Отбасы - ошақ қасы

Ота жасатамын деп отбасымнан айрылдым...

  • © monalisalubi.ru

    © monalisalubi.ru

Құрметті «Алаш айнасы» порталының оқырмандары бүгін мен «Отбасы ошақ қасы» айдары арқылы сіздермен жанымды жегідей жеген қателіктерімнің бірімен бөліспекпін. Ондағы ойым, қазіргі желкілдеп тұрған жастар менің өмірімнен сабақ алса деймін.


Менің жасым 44-те. Мектепте музыка пәнінің мұғалімін. Жалғызбасты әйелмін. Бір жағынан қарағанда сырт келбетім де көрікті. Өмірім де ырду-дырдуға толы, қайнап жатқан өмір болып көрінуі әбден мүмкін. Тіпті кейбір таныстарым «сенің өмірің қызықты ғой, шіркін» деп қызыға да, қызғана қарап жатады. Бірақ мен үшін өз өмірімнің мәні кеткелі қай заман?!


Мен 24 жасымда тұрмысқа шықтым. Ауылдың қарапайым баласымен отбасын құрдық. Екі баламыз болды. 27 жасымда екі баланың анасы атандым. Ол кез ауылда жұмыс орындарының қысқарып, бір зейнетақыға қарап қалған кез еді ғой. Біз шал мен кемпірдің зейнетақысына жабысып, күйеуім екеуміздің әбден күйісіміз кете бастады. Оның үстіне енем қазымырлау адам еді. Түртпектеп мазамызды жиі алатын. Сөйтіп, қаржылық жағдайымыз әбден төмендеп, екі баламызды асырау тіптен мұң болып, күйеуім екеуміз Алматыны бетке алдық. Бұл 1998 жылдар еді. Келе сала Алматыдан бір бөлмелі жертөлені жалға алдық. Күйеуім сыра-сусын шығаратын зауытқа жұмысқа тұрды. Мен екі баланың және күйеуімнің ас-суын дайындап, үй шаруасымен айналыстым. Арасында екі баланы қамап кетіп, қарама-қарсы тұратын үйлердің подьездерін жуып ақша да тауып жүрдім. Алматыға күзде келген біз, осылайша ілдебайлап қыстан да шықтық. Бір дәтке қуаты менің подьезд жуып табатын ақшамды күнделікті тамаққа жеткіземіз, ал күйеуімнің жалақысын пәтердің ақысына төлейміз артылғанын жинаймыз. Осылай жүріп жазға салым шамалы қаржы жинап алдық.


