Отбасы - ошақ қасы

Күйеуім менен ұл сүйгісі келмейді...

  • Күйеуім менен ұл сүйгісі келмейді...

    Күйеуім менен ұл сүйгісі келмейді...

Ішімде бітеу жарадай болған жан сырымды «Отбасы – ошақ қасы» айдары оқырмандарының талқысына салсам деп едім. Өйткені құрбыларыма айта алмаймын, сырттай жаны ашығансып, ақыл айтқаныменен сырт айнала бере күлуі мүмкін. Абысындарыма да айта алмаймын, өйткені ағарып алдына түсіп кеткеніңді қаламайтын олар қолын шошайтып тұрып табалауы мүмкін. Бәрі де мүмкін. 


Сол себептен өзімді танымайтын, мүлде білмейтін бейтаныс жандарға сырымды ашқаным әлдеқайда жеңіл секілді... Анам әкем екеуі жастайынан ажарасып кетіпті. Бір-бірінің мінездеріне төзе алмаса керек. Анам мақсатшыл, табанды болатын. Қаншама қиналсақ та жақсы өмір сүруіміз үшін алған бетінен қайтпай күндіз-түні жұмыс істеді. Үш төрт жерде ауысыммен жұмыс істейтін. Маған қарауға мұршасы да жоқ. Кейде тіпті үш-ақ сағат ұйықтайтын кездері де болатын. Әкесі бар қыздар қандай бақытты деп ойлайтынмын. Қиындықты бөліп көтерісетін, балаларына қамқор болатын әкенің болғаны қандай жақсы деп ойлаушы едім. Сол себептен де кейін тұрмысқа шықсам өлсем де ажыраспаймын деп өзіме өзім серт те бердім. Қанша қиналса да анам сол еңбегінің жемісін көрді. Баспана алдық. Мен жоғары оқу орнына түстім. Бар қажетімді тауып беріп, бар жағдайымды жасайтын анама алғысым да шексіз-тін. Еркек біткеннен көңілі тым қалып кеткен бе анам қайтып тұрмыс құрмады. Ер азаматтармен көңіл көтеруге уақыты да, құлқы да болған емес. Анамның артық жүрісін, қылтың сылтыңын көрген емеспін. Мен үшін әбден лайықты ана бола білді. Қабағыма қаяу түссе бәйек болатын.

