Күйеуімді кешірмегеніме өкінем...

Күйеуімді кешірмегеніме өкінем...

Мен 24 жасымда тұрмысқа шықтым. Күйеуімді қатты жақсы көрдім. Екеуміз бір-бірімізді танып, біліп отбасын құрдық. Біздің бақытты отбасы болатынымызға ешқандай күмәнім болған жоқ. Бірақ... Отбасылық өмір біз ойлайғандай оп-оңай емес екен. Мен өзімнің төзімділік танытпағаныма, кешірімді бола алмағаныма қатты өкінем. «Алаш айнасы» оқырмандарына түсінікті болу үшін басынан бастап баяндайын.

Мен көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Үйдегі он баланың 7-шісімін. Менің алдымда 2 ағам, 4 әпкем, менен кейін 3 бауырым бар. Ата-анамыз қарапайым адамдар. Олар бізді шамасы келгенше бағып-қағып, тәрбие беруге тырысты. Бірақ бір үйде он бала болса, он түрлі мінезі болады ғой. Үйдегі әпке-сіңілдерімнің арасында мен еркекшоралау болып өстім. Мінезім тік, айтқанымнан қайтпайтын бала болдым. Әкем мені ерекше еркелетіп, бетімнен қақпады. Мен өзімнің үлкен әпкелерім секілді сабаққа алғыр болдым деп айта алмаймын. Мектепте орташа оқыдым. Оныншы сыныпты бітіргеннен кейін өз күшіммен оқуға түсе алмайтын болған соң бірден еңбекке араластым. Дүкенде сатушы, кейіннен базарға ауыстым. Алғашында базарда сауда жасайтын ең үлкен әпкеме көмекші болып, кейіннен өзім жеке нүктемді аштым. Біздің жастық шақ 90 жылдардағы дағдарысқа тап келді ғой. Жұрттың бәрі базарда сауда жасайтын. Мен жас болсам да саудаға икемім бар болған соң нәпақамды саудамен тауып жүрдім.

Біз күйеуім екеуміз жолда, пойызда таныстық. Ол Алматыдағы оқуын бітіріп, туған жері Ақтөбеге келе жатыр екен. Мен де Алматыдан тауар алып, Ақтөбе қайтып бара жатқанмын. Пойызға отыру кезінде ол менің тауарларымды көтерісіп, көмектесіп жіберді. Екеуміздің орнымыз да бір жер екен. Жол бойы әңгімелесіп, әзілдесіп, уақыттың қалай өткенін де байқамай қалдық. Ақтөбеге келгеннен кейін бір-бірімізбен кездесіп жүрдік. Ол мені ылғи базарға іздеп келетін. Аманның адамгершілігі, мінезі бәрі маған ұнады. Сонымен екеуміз бір-бірімізді ұнатып, 1 жылдан кейін отбасын құрдық.

Аман үйінде жалғыз ұл, өзінен кейін екі қарындасы бар. Алғаш келін болып түскенде ата-енем, екі қайынсіңілім бәріміз бірге тұрдық. Бір жылдан кейін үлкен қарындасы күйеуге шықты, келесі жылында кіші қарындасы Алматы қаласындағы жоғары оқу орнына түсті.

Тұрмысқа шыққаннан кейін бір жылдан кейін ұлды болдым. Енемнің мінезі қиындау кісі болса да мен Аманды жақсы көргеннен кейін, өзімнің де анам келіндерінен бұрын қыздарына жақын екенін ойлап, барынша төзуге, сөз қайтармауға тырыстым. Бірақ енемнің мені аса жақтыра қоймайтынын ішім сезетін. Көңіл-күйі жоқ кезде ол маған зекіп сөйлеп тастайтын. Бірде ол ашуланып тұрып: «Аманға айттып, қайдағы бір базарда жүрген қыз ба, әйел ме белгісіз біреуді алма деп. Тыңдамады. Осы уақытта Айнаштың қызын алса ғой бәрі басқаша болар еді. Оқыған, жақсы жерде жұмыс істейтін қыздан ат тонын ала қашты» демесі бар ма. Енемнің әлгі сөздері сүйегімнен өтіп кетті. Сонда да тістеніп тұрып өзімді өзім ұстадым. Бірақ кешке Аман келгенде өшімді содан алдым. Жылап тұрып оған енемнің айтқан сөздерін түгел айттым. Аманның сабырлылығы соншалық: «Жаным-ау, мен ешкімді емес, сені таңдадым ғой. Иә, мамам маған өз құрбысының қызын әпермекші болған. Бірақ мен сені кездестіргеннен кейін айнып қалдым» деді. Күйеуімнің өзіме деген сезімін білетін болған соң, оған сенгендіктен мен өзімді өзім тыныштандырып, бұдан кейін енемнің сөздеріне мән бермеуге тырыстым. Сонымен уақыт зырғып өте берді. Ұлым екі жасқа келгенде соңынан қыз бала дүниеге келді. Өмірімнің мәні мен сәніне айналған екі балам – маған Алланың үлкен сыйы болатын.

Мен баламен үйде отырғанда Аман жап-жақсы жұмыс істеп, ештеңеден таршылық көрмедік. Бірақ аяқ астынан ол жұмысынан қысқарып біраз уақыт жұмыссыз қалды. Ол жұмыссыз үйде отырып қалған соң, мен базарға қайта шықтым. Екі баламды енеме қалдырып кетемін. Бірнеше айдан кейін енем балаларды қарай алмайтынын, денсаулығы болмай жүргенін айтты. Үйде отырсам аш қаламыз, базарда жүрсем балаларым қараусыз қалады. Не істерімді білмей, әбден басым қатты. Сөйтіп жүргенде енем өзінің баласын таныстары арқылы банкке жұмысқа тұрғызды. Оның бұрынғы құрбысының қызы да осы банкте істейді екен. Оны кейін білдім. Сонымен мен қайтадан балаларымның жанында үйде отырдым. Күйеуім жұмысқа тұрған алғашқы айларда табысын түгел маған әкеп береді, уақытында жұмыстан келетін. Кейіннен оның қырық сылтаумен жұмыстан үйге кешігіп келуі, кейде тіпті келмей қалуы жиіледі. Қанша жаман ойламайын десем де, қанша айтқанмен күйеуім болған соң қызғандым. Бірақ ол мені, екі баласын басқа бір әйелге айырбастай салады деген ой маған тіпті келген емес. Кейіннен оның күмәнді жүріс-тұрысы көбейіп кеткен соң мен оны тексергім келді. Бір күні күйеуім істейтін банкке барып сырттай аңдыдым. Сол жерде істейтін қыз-келіншектерден оның Сәуле дейтін келіншекпен көңіл қосып жүргенін естідім. Сонымен не керек, күйеуім туралы өсекке сенгім келмесе де, қас қарайғанға дейін банктің жанын торуылдап жүрдім. Ақыры мен күткен адамдар шықты-ау әйтеуір. Күйеуімді бір келіншек қолтықтап алған, екеуі жайбарақат басып қымбат көлікке отырды. Мен де такси ұстай сала соңдарынан жүрдім. Қаладағы ең қымбат қонақүйге кіріп кетті. Мен де бір амалын тауып, қонақүйге кірдім, олар кірген нөмірге келдім де есігін қақтым. Ойында түк жоқ, есікті күйеуім ашты. Сол жерде бетіне түкірдім де, теріс бұрылып кетіп қалдым. Ол соңымнан жүгіре шықты, бірақ мен ағыл-тегіл жылап, ашудан жарылардай болып оны тыңдамастан басым ауған жаққа жүре бердім. Үйге түннің ортасында келдім де, енемнің бетіне қарап тұрып: «Арманыңызға жеттіңіз, сүйікті балаңызға қалаған келіншегіңізді әперетін болдыңыз» деп айттым да заттарымды жинай бастадым. Ол да мені балағаттап, аузына келгенін айтып жатты. Мен оны тыңдаған да жоқпын. Сонымен екі баламды киіндіріп алдым да ата-анамның үйіне кетіп қалдым. Ол кезде әкем қайтыс болған. Анам бауырларыммен бірге тұратын. Осы жағдайдан кейін екі ай ішерге ас батпайды, не түнде ұйқы жоқ бірнеше ай депрессияға түстім. Ұлым ес біліп қалған, 4 жаста еді. Ол күнде әкесін сұрай береді, «екі сөзінің бірі папама қашан барамыз?» Менің одан сайын ашуым келеді.

Осындай күйде жүргенде Аман бірнеше рет кешірім сұрап келді. Енді ешқашан мұндай қайталанбайтынын, жаңылғанын айтып, үйге қатуымды өтінді. Бірақ мен оның сатқындығын, анасының қара пиғылын кешіре алмадым. Жарты жыл соңымнан жүгірді. Бірақ сонда да менің жүрегім жібімеді. Мен ажырасуға арыз бердім. Күйеуімнің бір өтінішін орындадым, ұлымды соған қалдырып, қызымды өзім тәрбиелейтін болдым. Бір жағынан ұл баланың әкесінің жанында өскені дұрыс деп ойладым, екіншіден менің сол кезде екі баланы бірдей бағатын жағдайым да болған жоқ. Баламды оған қанша бергім келмесе де солай істеуіме тура келді. Бірақ әлі күнге өкінем, мен баламның кішкене кезін көрген жоқпын, аналық мейірімімді, махаббатымды бере алмадым. Өйткені ажырасқан соң көп ұзамай Аман әлгі Сәулесіне үйленіп алды. Ол тек біздің ажырасқанымызды күтіп жүр екен, 6 айлық сәбиге жүкті әйел бірден Аманның үйіне кіріп үлгеріпті. Менің шаңырағымды ортасына түсірген әйел ұлымды тәрбиеледі. Қазір ұлымның өз отбасы бар. Оның кішкене кезінде әжесі оны менімен дұрыс араластырмады. Қазір біз бәрібір бір-бірімізді таптық, ана мен баладай керемет жақын болмасақ та араласып тұрамыз. Қызымның да өз отбасы бар. Қызым тұрмысқа шыққанда шамам келгенше ұзату той жасадым. Бірақ әкесі келмеді... Оның екінші әйелінен екі қызы бар.

Қазір ойлап отырсам, мен ақымақ болған екенмін. Қандай жағдай болса да, кешірімді болып, отбасымды сақтауым керек еді. Ал мен болсам ашуға жеңдірдім. Соңында айласы асқан әйел күйеуімді оп-оңай тартып алды. Бірақ мен Аманның ол әйелмен бақытты екеніне сенбеймін. Өйткені оның жанарында мұң, өкініш бар. Мен оны сеземін....

Гүлбақыт, Ақтөбе
alashainasy.kz/

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста