ұйықтай алмадым. Таңертен ол мен ұйықтап жатқанда жұмысына кетіп калыпты. Сабақтан келген Гүлжан ештеңеден хабарсыз. Мен де ештеме айтпадым. Динараның жан сыры сол күйі менің ішімде қала берді. Кейінен тағы араласып тұрдық сыныптас қыздар, одан кейін де көп кездесулер болды, бірақ құрбым ол сырын маған айтқанын білмейтін сияқты. Өйткені ол сол кезде қатты мас еді. Мен де білдірмедім.


Күндердің күнінде сыныптас Гүлзат есімді құрбымыз Динарамен араласқысы келмейтінін айтты. Динара Гүлзатпен өте жақсы араласатын. Үйіне барып қонып жүретін. Бәріміз аң-таңбыз. Сол күйі екеуі араласпай кетті. «Неге ренжістің» деп, сұрап едік, «білмей-ақ қойыңдар, аузым бармайды» деді. Біраз уақыттан соң Динара бір ауылдың жігітіне күйеуге тиіп кетті. Көп тұра алмады, ажырасып кетті. Кейіннен тағы бір жігітке күйеуге тиіпті. Баласы бар екен. Бірақ та естуімізше дұрыс тұрмайтын сияқты.


Өзім де тұрмыс құрдым. Анда-санда сыныптас құрбы қыздар кездесіп тұрамыз. Гүлзат Алматыда тұрады. Бір жылы Гүлзат Алматыдан менің үйіме қонаққа келді. Екеуіміз жас кездегі қызықтарды еске алып, біраз әңгімелестік. Сол уақытта Динараны есімізге алдық. Мен Гүлзаттан сол кездегі екеуінің ренжіскен себебін сұраған едім. Сөйтсем, Гүлзатқа Динара өзінің махаббат сезімін білдірген екен. Кәдімгідей жігіт қалай қызға сезімін білдіреді, солай. Жігіттер қызықтырмайтынын, Гүлзатты ұнататынын, «сен әдемісің», «ерекшесің» деген сөздер айтқан екен. Ондайды күтпеген Гүлзат шошып, дірілдеп, бірден Динарадан бойын аулақ салса керек. Бірақ, қыздарға ашып айтпаған, өзі де ұялған, Динараны да ұялтқысы келмеген екен.


Сонда қазір ойлаймын, Динара неге ондай қылыққа барды. Неден туындады, не жетеледі, әлде ол бұрыннан сондай болған ба? Ұлша киініп жүргенінде бір сыр бар ма? Әлде сол төрт жігіттің қылығынан кейін осындай дертке шалдықты ма? Бұл өзі дерт пе? Не? Әлде жай еліктеу ме? Әлде туа біткен ....


Осының бәрі мен үшін жұмбақ. Құрбымның тағдыры мені әлі күнге дейін ойландырады? Әлде сол уакытта біз қашпай психолог маманға апаруымыз керек пе еді? Бірақ қалтасында көк тиын жоқ, өмірді оңай деп ойлайтын студентке психолог маман туралы ойлау ол кезде қайдам? Қазір де күйеуімен дұрыс тұра алмайтына сол дерт әсер етуі мүмкін бе? Тіпті ол кезде лесбянка туралы біздің хабарымыз да жоқ, тіпті, миымызға кірген емес, сөйлеу лексиконымызда жоқ қой. Біздің студент кезде сол «Тату» тобы енді шығып жатқан, «Я сошла с ума» деп. Әлде сол сияқтылар қоғамды бұзып, адамдарда еліктеу, ауытқушылық туа ма?


Айзада Серғали, Семей

alashainasy.kz




Көрілген: 1981    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сейсенбі, 07.11.2017, 11:34

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    18 Қыркүйек, 09:26
    Қыз күнінде бәрі жақсы...
    15 Қыркүйек, 10:29
    Енем мені менсінбейді
    7 Қыркүйек, 10:48
    Мұғаліміме ғашықпын...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30