Үшінші курсқа аяқ басқанымда Алтай есімді жігітпен таныстым. Ер жігітке тән мінездің бәрі бар, адуынды, қайсар жігіт бір көргеннен-ақ ұнады. Еркектің бойында бар нағыз қасиеттерді көргім келетіндігі әкесіз өскендігімнен болар. Еркек деген осындай болуы керек дегеннің нақ өзіндей көрінгені рас. Екеуміз екі жыл жүріп оқуым біткен соң отау көтердік. Енем мінезі аса жайлы, жұмсақ болып шықты. Анамнан артық көрмесем кем көргенім жоқ. Кейде қатты айтқан сөздеріне кешіріммен қарап сол үйге сыйысып кетуге тырыстым. Енем ашуы басылған соң маңдайымнан сүйіп жаным-ау деп қоятын. Ел-сел болып ренішімнің бәрін ұмытып кетуші едім. Келе сала құт құрсақ болып аяғым ауырлады. Қызым дүниеге келгенде енемнің қуанышында шек болмады. Күйеуім болса да еміреніп өзі балажан адам айналшықтап қасынан шықпайды. Әке мейірімін көрмей өскен мен үшін бұл үлкен бақыт болып көрінді. Уақыт сырғып өте берді. Күйеуім қызмет баспалдағымен жоғары өрледі. Бұрынғы мінездерінен арылып, мүлде қаталданып кеткендей. Әлде қызмет бабы солай талап ете ме? Түсінбеймін. Бізден мүлде алыстап бара жатқандай. Ойлағаны тек жұмысы. Жыл аралатып үш қызды дүниеге әкелдім. Енем жарықтық қыздың басы көбейді деп тыжырынған емес. Аузынан шүкіршілігін тастамай немерелерін еміреніп отырғаны. Енемнің айтуымен үлкен қызымды қолқанат болсын деп анама бергем. Шіркін-ай бұрынғының адамдары қандай кең. Анамның бір өзі бір үйге сыймай жүргенін аңдаған екен де. Қолымызға келіңіз дегенімізге анам көнбеді. Өздерімен өздері болсын дегені шығар дедік те қойдық. Бұл кезде анам да зейнеткерлікке шыққан. Үлкен қызымды сабаққа апарып келеді, бар уақытын соған арнайды. Төрт қызымнан кейін бір атұстарды өзім деп армандай бастадым. Күйеуім бұл турасында ештеңе демейді. Қабағы қатулы, баланы уайымдай ма, жоқ жұмысын уайымдай ма түсініксіз. Жұмысында көп бөгеліп қалатын болған. Бастығы әйел адам. Соны әуежайдан күтіп алу керек екен, шетелге шығарып салу керек екен. Әйтеуір бастығының ұшып қонуы бітпейді. Бір күні шыдай алмай «жұмысыңда сол кісіні шығарып салатын сенен басқа адам жоқ па» деп айтып салдым. Маған бажырая қараған күйеуім үндемеді. Менен мұндайды күтпесе керек. Бесіншіме аяғым ауырлағалы үмітім ұлғайған. Уақытым таянған сайын күдігім де күшейе түскен. Күйеуімнің үйге қонбауы жиілеген бұл тұста. Жұмыс жоспары көбейіпті, айлық азайған, жұмыс көбейген әйтеуір бітіп болмайтын сылтау. Біреуді тапты ма дейін десем, жымын білдірмейді. Үйге қонбай қалған күндерінің бірі-тін. Түн ортасы ауа телефон шылдырынан шошып ояндым. Күйеуімнің нөмірі түсіп тұр. Ар жағында дыбыс жоқ, бір уақытта «сенің менімен бірге болғаныңды қалаймын, түн ортасында кеткеніңді емес, қашанғы күтем» деген дауыс шықты. Жүрегім тас төбеме шықты. Жыламсыраған ба, әлде қыңсылаған ба бір дауыс шығады. Қаным басыма шапты. Өзім аяғым ауыр, жедел жәрдеммен ауруханаға түстім. Арам жолға бет бұрған күйеуімнің харамдығынан ба деп ойлаймын, баламды түсіріп қойдым. Өміріме қауіп төнген соң дәрігерлер солай шешім шығарыпты. Шетінеген ұл бала екен. Менің көптен күткен қуанышым еді ғой. Мен үшін дүние төңкеріліп кеткендей. Оған мүлдем сөйлемеймін. Арамыз мүлде суып кеткен. Бұл да аз дегендей бірінің артынан бірі анам мен енемнен де айырылп қалдым. Дүниедегі ең жақын жандарымды жоғалтқан соң өмір сүру маған мәнсіз көрінді. Бірақ бар күш жігерімді жиып қыздарым үшін аяққа тұрдым. Жылдар өте күйеуім салған жүрегімдегі жара жазыла бастағандай. Бірақ баламды жоғалтқаныма оны кінәлағанымды қоя алмадым. Үнемі есіне салып отыруды ұмытпадым. «Сенің харамдығыңнан айырылып қалдық» деп қайталаудан жалықпадым. Әлгі біреумен қатынасын үзді ме үзбеді ме мен үшін жұмбақ. Енді бір атұстар сүйгім келеді дегенді айтса күйеуім жақтырмайды мұндай әңгімені. Тпті бір жолы енді тумай-ақ қой дегенді де айтты. Менің бала көтеріп қалмауым үшін сақтану шараларының бәрін жасайды. Бәрін қайдан біледі деп кейде таң қаламын. Әлде әлгі біреуден баласы бар ма екен? Неге ұл сүйгісі келмейді, соны түсінбей ақ қойдым.


Гүлбақыт, Алматы




Көрілген: 3482    Пікірлер: 1

жексенбі, 27.01.2019, 13:34

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    ақпан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28