Өгейдің аты қашанда өгей ме?

Өгейдің аты қашанда өгей ме?

Мен толыққанды отбасында өскен жігітпін. Бірақ балалық шағым бір жұмбақтың құшағында өтті. Бүгін іштегі шерімді тарқатып, сол жұмбақ жайлы "Алаш айнасы" порталына басымнан өткен жайтты жолдауға бекіндім. Мен отбасының тұңғышы болып өстім. Өзімнен кейін бір ерке інім және қарындасым бар еді. Анам – дәрігер, әкем кеңшарда шопыр болып еңбек етті.
Балалық шағым анамның мінезіне таңырқаумен өтті. Себебі менің анам тілі майда, діні қаттылардың қатарынан болды. Жұрттың көзінше биязы болып отырады да, үйде басқаша. Және байқайтыным, маған оңашада өте қатал. Үйде малды кім жайлайды? Мен. Суды кім әкеледі? Мен. Тіпті үйді де мен жинап-жуатынмын. Бірақ анам маған жаңа киімдерді өте сирек сатып әперетін. Бір кәстөм-шалбарды мен әбден қысқарып, шынтағы тесіліп қалғанша, 3-4 жыл бойы үстімнен тастамайтынмын. Ініме де анамыз киімді жиі әпермейтін, алайда оны ерекше еркелетуші еді.
Сыртқары жұрттың бәріне біз бақытты отбасы сияқты болдық. Алайда менің ішімде бір түсініксіз жалын бықсып жататын еді. Оның не жалын екенін өзім де есейген күні бір-ақ білдім.
11-сынып бітіріп, төлқұжат алмақ болғанымда, өмірімде ең бірінші рет туу туралы куәлігімде анамның есімі басқаша жазылып тұрғанын білдім. Білдім де таңғалдым. Санамды сан сұрақ меңдеп алды. Сол кезде барып мен өзім анам деп жүрген кісінің өгей екенін ұқтым. Анам тарапынан ешбір еркелетусіз, ешбір шынайы жылусыз өскенім осы уақытта көз алдымнан кино кадрлары сияқты тізбектеліп өтіп жатты.
Көп ұзамай-ақ әкемнің апайының үйіне барып, туған шешем жайында сұрадым.
Ол кісі маған туған шешемнің жас күнінде қызғаншақ болғанын, сол себепті әкеммен ажырасып кеткенін, қазір шамамен осы облыстың Ақжар деген аулында тұрып жатқанын әңгімелеп берді. Әрине, кезінде туған шешемнің мені әкеме тастап кеткеніне бірінші рет қатты ренжідім. Сондықтан болар ол кезде шешемді іздеп баруға батылым бармады.
Кейін мен үйленіп, балалы-шағалы болдым. Өз ауылымның мұғалім қызына үйлендім. Өзім де қазір мұғаліммін. Жұбайым - өзімнің кластасым.
Кейін әке-шешем аудан орталығына қоныс аударып, інім үйленіп, қарындасым тұрмысқа шықты. Інімнің әр қуанышына қалмай барып жүрдім. Сондай шаралардан көңілім ортайып қайтатын. Келінімнің алғашқы шілдеханасына келіншегім бара алмады, өйткені өзі де жас босанып отырған. Мен қызыққа ортақтасып қайттым. Қайтарымда өгей шешем бір түйір кәмпит беруге де жарамады. Үйге құр қол қайттым. Туған шешем болса, «келінім дәм татсын» деп жаны қалмас еді ғой. Бір жерде өзімнің нақ туған анамның барын білгендіктен бе, әйтеуір осындай ұсақ-түйектерден өгей анама көңілім бірте-бірте суи берді. Уақыт өте келе тіпті қатал болып алдым.
Кейін әкем қайтыс болды. Бұрын әкемнің айбыны әсер етті ме екен, әлде өгей шешеме әбден суыған тұсым енді келді ме, білмеймін, бір күні келіншегіме туған анамды іздемек ойым барын айттым. Ол мұнымды құп алды. Автобусқа отырып, әкемнің апайы жобалап айтқан ауылды бетке алдым.
Сұрай-сұрай анам тұрады-ау деген аулаға да жеттім. Жақындап келсем, аула тым-тырыс. Ақырын ғана есік ашып үйге кірдім. Осы сәтте асүйде шай құйып отырған әйел адам орнынан атып түрегелді. «Мен Асхатпын!» дегенімде, ол кісі көз жасына ерік берді.
Бұл үйдегілер мен туралы жақсы біледі екен. Тағдыр деген қызық қой, мына қызықты қараңыз! Бұл үйде менің бір әке, бір анадан туған, жан дегендегі жалғыз қарындасым бар екен. Анам әкеммен ажырасқанында ішінде бала кеткен көрінеді. Кейін дүниеге қыз келіпті. Таңғалғаным, оның есімі ауылдағы қарындасым – өгей шешемнен туған Сәниямен бірдей болып шықты!
Мен анамнан тәптіштеп ештеңе сұрамадым. Ескіні қозғағым келмеді. Ол тек кезінде әкемнен және адуын әжемнен қаймығып, маған жақындай алмағанын айтты.
Анамның қазіргі жолдасынан Сәниядан басқа екі ұл, бір қызы бар екен. Бәрі сондай ақкөңіл, мейірімді. Мені ешкім жатсынған жоқ. Осы үйде мен туған шешенің мейірімі қандай болатынын сезініп қайттым.
Анам «келініме, немерелеріме» деп, сөмкемді көп сый-сияпатқа толтырып жіберді. Әрине, жұбайым ол кісіден сый дәметпесі белгілі, десе де, енесінің ниеті көңілін өсіретінін білем.
Бір апта өтпей жатып-ақ бауырларымды ертіп, арқа-жарқа болып анам үйімізге жетіп келді. Бұрын-соңды інімнің еркелерінен қаймығып өгей әжелеріне аса жақындамайтын балаларым анам келгелі еркелеп, үйдің ішін азан-қазан қылды.
Қазір анаммен, бауырларыммен жиі қатынасып тұрамыз. Байқап отырсам, анамды табу арқылы мен жоғалтқан балалығымды тапқан екенмін. Кеудемде бықсып тұратын қоламта енді сөнген секілді.
Мектеп өмірінде кейде ата-анасы өгей балалар алдымнан өтеді. Кей өгей аналар балаларға елпілдеп, барлық жағдайды жасап, қамқор болып-ақ тұрады. Мүмкін олардың көңілдері шынайы шығар. Алайда мен бәрібір соларға сенбей тұрамын. Олардың бәрінің қылықтары менің өгей шешемнің мінезі сияқты жасанды шығар деген ой тұрады кеудемнің түкпірінде. Өгей бала мен өгей ананың арасында көзге көрінбейтін бір тас қамал бардай. Бұл менің өгей анам соғып кеткен қамал ғой...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста