Отбасы - ошақ қасы

"Күйеуім – қазақ" – Астанаға көшіп келген малайзиялық журналистің әңгімесі

  • "Күйеуім – қазақ" – Астанаға көшіп келген малайзиялық журналистің әңгімесі

Билкис Бахари – Kazakh-TV халықаралық телеарнасының штатында жұмыс істейтін жалғыз шетелдік. Ол Малайзиядан Астанаға отбасын құрып, жұмыс істеу үшін келген. Астананың жаңа тұрғыны Today.kz сайтымен әңгімелесті.


– Билкис, Қазақстанға қалай тап болдыңыз?


– Мен малайзиялықпын, Куала-Лумпурде дүниеге келдім. Қазақстанға тұрмысқа шыққандықтан қоныс аудардым. Менің күйеуім – қазақ, біз Малайзияда бір университетте оқыған кезде таныстық. Тоғыз жыл бойы біргеміз, қаламен таныстық, сондықтан қайда барып тұрайын деп жатқанымды алдын ала білдім. Астанаға көшу туралы шешімді 2016 жылы қабылдадым, 2017 жылдың наурыз айында астаналық тұрғынға айналып шыға келдім. Көшу деген оңай емес, бұл жай ғана саяхат емес, сондықтан ұзақ ойландым.


– Осыған дейін жолдасыңызбен бірге екі елде тұрдыңыздар ма?


– Жоқ, біз 2016 жылдың қыркүйек айында үйлендік. Тойымыз Алматыда болды, сосын бірден Куала-Лумпурға қайтып келдім, өйткені жұмысым сол жақта болды. Малайзияда ескі газеттердің бірінде қаржы журналисі болып жеті жыл жұмыс істедім. Астанаға көшкен соң да сол жаққа жазып тұрдым, EXPO жайлы жаздым. Қараша айында Kazakh-TV-ге жұмысқа тұрдым.


– Болашақ жолдасыңызбен таныспай тұрып Қазақстан туралы білуші ме едіңіз?


– Иә, білетінмін, "Боратқа" қатысты стереотиптер емес еді. Таңғалатын шығарсыз, "Борат" фильмін әлі көрген жоқпын. Мектептің жоғарғы сыныбында оқып жүргенде Қазақстан туралы білдім. Отбасыма Бакуге көшуге ұсыныс келді, ол жақта менің әкем жұмыс істейтін компанияның кеңсесі орналасқан. Сонда мен "Әзірбайжан деген қандай ел? Ол қайда өзі?" деп сұрадым (күліп). Өз бөлмеме барып, картаны ашып Әзірбайжанды тапқаным, қасынан Қазақстанды, Қырғызстанды, Өзбекстанды көргенім әлі күнге дейін есімде. Бұл елдер туралы осылай білдім. Болашақ жарымды кездестіргенде, ол ең бірінші: "Сен Қазақстан жайлы білесің бе?" деп сұрады. Мен "Әлбетте, бұл Ресей мен Қытай және Моңғолияның ортасында" деп жауап бергенімде, ол қатты таңғалды.


– Жұбайыңыздың отбасы сізді қалай қарсы алды, мәдениеттерінде айырмашылықтар бар ма?


– Мен оның жанұясымен Қазақстанға алғаш рет 2014 жылы келгенімде таныстым. Мен өзімді шетелдік сияқты сезінген жоқпын, өйткені оның ата-анасы солай қарсы алды. Мен 2015 жылы Қазақстанға тағы келгенімде, ол мені туысқандарымен таныстырып, маған сырға салды. Бұл өте қызықты жайт еді, бұл отбасының мүшесі болғанымды қуана қабылдадым, өйткені, мені өте жылы қарсы алды.


– Астанада тап болған ең үлкен қиындығыңыз қандай?


– Өткен жылы көшіп келгенімде жаңа өмірге бейімделе алмай қиналдым. Малайзиядағы өмірім бұл жақтағы өмірімнен өзгеше болды. Астанада күйеуіммен бірге тұра бастаған соң, үнемі оған қамқор болып, үйді жинап, тамақ жасауым керек. Ата-анаммен бірге тұрғанда бұндай тұрмыстық мәселелерге басымды қатырмайтынмын. Бірінші айларда ауа райына үйрену керек болды, бірақ мен салқын ауа райына дайынмын, өйткені Еуропаның қысын көргем. Астанада ең қиыны суық ауа райы емес, жел. Және достарым жоқ болғандықтан қатты қиналамын, достарымның бәрі Куала-Лумпурда қалды, кейбірі Алматыда тұрады. Астанада күйеуімнің достарының әйелдерімен араласып тұрамыз, бірақ жақын құрбыларым әзірге жоқ.


