Отбасы - ошақ қасы

Өгей ананың залымдығы (әжемнің әңгімесі)

  • Өгей ананың залымдығы (әжемнің әңгімесі)

    Өгей ананың залымдығы (әжемнің әңгімесі)

Бала кезімде жаздыгүні нағашы әжемнің үйінде болатынымды талай рет жаздым. Сол баяғы масахананың ішінде, ызыңдаған масаны ұрып, шегірткенің дауысын естіп, улап-шулап жатқанымызда, әжем марқұм:

- Әй, жүгермектер, ұйықтаңдар! -деп зілсіз айқайлайды. Бір кезде оның:

- Егер ұйықтамасаңдар қорқынышты әңгіме айтамын,-дейді. Бізге керегі де сол. Тым-тырыс бола қаламыз.

- Өткенде қайтыс болған шалдың асына барғанымда естігенмін. Бір кісінің әйелі бала үстінен қайтыс болып, оның артында екі баласы қалыпты. Сүйген жарынан айырылған еркек біразға дейін үйленбей жүріпті. Бірақ, әйелсіз үй қаңырап тұрады ғой. Үйдің берекесі кетіп, екі балаға ана іздеп, ақыры таныстарының ақасында бір шүйкебасты әкеледі. Әлгі келіншек ә дегеннен туыстары мен көрші-көлемге ұнап қалады. Момын. Көп сөйлемейді. Үй шаруасына да тындырымды келіншегіне күйеуі де риза болыпты. Бұл кезде кіші ұл екі жасқа келіп, үлкені төрт жаста екен. Кішісі өте мазасыз, беймаза болғандықтан жаңа түскен келінді онша-мұнша жақтыра бермепті. Өз құрсағынан шықпаған баланы кім бауырына бірден баса қойсын? Енесі мен атасы оған аса мән бере қоймапты. Солай уақыт жылжып жүре береді. Бір күні ата-енесі кіші ұлды үйлендіріп, соның қолына кетеді. Ал, күйеуі болса машинист болып теміржолда жұмыс істегеннен соң, кейде апталап жолда болады екен. Кіші ұл анасын сағынады ма, әлде уызына жарымай ембегеннен бе, кім білсін, әкесі жолға шыққаннан аңырап жылай береді. Осы кезде өгей ананың ішіне сайтан кіріп, екі баладан құтылудың жолын іздейді. Бұлар өздері рәзездің(разъезд) дәл жанында тұрғандықтан, өгей шешейге бұл тиімді болады. Сөйтеді де, екі баланы қолынан жетектеп поезд жолдың үстіндегі реліске байлай бастайды.

- Апа, не істеп жатсыз? -дейді үлкені күлімсіреп.

- Осы жерде жатсаңдар, қазір поезд келеді соны көресіңдер, қозғалмаңдар, жарай ма?- дейді өгей ана алдаусыратып.

Қуанып кеткен екі балақай мәз болып жатады. Сөйтеді де өгей шешей сәбилерден құтылғанына мәз болып, үйге қарай қаша жөнеледі.

Сәбилердің алаңсыз аспанға қарап жатқанына да біраз уақыт өтеді. Бұл кезде кеш те батыңқырап қалған еді. Біреуі былдырлап, екіншісі күлімдеп поезды күтіп жатқанында, гүрілдеген паровоздың дауысы шығады. Қатты шыққан дауыстан қорқып кеткен қос құлыншақ шырқырап жылай бастайды. Үлкені байланған жіпті итергенімен күші жетпейді. Осы кезде Құдайдың құдіретімен паровоз кілт тоқтай қалады. Ішінен машинист пен көмекшісі шығып, жерге қараса екі сәбидің тыпыршып, жылағанын көреді. Жалма-жан екеуін шешіп, хабарландыру береді. Кейін машинистен сұраған ғой:

- Қалайша білдіңдер?-деп. Сонда әлгі жүргізуші:

- Қатты зырғып келе жатқан едім, бір ақ киінген келіншек қолындағы қызыл орамалымен қол бұлғай берді. Шошып кеттім де, әрең тоқтай қалдым. Тоқтағаным сол еді, әлгі әйел жоқ боп кетті де, есесіне мына екі сәбидің жатқанын көрдім,- депті күрсініп.

Құлындарым, аналарыңның тілеуін тілеңдер. Сорлы шеше бала үшін отқа түседі, шоққа да табаны күйеді. "Әкемді алсаң, ал, Құдай, шешемді қой. Шекпен тоқып берсе де өлмеймін ғой", -деген екен бір байғұс. Әкенің жақсы көргені жездедей-ақ. Әйел өлсе, олар төсек жаңғырта салады. Сондықтан да, ұйықтар алдында: Анашыма ұзақ өмір бер деп ұйықтаңдар, деп әңгімесін аяқтады.

Сол әңгімеден кейін қанша жылдар өтсе де, поездға мінер кезде әлгі қос сәбиді арашалап қалған ананың әруағы елестейді.

Аналарымыз аман болсыншы!




Көрілген: 2240    Пікірлер: 0

бейсенбі, 07.12.2017, 21:02

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    20 Маусым, 10:09
    Нәпсіге ерік беріп...
    16 Маусым, 23:05
    Монашканың махаббаты
    28 Мамыр, 10:54
    Кеш келген сезім...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31