Ойлана келе біз бір дүңгіршекті жалға алып сауда жасауды жөн көрдік. Сонымен 15 мың теңгеге (ол кезде 15 мың теңге деген өте құнды ақша еді ғой) бір дүңгіршекті жалға алдық. Дүңгіршектің қожайынымен сол жерде бала шағаммен бірге тұрып паналап сауда жасауға келістік. Не керек, біздің тұратын үйіміз де сол, сауда жасайтын жеріміз де сол кішкентай дүңгіршек болып шыға келді. Күндіз балаларыма қарап отырып сауда жасаймын, түнде барлығын бір бұрышқа жиып тастап сонда ұйықтаймыз. Осылай тырбанып жүріп Алматыдағы екінші жылымыз да өтті. Жағдайымыз сәл-сәл оңала бастаған тәрізді. Сөйтіп, Алматыға келгенімізге төрт жыл дегенде бір бөлмелі жатақхана сатып алдық. Балаларымыз мектеп жасына жетті. Мен сол жатақхананың қасындағы мектепке жұмысқа тұрып, үлкен ұлымды мектепке өзім жетектеп апарып өзім алып келіп жүрдім. Кіші ұлым балабақшада. Күйеуім сауданы өзі дөңгелетіп әкетті. Әттең, сол бір мамыражай күндерім қайтып келсе «қазір сол күндерімді ешнәрсеге айырбастамас та едім» деп ойлаймын. Осылай уақыт жылжып өте берді. Біздің сауда-саттықта жолымыз болып, ісіміз алға басып қаланың шетінен жер алдық. Ол жерге әдемі етіп үй салдық. Күйеуім тумысынан пысық еді, соның барлығын бізге еш міндет қылмай отбасы үшін тырмысып бақты. Қолымызға ақша тиіп, қоң біткелі, неге екенін қайдам менің бойыма бір желік бітті. Өзіме деген, ертеңіме деген сенімділік пайда болды. Әдемі киіне бастадым, астыма көлік алдым. Күйеуім де ақша ұстағалы бері өзгерген. Бұрындары керек етпейтін туған-туыс та біздің маңымызда. Кенеттен маңайымыздағы достарымыз да көбейе бастады. Мен сол кезде тіпті мектепке барып жұмыс істеуге де ерінетін болдым. Жазғы демалыс сайын жақын шетелге барып дем алу, араласқан ортамды ауыстыру менің көңілімді тіптен көтеріп жіберді. Құрбыларыммен апта сайын саунаға барып дем алатын болдық. Ондай кезде қызыл шараптан алып отырып сырларымызды айтып, қызды-қыздымен төсек мәселесін әңгімелеуге де ойысып кететінбіз. Сондай бір отырыстардың бірінде Ажар есімді құрбымыз бізге омырауын үлкейткенін көрсетті. Содан бері күйеуімен ара-қатынастары тым беки түскенін айтып тіптен бізді қызықтырды. Ажардың айтуынша, бойындағы осыбір өзгерістен соң күйеуінің оған деген ықыласы тіптен еселенген. Апта сайын саунада тыңдайтынымыз Ажардың әңгімелері болды. Ол майын тамызып небір жайттарды айтады дерсің. Тіпті өзіне жап-жас жігіттердің сөз айта бастағанын әңгіме еткенде біз шыны керек, оған қызықтық.


Сөйтіп, Ажардың кеңесімен бір құрбым да омырауына имплантация жасатты. Расымен де әдемі. Ол құрбымыз да жағдайының жақсы екенін, ешқандай ауыртпашылық жоқ екенін айта бастады. Осы кезеңде біздің күйеуім екеуміздің арамыз салқындай бастады ма, білмеймін, әйтеуір қарама-қайшы жақтарымыз тым көбейіп кеткен тұс еді. Бастапқыда ол менің құрбыларыммен қыдырып, элиталық ортамен араласа бастағаныма өзі рұқсат берсе, кейіннен барынша тыйым салуға тырысты. Мен сыртқа шығуға дайындала бастасам, үйде ұрыс-керіс шығатын. Екі ұлым да бұл кезде есейген. Олар да менің бұл әрекеттерімді жақтырмады. Осылай күйеуім мен екі балам маған қарсы тұрып, әбден жүйкемді жұқартып жүрген кез еді бұл. Не керек, ойлана келе мен де «құрбыларым тәрізді имплант жасатамын» деп бел шештім. Күйеуімнің отбасылық ортақ есеп-шотқа деп ашып қойған шотынан қажетті соманы алдым да, барып дегеніме жеттім. Ота жасатқым келетінін әрине күйеуіме ескерттім. Бірақ ол рұқсатын бермеді. Мен сонда да алған бетімнен қайтпай ота жасаттым. Бұдан жақсарған ара-қатынасымыз жоқ. Қанша жерден жақсы киініп алдында сылаңдап жүргеніммен, ернімді дүрдитіп, омырауымды үлкейтіп өзімше «сексуальды көрінемін» дегеніммен күйеуім маған жыли қоймады. Ақырында ол шаршады ма, жалықты ма білмеймін, менен ажырасуды сұрады. Кейінгі кезде Алланы, жаратушыны көп айтатын оның айтуынша, адамның ағзасы Алланың берген аманаты. Мен сол аманатқа қиянат жасаған күнәһар әйелмін. Сол үшін де ол менімен бір шаңырақ астында тұрғысы келмейтінін жеткізді. Бастапқыда мен бұған аса мән бердмедім. Кезекті ұрыстардың бірі екен деп қана ойладым. Бірақ күйеуім шынымен де менімен ажырасуға бел буыпты. Арада біраз уақыттан соң біз ажырастық, ол кездері бірі студент, енді бірі мектепте жоғары сыныпқа көшіп үлгерген ұлдарым да ақшасы бар әкелерімен кетуді жөн көрді. Ұлдарым сотта әкелерімен қалатынын айтып тұрып алды. Үлкен ұлым кәмелет жасына толғандықтан оның ол шарты сол заматта-ақ сот тарапынан қолдау тапты. Ал кіші ұлым заң бойынша менің қасымда қалғанымен, біз ажырасқан күннің ертесінде әкесіне кетіп қалды. Кіші ұлымды қайтарып алғым келіп әрекеттенгеніммен ол маған қайтып келмеді. Қазір ұлдарым өсіп ержеткен. Әкелері үлкен ұлымды үйлендірді. Кіші ұлым да оқу орнын бітіріп жоғары оқу орнына оқуға тапсырды. Күйеуім екінші мәрте үйленіп, ол әйелден үш баласы бар. Сүттей ұйып отырған отбасы. Ал мен екі қолға бір жұмыс таппай кезінде менсінбей кеткен мектепке жұмыс істеуге қайта оралдым. Оның өзінде неше жылғы жұмыс өтілімнің текке кеткені бар, осы мектептің өзіне әрең жұмысқа кірдім. Бір қарағанда қазіргі жағдайым жаман емес. Үнемі оқушыларымды ән байқауларына дайындаймын. Жүлделі орындардан көрінеміз. Мектептегі абыройым да артып, жұмысым да ілгерлеп барады. Күйеуімнің берген қаржысына бір бөлмелі пәтер де алып алғанмын. Өкініштісі сол, жалғыздығым жаныма батады, денсаулығым қазір сыр беріп жүр. Уақыт өте келе отада пайдаланған химиялық заттар омырауыма өз зиянын тигізбей қоймады. Ол зиянын тигізбес үшін әрбір сегіз ай сайын толықтай дәрігерлік тексеруден өтіп отыру керек. Қазір оған менде қаржы қайда?! Бұрынғыдай барлығымен қамтитын күйеуімнің табысы тұрған жоқ. Қарапайым ғана мұғалімнің жалақысы неге жетсін?!


Ұлдарыма тым болмаса «келіп кетіп жүріңдерші» десем олар да қайрылмайды. Ал олардың әкелері тіпті «басқа қалаға көшіп кетсеңші» дегенді айтады. Міне, менің жайым осындай.


Осылайша желік қуып ота жасатамын деп отбасымнан айрылған жайым бар. Біздің қазақ «семіздікті қой ғана көтереді» деуші еді ғой. Қазір ойлап қарасам мен сол барлықты, молшылықты көтере алмаппын. Сол кездері орынсыз желік қуып, расымен де Алланың берген аманаты денсаулығыма зиян келтірмегенімде қазір бақытты отбасы болып отырар ма едік?! Әттең дегеннен басқа амалым жоқ, қайтемін енді?!


Меруерт, Алматы облысы

alashainasy.kz/ 




Көрілген: 2533    Пікірлер: 0

жұма, 24.11.2017, 10:39

Достарыңмен бөліс:

СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
9 Сәуір, 14:44
Күйеуім суып барады

Көп ашылған Көп пікір жазылған

2018
2008
2009
2010
2011
2012
2013
2014
2015
2016
2017
2018
сәуір
қаңтар
ақпан
наурыз
сәуір
мамыр
маусым
шілде
тамыз
қыркүйек
қазан
қараша
желтоқсан

Алаш Айнасы мұрағаты

Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30