"Секретарша" қыз сырымен бөлісті

"Секретарша" қыз сырымен бөлісті

Сіздер ойлайтын шығарсыздар, «хатшы» деген дүниедегі ең оңай мамандық деп. Иә, бір хатшы қыздар қабылдау бөлмелерінде тырнақтарын егелеп немесе «агент» арқылы әңгіме соғып, ерігіп отырады. Алайда хатшының жұмысы жұрт ойлағандай қоңырауларға жауап беріп, басшысын түрлі мекемелермен байланысқа қосумен бітпейді. Хатшы мамандығының қиындықтарын бүгін мен сүйікті порталым «Алаш айнасы» арқылы көпшіліктің ойталқысына ұсынбақпын. Мүмкін, әпербақан басшылар өз образдарына сырт көзбен қарап ойланар...

Менің түсінбейтінім, неліктен хатшы мамандығын жұрттың ең бір арзан, ең бір түкке тұрғысыз мамандық көретіні. Біле білсеңіздер, сауатсыз немесе босбелбеу, ынжық адам хатшы бола алмайды. Өйткені хатшының міндетіне түрлі қызметтік хаттар дайындау жатады. Және қазір қызметтік хаттардың көбінесе екі тілде әзірленетіні белгілі. Дұрыс рәсімделмеген хатқа алушы адам дұрыс жауап бермеуі мүмкін. Және қате жазылған хаттар немесе құжаттар басшыңның беделін түсіріп, масқара етуі ықтимал. Сол себепті хатшы ең жауапты мамандық дер едім.

Екіншіден ұқпайтыным, ұжымдағы басшыдан басқа да адамдардың неліктен бізді өздерінің қолбаласындай көретіні. Келіп қағаздарын бастыртады кейбір компьютер тілін білмейтін егде қызметкерлер. Немесе кеңсеге қажетті әлдебір құрал-жабдық жетіспей жатса, дүкенге бізді жұмсайды. Сонда не, хатшы деген басқалардың құлы деп ойлай ма?

Мен бастапқыда банкте хатшы болдым. Ол жерде, әрине, жалақы жаман болған жоқ. Бірақ мені басшым әбден басынып, қолжаулыққа айналдырып алды. Күнде таңертең оған шай қоюым керек. Бір сыйлы кісі келсе қабылдау керек. Менде маза жоқ. Шай қойдырады. Сосын дүкенге тортқа, тәтті-пәттіге жұмсайды. Немесе көрші кәсіпорынның асханасынан барып «беляши», «пирожки» әкелесің. Алдарына кәмпит-сәмпиттерін қойып, қол сүртетін майлықтарын тастайсың. Шайларын құясың, ішіп болған соң үстелді сүртіп, ыдыс жууың керек. Ол - ол ма, енді біраз уақыттын соң маған бастығым балабақшадан баласын алдыртатын болды. Әйелінің қолы тимей жатса (ол кісінің қолы жиі тимей қалады), мен баланы балабақшадан алып келіп, қабылдау бөлмесінде тамағын беретін болдым. Бара-бара басшым маған: «Мәнсия, кешке біз қонаққа баратын едік, сен біздің үйде қала алмайсың ба баламен бірге?» - деп қолқа салатын болды. Басында бір-екі рет келісім берем деп пәлеге қалдым. Содан енді бірде ол: «Мәнсия, сен шелпек пісіре аласың ба? Әйелім қалада өскен адам ғой. Орысша тәрбиеленген. Шелпек, анау-мынауды білмейді. Ауызашар бермекші едік», – деді. Жазған құлда шаршау бар ма, барып шелпегін пісірісіп, қонағын атқарыстым. Содан оның әйелі жаман үйреніп алып, бірде мені үй жинауға көмекке шақырғысы келді. Осы тұста мен шарт кеттім. Өйткені басшымның үйіне барғыштап жүргеніме қатты ренжіген жігітім кетіп қалған. Менің айтқандарыма сенбеді. Күндердің күнінде мен басшымның баласын тасудан да, шай қоюдан да әбден жалығып, жұмыстан шығып кеттім.

Сөйтіп, қала әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасарына хатшы болып кірдім.

Бұл жерде жалақы банктегіден екі есе аз екен. Дегенмен маған жанның тыныштығы жалақыдан гөрі қымбатырақ еді. Бастығым қазақтілді адам екен. Мен біреулер қоңырау соққанда: «Сәлеметсіз бе? Пәленшеевтің қабылдау бөлмесі», – деп жауап беретін едім. Содан не керек, менің мұндай қарым-қатынасым жұртшылыққа қатты ұнап, бастығыма мені мақтайтындар көбейді. Әрине, сіздер әкімнің орынбасары шай ішпейді екен деп қалмаңыздар. Ішкенде қандай! Бұл жерде де сол баяғы сценарий. Бірақ «қойылым» мазмұндарында біраз өзгешеліктер бар. Басшым газет-журнал, кино, ән-күй, әдебиетке өте құмар жан болып шықты. Бір құшақ газетке жазылады. Ішінде, айтпақшы, «Алаш айнасының» түрлі-түсті газеті де жүретіні есімде қалып қойыпты. Содан не керек, бұл кісіге осы қаладағы перілер мен серілер, ақындар мен күйшілер - бәрі үйір болып алды. Әлгілер келіп алып қабылдау бөлмесінде қылқияды да отырады. Құр келмей, бірі - кітабын, екіншісі домбырасын құшақтап келеді. Кітапты маған әкепті деп отырсыздар ма, мүлде олай емес, кітапты басшыма көрсетіп мақтануға, байғазы дәметіп көрсетеді-дағы. Содан не керек, бір уақытта әлгілер күй шерте ме, өлең оқи ма, әйтеуір, бір әдебиеттің ошағы қайнайды да жатады кабинетте. Кейде басшым мені де шақырып алып, күй немесе өлең тыңдатып қояды. Мен ондайды аса түсіне қоятын адам емес едім, амалсыздан отырам, көкемнің көңілін қалдырмайын деп. Содан оларға шай құясың. Олар «Хатшыңыз сұлу екен!» деген «кезекші комплименттерін» айтып, кете барады.

Поштамен құшақ-құшақ газет келген күндері басекең мені шақырып алады да: «Мәнсия, бері келші! Мынаны қарашы. Пәленше жазушы не деген, а? Қалай-қалай сөйлейді?» – деп, ығыр етеді. Ой, хатшының басынан не өтпейді дейсіз? Басшының баратын той-томалақтарына сыйлық іздеп қала кезген кездер де болатын. Кейде өзі сияқты бір басшыны «тап та тап» деп, екі аяғымды бір етікке тығатын. Бұл кісі осы орында көп тұрақтамады. Облыстың бір ауданына ауысып кетті де, орнына басқа адам келді. Жаңа орынбасар былай жаман адам болған жоқ. Менің алдымдағы бір кемшілігі - өзінің туған-туысқандарының бойдақ інісі немесе баласы болса, мені таныстырудың қамына көшіп кететін. Бірақ мен бұл кезде жігітіммен қайта табысқандықтан, басқа адаммен танысуға құштарлығым бола қойған жоқ.

Негізі, хатшылардың түр-түрі болады. Мәселен, бір хатшылар кәдімгідей басшымен көңілдес болып алады да, ұжымды бір шыбықпен үйіріп жүреді. Бұл енді мемлекеттік мекемелердегі хатшылардың қолдарынан келе қоймайды, өйткені біреу-міреу сайтқа жазып жіберсе, ондай қарым-қатынастың да, хатшылық ғұмырдың да күлі көкке ұшпақ.

Осы сіздердің араларыңызда еркек хатшыны көрген адам бар ма? Ал мен көрдім. Әкімнің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісінің қабылдау кабинетіне бір жігіт хатшы болып келген. Мемлекеттік қызметтен дәмесі бар екен. Орын болғанша үйрене берейін деп жұмысты хатшылықтан бастапты. Жігіттің хатшы болғаны жұртқа біртүрлі қызық көрінді. Оны адам құрлы көрмей, кабинетке кіргендердің бәрі: «Секретарша жоқ па?» - деп кіретін. Негізі, жұрт қызық, иә? Жарайды, еден жуушылардың әйел затынан болуы заңды делік. Бірақ медбике мен хатшы неге әйел болуы керек міндетті түрде? Халықтың бұрынғы түсінігін бұзғысы келгендей, менің мына әріптесім: «Іздеген хатшыңыз менмін!» - дейтін нағыз жігітке тән байсалды дауыспен. Әйтсе де сіздердің «хатшы деген әйел болуы керек емес пе...» деген ойларыңыздың неліктен дұрыс болып шыққаны менің санама енді жетті. Хатшы шай қоюы керек емес пе? Ал жігіттің шай қойып, жасап, құйып жүргені ерсі ғой! «Басшылар шай ішпесе өле ме екен сонда?» деп қойдым ішімнен ызаланып.

Сөйтіп жүргенде газеттегі «Жұмысқа шақырамыз» айдарымен берілетін хабарландырулардың арасынан бір жұмыс орнын көзім шалып қалды. Қала құраушы алпауыт кәсіпорынға хатшы керек екен! Дереу қоңырау соқтым. Талай жылғы хатшылық тәжірибем бар емес пе, мені сөзге келместен қабылдады.

Шынымды айтсам, бұл жерде мен өзімді директор сияқты сезінемін. Күніне қаншама адам қоңырау соғады. Қабылдауға кіргісі келіп жалынады. Кабинеттің алдына келіп тізіліп отырады. Көздері де, көңілдері де мен жақта болады. Бір әріптесім «Көңіл күйім болмаса, қоңырау шалғандар мен кабинетке келгендерге «бастық орнында жоқ» деп айта салам», - дейді. Мен, әрине, ол сияқты өтірік айта алмаймын. Жұрттың сабылып тосып қалғанына да қатты ыңғайсызданамын. Хабарласқан жандарды басшым қабылдаса екен деп тілеп отырамын. Көптеген бастықтармен таныстым осы жерде. Таныс-білістерім көбейе түсті. Жалақым да өте жоғары. Шынымен де, менің қызметімде бәрі өзгерген. Мен бұрынғыдай шайды шылпылдаты-ы-ып құйып отырмаймын. Себебі басекем кофе ішеді.

Автор: Мәнсия Халықова
alashainasy.kz 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста