Отбасы - ошақ қасы

Қызымды көргім келеді. Бірақ амал қанша?

  • Көрнекі сурет

    Көрнекі сурет

Осы күнге дейін аса мән бермеген едім, енді біліп, санымды соғып отырмын. Жасым 42-де, өзімнің жеке кәсібім бар. Үлкен үйім, қымбат екі көлігім де бар. Бірақ, мұның ешбірі маған қуаныш емес.


Әке-шеше тұңғышымын, ата-әжемнің еркесімін. Алты жас кіші қарындасым екеуміздің бетімізден қақпай, қалағанымызды беріп, сұрағанымызды алдымызға қоятын. Әке-шешем жақсы қызметте еді. Ата-әжем де құрметті азаматтар болатын. Өте тентек, ерке болып өстім. Барлығы менің дегеніммен болатын. Әкем менің заңгер болғанымды қалады. Университетке түсіріп, тиын-тебенін төлеп «Тек қана оқы!» деп жағдайымды жасады. Оны тыңдаған мен жоқ. Жігіттермен қосылып, қыздарға барамыз, сыра ішеміз, сабақтан қашамыз. Сөйтіп жүргенде үлкен қателік жасадым. 3 курсқа көшкен кезіміз. 1 курсқа түскен қыздарға көзіміз түсіп, жігіттермен сол қыздарға баратын болдық. Басында «Жаңа студенттерге көмектесеміз» деп сылтауратып, кейін өзімізге қаратуды көздеп жүрдік. Айтып-айтпай не керек, сол кезде Шолпан деген қыз менен жүкті болып қалды. Шолпан оны маған бірден айтты. Мен қашқақтап жүрдім, кейін оған менен аулақ жүрсін деп қатты сөйледім. Қыста емтихандарды тапсырып, ауылға кеттік. Ол кезде Шолпанның іші көріне бастады. Ол мені сүйді, мені күтті, қосыламыз деп үміттенсе керек. Жаңа жыл мерекесінің ертесінде біздің үйге Шолпан мен оның әпкесі келді. Ол кезде атам өмірден өткен, әжем мен ата-анам оларды тыңдады. Әпкесі: «Сіңліміздің басын ауыртып, балаңыз осындай күйге түсіріпті. Бұл әлі жас, небәрі 17 жаста. Не үйленсің, не сотқа береміз» деп қатты айтты. Оған біздің де тарап келіспеді. 90-жылдардың басы ауылдағы жігіттердің барлығы теріс жолға түсіп кеткен. Әкем соны ескеріп: «Қалекеңнің баласы сотталыпты деген сөз керек емес. Үйленуге де бұған әлі ерте. Семья асырай ма, әлде оқуын оқи ма? Мына ақшаны алып, мына жақтан кет бол» деп жауап айтты. Әкемнің сөзін анам да, әжем де қолдады. Мен болсам, жастық жігермен, кінәмді де мойындамадым. Сонда Шолпанның әпкесі: «Құдайдан безгендер! Құдай бар болса, алдыларыңызға келсін, мына біздің көз жасымыз мың есе алдыңа келсін!» деп ақшаны да алмай менің бетіме түкіріп кетті. Біз бұл жағдай туралы ешкім білмеуі тиіс деп өзара келістік.


Кейін оқуға келгенде Шолпанның оқудан кеткенін естідім Студенттер кеңесі оны «Арсыз, оқудың орнына сайраң қуып жүріп, аяғы ауыр болды» деп жиналысқа салып, оқудан шығарыпты. Оның менен жүкті болғанын білгенде мені де оқудан шығарар еді. Сол кезде менің атым аталмады. Шолпан менің атымды атамаған, баласы кімнен екенін де айтпай жасырған.


Мен оқуымды аяқтадым. Әкем қаладағы жақсы қызметке орналастырды. Әжем ауырып қайтты. Қайтқанда «Сенен шөбере көрем деп ем, арманда қалдым» деді. Жасым 28-ге келгенде өзімнен 10 жас кіші мектепті жаңа бітірген қызға үйлендім. Әйелім Маржан жаман адам емес. Бірақ, бір үйдің жалғыз қызы болған соң, ата-анасы мен ағалары «Оқысын, диплом алсын» деген соң, біз қалада тұрдық. Маржан ауылдағы үйде бірде бір күн тұрған жоқ. Әке-шешеме сәлем салмады, келіндік міндетін атқармады. Үлкендер біле тұра, көңілдері толмаса да, біздің өмірге араласпады. Бірақ, екеуміз бақытты бола алмадық. 10 жыл сәби сүйе алмай, ақыры ажырастық. Соңғы 3 жыл тіпті, жеке бөлмелерде өмір сүрдік. Мен өз кәсібімен, ол өз жұмысымен айналысады. Ерлі-зайыптылар болып, той-жиындарға да бармаймыз. Ол өзінше, мен өзімше. 4 жыл болды ажырасқанымызға, ол қазір тұрмыста. Өзімен жасты жігітке үйленіп, ұлды болды.


