Отбасы - ошақ қасы

КҮЙЕУІМді беремін, КІМГЕ КЕРЕК?

  • КҮЙЕУІМді беремін, КІМГЕ КЕРЕК?

    КҮЙЕУІМді беремін, КІМГЕ КЕРЕК?

Міне, тағы бір жыл аяқталғалы отыр. Ойланып отырсам, 2018 жылы ғана емес, біз үйленгелі 20 жыл алға жылжыса, соның соңғы 12 жылында күйеуім екеуміздің басымыз бір жастықта түйіспепті, - деп жазды  ERNUR.KZ.


Адамдар – есігі жабулы тұрған үйлерге ұқсайды. Есігі қымбат, әдемі болғанымен, кейбір үйдің іші бос, енді бірінің іші лас болады. Сондықтан, ішіне кірмей есігін ғана көріп ол «үй» туралы пікір айтуға болмайды! Дегенмен, менің өмірімде не болып жатқанын білуге емес, кінәлауға дайын тұратын адамдарды түсінбеймін. Ал, жеке өмірімді білгісі келгендерге айтайын. Біз неге бөлек жатамыз?


Біздің отандасқанымызға 20 жылдан асты. Екі ұл, үш қызымыз бар. Қыздарымыз күйеуде, ұлдың үлкені биыл үйленді, кенжеміз әлі мектеп жасында. Балаларымның әкесі есік алдындағы екі бөлмелі қоржынтамда бізден бөлек тұрып жатыр. Бірақ, таңғы, түскі және кешкі тамағы, коммуналдық шығындары біздің мойнымызда. Әрине, ол қызметте, табысы бар. Алайда, біз үйленгелі күйеуім отбасымыз үшін деп табысын жұмсамаған, қазір де ұлы немесе қызы қиындыққа тап болып қалса да бір тиын да бермейді. Айтыңызшы, оқырман, мұндай күйеу кімге керек? 


Сенесіздер ме, ұлды үйлендіргенде де, қыздарды ұзатқанда да күйеуім табысын қоспақ түгілі, ешнәрсеге басын да ауыртпаған. Ол ұзақ жылдан бері қаладағы колледждердің бірінде сабақ беріп келеді. Сырттай менің күйеуіме қызыққан және қазір де сүйсініп қарайтын әйел көп. Бірақ, отбасын ойламаса, күйеудің келбетінің, әдемі боп киініп жүргенінің, интеллекті мен білімінің не керегі бар? 


Қазір біздің отбасымыз суға кеткелі тұрған кемеге ұқсайды. Иә, екі жері тесілген кеме секілді. Кемеге су толып, ол теңіз түбіне кетпес үшін оң қолыммен бір тесігін, сол қолыммен екінші тесікті бітеп отырмын. Екі қолы да отбасын аман алып қалу үшін осындай күй кешіп тұрса, әйел қай қолымен бетін бояп, шашын тарамақ? Ал, ағайын-туыс, құрбыларым маған «Сенің киімің де, түр-болмысын, бәрі-бәрі еркекке ұқсап кеткен. Өзіңе қарап, әйел болып жүрсең, күйеуің басқамен жүрмейді және ақшасын да отбасына жұмсайтын болады» деп ақыл айтады. Шындығында, менің күйеуіммен бірге тұрып көрмеген адам оның қандай адам екенін анық білмейді. Білмеген соң әрине, кім жаман – әйелі жаман болады. Күйеуі теріс жүрсе де – әйелі жаман. 


Ай сайынғы несиені жабуды және үйдегі ұлдарым мен келіннің ас-ауқатын табуды ғана ойлап жүрген әйелде өзін ойлауға уақыт болмайтынын олар қайдан білсін?! Көп әйел осындай тірлікті істеп-ақ әдемі боп жүр дейтін шығар бәзбіреулер. Сол базбіреулерге күйеуінен жылылық көрмеген, әдемі сөз естімеген әйел нәзіктігінен айырылады дегенім дұрыс болар. 


Бұрын мұндай сөзді естісем, өзімді ақтап әлек болатынмын. Ал қазір ешкімге ешнәрсе дәлелдеп жатпаймын. Өйткені, қазір маған жұрттың сөзінен де маңызды нәрсе бар. Басымда екі банктен алған несием бар, соларды ай сайын төлеуді ғана ойлап, таң қылаң бере үйден шығып кетемін де түн қараңғылығы қоюланған кезде келемін. Банктен алған қомақты қаржыны мен төркініме беріп жіберген жоқпын, қызды ұзатарда, ұлды үйленерде алғанмын. Үйге газ кіргізу үшін, құдалық той т.б. осы секілді отбасына жұмсалды ол ақша. Ал, сол қарызды төлеуді ұл мен келін де, күйеу де ойланып жүрген жоқ. Талай рет айттым, ойланбады. Сондықтан да, бар ойым тек сол қарыздан құтылу ғана.


Базарда сауда жасаймын. Базарға бір күн шықпасам, бәрі қараң қалады. Сондықтан да маған ауырып қалуға да, шаршауға да болмайды. Әрине, күреп тауып жатқан да жоқпын. Бірақ, әйтеуір ай сайын екі банктегі несиені төлеп отыруға жететіндей ақшаның басы құралады. 


Өткенде «GAKKU TV» арнасындағы «Шыны керек» деп аталатын бағдарламадан белгілі әнші Мөлдір Әуелбекованың сұхбатын құлағым шалып қалды. Ол «Жұрттың бәрі жұлдыздарды бай, ақшасы көп, керемет өмір сүріп жатыр деп ойлайды. Олай емес» деді. 


Екі-үш жыл бұрын біреулерге алданып қалып, ата-анасы отырған баспанадан айырылып далада қалғанын айтты әнші. Бір жылдай үй ішімен пәтер жалдап тұрып, кейін қомақты ақшаны несиеге алып үй салғанын, одан кейін ай сайын несиені төлеу үшін тынбай еңбек еткенін әңгімеледі. Несиеден құтылу үшін тіпті үш айлық ұлын гастрольдерде өзімен бірге алып жүргенін, біраз уақыт тапқанын тек банктегі қарызын өтеуге құйып келгенін жасырмады. Мен қазір дәл сондай күйді кешіп жүрмін. «Базарда сауда жасаймын» десең, ағайын-туыс та, басқа таныс-біліс те «жағдайы жақсы, ақшасы бар» деп ойлайды. Сауда жасағандардың қолында күнде ақша болғанымен, егер оны есепсіз жұмсайтын болсаң, күніңді көру қиын. Тауарды қандай ақшаға алып келесің, базардағы орныңның күнделікті ақысын қалай төлейсің, осының бәріне есеп жүргізіп отыруың керек. Айтайын дегенім, сауда жасау тек кірістен тұрмайды, оның шығысы көп. Соның бәрін үйлестіре білу керек, бір айда тек шығыс болса, келесі айда кіріс болуы мүмкін. Шыдамдылық, есеп қажет. Бір қарызды жабу үшін бір танысыңнан қарыз аласың, ал, бір аптадан соң ол қарызын сұрағанда, келесі бір танысыңнан қарызға ақша сұрайсың. Қаншама жылдан бері менің өмірім осылай өтіп жатыр. Осындайда әйел күйеуінен тым болмаса жылы сөз естігісі келеді. Ал оны түсінетін менің күйеуімнің түрі анау... 


Осы күнге дейін күйеуімнен қолдау көрмегенмін, жылы сөз де естімегенмін. Оның еш пайдасы жоқ. Тым болмаса түнгі тірлігім қуаныш сыйласа да мүмкін мен соншалықты күйінбес пе едім, кім білсін?! 


Үйленгеннен соң алғашқы бес-алты жылда ғана біз ерлі-зайыптыларша өмір сүрген шығармыз, одан кейін біз мүлде бір жастықта жатқан да емеспіз. Өйткені, оның сау кезінен ауру күні көп. Анығырақ айтсам, ол үнемі жұқпалы жыныс ауруларын емдетіп жүреді.


Біз үйленген шақтан бастап оның теріс жүрісі көп болды. Өзі ғана емес, талай рет мені де ауру етіп, қаншама қаржы емделуге кетті. Ашып айтсам, жас кезімде күйеуімнен бірнеше рет жұқпалы жыныс ауруын жұқтырғанмын. Жұқпалы жыныс ауруының азабы көп екен. Жұқпалы жыныс ауруларының азабын тартқанша, жақындастыққа бармай-ақ жүргенді жөн көремін. 


Жақында мектеп жасындағы ұлымды әлдебіреу көлігімен соғып кетіпті. Көпқабатты үйлердің арасында соққан, ол жерде бейнекамера жоқ. Сондықтан ол жүргізушіні таппадық. Ұлымның аяғы сынып ауруханаға түсті. Мемлекет тегін емдейді, науқастарды ауруханаларда үш-төрт мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етеді дегенмен, бәрібір қосымша дәрі-дәрмек, ас-ауқатына қаражат керек болды. Менің табысым несие төлеуден-ақ артылмайтынын білетін күйеуім ауруханада жатқан ұлына ақша сұрағанымда бермеді. Күйеуімнің жасы ұлғайды ғой, ақыл кірген болар деп, ай сайын алып отырған жалақысынан жылына бір рет отбасына қажетті ақшаны берер деп сенген едім. Қателесіппін. Күйеуім «Ақша жоқ. Мен емделіп жүрмін. Суықтаған қуық безімді емделуге жұмсап қойдым. Көктемде үйленемін, келесі айдағы жалақымды да емделуге жұмсаймын» деді. 


Келінімнің көзінше осылай айтады деп ойламаған едім. Жас келіннің көзінше қайын атасы «Үйленем. Простатитпін. Емделіп жүрмін» деді. Ұят-ай, күйеуімде мейірім ғана емес, ұят та қалмағанына осы жолы анық көзім жетті.


Кезінде балаларым үшін ажырасып кете алмадым. Бірақ, менің «балаларым әкесіз өспесін» деп қиындыққа төзгенімді ұл-қызым біле ме, бұл жағы маған белгісіз. Ал, қазір ұл-қыз есейіп түсінетін шаққа жеткенде 50-ден асқан күйеуімді үйден қуып жіберуге ағайын-туыстан ұялам. Сондықтан да оны үйіне кіргізіп алғысы келетін әйел табылса, жақсы, мейірімді қолға бергім келеді. Өйткені, қазір оны көрсем, ашуымды тежей алмай қалатын болғанмын. 


Бір ақынның «Мұң көрмеген өмірді қайдан білсін?» деген сөзі бар. Сол ақын айтпақшы, күйеуінен азап көргендер «Неғылады ондай күйеуді?» дер, ал түсінбейтіндер мені сөгер. Мейлі, не десеңіз де өзіңіз біліңіз, бірақ күйеуім керек болса, осы жазбамның соңында телефон нөміріңізді қалдырыңызшы. Мүмкін расында да, оны "адам ету" менің қолымнан келмей жатқан шығар... 


Жазып алған: Табиғат Қалыбек, 


ERNUR.KZ.


 




Көрілген: 3156    Пікірлер: 0

жұма, 07.12.2018, 23:12

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    8 Қаңтар, 11:05
    Жездеме ғашықпын...
    4 Қаңтар, 19:07
    Алғашқы махаббат

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31