– Қазақстан мен Малайзия журналистикасында айырмашылық бар ма?


– Қазақстандық журналистика жайында толық білмеймін, өткен жылдық тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, Малайзиядағы журналистика көп жағдайда еркіндеу, тіпті деликаттық мәселелерде де еркіндеу. Мысалы, ол жақта әлдебір компанияның басшысына тіке сұрақ қоя алатынмын. Мына жақта үнемі PR-департамент немесе баспасөз қызметі арқылы шығу керек, бұйрыққа сай жұмыс істеу қажет, жай ғана сұхбат алу үшін бюрократтық тәртіп сақталады.


– Қазір Kazakh-TV-де немен айналысасыз?


– Мен ағылшын тіліндегі бағдарламалардың продюсерімін. Бізде қазақ, орыс, ағылшын, қырғыз тілінде бағдарламалар шығады, жақында өзбек тілінде де жарық көреді. Мен ағылшын тіліндегі контентпен айналысамын, күн сайын грамматикалық мәтіндерді, дикторлардың сөздерін тексеремін. Толық міндетім – бағдарламаларды жоғары деңгейде шығару, өйткені біз тек Қазақстанға ғана емес, басқа да елдерге хабар таратамыз.


– Отбасында қандай тілде сөйлесесіздер?


– Отбасым өте қызық, әкем – малай ұлтынан, анам – Бирмадан. Сондықтан үйде ағылшын, малай, бирман тілдерінде сөйлесеміз. Қазір аздап орысша сөйлеймін, қазақ тілінде бірнеше сөз білемін. Жақында орыс және қазақ тілдерін еркін меңгерем деп үміттенемін.


– Болашақ балаларыңыздың қандай мәдениетпен сусындағанын қалайсыз? Олар қандай тілде сөйлеседі?


– Мәдениетке келер болсақ, біз осы жерде тұратындықтан, олардың қазақ мәдениетіне жақын болғанын қалар едім. Ағылшын тілінде сөйлесетін болар, өйткені біз үйде күйеуіміз екеуіміз ағылшынша сөйлесеміз. Олар сондай-ақ қазақ, орыс тілдерін және басқа да тілдерді білсе жақсы болар еді.


– Өз болашағыңызды қайдан көресіз?


– Қазір болашағым Астанада. Осы жақта мансап қуып, өмір сүргім келеді. Бірнеше жылдан кейін Лангкавиден вилла сатып алармын (күліп). Жақын болашақта осында, Астанада тұратын боламын.


Билкис Бахари жайлы толық білсек:


– Өмірдегі ең маңызды нәрсе?


– Отбасы.


– Ең басты арманыңыз?


– Ұшқыш болу (күліп).


– Өміріңіздегі ең бақытты күніңіз?


– Тұрмысқа шыққан күнім.


– Әйелдің басты қасиеті?


– Оның тұлғалығы.


– Ер адамның басты қасиеті?


– Оның сүйкімділігі.


– Қазақстандықтарды үш сөзбен қалай сипаттар едіңіз?


– Сәлемдері түзу, жылы шырайлы, елгезек.


– Егер әлемде бір нәрсені өзгерте алатын болсаңыз, нені өзгертер едіңіз?


– Пластиктің көзін құртар едім.


– Екінші өміріңіз болса, қайда тұрар едіңіз?


– Мен басқа өмірді қаламас едім, өйткені, осында бақыттымын. Бірақ ойланып көрсек, Нью-Йоркта тұрар едім... Жоқ, тоқтаңыз... Мен жазғы мектепке оқуға түсіп, ұшқыш болар едім!


– Ең тамаша таңыңыз?


– Кофе. 10 минут кофе ішсем болды, өмір сүруге дайынмын.


– Сіз үшін әлемдегі ең мінсіз орын?


– Астана.  




Көрілген: 1905    Пікірлер: 0

жұма, 04.05.2018, 10:31

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
23 Сәуір, 16:06
«Әке-шеше сатамын...»
9 Сәуір, 14:44
Күйеуім суып барады

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2018
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
2018
мамыр
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31