Жақында институтта оқыған таныстардың жиынына бардым. Сол жиынға кезінде Шолпанмен бір курста оқыған Гаухар мен Айхан деген қыздарды көрдім. Олар мені көре сала: «Марат, қалай өзгеріп кеткенсің? Шашың ақ басып, түрің жаман болып кеткен ғой» деп әзілдеп қалды. Әзіл болса да, шындық қой. Барлығы жеткен жетістіктерін айтып, семьяларын таныстырып, бала-шағаларының қызықтарымен бөлісе бастады. Кезек маған келгенде не дерімді білмей қалдым. Айтатын да ештеңе жоқ. Шешем Маржан екеуміз ажырасқанда инсульттан қайтты. Әкем осыдан 9 жыл бұрын нағашым екеуі аварияға ұшырап, содан бері төсекте жатыр. Жалғыз қарындасым оң жақта отырып қалып, ақыры бір шешен жігіттен ұл туып алды. Ойланып қарасам, менің бірде бір жетістігім жоқ. «Әйеліммен ажырасқанмын, ауру әкеме болысып жүрмін, жеке кәсібім бар» деп қысқа қайырдым. Кеш жалғасын тапқанда жиынға келмегендерді еске ала бастадық. Сонда Айхан: «Шолпан сендерге сәлем айтып жатыр, ол қыз естеріңде ме?!» дегенде барлығы шу ете қалды. «Еее, жүкті болып, оқудан шығып кетіп еді ғой» деп бәрі күбір-күбір сөйлей бастады. Мен шыдамай, түк білмегенсіп: «Қазір ол қайда екен? Неге келмеді?» дедім. Айхан: «Оның үлкен қызы Айдана оқу бітіріп, қызыл диплом алып жатыр екен. Содан келе алмады» деді. Сол кезде өңім бұзылды. Үстіме мұздай су құйғандай болды. Айхан сөзін жалғастырды: «Шолпан негізі сондай мықты адам. Оқудан шығып кеткен соң, оны әпкесі Алматыға алып кетті. Қызын сол жақта босанды, кейін тұрмысқа шықты. Күйеуі де сондай жақсы адам. Айдананы кемсітпей, өз атына жаздырып алған. Шолпанды оқытты. Шолпан қазір мықты компанияда . Жасы 40-қа келді демейсің, жап-жас қыздай. Түріне қарасаң, 4 бала туды деп айтпайсың. Кенже ұлының жақында тұсау кесерін өткізді, үлкен той жасады, көп әншілерді шақырды» деп біраз әңгіме айтты. Барлығы соны тыңдап, Шолпанға қызығып отырды. Айханның сөзін Гаухар жалғастырды: «Шолпанды сол кезде қарабет қылған жігіт не істеп жүр екен?! Баласының барын біле ме екен? Шолпан бірде «Қызым басқа әкесі бар екенінен хабардар. Білген кезде: «Мені іздемегенді, мен де іздемеймін. Менің әкем бір ғана адам, ол менің папам Асқар. Басқа одан артық ешкім жоқ. Ал менің бұл өмірге келтірген анау кісі аман болсын. Ол кісіге ризамын. Бірақ, мені уақытынды мойындамағанын кешіре алмаймын, есіме де алмаймын. Тірі болса, аман болсын, өлі болса, иманды болсын» деді. Содан кейін Асқар екеуміз оның жүрегін ауыртпай, бұл тақырыпты бір жола жауып тастадық. Мен қызымды қолдаймын» деді. Негізі, оның позициясы дұрыс. Қыздың масқарасын шығаратын кім еді ол соншама?» деді. Сол кезде мен «Әкеме дәрі беру керек, жақсы отырыңдар» деп кете бардым. Әрине, ол сылтау ғана. Әкем ауылдағы үйде, мен қалада. Көлігіме отырып, айдап барамын. Жол бойы небір ойлап келді. Өлгім де келді, Алматыға кетіп, Шолпанға жолыққым келді. Жол бойы жасым тоқтамай жыладым. Ата-әжем, шешем қайтқанда былай жыламағанмын. Өз-өзіме ашуландым, қызымның бар екеніне қуандым.


Сол кезден, міне, 1 апта өтті. Қызымның бар екеніне мәз болып жүрмін. Көргім келеді, кездескім келеді. Бірақ, олардың алдына баруға ұяттымын. Барғанда не деймін?! Әттең, фамилиясын да білмеймін. Әйтпесе, жастар қазір интернетте жүр ғой. Сол жақтан тауып алар едім. Шолпанның фамилиясы да есімде жоқ. Ол ауыстырып тастаған да шығар. Тым болмаса, суретін көрсем деймін. Жас кезде мансап деп, ойын деп, біраз батпаққа кіргенім үшін бүгін жазықтымын. Шолпанның әпкесі айтқан көз жас келді алдыма. Осы хатым арқылы қызымнан, Шолпаннан кешірім сұрағым келеді. Қызым, сенің амандығынды тілеймін! Кешір мына мені!




Інілеріме айтқым келетіні, жастыққа салынып, мен секілді қате жібермеңдер. Көз жасқа қалмаңдар дегім келеді.




Марат,Теміртау қаласы

alashainasy.kz/ 




Көрілген: 1977    Пікірлер: 0

жұма, 10.08.2018, 12:28

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    20 Маусым, 10:09
    Нәпсіге ерік беріп...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31